Ақтөбе қазіреттері

Құрметті оқырман! Төмендегі материалда  Ақтөбе  облысынан шыққан жеті бірдей қазіреттің өмір деректері келтірілген. Бұл деректерді жинақтап, хатқа түсірушілер – Ақтөбе облыстық «Руханият» музейінің қор сақтаушысы Дания Абатова және «Руханият» танымдық клубының төрайымы Жібек Абдуллина. Материалдың көлемі жағынан ең қомақты бөлігі – Пәтуәлі ишан жайлы  бөлім. Пәтуәлі ишан туралы мәліметтер оның тікелей немересі – Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны болған Нұрбай Мұхаммеджанұлының (1943-2018 жж.) баяндауы негізінде жазылған.

 

Пәтуәлі ишан

 

Мұхаммед уәли Қосайдарұлы (Пәтуалі) 1862 жылы Шалқар ауданы, Қошқарата болысында, Талдық елдімекенінде Қосайдар ишанның отбасында өмірге келген. Ауыл молдасынан білім алғаннан соң, 1889 жылы Қазан қаласындағы Ғалия медресесіне оқуға түседі. Бес жыл Ғалияда оқып, әрі қарай білімін Хиуада жалғастырады. 1911 жылы Шалқарға діни ағартушы болып келіп, атақты Рақымберді хазіреттің қасында елге қызмет етеді. Аузы дуалы, тамаша білімімен бірге көріпкелдік, емшілік қасиеттері де болған. Бір сөзділігімен, табандылығымен хазіретке жағып, ұстазы «істеген ісінің, сөйлеген сөзінің пәтуасы бар» деп «Пәтуәлі» деген ат берген.

Шалқарда 1905 жылдары Тотан бай мен Мырзағұл би мешіт салып, Пәтуәлі ишан 1912-1936 ж.ж. сол мешітте имам болады. Сол маңның балаларын оқытады. Қазан төңкерісі кезінде 1918-1919 жылдары ақ гвардияшылар мен қызылдар арасында елшілік қызмет етеді. Сол кезде Орынбор құжаттарында көрсетілгендей комиссар Әліби Жангелдин подвалда қызыл армия әскерімен жатады. Әліби Жангелдин жатқан подвалдың үстінде, яғни дәл сол ғимаратта ақтар да отырады. Бірақ ақ гвардияшылар одан бейхабар, ештеңе сезбейді. Екі ортада демеуші болып жүрген қарттың асқан көрегендігі мен адал қызметіне риза болған Әліби Жангелдин Пәтуәлінің қолына қызыл әскер мандатын беріп: «Егер басыңа қиын қыстау, бір қиыншылық тап болса, осы мандатты көрсетуіңе болады. Кез-келген жерде сізге көмек береді» деген екен. Бірақ, жаңағы жерде қасында тұрған адамдар қастықпен мандатты ұрлап алып, жоғары жаққа көрсетіп, сол жылы Пәтуәлі қартты түрмеге отырғызады. Содан 1936 жылы Шалқар стансасы вокзалының басында түс кезінде тұтқындарды пойызға мінгіземіз деп отырғанда тұтқын ишандар бесін намазын оқи бастайды. Айдауыл бастығы: «Халық жауларын намазға шақырғаныңның кесірінен кешігіп қалатын болдық. Бұл пойызға мінгізуге қарсылық жасағаның» деп жайнамазда отырған Пәтуәлі ишанды тебеді. Шалқардан пойызға мініп, Сексеуіл станциясынан өте бергенде Пәтуәліні тепкен айдауыл бастығы қапелімде қуығынан байланып, кіші дәреті жүрмей, ауырып қалады. Содан ауырған адам келіп жағдайын айтқанда Пәтуәлі ишан: «Шырағым, атылған оқ қайтпайды, оқыған сөз суық екенін түсінесің ғой» деген екен. Содан айдауыл бастығы Шалқарға келген соң үш күннен кейін қайтыс болады.

Пәтуәлі Қызылорданың түрмесіне қамалады. Бір ғажабы намаз уақыты келгенде қамаулы Пәтуәлі сыртта дәрет алып жүреді екен. Бірақ, есік құлыптаулы тұрады.

Пәтуәлі ишанның бір қасиеті еш уақытта ешбір жан баласына, табиғаттағы тіршілік иесіне зәбір көрсетпеген. Шалқар көлінің жағасынан 14 шақырым жерде Пәтуәлі ұстаған көне мешіттің орны бар. 1932 жылғы ашаршылықта Пәтуәлі жолаушылап кетсе, сол көлдің жағасында отырған ауылдың адамдары, ишанның бауырлары, тума-жекжаттары, аштықтан ісініп өлуге айналған. Ас-су жоқ, ашаршылықтан әлсіреген халық. Тіпті судағы қаптаған қара балық та ашаршылық кезінде ауға түспейді екен. Жыбырлаған құрт-құмырсқаға дейін елге келген нәубеттен бас сауғалап қашатын көрінеді. Содан ишан ауға оқып ішірткі байлап беріп, бірер сағаттан соң жұрт аудың балықтан толғанын көріп, есеңгіреген ел есін жиыпты. Сол ішірткінің құдыретімен ауға түскен балықты қорек қылған ауыл адамдары ашаршылықтан аман қалыпты. Шамалы уақыт өткеннен кейін туысқандары: «Тағы да бір рет балыққа ау салайық та ақсақал?!» дегенде Пәтуәлі ишан: «Әр заттың өзінің шегі бар. Ешбір тіршілік иесіне қиянат жасауға болмайды. Олар да өсіп-өнсін. Ұрығын шашсын. Өткен жолы Алланың құдыретімен аман қалдыңдар. Құдайға шүкірсіңдер. Алдарыңда тамақтарың бар. Несібелерің мол. Енді судағы затқа зиян келтіруге болмайды!»- деп балықтарды қорғаған екен. Сонда ишандар табиғатты қорғай да бағалай да білген. Мысалы, жылан үйге кірсе, оны өлтірмеу керек деп басына ақ құйып шығарып жібереді. Ол да табиғаттың бір жәндігі.

