Жәңгір мектебінің түлегі Жүсіп Шомбалұлы

Дәуітхан РАХЫМҚҰЛОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және
этнология институтының аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты

ХIХ ғасырдың 40-шы жылдарының бас кезінде, дәлірек айтсақ, 1841 жылы Бөкей хандығында тарихи маңызды оқиға болды. Ол – ордадағы қазақ балаларының сауатын ашу үшін қазақ-орыс мектебінің ашылуы еді. Бұл мектептің негізін Жәңгір хан қалағандықтан тарихта «Жәңгір мектебі» деп аталып кетті. Міне, осы Жәңгір мектебі орданың көптеген балаларының сауатын ашып, олардың әрқайсысының өз алдына жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті.

 Алдымен Жәңгір хан ордада жаңадан ашылған мектепке өзінің саяси сенімді серіктері – Қарауылқожа Бабажанов, Шомбал Ниязов, Ақболат Санғырықов, Жұлғыт Наурызбаев, Саламат Исекенов, Шөке Еділбаев, Балқы Құдайбергенов және тағы басқа қызметкерлерінің балаларын оқуға қа-былдады. Әуелі хан өз атынан жоғары-да есімі аталған қызметкерлерінің әр-қайсысына балаларын хандықта ашыл-ған мектепке беруін сұрап хат жібереді. Сөйтіп, 1841 жылы Жәңгір мектебінде оқуға дайын алғашқы талапкерлердің аты-жөні белгілі болады. Олар: Жәңгір ханның үш ұлы Ибрагим, Исмаил, Ахметкерей және орданың белгілі қызмет иелерінің ұлдары – Мұхамед Бажақов, Мұхамедсалық Қарауылов, Мырзағали Ақболатов, Мұхамедкерім Жұлғұтов, Жүніс Саламатов, Дияр Жұлғытов, Ерғали Шынғалиев, Мұхамедшах Байтүменов, Бердеғали Жарасов, Ханғали Бесжанов, Премер Абылаев, Аманғали Құдайбергенов, Қасым Кенжебаев, Мұрат Құдайбергенов, Есмұхамед Кенжебаев, Досмұхамед Келжебаев, Нұрмұхамед Шөкеев, Есмұхамед Бостанов, Шәріп Асанов, Сейдғали Танасов, Қауыс Жамелов, Арыслангерей Меңлігереев, Тұтық Жаматаев, Мұстафа Сүйінғалиев, Ахметгерей Хансұлтанов, Мүфті Жантөринов, Сейтбаттал Балқы және ағайынды Өтеғали Шомбалов пен Жүсіп Шомбалов [1].

Жүсіп Шомбалұлы Ниязов 1831 жылы Ішкі ордадағы Ноғай руының рубасшысы және биі Шомбал Ниязұлының отбасында дүниеге кел-ген. Жүсіптің әкесі Шомбал Жәңгір хан-ның өте сенімді саяси серігі әрі басты кеңесшісі болған. Орданың беделді және ықпалды бидің отбасында тәрбие алған Жүсіп он жасқа толған шағында әкесінің ықпалымен хан ордасында ашылған Жәңгір мектебіне бірден қабылданады. Бұл мектепте өзімен бірге оның ағасы Өтеғали да оқыды. Мектепке қабылданған оқушы-лардың жас шамасы да әртүрлі бола-тын. Оқушылар мектеп қабырғасында ислам діні заңдары мен ережелерін, татар, парсы, араб және орыс тілдерін, орыс грамматикасын, арифметиканы, географияны және тарих пәндерін оқып үйренді. 1845 жылы Жәңгір мектебінің алғашқы түлектері оқуын ойдағыдай аяқтап, үлкен өмір жолына аяқ басады. Жәңгір мектебін өте жақсы бағамен бітіріп шыққан үлгілі балалар Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусына қабылдануға және оқуын үзіліссіз жалғастыруға мүмкіндік алды. Ішкі ордадағы осы білім ошағы жас та-лапкерлерді орданың болашақ әкімші-лік жұмыстарына тартылатын алғашқы кадрларды білікті дайындауға септігін тигізді.

