Жан азығы

Жиырмасыншы ғасырдың басы қазақ халқы үшін ең қиын кезеңдердің бірі болды. Кең байтақ жерімізге қызығушылар ұлт ретінде жойып жіберу үшін тіліміз бен тарихымыздың тамырына балта шапты. Халықты бірін «бай», бірін «кедей», бірін «ұлтшыл» деп жік-жікке бөліп, өзара араз етті. Қолдан қысымшылық жасап, аштықтан жаппай қырды.

Осындай қиын қыстау кезеңде халыққа оң бағыт-бағдар берер билік те, құрал да болмады. Болашағымыз ұстараның жүзінде болған қиын-қыстау кезеңде бодандықтың бұғауына қарамай, азаттықты арман еткен текті бабаларымыз да болды. Олар алға қойған мақсатқа білім, ғылым, кәсіп, өнерді игеру арқылы жететіндіктерін айқын білді. Заманының озық ойлы ойшылдары болашақ ұрпақ қазақтың тілі мен дінін, тарихы мен әдебиетін терең игергенде ғана жер шарында өз алдына тұғырлы ел бола алатындығын айқын сезінді. Бірақ ұшса құс қанаты талатын кең байтақ жерді мекен еткен алты миллиондай қазақтың басын біріктіріп, бағыт бағдар беретін құралдың болмауы қолбайлау болды.

Осындай жағдайда ат төбеліндей қазақтың оқы-ғандары мен тоқығандары бас қосып, 1911 жылы қаң-тар айынан бастап барша халыққа бағыт-бағдар бере-тін тұңғыш басылым «Айқап» журналын шығаруды қолға алса, осы жылдың наурыз айынан «Қазақстан» газеті де халыққа адал қызмет етуге кірісті.
«Қазақстан» газетінде Ғұмар Қараш қазақ халқының көрші елдерден екі жүз жылға артта қалғанын жазды. Осыған қайғырып, зар иледі. Тіршілік таласында өзге елдермен тереземіз тең болу үшін білім мен ғылым, өнер үйренуге ұмтылу керектігін айтты.
Текті бабаларымыздың ерен еңбектерінің арқа-сында аңсаған арман Тәуелсіздікке де қол жетті. Оған да жиырма жыл толды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Осы жиырма жылда екі ғасырға татырлық іс тындырылды» деп айтуы өте орынды. Мемлекетіміз меншігіндегі жер көлемінің кеңдігі бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарында. Көрші елдермен тең дәрежеде сөйлесіп, даму көрсеткіштері бойынша көпшілігінен алда.

Әйткенмен, әлі де болса маңызды мәселелер бар. Соның зоры – рухани сауатсыздық. Бұл – үлкен кесел. Үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киген халықтың бойынан құлдық сананы аз уақыттың ішінде өшіріп тастау оңай шаруа емес екендігі анық. Көпшіліктің түсінігінде бәрін мемлекет, яғни билік атқару қажет деген қате пікір қалыптасып қалған. Керісінше әр азамат халыққа адал қызмет ету жолында жанын салу керек. «Көш жүре түзеледі» деп жайбарақаттық танытуға болмайды. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» демекші, ғасырлар бойы жүргізілген отарлау саясаты кеңес үкіметі тұсында да аса белсенділікпен жалғасты. Соның бір айғағы осыдан 55 жыл бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы. Осы құжаттың пәрменімен көптеген тарихи тұлғаларды (Базар, Мұрат, Шортанбай, Шәңгерей, Ғ.Қараш, С.Торайғыров т.б. ақындар) насихаттауға тыйым салынып, мектеп оқулықтарынан шығарылды. Зерттеу жұмыстарын жүргізген әдебиетші, тарихшы, ғалым ағаларымыз қызметтерінен шеттетілді. Қазақты тамырынан айырып, мәңгүрт етуді мақсат тұтқан зұлым саясат күшіне мінді. Нәтижесінде жас, орта, аға буынның көпшілігі туған елдің тарихы түгіл, өз әулетінің тарихын білмейтін халге жетті. Халық даналығында «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді. Ойланыңызшы, жетінші атаңызды айтпай-ақ, төртінші немесе бесінші атаңыздан тарайтын, сізбен замандас ұрпақтарын толық танисыз ба? Мүдіресіз. Қазақты «текті» дейді. Оның бір себебі – біз жеті атаға дейін қыз алыспаймыз. Бүгінгі медицина да бұл қағиданың аса маңыздылығын құптап отыр. Өкініштісі, қаншама жастарымыз әулетінің шежіресін білмегендіктен жеті атаға жетпей қосылатын туыстарымен отау құрып жатыр. Ұлттың азуы осы емес пе?

Солақай саясаттың салқынын бойдан толық шығару үшін әлі талай еңбектенуіміз қажет. Сол еңбегіміздің бірі қолдарыңыздағы «Дана.каз» журналы. Міне, жүз жыл бұрын газет, журнал еліміз үшін қандай маңызды болса, бүгін де сол маңыздылығын жойған жоқ. Осыдан жүз жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда бүгінгі таңда елімізде газет, журналдар өте көп. Бірақ тәрбиелік, танымдық бағыттағысы саусақпен санарлықтай ғана. Он алты миллион халыққа бұл аздық етеді. «Көп түкірсе-көл», «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, қолымыздан келген қызметімізді халық игілігіне ұсынып отырмыз.

Журналдың негізгі мақсаты – жұртшылыққа білім, ғылым, кәсіп игеруді үйрету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бізге аманатталған кең байтақ жер ата-бабаларымыздың қан мен тері, көз жасы арқылы келгендігін ұғындырып, еліміздің басты байлығы – татулық, ынтымақ, бірлік екендігін түсіндіру.
Қазақта «Халық айтса, қалып айтпайды», халық – дана, «Дана халық» деген ұғымдар бар. Бұрын ұлтымыздың ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған болатын. Аңыз-әңгіме, жыр-дастан, салт-дәстүр, ән мен күй, шешендік сөздер, жалпы айтқанда, барша рухани байлық атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп отырған. Журнал атауындағы «Дана» сөзі – данышпан, ақылгөй дегенді білдіреді. Сондықтан «Дана» журналының оқырмандары журналдағы барлық рухани байлықты бойларына сіңірсе деген ниеттеміз.
Елдік пен ерлікті дәріптейтін журналымыз елі мен ұрпағының болашағына бейжай қарамайтын барша оқырманның сүйікті басылымы болғай!

Қаралым саны 1064

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463