Алаштың зиялысы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев

  • Галерея изображений

Дәметкен Сүлейменова,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Педагогикалық факультетінің профессоры, т.ғ.к., Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті

Лунара Жексенова,

№44 мектептің тарих пәні мұғалімі, Орал қаласы

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы – бір ғана қазақ халқы емес, төрткүл дүниені мекендеп отырған бүкіл адамзат тарихындағы күрделі кезең. Эволюциялық даму шиеленісіп, адамзаттың географиялық картасын қайта кескіндеуді мұрат тұтқан ұлы дүмпулер кезеңі еді.

Осы дәуірде Батыс пен Шығыстың арасын ендей жатқан Ұлы Даладағы қазақ елі де өз бет-бейнесін тануға, табуға ұмтылған. Осындай ұлы жаңғырулар тұсында қазақтың қалың ортасынан елім деген азаматтар шықты. Солардың бірі – алаштың ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұқамеджан Сералин сияқты саяси қайраткерлермен тұстас өмір сүріп, ХХ ғасырдың басында ұлт тарихының әр түрлі кезеңдері туралы еңбек жариялаған азамат Ғабдолғазиз Мұсағалиев еді.

 

Туған орта

ХХ ғасырдың басында Бөкей Ордасынан шыққан, Шығыстың мәдениеті мен әдебиетін жете меңгерген, Кабул мен Мысырда қос университет бітірген, жеті жұрттың тілін білген ғұлама ғалым, зиялылардың бірі - Ғабдолғазиз Мұсағалиев.

Алаш азаматы 1880 жылы Астрахан губерниясының Бөкей Ордасындағы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы) Әбдіраш ауылында ауқатты, сол аймаққа танымал әулетте дүниеге келген. Руы Нәртелі Қостаңбалы ноғай-қазақ. Оның әкесі заман талабына сай білім алған, ел арасында өзінің әділ, жанға жағымды қасиеттерімен танылған. Әр уақытта өз дәулетінен мұқтаж болған ауыл азаматтарына бөліп беріп отырған.[1]

Әлі қаймағы бұзылмаған ауылда қазақтың шешендік сөздерін, қисса-дастандарын, аңыз-әңгімелерін, ән-күйлерін бойына сіңіре өскен Ғабдолғазиз Мұсағалиев ескіше хат танумен шектелмей, түркі тектес халықтардың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне қызыға бастайды. Ұлының талабын байқаған әкесі Ғабдолғазизді Қазан медресесіне береді. Сөйтіп, Ғабдолғазиз Мұсағалиев өзінің алғашқы қадамын Қазандағы Алатай (М.Тәж-Мұрат Апанаев деп келтіреді) медресесінен бастайды. Медресе қабырғасында ол орыс, араб, татар тілдерін жетік меңгереді. Медресені ойдағыдай аяқтаған Ғабдолғазиз Мұсағалиев білімін одан әрі тереңдету үшін ақсүйектер мектебінде оқиды. Соңынан әкесі діни емес мектепке ауыстырады [2]. Осы мектепте оқып жүрген кезінде ол қазақ елінің тарихын зерттеп, ел аузынан әдеби мұраларды жинауға ден қояды.

 

Білім сапары

ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамына үлкен өзгерістер алып келгені мәлім. Ғабдолғазиз отарлық саясаттың ұлтты езгіге салғанына куә болып, өзі де осы ауыртпашылықты басынан кешіреді. Ол медресені тәмамдап еліне оралғанда, әкесі қайтыс болады. Әке дәулеті оған мұра болып қалады. Алайда әкесі өлгеннен кейін өзінен он жас үлкен ағасы Әбдіраш Ғабдолғазиздің оқығанын қаламады. Сөйтіп ағайындылар арасында алауыздық пайда болып, олар сол үшін мүлікті бөлді. Ғабдолғазиз бүкіл мүлікті ақшаға айналдырып, Каирге оқуға кетеді. Ғылымның дәмін таңдайына татып қалған балаң жігіт қырда шаруа күйттеген көп қазақтың бірі болып қалғысы келмеді. Жатса-тұрса өзінің білімін көтеріп, елге қызмет ету талабы ойынан кетпейді. Сондықтан Ғабдолғазиз әкеден қалған мұраны тек білім жолына пайдалануды жөн көреді. Осы мақсатпен ол Мысыр еліне ұзақ сапарға жүріп кетеді. Мұнда ол өзінің дарындылығымен Каирдегі әл-Асқар университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Мұсылман әлеміндегі ең көне беделді оқу орны – «әл-Азһар мешіті» деген жалпы атаумен белгілі, сондай-ақ жоғары мектеп рөлін атқарған Уфадағы «Ғалия», Қазандағы «Мұхаммедия», Орынбордағы «Хұсайния» да медресе аталды. Ғ.Қараштың өзі де бір еңбегінде: «Біздің қырғыз, қазақ халқында орта және жоғарғы медреселерде оқып шыққан жігіттер көп», - деп ажыратып айтқан болатын [3].

