Бәйтерегі аспанмен таласқан өңір

  • Галерея изображений

Өткеннің мұраларын зерттеп, сақтау Қазақстан Республикасының рухани және ғылыми өмірінің басым бағыттарының біріне айналды. Елбасы Н.Назарбаев бұл мәселені Қазақстан қоғамының толыққанды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының неғұрлым маңызды және өзекжарды проблемаларының қатарына жатқызды әрі тек ғылыми жағын ғана айтып қоймай, сонымен қатар мәдени мұралардың азаматтық пен отансүйгіштікке тәрбиелеудегі айрықша маңызын үнемі алға тартып келеді.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласы жарияланғалы бері Зеленов ауданда талай айтулы істердің басы қайырылды. Сондай-ақ мақала бұдан бұрын басталған рухани танымдық ізденістерімізге де тың серпін беруде.

Бүгінде әрқайсымыздың өз тарабымыздан елдің игілігіне жарар, рухани қолдау болар іс тындыруымыз – үлкен міндет, баба алдындағы парыз, болашаққа қалдырар мәнерлі ғибрат болмақ.

 Зеленов ауданының әбден зерттеліп болмаған бай тарихы бар. Қасаң саясаттың ықпалымен жазылған «жұп-жұқа» тарихының әр тұсында қисынсыз деректер өріп жүр. Осы олқылықты түзеу мақсатындағы атқарар ісімізді жүйелей келе, алдымен аудан газетінің тарихын түгендеуді қолға алдық. 1940 жылғы 16 қарашадан шығып келе жатырған аудан газетінің тігінділерін түгелге жуық түгендеу арқылы біздің көпшілігімізге беймәлім тарихымызға қол жеткіздік. 1935 жылдан жасап келіп, 1997 жылы Зеленов ауданымен біріктірілген Приурал ауданының өткенінен сыр шертетін газет тігінділері де Алматы мұрағатынан елге жеткізілді. Осылайша біртұтас ауданның жарты ғасырдан астам ғұмыр жолы баяндалған газеттер оқырманымен қайта қауышты.  

Аудан тарихын зерделеу бағытындағы ісіміздің келесі кезеңі аудан аумағынан көне құлпытастар іздеуге ұласты. Халқымыз үшін мән-маңызы ерекше бастамамыз сәтті іске асып, көз жазып қалған ата-баба сүрлеуінің ізін таныдық. Осылайша дүйім жұртқа аудан даласына «переселендердің» тіпті аяғы тимей тұрған кезде бұ даланы мәдениеті өркендеген қазақтардың мекендегенін дәлелдедік. «Құлпытас – қазақтың ұлттық рухы, тілі, діні, тарихы, жазба мәдениеті, сәулет және қолөнер өркениеті, жердің нағыз иесі кім екендігін дәлелдейтін белгі, әр адамның ата-тегі» екендігін саналы жанға сауатты жеткіздік. Сонымен қатар белгілі болған тарихи деректерді аудан газеті арқылы жүйелі жазып, қоғамдық пікірмен терең ұштастырдық. Оқырманға түсінікті болуы үшін, негізгі тарихи деректер туралы сөз еткенде 2008 жылы жарық көрген "Батыс Қазақстан облысының табиғи және тарихи-мәдени мұраларының ескерткіштері" атты ұжымдық жинаққа сілтеме жасадық. Жинақта материалдық және рухани мәдениет пен тамаша табиғи нысандар неғұрлым толық қамтылған. Жинақтың Зеленов ауданына арналған бөлімін жүйелеп, оқырман назарына оны да ұсындық.

Зеленов ауданы аудандық деңгейдегі дербес бірлік ретінде Қазақстан картасында 1928 жылы пайда болды.

Кезекті әкімшілік-аумақтық реформа 1930 жылғы 17 желтоқсанда, негізіне 1929 жылы шінара жаңа аудандардың құрылуымен ірілендірілген аудандар жатқызылып Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылы 23 шілдедегі қаулысымен негізделген округтік бөліністер таратылып, аудандық бөліністер құрылды. Қазақстанның аумағында 126 аудан құрылды. Зеленов ауданы Орал ауданының құрамына енді.

