Жан азығы

Биылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргенде біздің қуанышымызда шек болмады. Осыдан бес жыл бұрын тұсауы кесілген журналымыздың мақсаты мақалада айтылған өзекті ойлармен ұштасып жатты. Тіпті атауының өзін латын әліп-биінде жазуымыз дөп келді. Тек осыған дейін басында көп боп көрінген қолдаушыларымыз азайып, қара жерде шанаға жегілгендей боп едік. Тынысымыз ашылып, жаңа серпін болды.

Бес жыл бұрын тарихи-танымдық журнал шығару ниетімен бір топ ниеттес бас қосып, іске кіріскенбіз. Халыққа, болашақ ұрпаққа пайдалы іс тындырсақ деген ниеттен туған іс еді. Асыл мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, әбден бұрмаланған тарихымызды мүмкіндігімізше дұрыстауға үлес қосу, жастарды терең білім мен тарихты оқыту арқылы ұлттық рухта тәрбиелеуге атсалысу, тек тарихшылардың тарихи материалдарын жинап алып жариялау емес, сонымен қатар өзіміз де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ақиқатты анықтауға ұмтылу. Журналдың атынан тәрбиелік мәні бар шараларды ұйымдастыру арқылы да халыққа оң бағыт беру.

Алғашқы нөміріміз жарыққа шыққанда елдің ертеңіне қайғыратын зиялы қауым өкілдері ерекше қолдау білдірді. Олар басты екі тілек айтып еді: бірі – басылым ғұмырының ұзақ болуы, екіншісі – мазмұны жағынан бастапқы деңгейден төмендемеу. Біздің де ұстанымымыз осы болды. Міне, бес жыл өтті. Журналымызбен бес жыл бірге болған оқырманның ерекше ықыласын сезіп, арнайы жазған тілектерін оқи отырып, әрдайым марқайып қаламыз. Алғашқы мерейлі жасы деп арнайы тілек жолдаған барша замандастарымызға алғыс білдіремін. Ниеттеріңізге рақмет!

Болашақта арнайы білім-ғылым орталығын ашып, журналымызды осы жобамен байланыстыра дамытуды көздеп отырмыз. Алла қолдағай!

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
журналдың ақылдастар алқасының төрағасы

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Строитель шағын ауданы, 35 үй

Телефон:

8 (711 2) 23-22-06

8 777 194 44 77