Шалқарда тар қапасқа түскен Пәтуәліге жұбайы Ынта тамақ апарады. Ас-су әкелген жұбайына Пәтуәлі: «Мені мұнда көп ұстамайтын шығар. Аяғыма жылы байпақ керек. Соны тауып жеткіз» дейді. «Оны мен қайдан аламын» дегенде, тез үйге бар, табасың» депті. Ынта анамыз үйге келсе, Талдықұм жақтан ағайындары бір арба байпақ тиеп келіп тұр екен. Тарихи деректерге сүйенсек, сол жылы ишан Ақтөбеге аттандырылады. 1937 жылы қараша айының 3 күні атылған. Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуіріндегі №2144 «Жаппай саяси қуғын сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңы бойынша ақталған.

 

Пәтуәлі ишан мешіті

 

Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Пәтуәлі ишанның діни білімі аса терең болған. Ол қолына алған өрік дәнін лезде гүлдете алатын қасиетке ие болыпты. Пәтуәліге Шалқар өңіріне әйгілі би Мырзағұл Шыманұлы мен Тотан Уақбайұлы 1905 жылдары мешіт салып береді. Ол мешіт кейін Пәтуәлі ишанның мешіті деп аталды. Көлемі үлкен. Бес бөлмелі. Бала оқытатын жері, жататын жері болған. Ишанның өзі де сонда жататын болған. Асханасы бөлек. Мешіт бөлмелерінің ізі алпысыншы жылдарға дейін анық сақталып келген. Сол маңда ишанның тумаларының, ағайындарының қабірлері бар. Шалқар өңіріндегі Тілеу-Қабақтың балаларының бәрі осы мешітте діни білім алған. Мешіттің кірпішін жылқының сүтіне илеп, саманнан салған. Биік мұнарасы да болыпты. Мешіт кітапханасында кітап қоры көп болған. Ол кітаптар Қазаннан, Уфадан, Бұхара мен Хиуадан әкелінген. Қызыл қыжым мақпалға оралған, сыртына тыс тігілген Құран кітаптары ақ пен қызылдың қырғын соғысында қолма қол жойылған. Елге ашаршылық келген кезде Пәтуәлі ишан туыстарымен Қарақалпақстанға көшеді. Иесіз қалған мешіттің ішіне кейін мал байланған, шошқа қамалған. Күтімсіздіктің салдарынан мешіт 1936 жылдан бастап қиратылады. Пәтуәлінің дүние-мүлкі, барлық жазбалары мен құран кітаптары кезінде кәмпескіленген. Қарақалпақстанға барған соң, ол жақта бір жыл болып, елге оралғанымен елдегі саяси жағдайдың ушығып тұрған кезеңіне тап болып, сол жылы ұсталып, сол жылы атылған екен.

 

Кәмпеске

 

1936 жылы ГПУ-дің бастығы Орақов деген кісі Пәтуәліні іздеп мешітке барады. Ауылға жақын екі шақырымдай жерде малшының үйі тұр екен. Орақов сол үйге түседі. Содан шай ішіп отырғанда сол үйдің әйеліне: «Жеңеше, ана мешіттегі ақсақал таң намазына шыққан кезде, мені оятып жібер» дейді. Ол да оқыған кісі болса керек. Әлгі үйдің әйелі ақсақал таңғы намазға дәрет алуға шыққанда Орақовты оятады. Орақов атқа міне сала мешітке келсе, ишан намазға ұйып кеткен екен. Мұның білімі қандай екен дегендей, намаз оқып болғанша Пәтуәлі ишанды сынап, алыстау жерге барып отырады. Шабармандарына: «Ана кілемді, кітапты ортаға жинаңдар да, өртеңдер!» дейді. Әлгілер кілем, кітапты өртеп жатқанда ишан көзінің қиығын да салмайды. Намазын оқып болғаннан кейін Орақов ишанмен амандасып: «Ақсақал, осындай жарлықпен келдім» дейді. Сонда Пәтуәлі ишан: «Бастығыңның айтқан жарлығын орындап отырсың. Оған сен кінәлі емессің. Сені біреу жұмсады. Кінәлі адам өз кінәсін өзі табады. Сен күшті болсаң, кеше неге келмедің маған? Бүгін жарлық алдың, бүгін келіп отырсың», - депті. Содан әлгілер жарлық бойынша бүкіл малын, дүниесін, сыпырып алып, сорлы елге бір тілім нан да қалдырмай алып кеткен. Мешіттің қасындағы 250 адамы бар 50 үй дымсыз қалған. Пәтуәлі ишанның туған інісі Қосмағамбет келіп: «Әй, Пәтуәлі, Қосайдар әкең сені не үшін оқытты? Мына халық аштан қырылады ғой. Бір нәрсе қылмайсың ба? Тым болмаса малды қайтарт!» деген екен. Сонда Пәтуәлі: «Қайтару оңай ғой, оның күнәсін кім көтереді?» дейді. Сонда «Мал ашуы - жан ашуы» деген, бір айналып келіп, інісі тағы ойбайлап, «Пәтуәлі-ау, ең болмаса, Құдайдың есіне сала аласың ба?»дегенде, Пәтуәлі күліп жіберіп «Құдайдың есіне салуға болады» депті. Содан 12 шақырым жердегі жетінші ауыл Мырзағұлдың ауылы, Орақов Сол ауылға жетіп, аттан түсе бергенде әлі кетіп, құлайды. Сол жерде жаны қиналып: «Мені Пәтуәлі ишанға апарыңдар. Пәтуәлі ишан атты» деуге ғана шамасы келіп, әрі қарай тілсіз қалады. Шабармандары ишанға барып «Орақов аттан құлап, тілсіз қалды» дегенде «Еш нәрсе қылмас, жел тиген шығар, тұрып кетеді ғой» дейді ишан жайбарақат. Шабармандар келсе, Орақов есін жиып, шай ішіп отыр екен. Айналасындағыларға «Міне көздеріңе көрсетті ғой, оқудың құдіретін. Мен енді Шалқарға барып өлетін жағдайым жоқ. Мына мал-дүниені иелеріне апарып беріңдер. Бастықтарыңа болған жағдайды түсіндіріп айтыңдар. Сөйтіп ақталайық» деп уәделеседі. Шабармандар бар малды қайтарып береді.

