Жаһанша атындағы білім ордасы: тарихқа тағзым

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж — 106 жылдық тарихы бар, елімізге белгілі байырғы оқу орны. 1913 жылы мұғалімдер семинариясы болып ашылып, кейін педагогикалық техникум, училище аталған білім ордасының өткен белестері еліміздің тарихымен тағдырлас.

Колледждің ғимараты 1877 жылы «Орал әскери реалдық училищесі» болып ашылғанда мұнда білім алған 300 оқушының 18-і қазақ баласы болған екен. Осы жастардың барлығы кейіннен жоғарғы білім алып, қазақ халқының саяси қайраткерлері ретінде елге танымал болады. Солардың бірі — «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі, Жымпиты өңірінің Қарақұдық ауылында туған Жаһанша Досмұхамедов. Тарихи дәлелді деректер бойынша Жаhанша реалдық училищені үздік бітіріп, Мәскеу қаласындағы Императорлық университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін Ресейде заң қызметкері, прокурор болып қызмет атқарады. Ол ұлтының болашағы, бостандығы үшін өз өмірін ағартушылық, шығармашылық қызметке арнаған Алаш қайраткерлерінің алдыңғы шебінде болды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 1998 жылы осы ғимаратта білім алған белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, сондай-ақ Алаш қозғалысының көсемі ретінде Ж.Досмұхамедовтың есімі колледжге беріліп, ескерткіш
орнатылды.

Бүгінде жоғары колледж мәртебесіне ие оқу орны 9 мамандық, 25 біліктілік бойынша бастауыш және негізгі жалпы білім беретін мектептерге мамандар даярлайды. «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім беру» мамандықтары бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламалары енгізілді. 

Педагогикалық колледждің білім саласындағы алдыңғы қатардағы жаңа бағыттары мен жетістіктері туралы баяндау басқа мақаланың еншісі болар, бүгінгі кеңінен тоқталарымыз колледждегі тарихқа тағзым үшін жасалып жатқан танымдық істеріміз туралы болмақ. 

Оқу орнына Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілгеніне жиырма жыл толуына орай өткен жылдан бері бірнеше бастама қолға алынып, олар жылма-жылғы дәстүрге айналдыруға сұранып та тұр. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында қастерлі орын — «Рухани мұра» атты тарихи-танымдық кабинеті ашылды. Онда Алаш арыстары білім алған кезең мен оқытушылар семинариясы, техникум болған кездерді қамтитын фотосуреттер мен тарихи жәдігерлер жинақталып, колледждің бүгініне дейінгі дәуірінің басты кезеңдері айқындалды. 

Болашақ үшін құнды жәдігерлер мен тарихи құнды кітаптарды цифрландыру, QR-кодтарын орнату, құнды құжаттар мен оқиғалардың фото және бейнематериалдарын жинақтап, медиатека құрастыру жұмысына оқытушылар мен студенттер белсене қатысуда. 

Сондай-ақ, өңірімізге белгілі ғалым-зерттеушілерімен бірлесе отырып, қолледж тарихына қатысы бар басқа да тұлғаларды зерттеу қолға алынды. Оқытушылар мен студенттерінен құралған «Жаһанша жолымен» экспедициясы, «Өлкенің қасиетті орындары», «Өлкелік әдебиет пен өнер өкілдері» жобалары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда қазақтың жазба тарихы бағытында зерттеу жобасы қолға алынды.

Тарихи-танымдық жұмыстың бір бағыты «Жаһанша жолымен» экспедицияларын қамтиды. 2018 жылдың 20 қазан күні оқытушылар мен белсенді студенттерден құрылған ізденістік топ алғашқы экспедицияны бастады. Олар сапар барысында Жаһанша Досмұхамедовтың кіндік қаны тамған Қарақұдық ауылында, тарихи музей орналасқан Бұлдырты орта мектебінде, сондай-ақ алаштықтардың сиезі өткен Қаратөбе ауданының орталығында болды. Бұл сапарда Жымпиты ауылындағы Алаш саябағымен таныстырып, құнды жәдігерлермен бөлісіп, тамаша танымдық ақпарат берген сол өңірдің жоғын жинақтап жүрген жергілікті зерттеуші Айнагүл Ойшыбаеваны атамауға болмайды.

