Жаһанша сүйген ару

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты

Алаштың ардақтысы – Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы қазіргі Сырым ауданы «Бұлдырты» кеңшары, Тамды өзенінің бойында дүниеге келген. Бес жасынан тіл сындырып, ауыл молдасынан оқып, кейін екі кластық орыс-қазақ мектебін тәмамдап, 1899 жылы Оралдағы әскери-реалды училищенің дайындық класына қабылданады. Бұл оқу орнын 1905 жылы 31 мамырда аяқтап, осы жылдың 27 қарашасында аттестатын алады және жоғары оқу орнына түсу үшін даярлық курсында оқуын жалғастырады.

Есею жылдары

1905 жыл – дүбірлі оқиғаларға толы тарихи жыл болды. Ресейде бірінші орыс революциясы өршіп жатты. Орал қаласында 1905 жылы желтоқсанда қазақ зиялыларының алғашқы легі Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедовтар бас қосып, «Қазақ конституциялық саяси партиясын» құру жөнінде әрекет етеді. Сонымен қатар І-ІІ мемлекеттік Думаға депуттар сайлау мәселесі де күн тәрті-бінде қаралып жатқан кезі еді.

1906 жылдың 22 тамызында Жаһанша Досмұхамедов өз қолымен Император атындағы Мәскеу университетінің ректорына өтініш жазып, өзінің Орал әскери-реалды училищесін бітіргенін және Орал облыстық басқармасының стипендиаты екенін хабарлап, заңгерлік факультетіне оқуға түскісі келетінін жазған.

Жаһанша Досмұхамедовтің өтініші қабылданып, ол 1906 жылы тамызда Мәскеу қаласына оқуға түседі. Бұл дерек Мәскеу қаласының тарихи орталық мұражайының №418 қоры, 320- тізбе, 529 ісінде тіркелген. Қазір бұл қордың көшірмесі Батыс Қазақстан облысының мұражайында №23377-В қорында тұр.

Танысу

Жаһанша Досмұхамедовтің 1906-1910 жылдар аралығында өткен студенттік жастық шағы Ресейдегі саяси қозғалыс, реак-ция жылдарымен тұстас келді.

Оқу орындарында қатаң тәртіп, тексеріс жиі болып тұрды. Соған қарамастан студенттер арасында дискуссия, диспуттар жиі-жиі өткізіліп, қоғамның саяси дамуы туралы түрлі пікірлер ашық, батыл айтылып жатқан кезең болатын.

Жалындаған жастық ша-ғында Жаһанша Мәскеуде би кешінде Ольга есімді қызбен танысады. Жаһанша Орал реалды әскери училищесінде би, драма үйірмелеріне қатысып, әдемі билеуді де меңгерген болатын. Студенттік би кеші қызған кезде әдемі ақ көйлекті сұлу қыз – Ольга өзінің мойнына салған сусар ішігін Жаһаншаның қолына іліп, өзі өзге жігітпен вальс билемек болады. Сол кезде Жаһанша жалт бұрылып: «Сұлу бикеш, айып етпеңіз!» - деп қызды білегінен ұстап өзіне тартып, әдемі әуен ырғағымен дөңгелене билей жөнеледі. Саз ырғағымен әдемі билеген жұп жараса кетеді. Қапелімде не айтарын білмеген сұлу қыз мәз бола күліп, жүзі бал-бұл жанып: «Сіз жақсы билейсіз, қандай ғажап, мен сахарадан келген қазақ вальсті түсінеді деп ойламаппын, кешірім өтінемін» дейді. Сол кезде бойы еңселі, қайратты қалың шашты Жаһанша: «айыбы жоқ, дегенмен келесі биді де менімен билейсіз», - деп рахаттана күледі. Міне, осындай таныстық кейіннен үлкен, өмірлік ұлы махаббатқа ізашар болды.

Қазақша неке

Ольга Константинқызы Мәскеу қаласында дәрігерлік мамандықта оқыған, өте жақсы музыкант, өте жақсы билейтін, жаны таза сұлу қыз болатын. Оның ағасы Жаһанша Досмұхамедовпен жақын жолдас болған. Сондықтан Жаһанша отставкадағы генералдың үйіне жиі келіп тұратын. Жаһаншаның белнемересі Бисенғали ағай: «Ольга әжеміз өмірбойы «атаң келеді» деп махаббатын күтіп өтті дейді.

Ольга (Янга) Жаһаншаның заңды қосағы болғаннан кейін елге келіп, үлкен той өткізген. Осы тойда жас келіннің некесін мешітте қиып, оған Зайра деген есім беріледі, басына жаулық салынады. Ауылдастарымен таныстырып, тума-туыстарына сәлем салдырады.

Осы салтты, күйеуінің тума-туыстарын құрметтеуді Ольга әжеміз өмір бойы ұстанып жүрді, - дейді Бисенғали аға, елден барған барлық қазақты, қарақұнандарды төріне шығарып, қонақ қылып, көше аралатып, сәлем-сауқат беріп жіберіп отырды» деп еске алады. Бисенғали ағаның өзі де жас кезінде Мәскеуге бірнеше рет барғанын айтып, «сол кезде Ольга әже бәрімізге құрақ ұшып отыратын» деп еске алады. Осындай жылы қарым-қатынас Ольга әжейдің Жымпитыдағы тумаларына жазған бірнеше хаттарында да анық байқалады.

Жаһанша мен Зайраның (Ольганың) махаббаты өмірлік болды, өте ауыр сын сағаттарда олар бір-бірінен бас тартпады, бір-біріне сенді. Сондықтан бүгін жастар Жаһаншадай ұлы адамдардың өмірлерінен, үлкен махаббаттарынан үлгі алуы керек.

 

Қаралым саны 1185

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463