Солтүстік Каспий маңы ойпаты

  • Галерея изображений

(Өлкенің XVIІІ-XIX ғасырлардағы зерттелу тарихы)

Серік Рамазанов,

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы директорының орынбасары

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Солтүстік Каспий маңы ойпатының табиғатын зерттеуде зор үлес қосқан белгілі саяхатшы және жаратылыстанушы Григорий Силыч Карелин. Ол біздің өлкемізге 21 жасында келіп, өзінің бүкіл өмірін Орал-Каспий өңірінің табиғатын зерттеуге арнады. Г. С. Карелин біздің өлкеміздегі алғашқы саяхатын 1823 жылы Ембі және Үстірт аймақтарында полковник Ф. Ф. Бергтің әскери-топографиялық экспедициясы құрамында жасайды.

Ал 1827 жылы Г. С. Карелин өзінің досы Э. А. Эверсманмен бірге Бөкей ордасына алғашқы саяхатын жасап, Бөкей ордасының алғашқы топографиялық картасын құрастырады, бұл карта сыртқы істер министрлігінде жоғарғы бағаға ие болып, оның авторы гауһар тастан жасалған жүзікті сыйлыққа алады. Кейіннен Бөкей ордасының картасын Э. А. Эверсман өз атынан Берлин қаласында басып шығарады, бұл екеуінің арасындағы достық қарым-қатынастың бұзылуына әкеліп соқтырады.

1830 жылы Г. С. Карелин мемлекеттік қызметке қайта оралып, ол Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің кеңесшісі болып тағайындалады. Осы қызметі арқасында Нарын құмдары территориясын бірнеше мәрте аралайды. Карелин Бөкей ордасы аумағының табиғатын ғылыми тұрғыдан зерттеп, сипаттама береді. Оны 1831 жылы Жәңгірдің берген хабарламасында алғашқы рет Нарын құмдарының табиғатына ғылыми сипаттамасынан аңғаруға болады. Бұл хабарламада «Бөкей ордасының аумағы екі түрлі сипаттағы жерлерді алып жатыр: бұлар Нарын құмдары және дала. Яғни Нарын құмдары әр түрлі бағытта орналасқан құмды төбелерден тұрады және жерасты сулары беткі бетке жақын орналасқандықтан, көптеген шөптесін және ағаш тектес өсімдіктер өседі. Соның ішінде жиде, жүзгін, терек, көк терек, талдар кездеседі. Ал екінші даланы қазақтар қатқыл деп атайды, бұл сазды, сортаңды өсімдіктер дүниесіне кедейлеу келеді». Хабарламаның мазмұны және жазылу стилі арқылы оны құрастырған Карелин екенін аңғаруға болады.

Бұдан кейін де ол Каспий теңізін зерттеуде бірнеше экспедицияға жетекшілік жасайды, соның ішінде солтүстік-шығыс жағалаудағы Жайық және Ембі өзендерінің Каспий теңізіне құяр жерлерін зерттеп, алғашқы рет Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы шығанақтар мен өзен сағаларының, аралдардың, Үстіртке көтерлетін жерлердің және Индер тұзды көлінің карталарын және ғылыми материалдар жасақтап, үкіметке тапсырады. Сонымен қатар Маңғыстаудың таулы жағалауларында болып, минералдардың, жергілікті өсімдіктер мен жануарлардың бай коллекциясын жинақтайды.

Г. С. Карелин өмірінің кейінгі кезеңдері Шығыс Қазақстанда және Оңтүстік Сібір өңірлерінде ұйымдастырылған экспедицияларға қатысып, оның табиғаты туралы бай материал жинақтап, Мәскеу табиғат зерттеу қоғамына тапсырады.

Саяхатшы өмірінің соңын Орынбор және Гурьев (Атырау) қалаларында өткізеді. Осы кезеңде өлке табиғатына қатысты көптеген ғылыми еңбек жазды. Соның ішінде 1867-68 жылдары «Орал әскери ведомоствасында» және 1875 жылы «Санкт-Петербургтің жаратылыстану зерттеу қоғамы еңбектерінде» толықтырылып жарияланған «А. Рябининнің «Естественные произведение земель Уральского казачего войска» атты мақаласына және Э. А. Эверсманның «Естественная история млекопитающих животных Оренбургского края» атты кітабына талдауын айтуға болады. Автор осы мақаланың қосымшасында өлкедегі 34 пайдалы қазба тізімін және 50-ге тарта түрлі бұталы өсімдік атауларын анықтаған. Сонымен қатар мақалада өлкедегі жабайы сүтқоректілердің тізімі мен 345 құс түрінің каталогы келтірілген болса, соның ішіндегі 16 түрін Карелин берген. Бұдан басқа 1868 жылдың соңына таман «Урало-казачая фауна» атты еңбегін дайындайды.

Карелиннің көптеген қолжазба еңбегі 1872 жылы мамыр айында Гурьев (Атырау) қаласында болған өртте жойылып кетті. Өмір бойы жинаған жұмысын жоғалту оған ауыр тиді, ақыры ол 1872 жылдың 17 желтоқсанында өмірден озды.

Дегенмен де ол Батыс Қазақстанның, соның ішінде Нарын құмдарының, Жайық өзені аңғарының және құяр жерінің, Индер тауларының табиғатын зерттеуде үлкен үлес қосты. Карелин Батыс Қазақстан өлкесіндегі алғашқы музей – Орал қаласындағы өлкетану музейінің негізін салушы болып табылады.

