Бір мешіттің тарихы

Отан отбасынан басталады. Кең байтақ Қазақстанды сүю, ең алдымен, өзіңнің туып-өскен өлкеңді құрметтеуден, оның тарихын жетік білуден шығады. Бізге өзінің туған жерінің тарихы туралы мақала жолдаған Нұрсұлтан көп еңбектенген екен. Шәкіртін осындай терең де тағылымды ғылыми еңбек жазуға баулыған ұстаздары-на, жетекшісі, әлеуметтік педагог Жұбаниязова Алмагүл Тоқтамысқызына, кеңес берген жоғары санатты география пәнінің мұғалімі Әбдрашева Ақжібек Иманбайқы-зына журнал редакциясы атынан алғыс айтамыз.

 Біздің Талдыбұлақ ауылы Сырым ауданының солтүстігінде, Жымпиты ауылынан 60, Ақсай қаласынан 70 шақырым қашықта, Жымпиты-Ақсай тас жолынан батысқа қарай 4 шақы-рым жерде орналасқан. Ауыл оңтүс-тігінде Аралтөбе, Өлеңті, солтүстігін-де Александровка (Бөрлі ауданы), шығысында Тасқұдық, Бұлдырты, батысында Алғабас ауыл аймақтары-мен шектеседі.
Әр адам үшін Отан – өзінің туған жерінен басталады ғой. Сондықтан болашақта ауылымыздың көркеюі мен дамуына біз жауаптымыз. Әр оқушы туған ауылының табиғатын аялап, тарихын зерттеп, салт-дәстүрін сақтап, мәдениетін көтеріп, қартта-рын сыйлап өсу керек деп санаймын. Мен де осы ауылымның тарихи және табиғи орындарын зерттеп, өз үле-сімді қосқым келеді.
2013 жылдың жазында аудандық өлкетану мұражайының ұйымдасты-руымен өтетін «Менің ауылымның құпиясы» атты байқауға ауылдың та-рихи жерлері туралы мәлімет дайын-дау үшін кітапхана меңгерушісі Л.Оразғалиева мектеп мұғалімдері А.Әбдрашева мен А.Жұбаниязовадан көмек сұрады. Ұстаздарым ақылдаса келіп, осы өңірде болған Қызыл мешіт ауылының тарихын зерттеуді ұйғардық. Ақжібек Иманбайқызының атасы ҰОС және еңбек ардагері Абдрашев Төлеген Шідерті өзені бойында Қызыл мешіт ауылында дүниеге келген екен. Ауылдың орнын көрсетпек болған 72 жастағы ауыл ақ-сақалы Әділғали Итолиевпен шыққан алғашқы сапар нәтижесіз болды. Ауыл табылмады.
Келесі күні Шідерті өзенінің бойы-мен біз Қарабұтақ ауылының орнына бардық. Сол жерде көне қорым бар екен. Оның жанында ескі құлпытасы бар үлкен обаны көрдік. Әділғали ата Қызыл мешіт осы жерден алыс емес екенін айтты. Қызыл мешіттің орна-ласу жеріне бағдар болатын, сайда өсіп тұрған жалғыз ағашты іздедік. Бі-разға дейін адасып жүрдік. Әділғали атаның айтуы бойынша, ол жапырағы жайқалып өсіп тұрған, алыстан көрі-нетін үлкен ағаш болу керек. Көп жү-ріп біз теректі, нақтырақ айтқанда ор-нын ғана таптық. Әлдекімдердің қас-тығы ма, әлде найзағай түсті ме, өр-теніп кетіпті. Атай айналаны қарап жүріп, мешіт орнын тапты. Сол жерде мен мынадай әңгіме естідім.
Бұрын осы Шідерті өзенінің бо-йында көптеген ауыл болған. Елтай, Қарабұтақ, Қызыл мешіт деген жерде үш мешіт болған деседі. Әділғали ата бала күнінде Қызыл мешіт, Сұлтан мешіт, Қара мешіт туралы естігенін айтады. Ата Талдыбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Оның балалық кезі соғыстан кейінгі жылдарға тап кел-ген.