Орынбор қаласында орналасқан Неплюев кадет корпусына бастықтар-дың рұқсат етуімен Ішкі ордадан 10 ба-лаға 2-ші эскадроннан немесе азиат бөлімінен орын берілді. Осы мүмкін-дікті пайдалануға тырысқан Ішкі орда-ның ханы Жәңгір 1845 жылы орданың құрметті адамдарына өз балаларын Орынбор кадет корпусына оқуға жібе-руіне ұсыныс білдіреді. Бірақ ол уақыт-та Орынбор мен Ішкі орданың әлі де болса байланысы сирек болғандықтан, орда халқы өз балаларын шалғайда жатқан патша өкіметінің оқу орында-рына жіберуге сенбеді. Дегенмен Жәңгір хан жергілікті халықтың сана-сында сенімділік туғызу үшін өзінің тағы бір ұлы Исмаилды орда жерінен 9 баламен бірге Орынбор қаласына жі-береді. 1845 жылы Жәңгір ханның орда балаларын Орынбор қаласындағы кадет корпусына жібергендігі туралы қазақтың белгілі этнографы М.Салық Бабажановтың мына бір естелігінен көруге болады: «біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік, яғни ол кезде, қазір де кадет корпусы үшін даярлайтын класс ретінде саналды. Бір күні кешке бізді ханға шақырды, яғни ол біздің корпус-ке түсуге қалайтынымызды білгісі кел-ді. Ханның үйінде біз үшін біздің жасы-мызға лайықты сый-сияпат дайындал-ды. Ол бізді мейірімді қарсы алып, біз-дің тілегімізді сұрады. Біз келісімімізді және дайындығымызды білдірдік. Бұ-дан кейін хан бізге уыстап майда күміс тиындарды үлестіріп, сосын жіберді. Бұл 1845 жылдың басындағы қыс мез-гілінде болатын». Сөйтіп 1845 жылы жаз мезгілінің шілде айында Ішкі орда-дан Орынбор қаласына оқуға баратын он баланы ата-аналары мен Жәңгір ханның өзі шығарып салады. Олардың қатарында: Исмайыл Жәңгірұлы, Арыслангерей Бөкейханов, Сұлтанмахмұт Жантөрин, Зұлхарнай Нұралыханов, Мұхамеджан Бекмұхамедов, Сұлтан Шалабаев, Мұхамедсалық Бабажанов, Мұхамедкерім Наурызбаев, Мырзағали Ақболатов және Жүсіп Ниязов бар еді.
Жүсіп Шомбалұлын Неплюев кадет корпусының «азиат» бөліміне қабыл-дайды. Корпустың бұл бөлімінде Орынбор ведомствосына қарайтын әкімшілік мекемелерде жұмыс істейтін аудармашылар, іс-қағаздарын жүргізу-шілер, офицерлер және тағы басқа ше-неуніктік деңгейдегі мамандықтар даярланатын. Неплюев атындағы кадет корпусында жас кадеттер ислам діні, татар, парсы, араб, орыс, неміс, фран-цуз тілдерін, тарих, география, физика-ның бастапқы негізін және математика пәндерінен дәріс алатын болған. 1851 жылдың шілде айында Жүсіп Ниязов-тың Неплюев кадет корпусындағы алты жылдық оқу мерзімі аяқталады. Жүсіп кадет корпусындағы барлық курсты жақсы бағамен бітіріп, 1851 жылдың 24 қарашада өз қатарларынан әскери шені жағынан жоғары «сотник» дәре-жесімен тәмамдайды. [2]. Онымен бірге осы кадет корпусына оқуға келген Арыслангерей Бөкейханов, Мұхамедсалық Бабажанов, Сұлтанмахмұт Жантөрин, Зұлхарнай Нұралыханов – хорунжи, Мұхамеджан Бекмұхамедов – зауряд-сотник, Сұлтан Шалабаев және Мырзағали Санғырықов – зауряд-хорунжи шендерімен шығарылды [3]. Бірақ Неплюев кадет корпусының толық кур-сын Мұхамедкерім Наурызбаев ден-саулығына байланысты аяқтай алмай, 1849 жылы шығып кетеді. Алайда Уа-қытша кеңес 1853 жылы оның ынталы қызметімен әрдайым старшындық жұ-мыста ерекшеленгенін ескеріп шекара-лық комиссиядан оған құрдастарымен тең дәрежедегі зауряд-хорунжи шені-мен марапаттауын сұрады. Орынбор шекаралық комиссиясы Мұхамедкерім Наурызбаевтың жақсы қызметін баға-лап, белгіленген әскери шенмен мара-паттайды [4].

