Жайық қалашығында тағы бір кесене орны табылды!

Қазіргі Орал қаласы-ның маңында орналасқан ортағасырлық (ХІІІ-ХІV ғғ.) Жайық қалашығы аумағы-нан ерекше дөңгелек пішінді тағы бір кесененің орны табылды!

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы мамандары бірнеше жылдан бері қазба жұмысын жүргізіп келе жатқан Жайық қалашығы құпиясын бірте-бірте ашып келеді. Көне қала аумағы оңтүстік және оңтүстік-шығыстан Жайық өзенінің терраса баурайымен шектессе, ал басқа жағынан табиғи жыралар қоршап тұр. Аумақтан қандай да бір антропогендік қоршау іздері табылмады. Археологиялық нысан іздері байқалатын аумақ көлемі қазіргі таңда 7-8 гектарды құрайды. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеше тұрғынжай, қоғамдық және шаруашылық нысандары анықталды. Қазір бізге белгілі нысандар: кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер. Бұл жөнінде «DANAkaz» журналының 2013 жылғы тамыз (№6) айында жарық көрген санындағы «Жайық – Оралдың атасы» атты топтамада толық жазылған еді.
2013 жылы дала маусымында қалашық қорымы орналасқан Желтаудың үстінде №1 қазба орны жасалды. Бұл орын негізгі ескерткіштер шоғырланған қалашықтан 2 км қашықта орналасқан. Алдыңғы жылдары осы жерде бірнеше жерлеу орны қалдықтары зерттелген еді. Жаңа қазба орны «Үлкен кесене» ескерткішінен солтүстік-шығыс бағытта, 300 метр қашықтықта орналасқан. 2013 жылға дейін бұл жер егіс алқабы ретінде пайдаланылған. Қазба жұмысы басталар алдында алқапта биіктігі 0,5-0,7 метр болатын, сырт көзге білінер-білінбес екі төбешік болды. Бұл жерде алқап оңтүстікке қарай еңісті болып келеді. Аумақта күйген кірпіштің, қождың (шлак) қалдығы көптеп кездеседі. Әр жерде қыш құмыра сынықтары шашылған.

Қазба жұмыстарынан бұрын нысанның диаметрі – 15 метр, биіктігі – 0,5 метр топырақ үйіндісі болды. Жердің жоғарғы қабаты алынған соң дөңгелек пішіндегі құрылыстың сұлбасы (контур) көріне бастады. Ескерткіш ортасында камерасы (қабір орны) бар дөңгелек пішінді жерлеу құрылысы екендігі белгілі болды. Ескерткіштің сақталған қабырғасының қалыңдығы 2,20-2,25 метр. Архитектуралық тұрғыдан кесене қабырғасы күйдірілген және қам кірпіштердің ортасына қож және кесек тастарды салып, аралас тәсілмен тіктеген.