Әлемге әйгілі Каир университеті қабырғасында Ғабдолғазиз Мұсағалиев өзінің бар қайрат-жігерін терең білім алуға жұмсайды. Шығыс халықтарының тарихын, этнографиясын, жыр-қиссаларымен қатар терең мағынада мұсылман құқық жүйелерімен жетік танысады. Білім ордасынан сусындап жүріп, ол өткен дәуірдің тарихын ерекше ынтамен өз тарапынан зерттей бастайды. Көне дәуірге берілгені сонша, көне Халифат дәуірінде жазылған қолжазбаларды дүние жүзіне әйгілі Мысыр елінің кітапханасынан көзінің майын тамызып оқып, танысып шығады. Соның тікелей нәтижесінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Гүлжиһан» деп аталатын дастанды зейін қойып зерттейді. Аталмыш дастанды сол кезде қазақ тіліне аударады. Мысыр университеті Ғабдолғазиздің дүниетанымын өзгертіп, ой-өрісін кеңейтеді. Енді оны төрткүл дүниенің болмысы мен тарихи үрдісі қызықтырады.

Сөйтіп, Ғабдолғазиз Мұсағалиев Каир Университетінің заң факультетін ойдағыдай аяқтаған жылы Меккеге қажылыққа барған адамдар отырған кеме Суэц каналының теңізге қосылған жерінде суға батады. Сол себепті Ғабдолғазиз Мұсағалиев мұхитқа жалғасқан Үнді мұхиты арқылы жүретін кемемен бүкіл Африка, Азияны аралап қайтады. 1909-1910 жылдары дүние жүзінде болып жатқан ұлттық қозғалыстарды, әр халықтың тұрмыс-тіршілігін танып-білу мақсатымен Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония сияқты Шығыс елдерінде болады. Әр елдің салт-санасына әбден қанығады. Жүріп өткен жолдарын, ол жерлерде тұратын ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігін қазақ халқына таныту мақсатында ғылыми-танымдық мақалалар жазады. Бұған «Айқап» журналының 1914 жылғы 24-санында жарық көрген «Мысыр» деген мақаласы дәлел. Оған қоса, осы сапар барысында көптеген құнды жазбалар, күнделіктер де жазылды. Өкінішке орай, кейін Қазан төңкерісі кезеңінде олардың бәрі жоғалып кеткен. Өз сапарында Порт-Артур арқылы Владивосток қаласына келеді. Сосын пойызбен Новоузенск станциясына жетеді. Осы станцияда Ғабдолғазиз Мұсағалиевті қарсылауға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш тағы басқа ақындар барады. Сөйтіп 35 шақырым жердегі ауылына көп жылдан соң аман-сау оралады.

 

«Қазақстан» жолында

Академик С.З.Зиманов, зерттеушілер С.О.Дәулетова, М.Ш.Ысмағұловтың жазған еңбектеріне сүйенетін болсақ, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сегіз тілді жетік меңгерген екен. Ол орыс, испан, француз тілдерінде мүдірмей оқып, аудара және жаза да білген [4].