Орынбор қаласындағы беделді ка-дет корпусын аяқтағаннан кейін Жүсіпті Орынбор мекемесіне жұмысқа орна-ластыру үшін әкесі Шомбал би 1851 жылы 11 тамызда Орынбор шекаралық комиссияның төрағасы Михаил Василевич Ладыженскиге сұрау хат жазады: «Менің ұлым Жүсіп Ниязов Орынбор Неплюев кадет корпусының шәкірті осы жылы осы оқу орнының ғылым курсын бітірді және ұлым маған хабарлағандай ғылымдағы табысы үшін және жақсы тәртібімен сотник шені ұсынылған. Басшылардың осын-дай көмегі қуанышпен қатар қартайған шағымда мені көңілдендіретін сенім әкеледі, оны қызметтік жолмен жүре-тін қабілетті адам ретінде көргім келе-ді. Сонымен қатар мен оны біздің ор-даның басқару ісіне мүмкіндігімше икемдесем. Ордада оған қалағандай бағыт-бағдар беру мен үшін өте қиын-дық болатындығын біле отырып мен сізден, орданың жақын қамқоршысы ретінде сұрайтыным, менің ойыммен толық келісетін ұлымды, өзіңіздің бас-шылық қамқорыңызға алып және Ішкі орда ісімен айналысатын сіздің құзы-рыңызға толық қарайтын шекаралық комиссиядағы қызметшілер қатарына орналастырсаңыз. Менің осы сұраған-дарыма аямпаздық көрсетсеңіз мен өмірімнің сонына дейін Сізге алғысым-ды айтамын және өзімнің көпжылдық қызметім үшін өте жоғары марапат ретінде қабылдаймын. Егерде жоғары мәртебем, мүмкіндік болса, менің ұлыма қандай да бір ақшалай жәрдем берсеңіз, өйткені менің кедейшілік жағдайыма байланысты оны өзімнен алыс жерде болғандықтан қамқор көр-сете алмаймын. Сіздің жарлығыңызды күте отырып мен өзімнің ұлымды Орынбор қаласында қалдырдым»-деп Шомбал Ниязов өзінің мөрін басты [5].

Шомбал Ниязұлының берген ұсы-нысына жауап қайтару үшін Орынбор шекаралық комиссияның төрағасы М.Ладыженский Неплюев кадет кор-пусының директорына былай деп жа-зады: «Осы сұрау хатқа рұқсат беру үшін Сізге қарайтын оқу орнының тәр-биленушісі Жүсіп Ниязов қандай табыс-пен оқуын аяқтады және ол қай қыз-мет орнына жіберілуі тиіс еді немесе қазір комиссияға орналастыруға бола-ды ма деп сұрауды қажет санадым» [6]. Неплюев кадет корпусының дирек-торы полковник Шилов шекаралық ко-миссияның төрағасы М. Ладыженский-ге берген жауабында: «Маған қарасты корпустың түлегі Жүсіп Ниязов ғылым курсын өте жақсы табыспен аяқтады және тәрбиелік комитетпен ордаға сот-ник атағымен жіберілгендігін хабар-лаймын» – деп жауап қайтарған бола-тын. Директордың жауап хатында Жүсіпті Орынбор мекемесіне жұмысқа қабылдау туралы айтылмады. Неплюев кадет корпусының директоры полков-ник Шиловтан Жүсіп Ниязовқа қатысты мәліметтерді алғаннан кейін М.Ладыженский Орынбор генерал-губернаторынан Ниязовты комиссияға қандай да бір ваканттық қызметке қа-былдау туралы сұрайды. Оған вакант-тық орын жоқ деп жауап береді. Бірақ шекаралық комиссия олардың жұмыс-қа деген ынтасының жоғары екендігін байқап шенеуніктік вакансияға орна-ластырады. Сөйтіп, Жүсіпті шекаралық комиссияның кеңсесіне штаттан тыс жалақысыз қабылдайды. Оның қызме-ті Орынбор әкімшілігімен жергілікті ру ақсүйек өкілдерінің арасындағы ауыз-ша және жазбаша істерді жүргізумен тікелей байланысты болды. Бірақ Орынбор қаласында жалақысыз өмір сүру қиындық туғызатынын ескеріп, генерал-майор М. Ладыженский Орынбор генерал губернаторынан Жүсіп Ниязовқа зекет соммасынан 128 рубль 48 тиын күміс ақшаны комиссия-дағы штатта белгілі бір вакансия ашыл-ғанға дейін төлеп тұруын тапсырады [7].
1851 жылы 11 қарашада Жүсіпті Орынбор шекаралық комиссиясына Ішкі қазақ ордасына қатысты істермен айналысу үшін жібереді [8]. Орынбор кадет корпусын бітіріп шыққан түлек-тердің құқықтары бойынша олар жы-лына қазынадан 71 рубль 51 тиын күміс ақша алуға тиіс еді.
Орынбор қаласында тұру Жүсіп үшін қаражат жағынан қиындық туғыз-ды. Сол себепті 1852 жылы 3 шілдеде Жүсіп Ниязов Орынбор шекаралық комиссияның төрағасы генерал майор Ладыженскийге жазған өзінің баяндама хатында: «қаражат жағы қатты қиын-дық туғызғандықтан мен сізден сұрай-тыным комиссиядағы соммадан маған 1-ші наурыздан 1-ші шілде аралығында мемлекеттік мүлік министрлігі тағайын-даған 71 рубль 51 тиын күміс ақшаның 23 рубль 83 тиын күмісін төлеп тұруға бұйрық беруіңізді сұраймын дейді [9].
1852 жылы 8 қазанда Жүсіпті Орынбор мекемесіне кіші тілмаш қыз-метіне тағайындайды. Сол жылдың қа-раша айының 15-де Жүсіп Ниязовты Ішкі ордаға Уақытша кеңестің қазына-шы қызметін атқару үшін іссапарға жі-береді. Ішкі ордаға іссапармен барып қазынашы қызметін екі айға жуық ой-дағыдай атқарып келісімен-ақ, Уақыт-ша кеңес Жүсіпті (1853 жылы 2-ші қаң-тардан бастап) Гурьев дистанциясында-ғы мекемеде тергеу ісімен айналысу үшін жұмысқа жіберіледі.

