Қарақалпақ – туғаным

  • Галерея изображений

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

ақын, Ақтөбе қаласы

Соңғы кезде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас нығая түскені мәлім. Оған екі ел Президенттерінің бір-біріне деген құрметі әсер етіп отыр. Ел тізгінін қолға алғалы бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты аға тұтып сөйлеп, қазақ мемлекетіне ерекше ықылас танытқан Шавкат Мирзиеевтің саясаты қос мемлекет арасындағы аралас-құраластықты күшейте түсті. Биыл «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» деп жарияланды. Осыған орай жақында Нөкісте Ақтөбе облысының күні өтті.

1994 жылы Арал мәселесіне қатысты Нөкісте өткен жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқаны мәлім. Содан бері бұл өңірге біздің ел тарапынан ресми ешкім барған емес. Ақтөбе делегациясы сапарының басты маңызы да сонда. Оған Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың қатысуы да соның бір айғағы.

Бердақтың сүйген өлкесі

Қарақалпақстан — Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан алып өңір. Көзін тапса, мүмкіндіктері де мол. Тек араласу керек. Екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бизнес-форумда осы мәселе жан-жақты сөз болды. Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев Қарақалпақстаннан Қазақстанға ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және тағы да басқа салалар бойынша тауар экспортталатынын, Қазақстаннан да кей тауар түрлері келетінін айта келіп, бұл көрсеткіштің әлі де аз екендігіне тоқталды. Демек, аралас-құраластықты әлі де күшейту керек.

Қазақстан делегациясының басшысы Бердібек Сапарбаев екі ел арасындағы сауда-саттықты нығайтудың нақты жолын ұсынды. Мысалы, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой елді мекені тұсындағы өткізу пунктін қайта ашып, екі тарап өздеріне қатысты жол бөлігін жөндесе, сауда-саттықтың «тынысы» кеңейе түспек. Біріншіден, жеті жүз шақырымға жуық жол қысқарады. Ақтөбе және Қызылорда облыстарының тұрғындары Қарақалпақстанның арзан көкөнісі мен жеміс-жидегіне қол жеткізеді. Екіншіден, қарақалпақ елінің дихандары тек қана осы екі облыс емес, Ресей, Еуропаға өз өнімдерін шығаруға мүмкіндік алады.

Ақтөбе облысына сырттан келетін көкөністің бір бөлігі Қарақалпақстаннан тасымалданып тұр. Астын сызып айта кететін бір жайт – Өзбекстанда көкөніс өсіруде улы химикат пайдалануға тыйым салынған. Оны және қатты қадағалайды. Демек, экологиялық жағынан таза өнім әрі арзан. Тек оның көлемін көбейту керек.

Бизнес-форумда Ақтөбедегі «Базарларды басқару» ЖШС-ның директоры Б. Тұрсынхан мен «Өзбекагрожеміс» ЖШС-ның директоры Н. Ахметов меморандумға қол қойды. Құжат бойынша, Нұрсұлтан Ахметов Ақтөбеде жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда орталығын салады. Ол іске қосылған кезде көрші елдің кәсіпкерлері өнімдерін Ақтөбе облысында ешқандай делдалсыз, тікелей өткізе алады. Ақтөбеліктер сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізеді. Қарақалпақ жағы Ақтөбеден шығатын ұн, макарон және ет өнімдерін алуға ықылас танытып отыр.

Жиында қазақ мәселесі де сөз болмай қалған жоқ. Өйткені Қарақалпақстандағы 1 миллион 800 мың тұрғынның 26 пайызы — қазақ.

Қахраман Сариевтің айтуынша, қазақтарға салт-дәстүрі мен тілін ұмытпау үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде және Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бар. Қарақалпақстандағы 725 мектептің 171-і қазақ тілінде оқытады. Республикада Қазақ ұлттық мәдениет орталығы жұмыс істейді.