 

Пәтуәлі ишан туралы аңыздар

 

Алғашқы әйелі Ұлбике қайтыс болып, жеті баламен қалған кезі болса керек. Бір күні ишан Шалқар маңындағы Жылтырға, қайын жұртына барады. Қайын жұрты Байма деген байдың ауылы екен. Байма қонағасын беріп, «Қандай жағдайда жүрсіз, не шаруамен жүрсіз?» деп ишанның халін сұрайды. Себебі, әйелі Ұлбикенің өлгенін біліп отыр. Баймаға Ұлбике қарындас болып келеді. Сонда Пәтуәлі: Ас-су іздеп жүрген адам емеспін. Жеті жетімді қалай асырап, өсіремін деп қиналып жүрген адаммын» деген екен. Сонда Байма «Көзіңіз кімге түсті?» деп сұрапты. Сол жерде Бәжен шалдың 17 жасар Ынта деген қызы шай дастарханын жасап жүр екен. Пәтуәлі жас қызға қарап: «Құдай бұйыртса осы «Ынтаға» көзім түсіп отыр» дейді. Ынтаның әкесі Бәжен шал ойбай салып: «Әй, Пәтуәлі-ау, сен ғой 50-ден асып кеткенде, 17-ге толмаған Ынтаны неге сұрап отырсың?» деп қарсылық білдірген екен. Сонда жаңағы Ынта бойжеткен: «Пәтуәлі сұрап отырса, атына мінгестіріп жібермейсіңдер ме, мені ошақтарыңа бұт қылайын деп отырсыңдар ма?» депті. Сөйтіп, Ынта анамыз ишанның етегінен ұстап, қалыңсыз келген екен. Пәтуәлі ишан Ынтаны алғаннан кейін «Сойған малдың сүйегін далаға тастама. Отқа салып өртеп жібер» дейді екен. Жас келіншек көңіл бөлмей бірде былай, бірде былай ұмытып кетеді. Содан бір күні Ынта анамыз ұйқыдан оянса қасында шалы жоқ. Неше түрлі ойға кетіп, не істерін білмей отырса, шалы Лұқпан жақтағы қамыстың ішінен шығады. Үсті балшық. Үйге келіп жуынып-шайынған соң кемпіріне: «Мен саған малдың сүйектерін отқа сал деп ескерттім ғой. Айтқанды неге істемейсің?» депті. Осындай жағдай екі рет қайталаныпты. Үшіншіде көлдің арғы бетінен кемпірдің төркіндері келіп: «Пәтуәлі ишан дүние салды деген хабар жетті. Соған келдік» дейді. Содан барлығы жылап-еңіреп отырса, ишан қамысты көл жақтан келе жатқан көрінеді. Болған жайды сұраса, «Сонау шәкірт кезде жеті жыл бірге оқыған Алшынның баласы мені көтеріп кетейін деп жүр. Ол бала жынның оқуын оқып кеткен ғой. Ендігі жерде сүйекті отқа салмасаң мені бір жолата алып кетеді. Оның оқуының күші менікінен де артық болып отыр» депті.