Жалпы, Жүсіп Ниязовтың Орынбор қаласындағы шекаралық комиссияның Ішкі ордадағы қазақтардың мәселесі-мен айналысатын Уақытша үстелде 1851 жылдан 1856 жылға дейін бес жылға созылған қызметі аяқталғаннан кейін, Жүсіп туып-өскен жері Ішкі Бөкей ордасына қайтып оралады. Жүсіп Орынбор шекаралық комиссиясында жүріп үлкен тәжірибе алады. Ол меке-меде іс-қағаздарын жүргізуді және құ-жаттарды толтыруды жақсы меңгеріп шығады.

Ішкі орданы басқарып отырған Уа-қытша кеңестің төрағасы статтық ке-ңесші Ващенко Орынбор және Самар генерал-губернаторына шекаралық комиссиядағы сотник Жүсіп Ниязовты Уақытша кеңеске аудармашы қызметі-не тағайындауды ұсынады. Сөйтіп, 1856 жылы 26 қаңтарда Орынбор және Самар генерал-губернаторының бұй-рығымен Жүсіп Ниязов Ішкі орданы басқарып отырған Уақытша кеңеске аудармашы қызметіне тағайындалады [10]. Аз уақыттың ішінде Уақытша ке-ңесте Жүсіп аға аудармашы қызметіне көтеріледі. Осы уақытта кеңесте іс-қа-ғаздарын жүргізетін, мұрағат ісімен және қазақ кеңсесінде хат жазысумен айналысатын есаул Шөкеев кеңесші қызметіне ауысқандықтан, оның орны-на сотник Жүсіп Шомбалұлы тағайын-далады. Қызметтегі ауыстырулар жө-нінде Уақытша кеңестің төрағасы Ващенко 1856 жылы 3 мамырда шека-ралық комиссияға былай деп хабар-лайды: «есаул Шөкеев Ішкі ордадағы Уақытша кеңесте іс-қағаздарын жүргі-зушінің көмекшісі қызметін, сонымен қатар мұрағат пен кеңседе қазақша хат жазысу қызметін атқарып келді. Бірақ оның жаңа қызмет орнына ауысуына байланысты, аталған қызмет орны бос қалды. Сол себепті Уақытша кеңес ордадағы мұрағат ісін жүргізуді және қазақша хат жазысуды аға аудармашы сотник Ниязовқа тапсыруын дұрыс са-надым. Сонымен бірге аталған қызмет-тер мен қатар ол кеңседегі аудармашы-ның көмекшісі Неплюев кадет корпусы-ның түлегі хорунжий Мырзағали Саңғырықовтың қолғабысы арқылы ау-дармашы қызметінде атқара беруі тиіс [11]. Жүсіп Шомбалұлы өзіне жүктелген міндеттерді ынта-жігерімен орындай-тын болғандықтан жаңа қызметті атқа-руға лайықты деп табылған еді. Осы қызметте небәрі екі жыл ғана отырған Жүсіп басшылардың бұйрығымен қай-та жаңа қызмет орнына ауысады. Бұл жолы (1858 жылы қараша айында) Жүсіп Ниязов Беріш руының басшысы қызметіне тағайындалады. Ол кезде Беріш руы – Бесқасқа, Бегіс, Жайық, Есенғұл, Есен, Қаратоқай, Құлкеш, Себек, Таныс, Тұрымтай және Жамқұр-шы (жаңбыршы) бөлімдерінен құрал-ды. Мұрағат деректерінің көрсетуінше Ішкі ордадағы Беріш руы 3600 түтіннен тұрды [12]. Жүсіп Ниязов Беріш руының рубасшылық қызметін атқарған жыл-дары оған 24 старшын бағынды және ол осы қызметте бір жылға жуық ғана отырған болатын. Аз ғана уақыт ішінде Беріш руы қазақтарынан салықты жи-наудың тәртібін ретке келтіріп және старшын қызметіне сайланатын үміт-керлерге жаңа талаптар қойып, қайта сайлау жүргізу керектігі жөнінде кеңес-ке ұсыныс білдірген еді. Оның айтуын-ша: «Старшындардың басым бөлігі Жәңгір ханның тұсында сайланғандар. Олар бұл қызметке тек әлеуметтік жағ-дайы жақсы болғандықтан ғана сай-ланған. Олардың жеке қасиеттері мен қауым арасындағы беделіне еш мән берілмеген. Сондықтан да олар стар-шын атағына лайықты емес және қыз-метке пайдасыз. Сонымен қатар олар қызметтік міндеттерін атқармай жал-қаулық танытады» - деп кеңеске мә-лімдеген еді [13].
Бір жылдың ішінде Жүсіп Ниязов Беріш руында туындаған бірнеше күр-делі мәселені шешіп үлгереді. Оның қызметтік тізіміне назар аударсақ онда біз оның бір қызмет орнында ұзақ уақыт отырмағанын байқаймыз. Өзіне берілген міндетті жоғары деңгейде ат-қара алғандықтан, оны үнемі орданың жауапты қызмет орындарына тағайын-дайтын болған. 1859 жылдың шілде айында Жүсіп Ниязов 1-ші теңіз округі-нің басшылығына тағайындалады. Бұл жаңа округтің ашылуына көп уақытта өтпеген еді. 1855 жылы Уақытша кеңес-тің сол кездегі төрағасы полковник Иванин Ішкі ордада, әсіресе, Каспий жа-ғалауында көшіп жүретін қазақтарды басқару үшін жаңа қайта құру жүргізе-ді. Ол бойынша Ішкі орданың Каспий жақ бөлігі екі үлкен округке бөлінеді: олар 1-ші және 2-ші теңіз округтері бо-латын. Бірінші теңіз округі 16 старшын-дықтан құралып, оның жалпы құрамы 5300 түтіннен тұрды, ал екінші теңіз ок-ругі 13 старшындыққа жіктеліп, оның құрамында 4781 түтін саны есептелінді [14]. Ережеде көрсетілгендей округтер-дің басшылығына Неплюев кадет кор-пусының толық курсын аяқтап шыққан түлектер ғана тағайындалатын болған. Бұл қызметте Жүсіп бір жылға жуық ға-на отырады. Отбасы жағдайына байла-нысты Жүсіп Ниязов 1860 жылдың 29 нау-рызында осы қызмет орнынан кетеді.