Өлкеміздің табиғатын, соның ішінде фаунасын зерттеуде өз үлесін қосқан Николай Алексеевич Зарудныйды атауға болады. Ол 1859 жылы 13 қыркүйекте Украинада, қазіргі Полтава облысында дүниеге келген. 1879-1892 жылдары Орынбор қаласында әскери ведомствоның мұғалімдер семинариясын бітірген соң әскери гимназияда оқытушы болып қызмет етті.

Зарудный XIX ғасырдың 80-ші жылдары Оңтүстік Орал және Қазақстан даласының жануарлар дүниесін зерттеумен айналысады. Зерттеу нәтижелерін 1888 жылы Ғылым академиясы басып шығарған «Орнитологическая фауна Оренбургского края», «Заметки по фауне млекопитающих Оренбургского края», «Материалы для фауны амфибий и рептилий Оренбургского края» еңбектерінде жариялады.

Н. А. Зарудный 1881 жылдың мамыр айының соңында Шыбынды өзенінің бастауындағы борлы төбелер арқылы жүре отырып, Батыс Қазақстан облысының қазіргі Шыңғырлау ауданы территориясындағы Шыңғырлау (Утва) өзені бастауына дейін көтеріліп, Сұлукөл көлінде зерттеу жұмысын жүргізеді.

1882 жылы жазда Зарудный борлы төбелер және Сұлукөл көлі арқылы тағы саяхат жасап, Жайық өзені бойымен төмен қарай зерттеу жүргізді. Ал 1888 жылы Орал өңірі далаларына үлкен экспедициямен аттанды. Осы экспедиция барысында Елек өзенін ұзына бойы Мұғаджар тауларында жатқан бастауына дейін барды және Үлкен Қобда өзені бассейнін кесіп өтті. Сонымен қатар даламен жүре отырып, Шыңғырлау өзені бойымен оның құяр жеріне дейін барып, зерттеу жасайды.

1887 жылдың маусым айында Орынбор мен Орал қалалары аралығындағы Жайық өзенінің орта ағысында кездесетін құстардың бай коллекциясын жинайды.

Батыс Қазақстанның ортофаунасын зерттей отырып, ол 40-қа тарта өзен аңғарын және құстардың өмір сүру ортасы болып табылатын негізгі қоныстарды, сонымен қатар өсімдіктер дүниесінің таралу заңдылығын сипаттай отырып, өлкенің негізгі ландшафттық ерекшеліктерін ашты.

Зарудный дала мен шөлдің (шөлейт зонаның – А. Чибилев) шекарасын Орал қаласы – Мұғаджардың оңтүстік бөлігі сызығы бойымен жүргізеді. Ол «Осы жүргізген сызықтан оңтүстікке қарай Арал-Каспий ойпатының негізгі көріністерін береді. Ойпатта жусан мен тікен өскен кең алқапта құмдар жүйесі, сазды дала, сортаңдар, тұзды батпақтар (сорлар), тұзды көлдер және басқа да құрылымдар алып жатады. Ал сызықтан солтүстікке қарай бозды далалар мен төбелермен сипатталады» (Чибилевтің цитатасы, 1993) деп жазған болатын.

Сонымен қатар даланың қазіргі орнитофаунасының құрылымына бұрынғы теңіздің әсері болғандығын, оған өлкедегі кездесетін солтүстік теңіздеріне тән құс түрлері – күжіркей, балықшы және шағалалардың таралуы дәлел болатындығы туралы мақала жазған.

Н. А. Зарудный Каспий және Орал өңірлерінің ландшафттары туралы да қызықты еңбектер жазған, соның ішінде «Каспий теңізінен солтүстікке қарай ұзаған сайын жергілікті табиғи қоныстар ежелгі болып келеді, яғни дала өзендері мен жыраларының аңғарлары жақсы дамиды. Бұл – Солтүстік Каспий маңы ландшафттарының басты ерекшеліктерінің бірі» дейді.

Қазақстан территориясын табиғи жағдайына байланысты бөліктерге бөлу, яғни ландшафттық тұрғыдан қарастыруды XIX ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасының табиғи ерекшеліктерін зерттеуде (1831) Г. С. Карелин қолданды.

Қазақстанды климаттық, топырақ-өсімдік жамылғысы және шаруашылық белгілері бойынша алғашқы зоналық белдеулерге бөлу 1832 жылы Петербор қаласында шыққан А. И. Левшиннің «Описания киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде жасалды. Бұл еңбекте автор «қырғыз (қазақ) даласын» 7 белдеуге бөле отырып, алғаш рет ландшафттық сипаттама береді.

Ландшафттану тұрғысынан XIX ғасырдың екінші жартысында Батыс Қазақстанда жаратылыстанушылар жүргізген зерттеулер қатарына

  • К. М. Бэрдің (1854, 1856) Каспий маңындағы сопақша-ұзынша келген төбелердің шығу тегіне байланысты («бэр төбелері»), сонымен қатар Жем, Жайық, Еділ, Терек өзендерінің атырауларында зерттеу жұмыстары;
  • Н. А. Северцевтің (1860-1862) Жайық өзенін толық типтегі еуропалық өзен екендігін дәлелдеп және осы өзен арқылы Еуропа мен Азия арасындағы шекараны жүргізудің негізі жоқ екендігі туралы зерттеулері;
  • И. Г. Борщовтың (1865) Орал-Каспий далаларындағы өсімдік-топырақ жамылғысына климаттың, жер бедерінің және материктік жыныстың әсер ету заңдылықтарын анықтау жұмыстары;
  • И. М. Крашенинниковтың Оңтүстік Орал мен Батыс Қазақстандағы, И. В. Лариннің Солтүстік Каспий маңындағы қарапайым ландшафттарды (жергілікті жер және қоныс) зерттеп, картаға түсіру жұмыстары жатады.

(Соңы алдағы санда)

Қаралым саны 4326

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463