Егіндікөл ауылының сайты туралы

«Туған ауылымның болашағы үшін маңызды қандай іс атқара аламын деген сұрағыма жауап тапқандай боп осы істі қолға алдым.

Егіндікөл ауылының тамаша сұлу табиғаты, тамыры терең тарихы бар. Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдан бүгінгі күнге дейін, яғни 2500 жылдай үздіксіз ата-бабамыздың іздері сайрап жатқан, ар жағында да құтты мекен болғаны күмәнсіз қасиетті қоныс. Бұлақ, көл, өзен, өркеш-өркеш құм, шағыл, ну орман, терең сайлар, шөбі шүйгін жазық дала. Осының бəрі бір ауылдың маңында болуы қандай керемет?! Мұнда мекендейтін қаншама жан-жануарлар, аң мен құстар, судағы балықтар табиғатқа ерекше сəн берсе, ебін тапқандарға табиғи азық. Тұрмыстық жағынан газ, су, телефон үй-үйге кіріп тұр. Жылдамдығы жоғары интернет, бірнеше ұялы байланыс операторы тағы бар. Өзгелерге осыны айтсаң таң-тамаша болады. Бұл жер жəннаты ғой деп бір көруге асық боп қызығады.

Осындай мүмкіншілігі бар ауылдың болашағы жарқын болуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі аяқ алысына қарап қынжыласың. Көз алдымызда дүркіреп тұрған Егіндікөлге қарасты Тұщықара, Жігерлен ауылдарының жоқ болғанына куəміз. Біздің ауылдағы мектепте осыдан 20 жылдай бұрын 500-дей оқушы оқыса, қазір 150-дің шамасында ғана қалған. Дəл осы бағытпен жүре берсе мектеп 9 жылдық боп, одан əрі жабылуы да ықтимал. Мектептің жабылуы – ауылдың жойылуы екендігі түсінікті. Осыған сырттай бақылап отыра бергенше кішкене болса да қол ұшын созып, бəріміз бас біріктіріп бірлесе əрекет еткеніміз жөн. Ауылда мол жұмыс көзі, қалың жұртшылық болмағандықтан, салтанаты жарасқан, тірлігі қыз-қыз қайнаған бұрынғыдай Егіндікөлді көру – барша саналы ауылдастар үшін арманға айналды. Нақты мақсат қойып, талмай еңбектенсе армандардың орындалатыны да рас.

Сайт мақсаты: Еліміздің бесігі – құт мекен ауылдардың қайта түлеп, дамуы үшін заманауи смарт құралдардың көмегімен рухани және материалды көмек беру.

Мақсатымыз орындалуы үшін нақты міндеттерді айқындадық:

  • Ауылға қатысты маңызды ақпараттарды жинақтау
  • Ауылға қатысты кітап, фото, видео, ән, клип тәрізді сапалы контент жасау
  • Осы ауылда туып-өскендердің арасында байланыс орнатып, ауылға қолдау білдіруге қажетті тетіктер жасау
  • Тамыры терең тарихы туралы материалдармен танысу, əрі қарай, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу
  • Ауылдың күнделікті тіршілігіндегі маңызды шаралармен таныстыру.

Сізге баяндаған мақсат пен 5 міндеттің аясында 2013 жылдан бері ішінара шұғылданып келемін. Алғашқы нәтижелер Egindikol.kz сайтында орналасты. Сайтта орналасқан сапалы контенттеріміз талай игі істерге жол ашатыны анық. Енді осы бағыттағы істерді дамыту – Сіз бен біздің ортақ жұмысымыз болады деп үміттенемін.

Құрметпен, Жантас Набиоллаұлы

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Строитель шағын ауданы, 35 үй

Телефон:

8 (711 2) 23-22-06

8 777 194 44 77