Осы жерде Жүсіп Ниязовтың отба-сы жағдайына қатысты қысқаша мәлі-мет беріп өтсек. 1872 жылғы Жүсіп Ниязовтың қызметтік тізімінен отбасы жағдайына қатысты мынандай мәлі-меттерді көре аламыз. Жүсіп Талов бө-лігінің биі Тастанбек Айтқұловтың қы-зына үйленген. Оның үш ұлы бар – Сафиуллу 15 жаста, Жамиулу 11 жаста, Батырхайыр 3 жаста. Ағаштан салынған жер үйі бар – деп көрсетілген [15]. Ал 1892 жылғы Талов бөлігінің басшысы Уақытша кеңестің төрағасы Лазаревски-ге Жүсіп Ниязовтың отбасы жағдайына қатысты өзінің қысқаша рапортында мынандай мәлімет берген болатын: «Жүсіп Ниязов Талов бөлігінің №1-ші старшындықта тұрады. Оның отбасы 15 адамнан құралған. Жүсіптің өзі 60 жаста, Орынбор Неплюев кадет корпу-сының толық курсын аяқтаған. Ұлдары-ның ішіндегі ержеткендері екеу: үлкені 30 жаста. Ол әкесінен бес жылға жуық бөлек тұрып келеді. Сонымен қатар ол өзінің және әкесінің шаруашылығын жүргізеді, ал екінші ұлы Орынбор аза-маттық гимназияда оқиды, ал қалған-дарының жастары кіші. 1892 жылғы мәліметте Жүсіп Ниязовтың шаруашы-лығында 18 жылқы, 20 түйе, 25 ірі қара малы және 240 қойы болды» - деп көрсетілген [16].
1860 жылы Ішкі орда жерінде жүр-гізілген әкімшілік-аумақтық реформа-ның негізінде бес жаңа бөлік (қисым) құрылады. Олар: Қамыс-Самар, Талов, Нарын, Қалмақ және Тарғын. 1860 жылдың 20 маусымында Ішкі Орданы басқарып отырған Уақытша кеңестің төрағасы Плотников Жүсіп Ниязовты Ордада жаңа әкімшілік-аумақтық рефор-маның нәтижесінде құрылған Тарғын бөлігіне басшылық қызметіне қабыл-дау туралы Орынбор және Самар гене-рал-губернаторына ұсыныс білдіреді. Орынбор және Самар губернаторы Жүсіп Ниязовтың Ішкі орда жерінде атқарған қызметін ынта-ықыласымен орындай алатындығын Плотниковтан хабардар болғаннан кейін, оны Тарғын бөлігінің басшылық қызметіне қабыл-даған еді [17]. Әкімшілік бөліністен ке-йін Тарғын бөлігінің құрамына Ноғай руы, Шеркеш руының біраз бөлімдері, Алаша, Тана және тағы басқа рулардың аз ғана бөлімдері кірді. Осы рулардан құралған Тарғын бөлігіне сотник Жүсіп Ниязов басшылық етті [18]. Тарғын бө-лігінің басшысы қызметін жақсы атқа-руына байланысты Жүсіп Шомбалұлы патша әкімшілігінен түрлі марапаттау-лар мен әскери шендер алды. 1860 жылы 25 тамызда жергілікті патша әкімшілігінің ұсыныс білдіруіне байла-нысты өкіметке сенімді және бүкпесіз қызмет көрсеткені үшін Жүсіп «есаул» шенімен марапатталады [19]. Бұл Жүсіп Ниязовтың патша билігіне жақсы қызмет еткендігі үшін алған алғашқы офицерлік шені еді. Ал 1861 жылы 24 қыркүйекте Жүсіп Ниязов Ішкі орда же-рінде қашып жүрген екі тұтқын Далик-ов пен Топаловты ұстап, тиісті орын-дарға тапсырғаны үшін 3-ші дәрежелі қасиетті Станислав орденімен марапат-талады [20].

ХIХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында Ішкі орданы басқарып отыр-ған Уақытша кеңестің төрағалық қыз-метіне Плотников келгеннен кейін, ор-дада саяси-әкімшілік реформалар жүр-гізіледі. Енді орданың барлық жері (1-ші және 2-ші теңіз округтерін қоспаған-да) бес бөлікке бөлінді. Ол әкімшілік бөліктердің басшылығына кадет корпу-сын бітіріп келген жас мамандар таға-йындалған еді. Олардың атқаратын қызметтік міндеттері қабылданған ере-жеде айқын көрсетілген. Осы әкімшілік бөліктер құрылғаннан кейін, кеңестің төрағасы Плотников әрбір бөліктің бас-шысына алдағы уақытта атқарылатын тапсырмаларды тізіп берді. Біріншіден, әр әкімшілік бөліктің құрамына кірген ордалықтардың қолындағы жерді пай-далануын қайта бөлу; екіншіден, салық жинау тәртібін ретке келтіру; үшінші-ден, әрбір бөлікте туындаған күрделі дауды шешу үшін әділ билер кеңесін құру. Міне, осы тапсырмаларды әр бө-ліктің басшылары шұғыл түрде орын-дауға тиісті болды. Ол үшін әрбір бөлік-тің басшылары қол астындағы ауыл старшындарын және әкімшілік бөлікте өте ықпалды билер мен ақсақалдарды жинап, сол жиналғандардың ішінен шаруашылық жағдайын жетік білетін адал және әділетті үш адамды сайлау қажет. Сосын сайланған үш адам бөлік басшысының тікелей қатысуымен жер-ге қатысты туындаған дау-дамайды шешуі тиіс болды. Осы берілген тап-сырманы орындау үшін Жүсіп Ниязов 1861 жылы 5 тамызда, өзіне қарасты бөліктің құрметті адамдарын жинап, сайлау жүргізеді. Сайлау аяқталғаннан кейін қоғамдық үкімнің шығарылған нәтижесін жариялайды. Сөйтіп Тарғын бөлігінен сайланған үш адамның есімі белгілі болады. Ноғай руының Қазанқұ-лақ бөлімінен – Бердалы Байсалов, Төлеңгіт руы Дуан бөлімінен Айболат Еділбаев және Шеркеш руы Сүйініш бөлімінен Құлдас Лекіров. Билер кеңе-сіне сайланған адамдарды ресми түрде әр рудан 16 старшын таңба мен мөр басып бекітеді [21].

1862 жылы тамызда Уақытша ке-ңестің кеңесшісі қызметін атқарған сот-ник Салық Бабажанов отбасы жағдайы-мен кеңесші қызметінен кетеді. Ішкі ордадағы Уақытша кеңесте кеңесші қызметі бос қалғандықтан осы жауап-ты қызмет орнына Орынбор генерал-губернаторы Обручевтің келісім-кеңесі-мен Тарғын бөлігінің басшысы есаул Жүсіп Ниязовты 1862 жылы 8 тамызда кеңестің кеңесші қызметіне тағайын-дайды [22]. Ал Тарғын бөлігінің басшы-лығына Жүсіп Ниязовтың көмекшісі болған зауряд-хорунжи Шөкеев таға-йындалады.
Уақытша кеңесте кеңесші қызметін атқару біліктілікті және жауаптылықты талап етті. Өйткені Ішкі орда жерін қыз-мет бабымен аралаған кездері малшы-лармен, байлармен, көпестермен, жер-гілікті шенеуніктермен және патша офицерлерімен тілдесетін. Уақытша ке-ңесте кеңесші қызметін атқару жылда-рында Жүсіп бірнеше рет кеңестің шұ-ғыл тапсырмасымен орда халқына қа-тысты мәселелерді шешу үшін іссапар-ларға жіберілетін болған.

