«...Америка Құрама Штаттарындай мықты мемлекет болғанын қаладық»

Біздің өңір үшін толайым тарихтың тініне айналған арда азаматтардың тізбегін сонау Сырымнан бастап, талай дарабоздарды алтын әріптермен жаза беруге болады. Алайда олардың ішінен орны бөлек бір тұлға бар. Ол ұзақ уақыт бойына еш еңбегі еленбей, тарихи зұлматтың тар зынданынан шыққан Жаһанша Досмұхамедұлы десек, қателеспейміз.

Бүгінде Жаһанша Досмұхамедұлының өмірбаяны дұрыс жазылып, еңбектері зерттеліп, тарих сахнасына қайта оралып, әділ бағасын алып келеді. Кезіндегі жерлес ағамыз, тарихшы-өлкетанушы Жайсаң Досболатұлынан басталған шағын зерттеу үлкен ғылыми ізденістерге жол ашып, ол жолды Д. Сүлейменова, Р. Мәжитов жалғап, талай тың деректермен толықтырды. Жаһанша Досмұхамедовтың сан қырлы тұлғалық ерекшеліктері анықталды. Оның сөзге шешендігі, қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі екені, аудармашылық қасиеті, діндарлығы, қарапайымдылығы мен Отанына деген шексіз сүйіспеншілігін өзінің тергеуде берген жауаптарынан анық көруге болады. Ол мұрағаттарды оқып отырып, өзімен тілдескендей боласың. Сан қырлы жанның нәзік болмысынан бөлек өжет мінезін қатар көреміз.

Өзіне қойылған сұрақтарға Жаһанша Досмұхамедов ешбір сөзге жалтармай, нақты әрі толық жауап берген.

Жаһаншаның бір жауабында: «Жеке өзім Социалистік Октябрь төңкерісін жеккөрушілікпен қарсы алдым. Буржуазиялық – демократиялық федеративтік республика құрудың жақтаушысы ретінде қарсымын. Біз қазақ ұлты болашақта Қазақстанда Буржуазиялық-демократиялық федеративтік республика құрып, жергілікті халықтың өзін-өзі басқаратын Америка Құрама Штаттарындай мықты мемлекет болғанын қаладық». Міне, біздің атамыз тергеушілерге осылай деген. Сонымен қатар, өзі араласқан адамдарының ішінде ешбір осалы жоғын да көруге болады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдазим Қадырбаев, Халел Досмұхамедов, Бақтыгерей Құлманов, Уәлитхан Танашев деп тізбектеп кете беруге болады. Сондай-ақ елдегі жағдайға қаншалықты алаңдаулы болғанын мына бір жерден де көре аламыз.

Сұрақ: Алашордашылар. . . өздерінің контрреволюциялық қызметтеріне қай уақытта қайта оралды?

Жауап: «1920 жылы күзде Орынбор қаласында барша қазақ сиезінің кеңесі өтіп, онда Қазақстан Кеңестік Социалистік республиканың автономиясы болып жарияланды. Біз, Алашордашылар, бұған түсіністікпен қарадық. Біз Ресейде қандай билік болса да, Қазақстан республикасы өзін - өзі басқаратындай болуы керек дедік. 1920 жылдың күзінде барлық қайраткер Ташкентке жиылды. Сондай - ақ Түрік республикасының ВСНХ мүшелері келді. Осы уақытта Бұқара мен Хиуада қызыл әскердің оқуы жүріп жатты. Бұқара мен Хиуада оқу оқыту бізге, Алашордашылар үшін, Қызыл әскердің тарапынан олардың құқықтарына қол сұққандай көрінді. Біз Кеңес үкіметінің де патшалық дәуірдегідей отарлық саясат жүргізетінін түсіндік. Бүгін олар Бұқара мен Хиуаның бостандығына қол сұғып, олардың бостандығына қатер төндірсе, ертең Қазақстанның автономиясына да солай қатер төне ме деп қауіптендік. Кеңес үкіметі күшейген сайын ұлттық республикаларға қауіп төне ме деп ойладық. Осы ойлар 1921 жылға дейін бұрынғы Алаш қайраткерлеріне маза бермей, миларында жаңғыра берді. 1922 жылы менің пәтеріме бұрынғы белсенді алашордашы Испулов келіп, қазақ зиялылары Ташкент қаласында бас қоспақшы екенін айтты. Жасырын жиында ұлттық ұйымдардың сауатын арттыру үшін басқосу болатынын, сол жасырын жиынға мені де қатысуға шақырды».

Сонымен қатар олардың Мұстафа Шоқаймен, түріктің әскер басшысы Энвер Пашамен де байланыстары бар екенін осы мұрағат құжаттары көрсетеді. Ресей саясатының қитұрқылығын ұққан қырағылық өздерін орға жығарын да, бастарына қара бұлт төндірерін де жақсы білді. Сонда да ешқайда қашуды ойламаған қайран арыс Мәскеудің қақ төріне өзі көшіп барып, шығармашылықпен айналысқан. Аңдыған билікке Керегің мен болсам, ал!» дегендей, неткен батырлық деп ойлаймын осы күні. Мәскеудің басты көшелерінде Алаш арыстарының қасқайып қойып жүруі, жүрек жұтқан ұлдардың туған жерлері үшін, бәріне көніп, қарсы тұрған батылдығына тәнті боласың. Ресей саяса-тының дұрыс еместігін әп дегеннен біліп, оның ішінде ұжымдастыру ісінің қазақты құрдымға апарар жол екенін де өз жауабында анық айтып кеткен. Алаш қайраткерлерінің кейінгі ұрандап өткен атақты «Тыңайған жерлерді игеру» саясатын көрсе, не болар еді деп ойлайсың. Әлде олар жоқ болғасын, қитұрқы билік дегенін жасады ма?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Бүгінгі ұрпаққа осы абзал ұлдардың өмір жолын насихаттап, бастарына барып дұға етіп, тұрған үйлеріне белгі қойып, олар туралы айта беру керек, айта беру керек. Ұрпақтан ұрпаққа өшпес дүние қалдырған қазақтың айбоз ұлдарының өнегелі өмірі талай ұрпаққа рухани азық болары хақ.