Ынта анамыз 1969 жылы өмірден өткенге дейін Пәтуәлі ишанның шаңырағын ұстап отырды. Өзінен тумаған балаларды бала қылды. Менің әкем Мұхаммеджан сол шешесін «тумаған шеше» деген жоқ. Туған шешеден артық көрді. Сол Ынта анамыздың айтқанын істеп, соның айтқанымен өсіп-өніп, тәрбиесін алды. Ишан атамыз Ынта анамызды алғаннан кейін қайын жұртына бір барғанда иті ере барады. Сонда балдыздары «Сенің итіңді асыраудың өзі бізге қиынға түсті ғой» деп қалжыңдапты. Ишан: «Ит - жеті қазынаның бірі. Мені қалай құрметтесеңдер, бұны да солай сыйлаңдар» деп әзілге әзілмен жауап қатып үйге кіріп кетеді. Ертеңіне нағашы шешеміз далаға шығып, ишанның қоржынына балдардың сыбағасын, қазы-қартасын салайын десе, қақыра (есік) ашық тұр екен. Қараса, 6 қазысы жоқ. Содан шалына келіп: «Шал-ау, ұят болды-ау. Ишанның балаларына беретін қазыларды біреу ұрлап әкетіпті. Енді не істейміз?» депті. «Онда мал алдырып сойыңдар» деп кемпірі екеуі сөйлесіп жатса, Пәтуәлі айтты дейді: «Өйтіп қиналмай-ақ қойыңдар, кеше мына балалар итпен ойнап тұр еді. Сол ит алып кеткен шығар. Енді жүріңдер, сол итті көрейік деп ауылға келсе, ит алты қазыға тісін де тигізбей, есіктің алдында жатыр екен. Сонда Пәтуәлі Ынта анамызға айтыпты: «Мынау ит алты қазыны алып келді. Мен баяғыда Бұқарада оқып жүргенде, бір бала менімен бірдей үздік оқыды. Сол бала жетінші сыныпқа келгенде белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Саған үйленгелі маған екі рет ит болып келді. Сойған малдың мүжілген сүйегін сен еш уақытта далаға тастама. Отқа салып өртеп жібер. Егер қателесіп отқа салмасаң, шалыңнан айрылып қаласың» деген соң кемпірі өле-өлгенше сүйекті отқа салып жүрген екен.

 

Рас Тотанұлының азабы мен ажалы

 

Шалқар өңіріне атақты Тотан байдың жалғыз ұлы Рас 1932 жылы белгісіз науқасқа шалдығады. Тотан бай Пәтуәлі ишанға келіп: «Рас ауырып жатыр, келіп қарап бермейсіз бе?» дейді ғой. Ишан барып қараса Растың үстінің бәрі құрттап кеткен екен. Бармақтай-бармақтай құрт жеп жатыр екен дейді. Сонда Рас: «Ишан, маған не болып жатыр. Бұл не азап?» десе керек. Сондағы Пәтуәлінің айтқаны: «Сен әкеңнің жиған дүниесін босқа ысырап қылып шашқан екенсің. Сол ысырап қылған дүние сені құрт болып шағып жатыр. Мұның емі жоқ» дегенде Рас айтқан екен: «Сөзіңіздің жаны бар. Мен Шалқарға базарға барғанда жеңгелерім, балдыздарым қалжыңдайтын. Көйлегім жыртылып қалды деп немесе тағы басқа бірдеңе сұрай қалса қалтамдағы ақшамды оңды-солды шаша беретін едім. Бұл шашылған дүние өзімдікі емес, әкемнің дүниесі болатын» деп жерге түскен құртты қайтадан үстіне салған екен. Сол 3000 жылқы айдаған Тотан баласы Рас өлгенде оң жаққа қойып, жерлейтін уақытта орайтын 10 метр шүберек табылмаған. Сонда Пәтуәлі ишан өзінің шекпенімен апарып, орап көмген екен.

Әкемнің Иса деген ағасы болған. Исаны Темірбақты Шағатай деген ишанның Тотия атты қызына үйлендіреді. Ол кісі Бозой жақта тұрған. Үйленгеннен кейін бір жеті өткенде Иса атамыз Шалқардағы нағашыларына келіп: «Мен мына әйелден шошыдым. Айырылуым керек» депті. Ол кезде қалың мал төлеп алғандықтан адамның қаны жүктелгендей үлкен бір кінә болмаса айрылуға болмайтын заман. Содан жаңағы нағашылары былай дейді: «Құтыла алмай жүрсең, кешкісін үйге барғанда, екеуің шай ішіп отырғанда келіншегіңді ашуландыр. Сенің әкеңнің ишандық оқуы күшті ме әлде менің әкемнің оқуы күшті ме? деп оны сөйлетіп көр. Ол аузынан ақ көбігі ағып әкесін мақтар. Сен өз әкеңді мақтайсың. Әбден шегіне жеткен уақытта «күшті болсаң мына мешітке қарап дәрет сындыр» деп айт».

Содан Иса атамыз кешкісін үйге келіп шай ішіп отырғанда жаңағы бәлені бастайды. Тотия анамыз өте көрікті адам болған. Бірақ, мінезі жайсыз, ашушаң екен. Содан екеуі шайдың үстінде менің әкем күшті деп таласып қалады. Иса атамыз: «Күшті болсаң, мешітке қарап дәрет сындыр» дейді. Сол кезде шешеміз де қайтпастан айтқанды қылыпты. Осы сәтте келесі ағаш үйде отырған әкесі Пәтуәлі ишан Ынта шешемізге: «Тотияға көрім көрініп қалды, жүгір!», - дейді. Барса Тотияның аузы қисайып кеткен екен. Ертеңгісін Тотияны жүгімен бірге төркініне көшіріңдер депті Пәтуәлі ишан. Көшірерде шешеміз жылап: «Айналайын, сен өмір бақи кеміс болып қаласың. Қолымнан келер шара жоқ. Әкеңе барып, әкеңнен кешірім сұра. Менің саған қиянатым жоқ. Сен аман тұрғанда еліңе бар. Менен рұқсат саған» депті Ынта шешеміз. Содан оны көшіріп жібереді.