– Әкеммен бірге бұрын осы жерге көп келдім. Әкем малшы болатын. Жазғы қосы Шідерті бойында орна-ласқан еді. Бала кезімде өзен бойын-да көп құлпытас, ауыл орнын көрдім. Әкем осы жерде Қызыл мешіт деген ауыл болғанын айтты. Ауылдың көркі мешіт болған, таңда азан шақырған-да маңайындағы барлық ауылға есті-ліп тұрады екен. Бұл жер өте киелі. 10-12 жасар бала кезімде көршінің үйінің төбесінен әлдебір жазуы бар тақтайлар көретінмін. Беті сырланған болса да ар жағынан арабша жазыл-ған сөздер көрініп тұратын. «Бұл – Қызыл мешіттің ағашы» деуші еді. Осы жерде бала кезімде мылтықтың босаған оғы – гильза шашылып жата-тын. Естуімше, бұл жерде тана руы-ның адамдары мекендеген, - дейді бізге Әділғазы ата.
Атамыздың әңгімесін тыңдап, ме-шіт орнын қарап жүргенде бірнеше көне құлпытас тауып алдық. Бір қы-зығы, қаншама жыл күннің, жаңбыр-дың астында жатса да, тастың жазуы ап-анық сақталған екен. Ғажап!!!
Айнала қоршап жатқан түрлі кө-лемдегі сайлар мен үйінді топырақ-тарға қарап, мешіт маңында үлкен ауыл болған деп болжадық. Ауыл атауы да осы мешітке бола аталған секілді. Тастардағы жазуларды, айна-ланы суретке түсіріп алдық.
Кейін осы жазуды оқыту үшін ауыл молдасы Сағынай Башаров ата-мен кездесіп әңгімелестім. Сағынай ата мен апарған суреттер бойынша көмек көрсете алмады. Ол кісінің айтуына қарағанда, құлпытас мәтіні бұрынғы төте түрік жазуымен жазыл-ған. Бұл суреттерді Оралдағы мешітке апаруыма кеңес берді.
Қызыл мешіт туралы қосымша мә-лімет алу үшін 90-ның үстіне шыққан Сағира әжеге бардық. Сағира әже өзі-нің жасына қарамастан өте ширақ, көп жыл өтсе де өткен оқиғаларды есінде жақсы сақтаған екен.
– Мен Елтай елді мекенінде дү-ниеге келдім. Ол Шідерті өзенінің арғы бетінде, ал бергі бетінде Қара-бұтақ ауылы болды. Сол жерде ерте-де ақымбет тана руының мешіті бол-ғаны туралы атамнан естідім, бірақ өзім көрген емеспін. Мешіт басқар-ған ишанның құрметіне Сұлтан меші-ті деп аталған. Қарабұтақта 1950-1960 жылдары үлкен ауыл болды. Сол маңда үлкен қорымда Сұлтан ишан жалғыз баласы Қайролламен бірге жерленген деп үлкен кісілер айтушы еді. Төмпешікті аяқпен басуға бол-майды, өте киелі жер. Шідертінің бо-йында орналасқан Қызыл мешіт те асан таналардікі болған. Онда Амантай Қуанғалиевтың атасы ишан болған. Мен ол мешітті көрген жоқ-пын, тек қабырғаларының қалдығы мен көптеген құлпытастар шашылып жататын, – дейді Сағира әжей.
Сағира әжеден алған мәлімет бо-йынша ауылымызда бұрын тұрып, қа-зіргі кезде Орал қаласының маңын-дағы Махамбет ауылына қоныс ау-дарған Амантай Қуанғалиев деген ағамызды іздедік. Ол кісінің атасы Қызыл мешітте ишан болған екен. Ақыры Амантай атаны да таптық.