Қазба жұмысы кезінде ескерткіш қабырғасы кірпіш қалауының ең төменгі қатары сақталғандығы белгілі болды, ал бүтін кірпіш мүлдем сақталмаған, олардың тек сынықтары кездеседі. Күйдірілген кірпішпен құрылыстың тек сыртқы периметрі қаланған, бұндай тәсілмен кесененің тек сыртқы фасады безендірілген болуы мүмкін. Күйдірілген кірпіштен соң қам кірпіштен қаланған қатар кетеді. Қам кірпіштің пішіні тік бұрышты болып, көлемі 15х30х6, 17х32х6, 18х33х7 см. ал, қам кірпіштің аралығы қож сынықтарымен толтырылған. Жер тегістігінің жоғарғы қабатын алғаннан кейін құрылыстың ортасында жерлеу камерасының сұлбасы анық көріне бастады. Құрылыстың оңтүстік-батыс бөлімінде сыртқы қабырғаның бұзылған орнының іздері байқалады. Қабырғаның осы жерінде тонаушылық кіру орны болғандығы ықтимал. Сыртқы қабырғадан солтүстікке 40 см аралықта, – 132 см нүктесінде адамның бас сүйегі табылды. Айналасында басқа сүйек кездеспейді, сірә, кесенені тонау кезінде сүйек орнынан алынып, басқа жерге лақтырып тасталған болуы мүмкін. Бас сүйек бүйірленіп жатыр, желке жағында кірпіштің екі сынығы табылды. Сүйек тігістерінің өсуіне байланысты, жерленген ересек адам болғандығын болжамдаймыз. Құрылыс қабырғаларынан батысқа қарай 3,20 метр аралықта балшық аралас күйдірілген кірпіштер үйіндісі орналасқан. Балшық ақшыл сары түсті болып, материктен шұғыл айырылып тұр. Үйіндінің көлемі 2,80х2,20 м. Бұл орынды тазалау кезінде үйіндінің төменгі жағында жасанды шұқыр болғандығы белгілі болды. Бұндай терең емес шұқыр алдын ала қандай да бір құрылыс тіктеу үшін жасалған болуы мүмкін деген болжамға итермелейді. Дәл осындай үйінді құрылыстың шығыс бөлігінде, қабырғадан 3,60 метр аралықта табылды. Бұл үйіндінің көлемі 3,40х2,80 метр. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл үйінділер ненің қалдығы екендігін нақты айту мүмкін емес. Бәлкім, ескерткіш бұзылмас бұрын ортасында дөңгелек пішінді кесене болып, шығыс пен батыс сызығында екі мұнаралы құрылыс болған болуы мүмкін.

Ескерткіштің оңтүстік бөлімінде қам кірпіштен қаланған, кесенеге жапсыра салынған құрылыс қалдығы жайласқан. Құрылыстың көлемі 15х30, 17х35 см. Жапсырма құрылыс кесененің алдына ішке кіруге ыңғайлы болу үшін салынған пандус болуы мүмкін. Бұндай болжамға бір деңгейде құлаған қабырға үйінділері де дәлел болып тұр. Кесененің жерлеу камерасы оңтүстік шығыс секторындағы тонаушылық шұқыры кесірінен бұзылған. Жерлеу камерасын тазалау кезінде ішінен күйдірілген және қам кірпіш сынықтары шықты. Камера жоспарда дөңгелек болып келген, диаметрі 5,10 метр. Қазба кезінде камера ортасында 70 см тереңдікте адам сүйектері табылды. Сүйектер шашыраңқы күйде, анатомиялық емес жағдайда жатты. Жерлеу шұңқырының түбі қазіргі тегістіктен 125 см тереңдікте орналасқан. Жерлеу камерасын тазалау кезінде екі адамның бас сүйегі, басқа да сүйектері табылды. Сүйектер қабір ішінде бей-берекет шашылған. Кесенеден оңтүстік бағытқа қарай 3,50 м аралықта терең емес 5 таяз шұңқыр табылды. Шұңқырлардың тереңдігі 40-52 см, ал диаметрі 45-75 см, тазалау кезінде ішінен еш нәрсе табылмады.

Қорытындылай келгенде, дөңгелек пішіндегі кесене орта ғасырларда тоналғаны анықталды. Бұған кесене қабырғасының бұзылуы және адам сүйегінің шашылып жатырғаны дәлел. Кесене қабырғаларының қалың болуы – оның үлкен салмақты болғанын айғақтап тұр. Біздің ойымызша, тұрғызылған кезінде кесене биік күмбез тәрізді немесе мұнара тәрізді ескерткіш болған сияқты. Ескерткіш-тің оңтүстік бөлігінде табылған шұңқырлар да құлпытас белгілер болған секілді. Өйткені кесененің кіре-берісі де осы бетінде орналас-қан. Айтылған қорытындылар негізінде кесененің графикалық реконструкциясы жасалды.

Мұрат ҚАЛМЕНОВ,

Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Қаралым саны 1502

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463