Пәтуәлі ишан төрт жылдан кейін Қарақалпақстанға көшеді. Жолшыбай Айшуақтан өте бергенде Пәтуәлі ишан әйелі Ынтаға: Мына қырдың астында Тотия келе жатыр. Қазір көресің деген екен. Содан қырдан түссе шынымен Тотия жылап келе жатыр екен. Ишаннан кешірім сұрапты. Ишан келінін үйіне апарып қонағасы мен батасын беріп кеткен екен дейді.

Бір күні біреу ишанға сауал қойған екен. «Ел халық болса қырылып жатыр. Қызылдар «Халық жауы» деп құртып жатыр. Оқудың күшімен ана мұрттыны өлтіруге болады ма?» Мұртты деп отырғандары Сталин. Мәскеудегі Сталинді осы жерде отырып өлтіруге болады ма деп сұрағандары ғой. Сонда ишан айтқан екен: «Оның ешқандай қиыншылығы жоқ. Бірақ оның күнәсін кім көтереді? Ол бір халыққа келген зауал ғой. Мұны ойлап тапқан жалғыз Сталин емес. Сұр жыланды кессең, тағы бас шығады дегендей, мен оны өлтіргенменен оның ізбасарлары бар. Жеті басты жылан ғой. 50-60 жылға дейін осындай лайсаң болады. 50-60 жылдан кейін халық өз алдына халық болады. Құм жиналып тас болмайды, құл жиналып ел болмайды. Елу жылда ел жаңа. Қырық жылда қазан жаңа деген. Заман өзгереді ғой» деген екен.

 

Ғабдырахманның ажалы

 

Пәтуәлі ишанның жеті ұлы, екі қызы болған. Алғашқы Ұлбике шешемізден жеті бала, кейінгі Ынта Бәженқызынан екі бала көрінген. Көшіп қонып жүргенде Пәтуәлінің бір баласы – Ғабдрахман Қарақалпақстан жақта қалады. Ұлы Отан соғысы кезі, яғни мен дүниеге келген 1943 жылдың шамасы болса керек. Кешкісін үйде Ынта анамыз, ұлы, келіні - үшеуі шай ішіп отырады. Баласына «далаға шықшы, Қайпыш (Ғабдрахман) келіп тұр» депті Ынта анамыз. «Ол қай жақтан келсін...» деп сенбестікпен ұлы далаға шықса, аулаға Қайпыш (Ғабдрахман) кіріп келе жатыр екен. Содан жылап көрісіп, мал сойып, көршілерді шақырып қонағасы береді. Қайпыш теміржол бойымен сұрапыл соғысқа аттанып барады екен. Жол бойы болған соң, командирлерінен сұранып, үйіне сәлем беріп, көріп кетейін деп келген. Сонымен ертеңіне үй іші, туысқандар Шалқар вокзалына пойызға мінгізуге, майданға шығарып салуға алып барады. Сонда вокзалда пойыз күтіп тұрған Қайпыш: «Апа, мен осы біртүрлі болып тұрмын. Маған топырақ осы жерден бұйырып тұр ғой» дейді. «Не айтып тұрсың шырағым?» дейді анамыз. Содан мені қолына алып сүйіп, артына қарайлап, вагонға мінер жерде аяғы тайып кетіп, жылжып бара жатқан пойыздың астына түскен. Сөйтіп, туысқандарының көз алдарында өмірден өте барған. Содан мешіттің түбіне апарып қояды. Осы оқиғаны еске алғанда Ынта анамыз да тегін болмады-ау деп топшылаймыз. 1969 жылы қайтыс болған ол Қарамерген деген жерде жатыр. Бұл кісі не орысша, не мұсылманша оқымаған. Әліпті таяқ деп білмейді. Қара танымайтын жанға екі кештің арасында есіктің алдына баласының келіп тұрғанын білдірген қандай құдірет десеңізші...

 

 

Жанаман ахун

 

Шалқарда Жанаман деген ахун өмір сүрген. Ол кісі Дихан деген атақты ишанда шәкірт болып, діни білім алады. Үшінші әлде төртінші сыныпта оқып жүрген кезінде, ораза айының іші болса керек, кешкісін Жанаман бала кіріп келіп: «Ертең емтиханда қандай сұрақ түсер екен, қай тақырыпқа дайындалсам, соны білейін деп едім» деп Дихан ұстазынан сұраған екен. Сонда оған Дихан ишан: «Сен біреу үшін оқып жүр ме едің? Дихан үшін оқыма. Өзің үшін оқы! Бірақ талабың алдыңда ғой, айтайын» деп қай жерден не оқу керектігін айтып беріп, «Осыларды жаттап ал» дейді. Ертеңгісін барып, Жанаман бала Дихан ишанның бар сұрағына мүдірмей, сайрап жауап беріпті. Содан Дихан ишан: «Сен бала, Пәтуәлі ишанның қасына қонып шыққаннан саумысың?» дейді. Бала күліп жіберіпті. Оқудың күштілігін қара, олар бірін-бірі біліп отыр.

