Армысыз, әлеумет!

Қазақстан Республикасының Ұлттық мейрамы – Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Тәуелсіздік күні тұсында тұсауын кесіп отырған «Дана.каз» журналының сүйінші саны желтоқсан айымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Желтоқсан – әу бастан қазақ үшін ерекше қастерлі ай. Осыдан 95 жыл бұрын, дәл осы желтоқсан айында Алашорда автономиясы құрылған еді. Дәл осы желтоқсан айында, 1986 жылы қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңестің өктемдігіне қарсы шығып, қанға боялып еді. Дәл осы желтоқсан айында, 1991 жылы ата-бабамыз сан ғасыр армандаған тәуелсіздікке қолымыз жетті. Біздің ендігі міндетіміз – адалбақанға ілініп, көкке көтеріле берген Қазақ елінің шаңырағына уық болып қадалу, ұлтты ұлт қылатын ұлы істерге үлес қосу.

Әрине, жадағай ұраннан құлақ тұнып, көбік сөз көңілді құлазытып тұрған заманда мұндай міндет тым күлкілі көрінуі де мүмкін. Алайда Абай дана «Отыз жетінші сөзінде»: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» депті. Біз бастадық, қоштау – Сізден, ойы ояу, көңілі сергек жамағат!
«Дана.каз» журналының ақылдастар алқасы – журналдың әр санын даярлауға атсалысқан, мақала жазған авторларымыздан құралмақ. Яғни, ортаға салар ойы бар, тосын пікірі, тиянақты толғамы бар кез келген адам біздің журналдың алқа мүшесі деген сөз. Ендеше, өз басылымыңызға бағыт беріңіз, ортақ іске үн қосыңыз, оқыңыз, ойланыңыз, насихаттай жүріңіз!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1078

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463