1909 жылы «Тәржіман» газетінде Исмаил Гаспаринский бір мақала жариялап, «Қазақтар бүгінен бастап тез арада ағарту, мәдениет жолына кіруге асықпаса, көшпелі бәдәуилікті тастап, отырықшылыққа айналмаса құнарлы жерлерінен айырылады, сөйтіп, олардың болашақта құрып кету қаупі бар», -деген ой айтты [5]. Бұл сөз татар және қазақ оқығандарының талқысына түседі. «Шураның» келер жылғы 6-10-нөмірлерінде қазақтан пікір жарыстырған Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Міржақып Дулатовтар «қазақ жоғалады» деген қауіптің орынсыз екенін дәлелдесе, Жүсіпбеков деген автор керісінші Гаспаринский сөзін қолдады. Ғабдолғазиздің дәлелі: «Қазақ бұрынғысына қарағанда, азырақ ғылым-білім үйреніңкіреді. Орысша, мұсылманша оқығандары көбейе алмаса да, Россияға бағынып, тыныштық көргеннен бері дүркіреп өсіп барады. Бұрын орныққан байлық жоқ еді, бір жылғы жұртшылықта семіп шыға келетін еді, енді шөп жинап, мал асырайтын, малды ақшаға айналдырып, сауда қылатын, заманға муафиқ әртүрлі кәсіп істейтін болды. Бір елдің жоғалуы үшін надандық, кедейлік һәм нәсілі өспеушілік көбею керек, ылғи қазақта хал олайша емес, қазақ жоқ болатын халық деген орынсыз». Бұл пікірмен келіспеген Жүсіпбековтың уәжі: «қазақтың жақсы ғадеті қалды, халық бұзылды. Мұндай халық жоғала келген, қазақ та сөйтер» [6].

1909-1912 жылдары Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысты. Қазақ жерінде тұңғыш шыққан қазақ тіліндегі «Қазақстан» газеті туралы кезінде С.Меңдешев, Қазақ Ғылым Академиясының философия және право институтының ғылыми қызметкері Мұстафа Ысмағұлов, профессор Бисенбаев, профессор Б.Кенжебаев, Жиреншин, профессор К.Бекхожин т.б. өздерінше зерттеп, еңбектерінде жақсы пікір, пайдалы мәліметтер айтқан еді.

- «Қазақстан» газеті тарихы саяси бағыты және мазмұны жағынан маңызды болғанымен, арнайы ғылыми зерттеу обьектісі болған емес. Сондай-ақ газетте жарияланған таңдамалы мақалалар жинағы да жарық көрмеді. Бұл зерттеушіге, публициске үлкен қиындық туғызып келді. Бұған бір жағынан 1950-1990 жылдары саяси-идеологиялық жағдайдың қолайсыздығы кесел болса, екіншіден, тарих, әдебиет, тіл т.б. ғылымдардың қажетті жағдайы жеткіліксіздігі болды. Сонымен қатар газеттің шығу тарихы, мазмұны толық қамтыла зерттелмеді. Бұл тақырыпты зерттеу базасының кемдігі бізге де құлашымызды кере қимылдауға мүмкіндік бермес. Дегенмен біз өзімізден бұрынғы аға буынның ірілі-кішілі еңбектеріне сүйене отырып жинақты, толығырақ баяндағалы отырмыз. «Қазақстан» газетінің саны әліде түгел емес - деп жазған болатын-ды.