1872 жылғы Жүсіп Ниязовтың қыз-меттік тізіміне қарасақ, оның мынан-дай жауапты жұмыстармен іс-сапарға жіберілгендігін көреміз. 1862 жылы 24 қыркүйекте Жүсіп Ниязов Әли Әлденов пен және басқа да қазақтардың ауыл-дарын тонаған қалмақтарды ұстау үшін іссапарға жіберілген. Бұл іссапардан 1863 жылы 1 ақпанда оралады. Соны-мен бірге Жүсіп Шомбалұлы 1863 жы-лы 10 тамызда хан мұрагерлеріне 40 мың десятина көлеміндегі жерді меже-леу кезінде Ішкі орда жақтан депутат ретінде қатысты. Бұл тапсырмадан сол жылдың 29 қазанында қайта оралады. Кеңестің қаулысымен 1864 жылы сәуір айында Жүсіп Ниязов хан мұрагерлері-нің шаруашылығында бос жатқан жер-лерді жерге мұқтаж қазақтарға бөліп беру үшін іссапарға жіберілген еді. Сол жылдың маусым айында осы тапсыр-маны сәтті орындап қайтады. 1864 жы-лы 10 желтоқсанда Жүсіп Ниязов 1862-63 жылдардың қыс мезгілінде Орал әс-кери казактарының шөптерін жақын жатқан қазақтардың малдары таптаға-ны жөнінде тексеріс жүргізу үшін комис-сияның мүшесі ретінде іссапарға жібе-ріледі. Осы іссапардан 1865 жылы 20 ақпанда оралады. Осы жылғы іссапары үшін Жүсіп Уақытша кеңестен 200 рубль көлемінде жәрдемақы алады. 1865 жылы 31 мамырда Жүсіп кезекті іссапармен Нарынбай Таевты өлтірген қылмыскерді ұстап, тергеу жүргізу үшін іссапармен жіберіледі. Осы тапсырма-ны сол жылдың 13 шілде айында орындап қайтады. 1865 жылы 23 шілде айында Орал казак әскері қоныстары мен Ішкі қазақ ордасының арасындағы жерлерді межелеу кезінде басшылар бекіткен комиссия мүшесінің бірі бо-лып іссапарға жіберіледі. Одан 15 қыр-күйекте оралады. 1866 жылы 26 сәуір-де Жүсіп Ниязовты Орал казак әскері қоныстары мен Ішкі орданың арасын-дағы жерлерді межелеу үшін комиссия мүшесі ретінде қайта жіберіледі. Ол іс-сапар 1 мамырдан - 7 қараша айына дейін созылады. Жүсіптің осы жолғы іс-сапары үшін кеңес 250 рубль ақша бе-рілді [23].

Патша өкіметі кеңестегі кеңесші қызметін атақарушы Жүсіп Ниязовтың өзіне берілген қызметті жақсы орын-дайтынын бағалаған және Министрлер комитетінің лайық көруімен, 1864 жы-лы 20 наурызда 3-ші дәрежелі қасиетті Анна орденімен, 1866 жылы 20 мамыр-да әскери старшина шенімен, 1868 жы-лы 21 маусымда 2-ші дәрежелі қасиетті Станислав орденімен марапатталған еді [24].

Үзіліссіз іссапарлар мен үздіксіз жүргізілген әкімшілік жұмыстардың салдарынан Жүсіптің денсаулығы сыр бере бастайды. Осындай толассыз жа-уапты жұмыс көз ауруына әкеп соқты-рады. Бірнеше рет денсаулығына бай-ланысты 28 күнге ем алуға сұранатын болған. 1866-1870 жылдар аралығында көзінің ауыруына байланысты 6 рет ем қабылдауға сұранып, өзіне берілген уақытта қызметіне оралатын.

