Мені поэзия әлемі қатты қызықтырады

Исатай СӘРСЕНОВ, 

Абылай хан атындағы университеттің студенті

- Исатай, әңгімемізді таныстықтан бастасақ?
- Мен 1996 жылы 3 наурызда Алматы қаласында дүниеге келдім. Мектеп табалдырығын Астана қаласында 2003 жылы аттадым. Кейін бірнеше мектеп ауыстырдым. 2011 жылы қайтадан Алматыға келіп, осында 8-сыныпқа бардым. Содан 9-сыныптан кейін «Оқушыларды алмастыру» бағдарламасымен АҚШ-қа жолдама алдым. Ал 2014 жылы Орал қаласындағы Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектепті тәмамдадым. Қазір мен Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар, әлем тілдері университетінің педагогикалық факультетінің 3-курсында оқимын. Оқу орны халық арасында «ИНИАС» деген атпен танылып жүр. Ағылшын тілі мұғалімі мамандығын оқып жатырмын.

- 9-сыныпта АҚШ-та оқып келдім дедіңіз. Ол жақтың білім беру жүйесінің ерекшелігі неде?
- Айырмашылық өте көп. Ол жақта мектеп үш кезеңге бөлінеді: Elementary school, Mill shool, High school. Мен АҚШ-та қыркүйектен мамырға дейін бір академиялық жыл оқыдым. Бұл тоғыз айды құрайды. Әрі бізде барлық пәнді оқытса, оларда таңдау пәндері бойынша білім беріледі. Мен физика, математика пәндерін және өнер бағытын таңдадым. Бір сыныптан келесі сыныпқа көшу үшін тапсырылатын емтиханға оқушылардың барлығы қатысуға міндетті. Сонымен қатар он екі жылдық білім жүйесі енгізілген. Әр сыныптың өз атауы бар. Мысалы, 9-сынып «Fres-man», 11-сынып «Junior», 12-сынып «Senior» деп аталады.

- «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» дейді. Сіз Ақ Жайықтың ақ шағаласы, поэзияның дүлдүлі Ақұштап Бақтыгерееваның жиені екенсіз. Бойыңызда нағашы әжеңізден дарыған ақындық қасиетіңіз бар ма?
- Иә, өзіңіз айтқандай, нағашы әжем Ақұштап Бақтыгереева – ақын, нағашы апам Ғ. Әбдрахманова – қобызшы. Атам да домбырада өте шебер ойнайды. Ал мен қылқобызда ойнаймын және мәнерлеп оқығанды жақсы көремін. Әсіресе, өлеңге жан бітіріп, құбылта оқу маған қуаныш сыйлайды. Ақындық жайлы айтсақ, шабытым келген сәттерде, ішіме сыймай сапырылып жатқан дүниені өлең қып өргізіп, қаламыма арқау ететін сәттерім де болады. Алайда өзімді ақынмын деп санамаймын. Ақұштап әжем жеткен жетістіктерге жету – үлкен арман.

- Біліміңізді арттыру мақсатында Малайзияға барып келіпсіз. Сол сапардан сыр шертсеңіз.
- Иә, мен Малайзияға мектепті аяқтаған соң, 2014 жылы барып келдім. Онда тіл біліктілігімді арттыру мақсатында бардым. Ол жақта «пландейшн» деген ұғым бар. Ол мектептің он екінші жылы боп саналады. Яғни бұл – шетелдің жоғарғы оқу орындарына түсу үшін оқылатын бір жылдық оқу. Осыны аяқтаған соң Малайзияның кез келген жоғарғы оқу орнына оқуға түсе алады. Мен Малайзияда оқып, алайда университетке түскім келмеді. Шынымды айтсам, өз елімді, Отанымды, туған жерімді қатты сағындым. Сағынып, аңсап оралдым. Қазақстанның ЖОО-сына түсемін деп шешім қабылдадым.