Шәңгерей усадьбасындағы мәжіліс Ғабдолғазиз Мұсағалиевті Жетісудағы Барлыбек Сырттанов арқылы Маман тұқымынан қаржы сұрауға аттандыруды ұйғарды. Сол басқосуда Шәңгерей «Қазақстан газетіне байғазым» деп 500 сом, сосын «көмегім» деп және 1000 сом берді. «Қазақстан» газетінің басқармасы Борсыда жайғасады, ал басылымның ресми редактор-шығарушысы жаңақалалық мұғалім Елеусін Бұйрин, қазақша жағын дұрыстаушы Ғұмар Қараш болады деп шешілді. Орыс қаріптері Орда қаласындағы Шелкова баспаханасынан, араб қаріптері сол жылдардағы иесі Мұхаммедғали Мусин дейтін саудагер татардан сатып алынады. М.Ысмағұлов газеттің 1911 жылғы 16 наурызда шыққан алғашқы нөмірі Ордада осы құрал-жабдық көмегімен басылған деген пікір түйгенімен, қазірде Санкт-Петербург көпшілік кітапханасының Купчинодағы филиалында сақтаулы тұрған газеттің бірінші нөмірінің аяқ жағында «Орда қаласы. Апресьянц пен Окурдің типографиясы «Астрахань» делінген. Демек баспахананың түпкі адресі ретінде Орда көрсетіліп, материалдар Борсыдан поезбен тікелей Астраханға жеткізілген. Материалдарды сонда саудагер ретінде уақытша жайғасқан Бақытжан Қаратаев қарап шығып, баспаханаға тапсырады. Негізгі газеттің бейресми шығарушысы Қаратаев болған, бұл жөнінде ол кейін газеттің бір нөмірінде семейлік Жүсіпұлының хатына қайтарған жауабында ашық жазады.

Жетісуға кеткен Ғабдолғазиз Мұсағалиев Барлыбек Сырттановтан жеткілікті қаражат әкеледі. Әдетте зерттеушілер бұл көмекті Қапалдағы «Мамания» медресесінің иелері – Есенғұл қажы ұрпақтарымен байланыстырады. Алайда бұл арада Сырттановтың алматылық миллионер көпес Құдыс Ғабдул-Уәлиевпен байланысын ескеру керек. 1911 жылдың желтоқсан айында Жетісу облысының полиция департаменті Верныйда өкіметке қарсы мақсат көздейтін мұсылман сарттар ұйымы бар екендігін және бұл жасырын ұйым Б.Сырттанов сияқты қазақ зиялыларымен Қ.Ғабдул-Уалиев арқылы байланысып отырғанын анықтайды. Оның ішінде Құдыс саудагер Барлыбекке «қаржылай және рухани көмек көрсетеді» делінеді. Ұйым қазақ жерінде осындай ұйымдар қатарын көбейтуді көздеген. Ұзамай, яғни 1912 жылдың наурыз айында Верный іздестіру пунктінің Астрахан жандарм басқармасына Қазақстандағы Апанаев медресесін бітірген Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің саяси шүбәлілігін сұрап сұрау салуын да әлгі уақиғаның әсері деп қарау жөн. Бір ескертетін жағдай, Қ.Ғабдул-Уәлиев 1910 жылы Каирде өткізілмекші болған бүтіндүние мұсылмандары конгресіне шақырылған, ал Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің Мысырда әл-Азһарда оқығаны белгілі. Алайда сол кездегі Верный (қазіргі Алматы) қаласындағы жандарм пункты Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің соңынан түскен, оны саяси сенімсіз адам деген. Осыған байланысты олар 1912 жылдың 5 наурызында №395 Астрахан губерниясының жандармдық басқармасына Ғабдолғазиз Мұсағалиевтың саяси сенімсіздігін, қызметін анықтау үшін сұраныс жібереді. Бұған жауап ретінде басқарма: «Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің мұндай келеңсіз қызметі жоқ» - деп жауап береді. Осыдан кейін тінту пункті Барлыбек Сырттановты тексереді. Сол арқылы оның мемлекетке қарсы іс-әрекетін анықтап, Ғабдолғазиз Мұсағалиевке жала жабуды көздеді. Тексеру барысында Бақытжан Қаратаевтың императорлық Санкт-Петербургтік университетіндегі Барлыбек Сырттановқа жазған хаты табылды, ал бұл хатты Ғабдолғазиз Мұсағалиев алып келген болатын. Осыған орай, Сырттановтың жеке кітапханасы тәркіленді. Бұл кезде тікелей түрде Ғабдолғазиз Мұсағалиевке айып тағылмаған соң, осы сәтті пайдалана отырып, Ғабдолғазиз Астрахань губерниясының, Бөкей Ордасындағы ағасының үйіне барады.