Көз ауыруы әбден мазалағаннан кейін кеңесші қызметін атқарушы әс-кери старшина Жүсіп Ниязов 1868 жы-лы 7 маусымда Ішкі орданы басқарып отырған Уақытша кеңестің төрағасына: «менің көзім қатты ауырғандықтан ар-найы көз ауыруымен таныс дәрігерлер-мен кеңесу үшін Мәскеу және Санк-Петербург қалаларына баруды талап етіп тұр. Сондықтан да мені аталған қа-лаларға 28 күндік демалыспен Уақыт-ша кеңестің бұйрығымен жіберуіңізді сұраймын» - деп жазған еді [25]. Жүсіп Ниязовқа аталған қалаларға барып ем-делу үшін арнайы жәрдемақы қажет болды. Сондықтан да кеңестің төраға-сы Плотников осы мәселе бойынша Орынбор генерал-губернаторына хат жазады: «бұл ордалық аталған қала-ларға өзінің денсаулығына байланысты баруға мәжбүр. Өткен жылдан бастап оның күн өткен сайын көзінің көру қа-білетінің нашарлап отырғаны анық. Мұндай жағдайға тап болуының басты себептерінің бірі Ниязовтың 1851 жыл-дан бастап үзіліссіз, тынымсыз созыл-ған қызметі қатты әсер еткен болатын. Әскери старшина Ниязов соңғы алты жылдық қызметінің жарымға жуық уа-қытын іс-сапарда өткізді. Сонымен қа-тар Жүсіп Ниязов өзіне берілген тапсыр-маларды әрқашанда уақытында және жақсы табыспен орындайды. Іссапарға қызмет бабымен барған жылдары бір рет ғана 250 рубль ақшалай жәрдем-ақы алған. Қалған уақытта әскери стар-шина Ниязов өзінің қаражатын жұмсау-ға мәжбүр болатын. Үнемі үйінде бол-мауы және ылғи да іс-сапармен өткізіл-ген уақыты Ниязовтың жеке шаруашы-лығының құлдырауына әкеп соқтырды. Сол себепті Л. Плотников Орынбор ге-нерал-губернаторынан Жүсіп Ниязов-тың осы сапарға барып келу үшін 250 руб ақшаны беруін сұрап жазған бола-тын [26]. Орынбор әкімшілігі Жүсіп Ниязовқа аталған қалаларға барып ем-деліп қайтуына қазынадан 250 рубль жәрдемақыны беруге рұқсат береді және арнайы куәлік қағазын дайындап береді. Бірақ мұрағат құжаттарында Жүсіп Шомбалұлының Мәскеу және Санк-Петербург қалаларына барып, ем-деліп қайтқандығы жөнінде мәлімет кездеспеді.

Дегенмен мұрағат деректерінде Жүсіп Шомбалұлы 28 күндік демалысы аяқталғаннан кейін Уақытша кеңестегі кеңесші міндетіне қайтып келіп қызме-тін қайта жалғастырғандығы туралы мәлімет сақталған. 1869 жылы 11 та-мызда Жүсіп Орынбор губернаторы-ның шешімімен, Нарын бөлігінің бас-шылығына тағайындалады [27]. Бұл қызметті әскери старшина Жүсіп 1872 жылға дейін бүкпесіз атқарады. Бірақ Жүсіп Ниязовтың денсаулығының қайтадан сыр бере бастауынан қызметін ары қарай жалғастыра алмай, 1872 жы-лы Орынбор генерал-губернаторының рұсат беруімен отставкаға (өз еркімен қызметтен кетеді) кетеді [28].

Қорыта келгенде, 1872 жылы Жүсіп Ниязовтың Ішкі ордадағы ұзақ жылғы тынымды қызметі аяқталады. Хан ор-дасындағы Уақытша кеңесте үзіліссіз және үздіксіз атқарған қызметі үшін Жүсіп патша өкіметінен түрлі деңгейде-гі марапатқа ие болған. Ол Ішкі ордада көптеген маңызды және жауапты қыз-метті абыройлы атқара білді. Жүсіп Ниязовтың Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусында білім алуы-на және Ішкі орда жерінде ұзақ жыл бойы маңызды қызметтерді атқаруына ордадағы «Жәңгір мектебінен» алған бастапқы білімі үлкен септігін тигізген-дігін ерекше атап өткен жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан Республикасы Орталық мем-лекеттік мұрағаты 4-қ, 1-т, 2350-іс, 341-344-пп.
2. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 2634-іс, 1-п.
3. Бұлда сонда 1-п.
4. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 5662-іс, 1-2-пп.
5. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 5541-іс, 1-п.
6. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 5541-іс, 2-п.
7. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 5591-іс, 21-21-пп.
8. Бұл да сонда 22-п.
9. Бұл да сонда 13-п.
10.Бұл да сонда 14-п.
11.Бұл да сонда 23-п.
12.А. Евреинов Внутренняя или Букеев-ская киргиз-казачья орда. СПб., 1851 г. 81-б.
13. ҚР ОММ 78-қ, 3-т, 1637-іс, 1-2.-пп.
14. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 5607-іс, 10-п.
15. ҚР ОММ 78-қ, 4-т, 212-іс, 2-2 арт пп.
16. Бұл да сонда 3-п.
17. Бұл да сонда 7-7 арт пп.
18. ҚР ОММ 78-қ, 2-т, 945-іс, 73-п.
19. ҚР ОММ 78-қ, 4-т, 212-іс, 8-п.
20. ҚР ОММ 4-қ, 1-т, 3000-іс, 1-1 арт пп.
21. ҚР ОММ 78-қ, 3-т, 729-іс, 6-п.
22. ҚР ОММ 78-қ, 3-т, 212-іс, 11-п.
23. Бұл да сонда 11-п.
24. Бұл да сонда 15-16 пп.
25. ҚР ОММ 78-қ, 2-т, 1490-іс, 1-п.
26. Бұл да сонда 7-п.
27. ҚР ОММ 78-қ, 3-т, 212-іс, 18-п.
28. Бұл да сонда 19-п.

Қаралым саны 1509

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463