            Жанаман Бұхарадан қайтар сапары Ташкент арқылы келген екен. Ташкентке екі шақырым қалғанда қарны ашады. Ақшасы таусылып, қиналады. Шалқар қайда, Ташкент қайда? Аттың үстінде қалғып кетеді. Содан Талдықта отырған әкесі Қосайдар ишан баласына аян беріпті. Баласына артыңдағы қара қашарды сатып, соны азық қыл дейді. Оянып кетсе, қара қашар түгілі дәнеңе де жоқ. Содан Ташкент шаһарына кірер ауызда оң жақ аяғындағы кебісті шешіп алып, қара қашарға айналдырған. Оны өзбектерге сатқан. Содан аштықтан аман қалады. Үйге жетіп «Ассалаумағалейкум!» деп әкесімен амандасқанда аяғына қараса, аяғында кебісі тұр екен. Қосайдар ишан: «Балам, бұған сенің кінәң жоқ. Алыста отырып құдіретті күш арқылы қара кебісті қара қашарға айналдырған мен едім», - деген екен.

 

Қаражігіт Бектаулы

 

Қаражігіт Бектаулы - Қазақай ишанның шәкірті. Қазақай ишан 41 бала оқытады да, сол 41 шәкірттің біреуі Қаражігіт Бектаулы болады. Ол Қазақай ишанның ең үздік шәкірттерінің біреуі екен. Үздік оқығаны үшін келешегінен зор үміт күтіп, ұстазы оған қызын берген. Қаражігіттің руы –Тілеу. Тілеудің ішінде-Дәуле. Шалқар бойындағы Жылан мен Көкмоланың екі ортасында туып өскен. Патшадан алған мөрі бар. Бүгінде ол мөр шөбересінің қолында сақтаулы.

 

Ырсалы Есеналыұлы

 

Хорезм елінде білім алып, тақуалық білімнің жоғарғы сатысы софылық ілімді терең меңгеріп, имамға қол берген. Ырсалы софы бар саналы ғұмырын имандылық жолына арнаған. Жұбайы өмірден ерте өтіп, екі жасар ұлы Әбиболланы арқалап өсіріп, жетімдік тауқыметін көрсетпеуге тырысқан. Ауыл елге жолаушылап шыққанда жол жөнекей арқасында ұйықтап кеткен ұлын, кездескен жерден күрке құрып, көлеңкелеп, мосысын дайындап, баланың ұйқысын бұзбай, аялап өсірген. Ноғай Төремұрат ахун ұстаған хан мешітінде қызмет еткен. Ырсалы Есеналыұлынан білім алғандар әріп танып, тіл сындырып, намазға жығылған. Жасы кішілер Софы ата, келіндер Софы қайын аға атаған арабша сауаты мол, ауызы дуалы баба тақуалығымен, білімділігімен дәріптеліп, ел аузында қалған. Ырсалының Әбиболла (1917-1975), Айша атты балалары болған.

 

Қалнияз ахун Тілеуліұлы

 

Шалқар ауданы Аяққұм өңірінде 1840-1900 жылдары өмір сүрген. Әкесі Тілеулі арабша мол сауаты бар адам болған. Болашағынан зор үміт етіп, кенже баласы Қалниязды мұсылманша оқуға ерте берген. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баласын сонау алыстағы Бұқарға аттандырады. Сол кездерде Хиуада, Хорезмде 7 жастан 30 жасқа дейін оқитын діни мектептер болса керек. Жастайынан мешіт медреселерден білім алып, Хорезмде жоғары білімін жетілдіріп, ахундық шатырхат алған. 1870 жылдары елге оралады. Сарыой жерінен мешіт ашады. Адалдығымен, сауаттылығымен, еңбекқорлығымен, тақуалығымен елге танылған Қалнияз ахун жастарға білім беруге ұмтылған. Ол ашқан мешіттің намаз оқитын бөлмесінде бірнеше терезесі болған. Ахунның тақуалығы сондай, терезе алдынан өткендер намаз оқушының көңілін бөледі деп артық терезелерін бекіттіріп тастаған. Тазалық сақтаудың ережелері бұзылады деп дастархан жайған жерге шылапшын қойып қол жуғызбаған. Дәрет аларда құманды тізесінің арасына қысып (тұтқасынан ұстамай) қолын жуып, содан кейін барып дәрет алатын болған. Елде шешек ауруы қаптап тұрғанда Қалнияз ахун емшілік жасаған. Өзі аурудан аман болған. Қалнияз ахун ілім-білім алу жолында жүріп әлде қыз таңдап, кештеу үйленген. Таңдаған жары Сексен руынан Нағима Кенжеғарақызы өте көрікті, жас ару болған. Қалнияз ахунның бейіті кіші Сарыойда. Оның ұрпақтары: Ниязқұл (1883-1966), Айшахан.

 

Ниязқұл Қалниязұлы

 

Шалқар ауданы, №15 ауылда 1883 жылы 15 наурызда дүниеге келген. Қалнияз ахун жасынан зерек, ақылды баласының мұсылманша білім алуын көздеп, Бұхарға аттандырған. Ниязқұл 30 жасына дейін білім алумен ислам дінін насихаттайды. Әке жолын қуған жас имам ұстаздық қызмет атқарған. Елге оралып, Сарыойдағы әкесінің мешітіне имам болған. Үлкен ағартушылық қызмет атқарған. Қабақ руының Қайыпберді аталығынан Жантәтті Әріпқызына үйленген. Алған жары әдепті, сұлу, текті жердің қызы екен.