Бүгінде Жаһаншаға қатысты табылған соңғы деректерге және енді қай тұстан мәлімет іздестіру мақсатына тоқталуды жөн көрдім. Жаһаншаның тұлғалық қыры толығымен ашылып болмауы да мүмкін, оның өмір жолындағы кездескен қиындықтары мен қызықтары әлі талай тарихқа арқау болары анық. Мен 2017 жылғы экспедициядан соң анық болған бірнеше жайтқа тоқталсам. Біріншіден, ол кісінің қазіргі таңдағы мәскеулік мекенжайы тұрақталды. Ол үйге Жантас Набиоллаұлы барып та келді. Ол мекенжай: Мәскеу қаласы, Лестеев көшесі, 19 - үй, 2 - корпус, 84 - пәтер. Осы жерде бір мәселе бар, осы үйдің сыртына ескерткіш тақта орнатудың реті табылса деген. Жантас Набиоллаұлының бастаған ісіне әлі де болса, билік басындағылар мен депутаттар қолдау көрсетсе, тезірек іске асар деген үміттеміз. Мәскеудегі елшіліктің бұдан хабары бар, біз жаңадан Ж.Досмұхамедовтың өмірдеректерін жазып бердік. Мүмкін бұл мемлекеттік дәрежеде шешілетін шаруа шығар. Осы жағына көзі қарақты оқырман ой салса деймін. Екіншіден, «Архив — 2025» бағдарламасының игілігін қашан көреміз?» деген сұрақ туындайды. Ресей архивтеріне жол ашылса, жақсы болар еді. Соның ішінде Жаһаншаға қатысты оның еңбек жолын бастаған орны— Томск қаласының аймақтық сотының прокуроры болған кездегі құжаттарын іздестірсек деген ұсынысым бар. Сол арқылы оның біраз еңбекгіне қанығып әрі сол жұмысқа тұрған жерінде ол кісінің Мәскеу университетін бітіргендігі жөніндегі дипломы табылар деген ойымыз болып тұр. Үшінші бір мәселе — ол кісі аудармашылықпен айналысқан. Өзі аударған еңбектерінің алғашқысы 1924 жылы Ташкентте шыққан «Жауыздық низамдамасы» екенін жақсы білеміз. Осы еңбегін Ташкенттен қарастыру жұмысы жолға қойылса дейміз. Әуезовтың еңбектерін Мәскеуде тұрғанда аударғаны және бар, тағы қандай жұмыстармен айналысқанын білетін болсақ, нұр үстіне нұр болары анық. Мәдениет министрлігіне арнайы тапсырыс беруге болмай ма екен? Жаһанша Досмұхамедов туралы деректі және көркем фильм түсіру төртінші мәселе болар еді. Осы уақытқа дейін табылған деректер Жаһаншаның тұлғалық қырын ашуға жеткілікті деп ойлаймын. Алаш арыстарының көшбасшысы болған айбынды ұлдың оған толық қақы бар шығар?! 

Қазіргі таңда Жаһанша Досмұхамедұлының атылған жері Бутов полигоны екенін білеміз. Ол жерде 20765 адам атылған. Олардың ең үлкені 84 жастағы дін қызметкері болса, ең жасы — 13 жасар Миша Шамонин деген бала. Осы тізімді толығымен қарап, Жаһаншадан басқа тағы үш адамды анықтадым. Олар: 1. Албеков Қаптлеу, 1886 жылы Ақтөбеде туған. 27.05.1938 жылы осы Бутовата атылған. 2. Жакупов Хайржан Байтлеуович,1905 жылы Ақтөбенің Степной ауданының Мамет ауылында туған. 23.06.1938 жылы Бутовата атылған. 3. Сұлтанов Вахаб, қазақ. Сырдария ауданының тумасы, білімі орта, 1905 жылы туған, 21 қараша 1937 жылы үкім шыққан, 29 қараша 1937 жылы Бутовата атылған. Барлығы да кейін ақталған. Мәскеудің метрикалық сайтында Бутовата атылған осы жиырма мыңнан астам адамның аты-жөні жарияланған, кейбірінің суреттері де бар. Осы соңғы мәліметтерді қоса беруді жөн көрдім, мүмкін біреулердің ұрпақтары көріп қалар. 

Алаш мұрасын зерделеу — бүгінгі ұрпақтың еншісі, сол арқылы қанмен жазылған тарихтың ақтаңдағын кейінгі ұрпаққа жеткізу — аманат пен парыз. Әлихан Бөкейханов атамыздың «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы туатын күн де келер, солар бізді басымызға іздеп келер. Сол кезде біздің арманымыз орындалады» дегені бар еді. Сол ұрпақ бізбіз, аталарымыздың арманын орындауға, егемен елдігімізді нығайтуға бірлігіміз арта берсін демекпін. 

Айнагүл ОЙШЫБАЕВА,
Сырым Датұлы атындағы
тарихи - өлкетану музейінің меңгерушісі,
Жымпиты ауылы

Қаралым саны 867

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463