- «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дейді біздің қазақ. Сіз қандай тілдерді меңгердіңіз?
- Иә, мен сізбен толық келісемін. Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгердім. Еш қиындықсыз, емін-еркін сөйлеймін. Қазіргі кезде университетте түрік тілін үйреніп жатырмын. Сонымен қатар қазақ тіліне жақын тілдерді еркін түсіне аламын.

- Тіл үйренемін деушілерге құлақ-қағыс болсын. Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, тіл игерудің жолдарын айта өтсеңіз...
- Шыны керек, тіл үйренудің еш қиындығы жоқ. Себебі бұған бәріміз де қабілеттіміз. Менің беретін кеңесім – мүмкіндік болса аутентикалық материалдарды қолдану. Яғни шынайы материалдармен жұмыстану. Мысалы, сол тілде жазылған кітаптарды оқу, киноларды көру, әндерді айту, сөздікпен жұмыс жасау. Сол тілде жиі сөйлесіп, сұхбаттасу қажет. Ең бастысы, ұялмау керек. Ұялшақ болу – тіл үйренудегі ең басты дұшпан. Қателессең де, сөйлесіп, одан түзеп, қайталай беру керек. Тіл үйренгенде мән беретін тағы бір нәрсе – сол елдің салт-дәстүрін, мәдениетін түсіну, тану. Себебі тіл мен мәдениет қатар жүреді. Мүмкін болса, сол тілдің өкілдерімен сөйлескен өте тиімді әрі оң нәтижесін береді.

- «Американы көргіңіз келсе, Маңғыстауға барып қайтыңыз» деген жазбаңызды оқып қалдым. Сірә, сізге тарихи-мәдени жерлерді аралап, көне жәдігерлерімен танысу ерекше ұнайтын секілді. Еліміздің қай жерлерінде болдыңыз?
- Әзірге батыс өңірін ғана араладым. Олар яғни Орал, Ақтау, Атырау, Маңғыстау жерлерінің киелі, тарихи жерлері. Осы көктем айының демалысында Шымкент қаласына барып қайттым. Расымен де, шырайлы қала екен. Маған қатты ұнады. Мүмкіндік туып жатса, әлі де аралағым келеді.

- Қай елдің білім жүйесін сапалы, ұтымды деп танисыз?
- Оқуға лайықты елдердің бірі – АҚШ. Мысалы, онда филологияны оқысаң, тіл ғылымдарын тереңдетіп, дамытып оқытады. Себебі атақты лингвистер сол АҚШ-тан шыққан. Сонымен қатар медицина өте қарқынды дамыған. Көптеген зерттеу ғылымдары да көз ілестірмей даму үстінде. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда да ғылым-білім қарқынды дамыған.
- Әдеби кітаптарды оқисыз ба?

- Мені поэзия әлемі қатты қызықтырады. Ақұштап Бақтыгереева, Қадыр Мырза Әлі, Жұбан Молдағалиев, Жарасқан Әбдірашев, Мағжан Жұмабаев секілді ақындардың өлеңдерін оқимын. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы маған ерекше ұнады. Қазіргі кезде ғылыми еңбектерді, тарихи кітаптарды оқып жүрмін.

- Ұстазға қарап шәкірт бой түзейді, еліктейді. Сондықтан ұстаз бойында қандай қандай қасиеттер болуы керек?
- Педагогикалық мамандықтың басты ұстанымы – өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болу. Ол тек қана ақыл айту емес, оны іспен дәлелдеу. Мәселе шыға қалғанда дауыс көтермей, түсіністік танытып, шешімін таба білу. Жауапты, ізденімпаз, талапшыл бола білу керек.
- Исатай Нұрлыбекұлы, тәжірибеңізбен бөлісіп, тұшымды пікір, пайдалы кеңестер айтқаныңыз үшін алғысымыз шексіз. Алға қойған мақсатыңызға жетіп, биік шыңдарды бағындыра беріңіз!

Аяужан САДЫРБЕКОВА,
студент, Орал қаласы

Другие материалы в этой категории: « Жан азығы Алаш қайраткері Есенғали Қасаболатов »

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Строитель шағын ауданы, 35 үй

Телефон:

8 (711 2) 23-22-06

8 777 194 44 77