Бердібек Сапарбаев қандас бауырларымызға жасалып жатқан қамқорлығы үшін Қарақалпақстан Республикасы басшыларына алғысын білдірді.

Бизнес-форумнан соң Ақтөбе делегациясы Нөкістегі ірі өндіріс орны – «Самсунг Нөкіс» зауытына барды. 200 адам жұмыс істейтін өндіріс орны 2017 жылы іске қосылған. Зауыт жылына 150 мың телевизор, 100 мың шаңсорғыш шығаратын қуатқа ие. Өнімдері Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне экспортталады.

 

Қандастармен кездесу

Қарақалпақ елінде тұратын халықтың 26 пайызы қазақ екені жоғарыда айтылды. Демек, Бесқала өңірінде жарты миллионға жуық қандасымыз бар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сапар барысында сондағы қазақтармен кездесті. Бердақ атындағы мемлекеттік университетте өткен жиында Бердібек Машбекұлы Қазақстанның өз қандастарын шақырып жатқан әлемдік санаулы елдің бірі екендігін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбавтың көреген саясатының арқасында ширек ғасырда елімізге 1 миллионнан астам қазақ көшіп келгендігін тілге тиек етті. «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының мән-жайын түсіндірді.

1991 жылдан бастап бүгінге дейін Ақтөбе облысына көшіп келген 40 891 адамның (8 178 отбасы) 30 186-ы (6037 отбасы) Қарақалпақстаннан келген. Демографиялық өсіммен олардың саны 42 260-қа жетті.

Бердібек Сапарбаев қандастарымызды Қазақстанға көшіп келуге шақырды. Оларға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтты. Мысалы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті Қарақалпақстандағы қандастарымызды жеңілдікпен оқуға қабылдауға кірісіп кеткен. Олар бірінші курсты ақысыз, ал екінші курстан бастап 50 пайыз жеңілдікпен оқиды. Әрі оқуға тапсыру кезінде жол шығыны болмау үшін университет оқытушылары құжат қабылдауды Нөкісте жүргізеді.

- Ақтөбе мен Қызылорда облысында Бесқалада туысы жоқ немесе бұнда сол облыстарда ағайыны жоқ отбасыны табу қиын, - деп сөз бастап, Бердібек Машбекұлына алғысын білдірген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Қайыржан Аралбаев қарақалпақстандық оқытушылардың білімін жетілдіру үшін Қазақстанға жіберу мәселесі қарастырылса, Ақтөбедегі білікті мамандар бұнда келіп дәріс оқыса деген ұсынысын айтты. Оның бұл ұсынысын Бердібек Машбекұлы қостап, жазып алды.

Кездесуде университет басшылығына, Қазақ ұлттық мәдениет орталығына «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы, А. Жұбанов туралы кітаптар, «100 жаңа оқулық» аясында шығарылған оқулықтар, танымдық кітаптар сыйға тартылды.

 

Айбергеновке тағзым

Бесқала — ұлы жыраулар елі. Бұл өңірде қазақтың дарынды ақындары – Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адайдың кіндік қаны тамған. Қазақ өлеңінде төңкеріс жасап, не бары отыз жасында жалғанның жарығынан кете барған Төлеген Айбергеновтің асыл сүйегі Нөкістегі Сорша қорымында жатыр. 1967 жылы кенеттен қайтыс болған оны Қоңыраттағы әкесі, екі шешесі, «Апаларым» атты өлеңінде айтылатын үш бауыры мәңгілік байыз тапқан «Дастан ахун» қорымына қоймай, Соршаға жерлеуінде де гәп бар. Сол кездегі зиялы қауым ақынды іздеп келетін қалың оқырманы әуреге түспесін деп Нөкістегі әуежайдың жанында орналасқан Сорша бауырластар қорымына қоюды жөн санапты.