Жалпы осы жорық барысында Жайық, Барбастау, Шолақаңқаты өзендері, Жұмағазы қазірет (Дәдем ата) кесенесі, Сырым, Ерсары батырларға қойылған ескерткіш белгілер, жер-су атаулары, тарихи орындар тұсынан өткен кезде олардың тарихы туралы аңыздар мен өлеңдер оқылды. Жорықтың барлық мазмұны мен ақпараттары әлеуметтік желі арқылы фото-видео түрінде жарияланып отырды.

Биылғы «Жаһанша жолымен» экспедициясы Ресей Федерациясының Орынбор қаласына жорыққа ұласты. Орал қаласындағы жалпықазақтық бірінші және екінші сиездерге делегаттар сайланған тарихи орыннан алған жорықшылар сапары Орынбар қаласындағы дәл сол сиездер өткені туралы тарихи белгі қойылған Пушкинская, 39 мекенжайындағы ғимарат жанында Алаш арыстары рухына тағзым етті. Бұдан жүз жыл бұрын Орынбордағы талай қазақ зиялыларының басын қосқан Керуен Сарайда, Қазақ автономиясының Үкімет үйі орналасқан Советская, 2 мекенжайындағы ғимаратта, Ахмет Байтұрсынов тұрған Чичерина, 75 мекенжайында, Ыбырай Алтынсарин оқыған Советская, 7 көшесіндегі тарихи ғимараттарды аралап, студенттеріміз үлкен танымдық сабақтар алды.

Осы мақаламды жазып жатқан кезде Орынбордың төл тарихымен байланысты маңызды оқиға болды. Өткен аптада қарашаның 28-і күні Ресейдің Орынбор қаласында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай арнайы қазақстандық делегация болып қайтты. Осы сапарда «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған, құрамына оралдық ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері енген делегация Орынбордағы басылым тарихына, еліміз тарихына қатысы бар тарихи орындарда болғанын және тарих үшін маңызды шараларға қол жеткізгенін естіп қуандық. Енді біздің тарихымызға қатысты тағы бір
ғимарат — «Egemen Qazaqstan» газетінің алғаш 1919 жылы желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» деген атпен шыққан ғимаратқа ескерткіш тақта орнату мәселесі шешілді. Бұл тарихи айтулы оқиға біздің ізденістік-зерттеушілік, танымдық жұмыстарымыздың алған бағыты елдегі үлкен істермен үндесіп жатқаны деп есептейміз. 

Бұдан бір жыл бұрынғы экспедиция қорытындысы алғаш рет өткізілген «Жаһанша оқулары» облыс деңгейіндегі ғылыми тәжірибелік конференциямен қорытындыланып, оның аясында өлкемізге белгілі Жаhаншатанушы, өлкетанушы ғалымдардың баяндамалары тыңдалған еді. Олардың ішінде өздерінің тереңдігімен, тың деректерімен ерекшеленген баяндамашылар қатарында тарих ғылымдарының кандидаттары Жаңабек Жақсығалиев, Самат Құрманалин, Равиль Мәжитов, Дәметкен Сүлейменова, Альфия Байболсыновалармен қатар өлкенің ақтаңдақтарын зерделеп жүрген Жайсаң Ақбай, Жантас, Нұртас Сафуллиндер, Айнагүл Ойшыбаева, Мұнайдар Балмолда, Нұрлан Мендешев т.б. атауға болады.