«Құс ауға, балық торға кездесті ғой, тағдырдың жазуына жоқ қой шара» дегендей жылдардың зұлматына ұшыраған бұл әулет Қарақалпақ жеріне, Қоңырат еліне қоныс тепкен. Ниязқұл Қалниязұлы Әулиеата қаласындағы мешітте жылдан астам уақыт имам болған. Заман тыныштала келе Шалқардан арнайы іздеп барған Тұрым Оразайұлы оның елге оралуын өтінген. Ниязқұл мақсым өмірден өтер алдында інісі Құрманалыға, қайын жұрты Қожахмет баласы Мұхамбет-Тахирға, ұлы Нұртазаға Есет-Дәрібай қорымына жерлеуді өсиет еткен. Замандастары асқан ғұлама санаған, үлкен-кіші батасын алуға тырысқан Ниязқұл мақсым 1966 жылы 19 қарашада 83 жасында өмірден өткен.

 

Нұртай Құрманалыұлы

(1879 -1948 жж.)

 

Нұртай Құрманалыұлы Қазан төңкерісіне дейінгі заманда ауыл молдасынан сауат ашып, Уфадағы Ғалия медіресесінен білім алған. Жұрын өңірінде мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген. 1914 жылы темірлік Елтай Қаналин атты зиялы азаматпен Ташкентте өткен Орта Азия мұсылмандарының құрылтайына қатысады. 1917 жылы кеңес өкіметі құрылған кезде 20-30 жылдардың нәубетіне ұшырап, екі рет істі боп тар қапасқа қамалған. Алғаш 1929 жылы ұсталған кезде алты ай түрмеде отырып, Қарқаралыға жер аударылады. Сол жақта жүріп революционер Әліби Жангелдиннің араласуымен босанып келген Нұртай Құрманалин Жұрында тұруға болмаған соң, Күбілей атты мекенде тұратын бауырының қасына қоныстануға мәжбүр болған. Ол кезде ұлы Хайролла 10 жаста, қызы Шалқия 5 жаста екен. 1931-1933 жылдарғы қалың қазақ еліне келген ашаршылық зұлматынан аман-есен шыққанменен, кеңес белсенділері Жұрындағы мешітті қиратып мұнарасына өрмелеп шығып құлатуға, мешітті таспен атқалауға бұйрық беретін. Бір кездегі имандылық пен парасаттылыққа, білімге жол ашқан ел киелі деп танып құрметтеген мешіт үйі енді жетесіздердің мазағына айналуы заманның өзгеріп орыстандыруға бет бұрғаны еді. Нұртай Құрманалыұлы Қарқаралыдан оралған соң Шалқар қаласына жиі барып, заң орындарының қадағалауынан тыс қала алмаған. Сол кездерде Алашорда комитетімен байланыста деген желеумен екі-үш ай абақтыны да көріп шығады. Ағайындары ізденіп жүріп басына бостандық алып береді. Сөйтіп Күбілейге келген соң ағайындарымен ойласып жас балаларды араб тіліне оқытады. Аққұба өңді, ұзын бойлы үнемі ақ көйлек, қара костюм киіп, сәнді сырбаздай болып киініп, қолына алтын сағат тағып, жүріс-тұрысымен, мәдениеттілігімен елге өнегелілік көрсетуден жазбаған Нұрекең Жұрындағы Қуан ақсақалдың балалары Құдайберген және Ахмет Жұбановтармен тығыз байланыста болған. 1934 жылы Күбілейден Ізімбетке қоныс аударып, жаңадан құрылған Ащықұдық колхозына балташы болып орналасады. Арада үш жыл өткенде ГПУ-дің адамдары келіп, тұтқындап алып кетеді. Ол 1937 жылдың 16 қыркүйегі екен. Тағдыры қиын-қыстау кезеңмен дәл келген есіл азамат этаппен Оңтүстікке аттанады. Сол тар қапаста жүріп жүрегі жалын ақын азамат елге жыр жолдарын жолдап, араб қарпімен жазған бірнеше үшбу хаттары жетеді. Басқа хабар болмай, арада біраз жылдар өткенде теміржол бойынан жолаушы татар шалы Нұртай ақсақалдың аман-сау, Ташкеннің Қаған деген жерінде екенін жеткізеді. Ол кезең 1948 жыл болатын. Отағасының аман хабарын естіген жұбайы Ажар жатпай-тұрмай ізденіп күйеуінің амандығын, бас бостандығынан айырылып отбасынан жырақ жүргенін толық айтып, өтініш жасап, И.В. Сталинге арыз-өтініш жазған. Осы өтініш хат бұл отбасына қасірет әкелгендей, Мәскеуден қуанышты хабар күтіп отырған жанұяға Нұртай Құрманалиннің қайтыс болғаны туралы хабар жеткен. Озбырлық заманының құрбаны болған асыл азаматтың елден жырақ жүріп жазған аз ғана жырлары сақталған. Уақыт өте келе ақталып, ұрпағы Хайроллаұлы Бауыржанның арада жыл өткенде Жұрында қызыл белсенділер қиратқан атасының мешітінің орнына аудан орталығы Қандағаш қаласынан жазықсыз, арманда кеткен бабасының атына сай «Нұртай мешіті» бой көтерді. Артында баба ізін жалғастырар ұрпақ, жалынды жүрегінен жарып шыққан жырларын оқып таратар ауыл азаматтары қалғаны, есіл ерін қастерлеп биікке көтерер елі болғаны қандай ғанибет десеңші. Бұл игілікті істі қолдап бас көтерген азаматтар «Ақтөбе Мұнайгаз» АҚ президенті, облыстық мәслихат депутаты Н.Г.Камалов, «Шилісайауырқұрылыс» басқармасы ұжымы, негізгі ауыртпалықты көтеріп отырған Б.Құрманалин басқаратын УТП және СТ кәсіпорны болатын.