Соғысқа дейінгі реформалау кезеңі 1932 жылы аяқталды. Нақ осы кезде Батыс Қазақстан облысы құрылды. Бастапқыда құрамында 27 аудан болып, кейін оңтайландыру барысында аудандардың саны 14 - ке дейін азайды. Кейін 1933 жылы 28 қазанда Орал ауданы таратылды. Оның аумағының бір бөлігі орталығы Каменный кенті болған Камен ауданын құрады. Енді аудан құрамына Қосшы, Ермолчев, Зеленов, Социалистік, Кордон, Гремячий, Янайкин, Көшім, Екінші Шежін, Камен, Переметный, Семиглавый Map, Серебряков, Бірінші Шежін, Цыганов небәрі 15 ауылдық кеңестің жерлері біріктірілді.

Мұнан кейінгі кездерде аудан аумағы ішінара өзгерістерге ұшырап, бірақ та тұтастай алғанда әкімшілік-аумақтық айқындалу үрдісі аяқталды. Сол тұста ауданға Зеленов атауы беріліп, аудан орталығы Переметное кенті болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Зеленов ауданының құрамына орталығы Дарьинск кеті болып 1935 жылдан жасап келіп, таратылған Приурал ауданының аумағы берілді.

Ауданның негізгі тарихи қалыптасқан халқы қазақтар. XIX ғасырдың басынан бастап мұнда казактар қоныстана бастады. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырда орыс - украйн шаруаларының қоныс аударып келуіне байланысты көп ұлтты халықтың құрамы қалыптаса бастайды.

Қазіргі Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстік – батыс бөлігіне орналасқан. Ол Батыс Қазақстан облысының АқОрал, Бөрлі, Теректі және Тасқала аудандарымен және Ресей Федерациясының Саратов және Орынбор облыстарының жерлерімен шектеседі.

Боданда басымыз кетіп, отарлау саясаты салдарынан елге есімі елеулі, еңбегі өлшеусіз тұлғаларымыздың аты аталмай, тұтас буынның жадынан өшірілді. Ата-баларымыздың жерленген жерінен көз жазып, құлпытас таңбасын танымайтын жағдайға жеткен едік. Тәңірдің қолдауымен, Тәуелсіздіктің арқасында жоғымыз түгелделіп, барымыз бүтінделуде. Егемен ел болғалы ауданда мемлекеттік тілде білім беретін 4 мектеп салынып, бүгінде ана тілінде оқитын қаракөздердің қатары артты. Бірқатар ауыл, көше атаулары заман талабына сай өзгертіліп, ұлы тұлғалардың есімімен аталуда. Ата діннің жамағаты жиылып, атымтай азаматтардың зор қолдауымен Дариян, Асан, Переметный ауылдарында үш бірдей мұсылман мешіті бой көтерді. Өткен жылы Алашорданың 100 жылдығына орай аудан орталығының кіреберісіне «Менің елім» монументі орнатылып, аяулы аналарға құрмет нышаны «Ана мен бала» саябағы ашылды. Игі істер биыл да жарасымды жалғасын тауып, «Бейбітшілік пен келісім», «Астана» саябақтары іске қосылды. Аудан тарихында бұрын-соңды музей ашу бастамасы бірнеше мәрте көтерілгенімен, «белгісіз» себептермен кейінге ысырылып келсе, Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи-өлкетану музейі жұмысын бастады. Енді аудан тарихы сол орталықта түзілетін болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласы «Туған жер» бағдарламасы аясында Білім және ғылымды дамыту, қорғау туралы «Ақжол» Батыс Қазақстан қоғамдық қоры аудан аумағында тарихи-өлкетану экспедициясын ұйымдастырды. Қордың Президенті Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Сыдықовтың жетекшілігімен ағымдағы жылдың маусым, шілде, тамыз айларында ұйымдастырылған экспедиция барысында аудандағы 22 ауылдық округ пен бірнеше елді мекенге барып, тарихи орындарды аралады. Жұмыс барысында оба, қорым, қауымдар қайта тіркеліп, көне араб жазулы құлпытастар зерделенді. Өзен, көл, бұлақ, ор мен жыра, төбе, көпірлер мен карьер, тоғандарға қайта сипаттама жасалды. Ғылыми топ экспедиция қорытындысын жуырда жарияламақ. Осылайша ауданның тың тарихы жаңа параққа қайта таңбаланбақ. Бұл игі іске сіздің де қосар үлесіңіз зор, қадірлі оқырман.

Нұржан Тоғызбайұлы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Қаралым саны 1210

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463