Армысыз, ағайын!

Міне, «DANAkaz» журналының жаңа саны қолыңызға кешігіңкіреп барып тиді. Бірақ редакция қызметкерлері журналдың бұл санын қалыңдатып, мақалаларын көбейтіп, мазмұнын байытып ұсынып отыр.

Әрине, тұрмыс түйткілі, қаржы тапшылығы қаумалап-қаусырғанымен редакция қызметкерлері өздерінің кәсіби міндетіне, оқырман алдындағы антына адал. Ел мен жер тарихына қатысты әрбір жаңалықтың жедел жария болуы, ел үшін еңіреп өткен ерлердің рухына тағзым – басылымның әр санына өзек болып келеді. Бұл ауқымды іске оқырман қауымды да тартпақ ниетпен өлкетанушыларға бәйге де жарияладық. Алдағы сандарымызда бұрын баспа бетін көрмеген тың тақырыптар үзбей жарық көрмек. Соның бірі – батыс өлкеге белгілі жылқылы бай, Кіші жүздің бас старшыны атанған тархан Есенгелді Жанмырзаұлының өмірі мен қызметіне қатысты мақала әзірленуде. Жаз келіп, жер аяғы кеңіген соң ел арасына, соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан тысқары аймақтарға да іссапарларымыз көбеймек. Бүгінгі Қазақстан шекарасынан сырт қалған қандастарымыз да әрқашан ерекше назарымызда. Болашақта олар туралы да сериялы мақалалар жарық көреді. Біздің журналда басталған «Құлпытас сырын ашайық!» айдарымыз Батыс Қазақстан ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау тауып, бұйырса өңіріміздің көне құлпытастары туралы жинақ шығады деген жоспар бар. Міне, осының бәрі Сіз бен біздің, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы мен оқырманның арасындағы берік байланыстың үзілмейтінін көрсетеді. Ендеше, ағайын, «DANAkaz» журналына жазылыңыз, айналаңызға насихаттай жүріңіз! Жаңа маусымда да бір болайық!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 985

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463