            Бүгінгі таңда Нұртай Құрманалыұлының ұрпақтарынан қызы Шалқия мен ұлы Хайролла өмірден өткен. Шалқыма, Әсіма, Бауыржан, Әлімжан, Сәнім, Жаннат есімді немере-шөберелері бар.

            Төменде Нұртай Құрманалыұлының айдауда жүріп, елін сағынып жазған жазған жыр жолдарын жариялап отырмыз.

 

Еліме аман-есен жетер ме екем

 

  1. Қимай кеттім

 

Жұрын деген ауылда тұрған едім,

Оқуға ерте көңіл бұрған едім.

Қазақтың жиып алып балаларын,

Мешіт сап, ұстаздық та құрған едім.

Бай болып, мен бір билік құрған жоқпын,

Ешкімге зорлық жасап ұрған жоқпын.

Ешқашан сатқаным жоқ иманымды,

Халқымды теріс жолға бұрған жоқпын.

Сонда да еліме мен симай кеттім,

Дұрыстап есімді де жимай кеттім.

Кісендеп қол аяқты айдағанда,

Туып өскен жерімді қимай кеттім.

 

  1. Өле алмаймын

 

Дәрмен жоқ қозғалуға енді менде,

Сүйегім жетер ме екен туған жерге?

Жау емес, дос екенімді кім жеткізер?

Кемеңгер көсеміміз Сталинге.

Өмірдің дегеніне көне алмаймын,

Бостандыққа шықпай мен сөне алмаймын.

Ақталатын күн туар, мен білемін,

«Халық жауы»болып мен өле алмаймын.

 

  1. Сағынышым

 

«Сақтай көр!» деп құдайға жалынамын,

Таба алмай амал-айла сабыламын.

Ауылда күткен туыс-бауырларды,

Ұлым мен қызымды да сағынамын.

Бұл заман күннен күнге қинап отыр,

Басымызға не пәле жинап отыр.

Туып өскен жерімнің жер-суына,

Сағынышым бойыма симай отыр.

Еліме аман-есен қайтар ма екем?

Жарымның қолынан дәм татар ма екем?

Бостандыққа шығатын күнім туып,

Төрімде көсіліп бір жатар ма екем?

Талайдан өздеріңе сәлем айтқам,

Бір болған мұңдастардан елге қайтқан.

Сәлемім жетті ме әлде жетпеді ме?

Азабын абақтының қанша тартам?

 

  1. Қорқып жүрмін

 

Зердеме бұл өмірді тоқып жүрмін,

Бес намазды бес мезгіл оқып жүрмін.

Тие ме деп зияным өздеріңе,

Амал жоқ, хат жазуға қорқып жүрмін.

Тәшкенде базар деген толып жатыр,

Сонда да қай дегенім болып жатыр?

Ұрып-соғып аштықпен қинағасын,

Тамырым күннен күнге солып жатыр.

«Халық жауы» атағы тағылғасын,

Басыма барлық пәле жабылғасын,

Жатырмын абақтының бұрышында,

Сипап қойып темір тор қабырғасын.

Жатқан сайын жамбастан сыз өтеді,

Қыраулы қабырғадан мұз өтеді,

Ауылымды өзім туған ойлағанда,

Кей сәтте жан жүрегім тыз етеді.

Өмірдің мен қызығын көрер ме екем,

Жақсылардың соңына ерер ме екем?

Босанып абақтыдан аман қайтып,

Еліме күткен сәлем бере ме екем?

 

  1. Жау емеспін

 

Тергеуге кейде мені алып кетеді,

Қамшымен жон арқаға салып кетеді.

«Түріктің жансызысың, мойныңа ал!»,

Дегенде, есім кейде танып кетеді.

Түркіге қазақ қалай ақпар береді?

Елін сатып, ұялмай дақпырт береді?

Еріксіз адам жанын қинайтындай,

Бұл өмір неге солай қатпар келеді?

Сатқаным жоқ Отанымды тазамын мен,

Сондықтан тазамын деп жазамын мен.

Құдайым босанатын күн туар ма?

Қанша тартам түрменің азабын мен?

Дүние қажет емес боқ екен ғой,

Құны оның жанып тұрған шоқ екен ғой.

Таңылса бір басыңа қырық пәле,

Арашалар ешкім де жоқ екен ғой.

Берікпін мұсылмандық салтыма мен,

Сенемін әрқашанда халқыма мен.

Арым таза болған соң, көңілім ашық,

Қалай кір келтіремін атыма мен?

 

Нұртай Құрманалыұлы туралы келтірілген осы мәліметтер «Нұртай Құрманалин туралы естеліктер мен жырлары» атты шағын кітапшадан жинақталды. Кітапша ҚР Журналистер Одағының мүшесі Қуаныш Кенжеғалиевтің құрастыруымен 1997 жылы Октябрь аудандық Қандағаш қаласындағы баспаханадан жарық көрген. Аталмыш естеліктер мен жыр жолдары марқұм Шалқия Нұртайқызының көзі тірісінде айтқан әңгімелері негізінде жазылған.

Қаралым саны 1427

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463