ДОСЖАН ХАЗІРЕТ МЕШІТІ

Ұлт тұтастығы мен дін тазалығы жолына бүкіл ғұмырын арнаған ұстаз, хазірет, шежіре жинаушы, құрылысшы, егінші Қашақұлы Досжан қажы – дін тарихында жарқын есімі қалған ардақты тұлғалардың бірі. Ишан ата туралы 2018 жылы «DANA qaz» тарихи-танымдық журналы № 6-7 санында «Қазақ мүфтилігін ашуға талпыныс. Досжан хазірет» атты мақала жариялаған болатын.

19 ғасырда қазақтардың Мекке - Мәдинеге қажылыққа бару сапарын ұйымдастырған, Алла разылығы үшін өзі де үш рет қажылық парызын өтеген ұстаз. Ресей патшалығы қазақ ұлтын бөлшектеп, шоқындыру саясатын жүргізе бастағанда, Досжан ишан ислам дінінің бірлікке шақыратын, ағартушылық, тәрбиелік аспектілерін мейлінше кең таратуға тырысқан. Ресей патшасына, Орынбор губернаторына қайта-қайта хат жазып, қазақ ұлты үшін бөлек мүфтилік ашуға жұмыстанған. Бала кезінен бастап діни білімін тереңдету жолында, қажылық сапарда жүргенде өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігін, ғылым-білімін зерттеген. Көшпелі өмірдің заманы өткенін терең түсініп, ел арасында оқу-білімнің пайдасын, отырықшылық пен егіншіліктің берекесін насихаттаған. Келімсек делдалдарға жем болмау үшін қазақ жастарының сауда-саттыққа жетік болуының пайдасын іс жүзінде көрсеткен адам. Он гектар жерге бау-бақша, егін салып, күзде Орынбор көпестеріне көтере сатып, керекті тауарларды тапсырыспен алдырып отырған. Мешіт жанындағы медреседе бір мезгілде 150 шәкірт оқыған. Кедей балаларын оқу ақысынан босатып, шәкірттердің тамағы мен керек-жарағын егіншілік пен сауда есебінен жауып отырған. Яғни, мешіт-медресе өзін-өзі толық жабдықтап отырды деуге толық негіз бар. Бір қызығы, заман талабын бағамдай білу, оқу-білім мен пайдалы кәсіптерді меңгеру, әлемдік бәсекеге қабілетті болу деген талаптар қазір де күн тәртібінде тұр емес пе!

            Мешіт салынған орын Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық аулынан 5 шақырым оңтүстікте. Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандайда тіреу жоқ. Терезесінде де бірде бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық, барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Қазіргі таңда бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген мүриттер қызмет етіп, кейін ишан, сопы дәрежесіне жеткен. Досжан хазірет өз мешітінің күншығыс бетінде жерленген. Басында құлпытасы сақталған. 2015 жылы хазіреттің 200 жылдығы Ақтөбе облысында кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.     

      Биыл 18-19 шілде күндері Ақтөбе облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы, сақталуы, туризм бағыттарын жетілдіру туралы шараларға қатысудың орайы

 

келді. Ақтөбеге Досжан ишанның шөпшегі (Досжан ишан - Хабибулла мақсым - Зайыт ишан - Дауыс мақсым) Асқар Хабибуллин келді. Хазіреттің ұрпағы астаналық «Alora IT Solutions» холдингінің бас директоры екен. Холдингтің қызметі нағыз заманауи жұмыстар, яғни барлық саладағы цифрландыру, геодезия, картография, ақпараттық талдау жүйелерін енгізу, пилотсыз ұшатын аппарат және дронмен фото-бейнелі деректерді түсіру, виртуальды шындық көріністерді жасау және т.б.  Рухани жаңғыру бойынша интернет портал жасап әкеліп, облысқа тегін сыйлап кетті. Мамандардың айтуынша мұндай порталды толық әзірлеу 35-40 млн теңге тұрады екен. Күзге қарай портал толық қуатпен жұмысын бастайды. Әлемнің кез-келген нүктесінде отырып Ақтөбе облысындағы ескерткіштерді виртуальды жағдайда тамашалайтын боласыз. Әзірше http://izbasar.kz адресіне кіріп, ескерткіштің қазіргі және болашақ бейнесімен танысуға болады.

