«Самаладай жап-жарық»

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

«Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жан-жаққа түгел нұр шашқан сәуле, жайылған нұр деп түсіндіреді. Самаладай болып көрінді, самаладай жарық, самаладай жарқырайды түрінде әдемі түрге еніп қолданыла береді.
Ғаламторға жүгінсек, «Парсы тіліне арабтардан ауысса керек, бұларда «сәмави» тұлғалы сөз «көкшіл аспан» мағынасында қолданылады. Қазақтар араб сөзін «самала» тұлғасына дейін өзгерте отырып әрі -дай жұрнағын қосып, самаладай сөзін тудырған да, мағынасына да өзгеріс кіргізген. Тура мағынасын айтсақ, «самаладай жарық» тіркесі «күндей жарық» қалпында ұғынылмақ», - деп тұжырым жасайды.

Бірақ, Телқожа Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» кітабына жүгінсек, күн арабшаға аударғанда – «Шамси», қазақша Шәмші, Шәмшия деген аттар «күннің көзі» дегенді білдіреді екен. Н.Оңдасынов құрастырған «Арабша-қазақша», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерден» де «самала» сөзін күн мағынасында кездестіре алмадық. Ақын Серікбай Оспанұлы «Ана тілі» газетінің 2013 жылғы 25 сәуірдегі санындағы «Ақын әбдіресін ақтарғанда» деген мақаласында самала (жарық, кешкі алагеуім мезгіл) ұмытыла бастаған сөз деп анықтама береді. Әбіш Кекілбай бір журналға бата беріп тұрып: «самалалар шоғыры», - деген екен.
«Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» бойынша Семей, Көкпекті жағында самаладай сөзі «биік, зәулім» мағынасында жұмсалады екен.

Қалиакбар Ұсемқанұлы дейтін «Шинжяң гәзетінде» жарық көрген «Ішінара фразеологиялық тіркестердегі те-ңеу сөздердің тегіне үңілгенде» мақаласында былай деп жазады: самала дегеніміз – балық аулауда қолданылатын аудың бір түрі. Қос арқанға салақтатып қармақ ілінген ау. Бұл ауды Алтай қаласының тұрғыны, төрт атасынан бері балықшылықпен шұғылданған Ырысбек Садықұлы қайта «тірілтті». Қазір Алтай қаласының ұлттық мұражайында тұрған самаланы осы Ырысбек жасаған. Ырысбектің айтуынша, самала өзенге ғана құрылатын, метре балық аулауға пайдаланылатын ау. Өзеннің екі жағасына керіп байланған қос арқанның ортасына қалақша тақтай (арқанды суға батырмай қалқытып тұру мақсатында) байланады да, керілген арқанға бірін ұзын, бірін қысқа етіп мықты жіптен шыжым жасап, суға салақтатып қояды. Шыжымның ұшында қармақ бар, қармақ төмен тартып кетпеу үшін қармаққа қосып, үш қырланып жонылған үйеңкінің қабығы байланады. Әдетте дарияның ені 200 метр болса, оған керіп байланған арқанға 400 қармақ байланады, қабық байланған қармақ судың ағынымен суда ойнақшып тұрады да, жайылысқа шыққан метренің назарын оңай бұрады, былайша айтқанда, түнде біздің көзімізге жұлдыз қалай самсап көрінсе, судағы метреге де самала сондай самсап көрінеді.

Бірте-бірте жақындаған бекіре алғашында суда ойнақшыған самаланың қармағын құйрығымен соғып ойнайды, өстіп жүріп, қармаққа ілініп қалады. Самалаға басқа балық түспейді, қызыл балық ілінсе, быт-шыт қып үзіп кетеді. Метре негізінен Ертіс өзенінде болады, сондықтан Алтай өңірін мекендеген елден басқа жұрт мұны біле бермейді.

Міне, бір сөздің мағынасы сөйтіп тереңіне тарта береді...

Қаралым саны 1474

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463