– Менің атам Қарақойшы Әлмұқан 1852 жылы дүниеге келген. Руы Асан тана, бөлімі Масай болады. «Қызыл мешіттің» іргетасын 1894 жылы деген сол кісі қалаған екен. Мешіттің құрылысы 1897 жылы аяқ-талыпты. Оны салуға сол кездегі Орал мешітінің бас имамы (базар жанын-дағы ескі мешіт) Нұртаза ишан қол-дау көрсеткен. Құрылыс материалда-ры Ресейден әкелініп отырған. Мешіт туралы деректер Орынбор қаласы-ның мұрағатында болуы мүмкін, - дейді Әлмұқан ишанның немересі Амантай ата.
Сол кездегі өлшеммен мешіт үл-кен болып саналған, ішіне 120 адам сыйған. Айналасында үлкен ауыл болған. Ертеде бұл жер Асан-Тана руының жері болып есептелген. Бергі шекарасы Тасқұдық, Молқұдық бол-са, арғы шеті Шыңғырлау, Жосалы, Жымпитыға дейін жеткен. Шідерті жағалауы жазғы жайлауы болса, қыс-тағы Тайпақ жерінде болған.
Азамат соғысы кезінде атаман Агафонов басқарған ақ казак әскері бірнеше рет осы жерге шабуыл жаса-ғаны туралы әкем ертеде айтып оты-ратын. Соның дәлелі болар, бала ке-зімізде сол жерден көптеген атылған оқ тауып алатынбыз. Менің әкем Қуанғали – Әлмұқан ишанның жал-ғыз ұлы, ол 1909 жылы дүниеге келіп, 1982 жылы өмірден озды. Отбасында туған апасы болған. 1922 жылы осы жерге 7 орыс солдаты келіп, Әлмұқан ишанның қызын зорлаған көрінеді. Сол қорлыққа шыдамаған әке солдат-тарды бауыздап өлтіріп, сол маңдағы терең құдыққа көміп тастаған.
Осы себептен олар, барлығы 13 отбасы бір түнде үйлерін өртеп, Ресейге қашып кеткен. Оның ішінде Қоңырат, Барлыбай, Мәмбет, Әбдірәш т.б. кісілердің отбасы бол-ған. Орынбор облысы, Елек ауданы Кардаиловка ауылына аз уақыт тоқ-тап, ары қарай Ташладан асып, Башкирияға дейін жеткен. 1935 жылы Әлмұқан қарт қатты науқастанып, ел-ге қайтуға бел буады. Қуанғали әкесі-нің өтінішін жерге тастамай, сол жы-лы елге қайтып келеді. Көшіп келіп, «Смычка» совхозының қасындағы Тойғұлы деген жерді мекендейді. Көп ұзамай 83-ке келген Әлмұқан қарт қайтып, сол жерге жерленеді және құран кітаптарын өзімен бірге көме-ді. Менің естуім бойынша, сол жерде қалмаққа қарсы шыққан Асан тана-ның Елубай батырының мәйіті бар. Әкемнің айтуынша, халық көшіп кет-кеннен кейін Қызыл мешітте шағын май шайқау кәсіпорны болған. Кейін мешіттің құрылыс материалдары «Смычка» совхозында астық қойма-сын салуға алынған.
– Осы совхоз тарағаннан кейін әкем сол мешіттің қоймаға салынған ағаштарын үйге алып келді. Соның ішінен тек бір ғана ұзын ағашы қал-ды. Осы ағашты атамнан қалған есте-лік ретінде Аққұдықтан Талдыбұлақ-қа, содан кейін осы ауылға алып келіп, үй салғанда төбесіне салып жібердім, - дейді Амантай ата.
Қуанғали Әлмұқанов Ұлы Отан со-ғысының және еңбек ардагері бол-ған. Соғыстан кейін Аққұдықта тұрып, Шідерті бойында мал бағыпты. «Әкемнің қасында жүріп, оның қы-зықты әңгімелерін тыңдап өстім. Ме-нің бала кезімде мешіт орнында көп тастар, ағаштар т.б. шашылып жатты. Мешіт маңында сайдың ішінде жал-ғыз ағаш өсіп тұрды. Соңғы барға-нымда ағаш өсіп тұрды. Сол кезден тағы бір есімде қалғаны, шамамен 1960 жылдары мен 10-11 жаста бол-ғанда Ресейден бір топ қазақ келді. Әке-шешем оларды қонақ қылғаннан кейін Қызыл мешіт орнына апарды. Сол кісілер кетерде үйдегі жалғыз сыңар алтын етікті өзімен бірге алып кетті» дейді Амантай ата.