Қарақалпақ сапары пысықталған бір жиында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев делегацияның міндетті түрде ұлы ақынның басына зиярат етуі керектігі жөнінде айтқан болатын. Бұны естіген қарақалпақ жағы да қамданыпты. Ақынның басына баратын соқпаққа тас төселіп, қабір айналасы тазартылған. Айнала орындық қойылыпты. Ақынның аруағына арнап Құран оқылды. «Біз Айбергеновті ұмытпауымыз керек, - деді Бердібек Машбекұлы Құран оқылып біткен сәтте. Сосын бізбен бірге жүрген молдаға жөн-жоралғысын жасай отырып, жұма күні келіп, ақын аруағына Құран оқуды тапсырды.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев өзбек бауырлармен келісе отырып, ел аумағындағы қазақ тарихына қатысты киелі жерлер географиясы жасалып жатқандығын айтты. Төлеген Айбергенов қабірі сол тізімге енгізілмек.

Айта кету керек, Бердібек Сапарбаев пен Ерік Өтембаев – еліміз тәуелсіздік алғалы бері ақынның басына келіп зиярат еткен бірінші тұлғалар. Алла ниеттерін қабыл еткей!

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Нөкістегі орталық мешітке барды. Бір мезгілде екі мың адам сәждеге жығыла алатын, Өзбекстандағы ең мықты мешіттердің бірі саналатын «Құдай үйінің» сән-салтанаты келіскен екен.

 

Қазақтың ән мен жыры төгілген күн

Екі ел арасындағы мәдени байланыстар тамыры тереңде жатыр. Әріден толғасақ, Әжинияз бен Қыз Меңештің айтысы, бертіндегі «Мен Абайды ядқа білген халықпан...» деп жырлаған қарақалпақтың даңқты шайыры Ибраим Юсуповты еске алсақ, жетіп жатыр.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы алағай мен бұлағайда екі елдің мәдени араласуында үзіліс болып қалғаны рас. Сондықтан да Бердақ атындағы қарақалпақ мемлекеттік театры ғимаратында өткен «Ақтөбе-Нөкіс: тарихи тамырластық пен тиімді әріптестік» атты мерекелік концертке жиналғандар қарасы өте көп болды. Концерт «Аққу» би тобының ғажап қойылымымен ашылды. Концертте сөз алған Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Қахраман Сариев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі ел мәдениетінің тамырлас екендігіне тоқталды. Ән-күй, терме, бимен өрнектелген кештің әрбір нөмірін халық аса зор ықыласпен қарсы алды. Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Бақытбек Зейнелов жетекшілік ететін «Достық сазы» фольклорлық ансамблі бұл күні көрерменге қазақ өнерінің нәзік иірімдеріне дейін көрсетті. «Аққу» би ансамлінің өнерпаздары мың бұралды. Светлана Айтбаева, Марат Әйтімов, Феруза Нарман, Гүлназира Сағынғанова, Динара Естілеуова, Жәнібек Бекбосынов шырқаған кең тынысты қазақ әндерін жиналғандар ықыластана тыңдады. Жүргізуші Орал Байсеңгір де қазақтың болмысын көрермендер көңіліне сіңіріп бақты. Қарақалпақ жағы да ұлттық колоритке бай өз қойылымдарымен қонақтарды тәнті етті.

Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні орындалғанда жиналғандар тік тұрып тыңдады.

Қарақалпақ мәдениетін өзгелердің алдында үстем ететін бір мәдени орын бар. Ол — «Орталық Азияның Лувры» атанған И. Савицкий музейі. Жүз мың жәдігері бар, оның әрбірі жауһарға бағаланатын бұндай музей ТМД елдерін былай қойғанда, әлемде сирек. Ақтөбелік меймандар рухани ләззат алды.

Р.S. Сонымен сапар аяқталды. Енді қарақалпақстандықтар Ақтөбеге келмек. Демек, екі елдің арасындағы барыс-келіс жандана түседі. Ұзағынан сүйіндіргей!

Ақтөбе – Нөкіс – Ақтөбе

Қаралым саны 2257

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463