Осы дәстүрімізді жалғастыру үшін биыл да «Жаһанша оқуларын» ұйымдастырып, қамтылатын мәселелердің ауқымдылығына орай оның аясын кеңейту мақсатын қойғанбыз. Біздің осы бастамамызды құп алған, ғылыми кеңестер берген тарих ғылымдарының докторы, профессор, өлке тарихшыларының көшбасшысы Рысбеков Тұяқбай Зейітұлына, бірлесе өткізуге ниет білдірген, шетелдік ғалымдарды тарта отырып, конференцияны халықаралық дәрежеде ұйымдастыруды қолдаған Батыс Қазақстан инновациялық - технологиялық университетінің құрылтайшысы Шынтемірова Баян Ғаббасқызы мен ректоры Ғабдуалиева Раушан Смадиқызына алғысымыз
шексіз.

Осындай ғылыми әлеуетке ие болған конференция 2019 жылдың 12 желтоқсанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті және Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің ұйымдастыруымен дәстүрлі «ЖАҺАНША ОҚУЛАРЫ» аясында «ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА: ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ШИРЕГІ» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік деңгейде өткізіледі. 

Конференцияның негізгі бағыттары Жаһанша тағылымы және замануи білім беру мен тәрбие мәселелері, қазақ зиялыларының өмірі және қоғамдық-саяси қызметі, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет құрудағы қазақ зиялыларының тарихи көзқарастары, рухани құндылықтар: әдебиет, ұлттық тіл, жазу, емле мәселелері болып айқындалды.

Өткен ғасырлар тоғысында қазақ зиялыларының қалыптасуымен бірге қазақ ұлт-азаттық күресі жаңа әлемдік деңгейге көтеріліп жаңа сапада өрбіді. Алаш қозғалысын өмірге әкелген қазақ зиялыларының озық тобы да, 1920 жылы қазақ автономиясын қалыптаған кеңестік қайраткерлер де қазақ елінің ұлттық тәуелсіздігі жолында өлшеусіз қызмет етті. Осыған орай ғасыр бұрынғы ұлт көшбасшыларының арман-мүдделерінің жүзеге асқаны, бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамуы жағдайында олардың қазақ көшін алға сүйреу жолындағы қызметін саралау және қазіргі зерттелуінің нәтижелерін баяндау, жаңа мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға енгізу — өте-мөте ділгірлік мәселе. 

Конференцияға алыс және жақын шетелдер мен отандық ғалымдардың қатысуы жоспарланған. Германияның Бонн университеті Шығыстану және азиялық зерттеулер институтының докторы, профессор Кенжеахмет Нұрлан (Бонн қаласы), Ресей Ғылым Академиясы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова (Мәскеу қаласы), «Достық үйі» Орынбор қоғамдық бірлестігінің, «Қазақ тілі» халықаралық ұйымының жетекшісі Сәуле Таикешева (Орынбор қаласы), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Шолпан Забих (Алматы қаласы), тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков (Орал қаласы), Теректі ауданының прокуроры, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы-ғалым Равиль Мәжитов (БҚО) басты спикерлер болады деп күтілуде.

Секциялық отырыстарға Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Балқаш қалаларынан және Оралдағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, арнаулы орта және орта жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері, студенттер мен магистранттар қауымы қатысуға өтініш білдіріп, 100-ге тарта мақала түсті. Конференцияның негізгі бағыттары: Жаһанша тағылымы және заманауи білім беру; қазақ зиялыларының өмірі және қоғамдық-саяси қызметі; құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет құрудағы қазақ зиялыларының тарихи көзқарастары мәселелері болмақ. 

Бұл жұмыстарымыздың барлығы еліміздің тәуелсіздігі мерекесі аясында жастар мен студенттерді өлкенің тарихи мәліметтерімен, ел үшін қызмет еткен бір ғасыр бұрынғы ұлт зиялыларының қызметімен таныстыру, тағзым ету шараларының бірі болары сөзсіз.

Светлана БАХИШЕВА,
Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің
директоры, педагогика ғылымдарының докторы

Қаралым саны 1373

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463