 

«Ұран» шақырылған шақ

1917 жылдағы ақпан төңкерісін Ғабдолғазиз Мұсағалиев қуана қарсы алады. Ол ақпатшаның тақтан құлауын қазақ халқының отарлық құрсау мен ұлттық езгіден босанудың негізі деп таниды. Білімді заңгер журналистік саланы да еркін меңгерген. Өз елінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев қоғамдық және саяси қайраткерлердің бірі саналған. Ол прогресшіл, демократияшыл пікірден аумай, берік ұстанған. Бұған дәлел ретінде оның Россияда шығып тұрған «Шора» және «Тәржіман» журналдарында, «Уақыт» («Вахт») деген татар тілінде шығып тұрған газетінде татар тілінде жарияланған бірнеше мақалаларын айта аламыз. Газет беттерінде жарияланған қазақ халқын бостандыққа, теңдікке шақырған идеялар мен үндеулер қазақ халқының ұлттық санасын оятуға үлкен әсерін тигізіп отырды.

1917 жылдың басынан бастап Ғабдолғазиз Мұсағалиев Бөкей губерниясында Кеңес үкіметінің ауылдық жерлерде орнығып нығаюына барынша аянбай атсалысады. Осы жылдың сәуір-мамыр айларында ол Бөкей ордасында өткізілген Кеңестердің І съезіне делегат болып сайланған. Съезд ашылған күні Ғабдолғазиз Мұсағалиев бірауыздан хатшы болып сайланады. Ол осы съездің делегаттарына беретін және басқа да қажетіне жарататын қаражат болмаған соң 11 адамнан тұратын Қаржы комиссиясын құрады. Бұл комиссияға төтенше қаулының жобасын жасатып, оны съезде талқылайды. Бұдан соң  Ордадағы байларға, саудагерлерге прогрессивтік салық салып, делегаттарға бөліп береді. Сол кеңестің І съезінің қорытынды мәжілісінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев төрағалық етеді. Бұл мәжілісте Халық Комиссарияты туралы қаулыны қабылдағанда, Бөкей губерниялық Халық ағарту комиссары болып Сейтқали Меңдешев, оның бірінші орынбасарлығына Ғабдолғазиз Мұсағалиев бекітілген болатын. Бөкейде өткен кеңестердің съезі екі күн болып, сәуірдің 23 жұлдызында аяқталады.

ХХ ғасырдың басы қазақ халқының тарихындағы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресейдің патшалығы әдейі тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең болды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары аңсаған ілім-білімді үйренуге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы қазақ азаматтарын елді ояту, азаттықты аңсау мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры халыққа таныла бастады. Бұлар ХХ ғасыр басындағы  ұлт зиялылары болатын. Ұлт зиялылары дегеніміз академик М.Қозыбаевтың сөзімен айтсақ, сол кездегі қазақтың ұйытқысы, қамқоршысы, тірегі әрі рухани білегі.

Қазақ зиялылары, әсіресе, патша өкіметін құлатып, Ресейде және оның ұлттық отар аймақтарында ерекше саяси жүйені тудырған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алады. Олар осы төңкеріс ала келген демократияның өзгерістер лебімен қанаттанып, қазақ арасында мәдени-ағарту жұмысын жандандыра түсуге күш салды. Бәрінен бұрын қазақ жерінде кенже қалып келе жатқан оқу жайын жолға қоюға зор талпыныс жасады. «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші»,- деп жазды Ахмет Байтұрсынов.

Қазақ комитеттерінің белсенді араласуымен жер-жерде мектептер ашу, қазақ балаларына стипендия тағайындау, мұғалімдер даярлау ісі қанат жая бастады.

Төңкерістен бұрын жоғары білім алған қазақ жастарының көбі ақпан төңкерісінен кейін халқына қызмет етуге жан-тәнімен кірісті. Солардың бірі Ғабдолғазиз Мұсағалиев болды.

1917 жылы буржуазиялық-демократиалық революция тұсында Ғабдолғазиз Мұсағалиев «Ғ.Мусин» деген бүркеніш атпен шілде айынан бастап Орал қаласында «Ұран» («Призыв») атты газетті шығара бастады. Бұл газеттің беттерінде Ғабдолғазиз Мұсағалиев Ордадағы революциялық комитет туралы, уақытша үкіметтің қызметі жөнінде және Қазан төңкерісінің мұраттарын насихаттаған.