Біз құлпытастағы жазуларды оқы-ту үшін Орал қалалық мешітінің бас имамы Әлімхан Тұрлыбеков ағамен кездестік. Ол кісі түсірген суреттері-мізді алып қалып, көмектесуге уәде берді. Кейін Әлімхан аға телефон ша-лып, хабарласты. Тастағы жазулар ХІХ ғасырдың аяғына, яғни 1870, 1880-1881, 1900 жылдарға жататыны тура-лы айтты. Мысалы, құлпытаста мына-дай жазулар бар екен:
«... баласы офат болды 6 жасында 1870 інчі илде, бұ ташыны қойды Талаптан»;
«әл-мархум әл-мағфур Тана руғы Ақымбет тайфалық бөлімі, ... 63 жа-сында 1880 інчі илде офат болды, бұ ташыны қойды баласы Айкөз».
Кейін ауылдағы Ерболат Жайманов ағайдың Қызыл мешіт маңында көп жыл бойы мал баққанын естіп, ол ағаймен де арнайы кездесіп, төмен-дегідей әңгіме естідім:
– Мен Шідерті өзенінің бойында 1978-1989 жылдары мал бақтым. Қы-зыл мешіт туралы әкем айтып отыра-тын. Осы Қарабұтақ маңындағы Сұлтан мешіті туралы да естігенмін. Мал бағып жүріп сол жерден адам-ның бас сүйегін де тауып алғанмын, бірақ ол уақытта қайта жерлеу сияқ-ты нәрсені біз білмедік қой. Су ша-йып кетсе керек, сүйек сыртқа шығып қалған. Мүмкін ол соғыс немесе аш-тық уақытында болған шығар, ол уа-қытта адам өлімі көп, барлығын бір-дей жерлеп үлгермейді ғой. Тағы бір-де сол маңнан тышқан қазып таста-ған іннің қасынан ақша да тауып ал-ғам, ол 1845 немесе 1850 жылғы бол-ған сияқты, қазір есімде жоқ. Қызыл мешіт туралы басқа дерек білмеймін, - дейді Ерболат ағай.

Қорытынды
Жиналған деректерге сүйене оты-рып, тарихқа Қызыл мешіт деген аты-мен енген ауыл Шідерті өзенінің бо-йында, Талдыбұлақ ауылынан оңтүс-тік-шығысқа қарай 18-20 шақырым жерде орналасқанын анықтадық. Ауыл атауы мешіттің қызыл тастан са-лынғанына байланысты шыққан. Ме-шітті 1897 жылы Асан тана руынан шыққан Әлмұқан ишан салған. Қира-ған мешіттің қабырғалары 1948-1949 жылға дейін сақталып келген, оны көрген адамдар бар. Қазіргі кезде тек қазылған орлар, бұрынғы үй орында-ры және құлаған құлпытастар ғана сол жерде елді мекен болғанын дә-лелдеп отыр. Осындай ұмытылған, тек үлкен кісілердің есінде қалған өл-кемізде қаншама белгісіз орындар бар. Әрқайсысының тарихы бір жа-зылмаған дастан. Қариялар азайып бара жатыр, сондықтан да олардың білгенін, көргенін, өздерінің ата-әже-лерінен естіген аңыз-әңгімелерін тыңдап, зерттеп, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалу үшін біз қазір жұмыс-тануымыз керек.

Біздің ұсыныстар:
– Ауыл маңындағы тарихи орын-дарға экспедициялық жорықтар жа-сап, іздестіру-зерттеу жұмыстарын жалғастыру;
– Мектепте мұражай бұрышын ашу үшін ауыл және мектеп тарихын зерттеу жұмыстарын жолға қою;
– Археологиялық ескерткіштерді анықтап, есепке алып, мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштер тізіміне қосу.

Қаралым саны 1600

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463