            Досжан хазірет ұстаған Құран кітабы табылды

     Кеңес билігінің 1920-30 жылдары дін өкілдерін қудалауы хазірет ұрпақтарына да көп қиындық әкелді. Үлкен баласы Хабибулла Темір қаласының түрмесінде қайтыс болды. Үйінен араб әріпті кітап шыққан кісі бес-он жылға сотталып жатқан уақыт. Немересі Зайыт ишан бірнеше кітапты ұн салынған жәшіктің түбіне жасырған екен. Көп ұзамай Зайыт ишанды да Сібірге жер аударып жіберген. Бес жылдан соң елге оралған сауатты ишанды ауыл жұрты кеңшар директоры қызметіне сайлаған. Ол жұмысты абыроймен атқарып жүргеніне қарамай, әртүрлі ілік тауып тағы да жер аударып жіберген. Соғыстан кейін туған жерге оралған Зайыт ишан отбасын алып Кенқияқ ауылына көшіп кетеді. Қарапайым еңбек етіп зейнетке шығады. Жетпісінші жылдары үйіне КГБ қызметкерлері келіп, бір сағаттай сөйлесіпті. Олар кеткен соң бала-шағасына «Хазірет атаның атына шет елден келген ақша бар екен. Толық бас тартып, жетім балалар үйіне аударуға арыз жазып бердім» деген екен. Ораза-намазын үзбеген ишан 1982 жылы дүниеден өткен.

      Хазіреттің шөпшегі Асқар Дауысұлы мынадай естелік айтты. «1991 жылы Кеңес Одағы құлап, Қазақстан тәуелсіз ел болды. Бір күні әкемнің айтуымен шкаф үстінде тұрған ескі жәшікті үйге кіргіздік. Жәшікті бұзыңдар деді. Түп жағы екі қабат екен. Бірнеше кітап шіріп, күлге айналып кетіпті. Тек қана Құран кітабы аман. Содан бері бабамның Құран кітабы менің қолымда. Сканерден өткізіп порталға салып қойдық. Бірінші бетіне араб тілінде «Молла Емжардың (Айымжардың) Құран мубарак кітабы» деп жазылған. Ол адаммен қажылық сапарда бірге болған. Сапарлас қажылар бір-біріне Құран кітабын сыйлаған. Сонда берген сыйлығы деп айтылады. Бабадан қалған тағы бір жәдігер - хазіреттің жеке мөрі. Мөрде «Әл мүтауккил алаллаһ Достмухаммед бин Молла Қашақ», яғни «Аллаға тәуекел еткен Досмұқамед Молда Қашақ баласы» деген жазуы бар. Бірақ бұл мөр қазір жеке адамның қолында. Алушы болса сатуға ниеттеніп жүрген көрінеді. Мөр ол адамның қолына қалай түсті? Мешіт пен хазірет ұрпақтарының үйлеріне тінту жүргізген кісілердің ұрпағы ма, әлде басқа жағдаяттар бар ма, анығын білмейміз. Мөрдің басылған суреті, сұлбасы бар. Амандық болса, түпнұсқадан айнытпай көшірмесін дайындап жатырмыз. Сосын Құран кітабы мен мөрді облыстық музейге тапсырамыз. Алла Тағала шебер ғой. Дінге қарсы болған қоғам ыдырап кетті. Ата-бабамыз ұстанған жол мұсылмандық, адамгершілік, халыққа пайдалы болу, ең болмаса зиян жасамау еді. Осы құндылықтар қазір де, болашақта да қажет. Қазір хазірет ұрпақтарының өзі екі жүз шаңырақтан асыпты. Қиын-қыстау кездерде көршілес елдерге көшіп кеткендер, аты-жөндері өзгеріп кеткендер де бар. Хазірет баба тек біздің әулеттің меншігі емес. Елге, қала берді күллі мұсылманға ортақ. Ишан есімі бірлік пен татулықтың, ғылым-білім мен прогрестің символы болғанын қалаймыз» дейді.

            «Досжан ишан мешіт комплексі» мешіт пен медресе орнынан, ишанның өзі және ағайын-туыстары жерленген қабірлерден, тілеухана және шаруашылық үйлерінен тұрады. Уақыт пен табиғат әсерінен жылдан-жылға мүжіліп жатқаны рас. Жәдігер ретінде сақтап қалу, консервация немесе жасанды саркофаг кигізу керек пе, бұл туралы мамандар кеңесіп жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Тарихи ескерткіштер туралы заңдар қатаң сақталуы керек. Барлық тиісті мекемелер мен мамандардан толық ақыл-кеңес, ұсыныстар алынсын. Бұл саланы жақсы білетін тәжірибелі мамандар пікірін есепке алған дұрыс. Тарихи жәдігерлерді қорғау, қамқорлық, болашаққа бүлдірмей жеткізу біздің парызымыз. Асығыстық жараспайды. Пысық боламыз деп пұшық қылып қоюдан сақтанған дұрыс» деп шегелеп тапсырды. Досжан ишан қабіріне зиярат жасап келушілер легі көп. Арнайы алыс өңірлерден сапарлап келеді. Жолаушылар дем алатын, ас-садақасын тарататын орындарды дұрыстау керек. Жоспар бойынша бұл жерде қонақүй, асхана салынады. Жүз елу жыл бұрын хазірет бау-бақша өсірген 10 гектар алқапқа жеміс ағаштарын егу де ойда бар шаруа.

 

            Айшуақ Дәрменұлы, журналист

Қаралым саны 2334

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463