С.Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» атты романында: «Әр жерде газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа», Ташкентте «Алаш», соңынан «Бірлік туы», Бөкейлікте, Астрахань қаласында «Ұран» газеті, оны басқарған Ғабдолғазиз Мұсағалиев» деп көрсетіп, «олардың бәрі – «Қазақ» газетінің нұсқауын орындаушылар, тек «Тіршілік» газетінен басқалары» деген қорытынды жасайды. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин «Тар жол тағақ кешу» атты романында ХХ ғасыр басындағы саяси дүрбелең кезеңді сол кездегі шығып тұрған басылымдар арқылы, жарияланған мақалалар негізінде суреттеп берген.

Бөкейлік қазақтардың арасында саяси қозғалыс болып, оқыған жастардың арасында кеңесшілдері барлығы білініп жатқанын «Қазақ» газетінің 1918 жылы 27 ақпанда шыққан 261-інші нөмерінде «Ұран» газетіне мынандай хабар басылғанын жазған. Мақала «Тағы да өзгеріс» деп аталады. Бөкей Ордасының бұрынғы комиссары Б.Құлманұлының оның орнына Әзірбайұлы сайланғанын сонымен қатар Бөкейліктің ішкі істерін мына кісілер басқарады деп тізімдерін жазған.

  1. Ішкі істі қараушы: Б.Ниязұлы
  2. Жол ісін қараушы: У.Көшекұлы,
  3. Жәрдем беруші: К.Меңешұлы,
  4. Азық-түлік: С.Генералұлы,
  5. Ақша жағын: Д.Темірәліұлы,
  6. Оқу-оқыту: С.Меңдешұлы,
  7. Денсаулық: М.Көкебайұлы,
  8. Дау: С.Нұралиханұлы.

Осылайша «Ұран» газеті елдің саяси-әлеуметтік жағдайын жариялап отырған.

Тарихшы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Ұран» газеті жөнінде: «Ішкі Ордада (Бөкейлікте, Астрахань қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым. Редакторы - Ғабдолғазиз Мұсаұлы. Ол «Қазақ» газетінде де белгілі қаламгер. «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Соған қарағанда, басылым тұрақты жариялана алмаған. Өкініштісі, бүгінгі деректанушылар осы газетті ғылыми айналымға, зерттеу нысанына түсіре алмай келеді. Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы т.б. тарихын қарастырушылар да осы газетке соқпай, айналып кетіп жүр»,-деп жазған болатын. Енді, міне, бүгінде көптен қолға алынбаған «Ұран» газетінің материалдары қолға тиіп, оның мақалалары көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз болатыны бізді қуантады. Бұл да тарихтың ақтаңдақ беттерінің бір парағы деп айтуға тұратын еңбек.

Қорыта айтсақ, еліміздің болашағы өткеннің тарихында екені анық. Өткенді таразыласақ, зердеміз кеңіп, еліміздің қоғамдық-саяси мәселелерін талдап-талқылай аламыз, дүниетанымдық зердеміздің көкжиегі кеңейе түседі.

Сондықтан осы «Ұран» газетін жинақтап, мақалаларын аударып, кітап етіп басып жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз.

Сәкен Сейфуллин «Ұран» газетінің саяси бағыт-бағдарына нақты баға беріп, анық «алашордашылардың» қатарына қосқан еді. Міне, Совет үкіметі кезінде бұл газеттің аты аталмауы, зерттеушілердің назарына ілікпеу себебі осы болатын.

Өткен жылы қасиетті Ақжайық өңірінде «Ұран» газетінің жинағы шығарылды. Еңбекте 1917-1918 жылдары Ордадан шығып, Алаш зиялыларының туын көтерген, қылыштың жүзінде жүріп те қазақтың қамын жеген «Ұран» газеті, басылымның айналасында болған арыстар туралы мәліметтер бар. Бұл жинақты құрастырған «Жайық-Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Набиоллаұлы мен газет мәтінін араб әліпбиінен аударған «Орал өңірі» газетінің қызметкері Қазбек Құттымұратұлы болатын.

Қаралым саны 2784

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463