Қадірлі оқырман!

Журналымыздың жарық көре бастағанына бір жыл болды. Тұрақты демеушісі, қалталы қолдаушысы болмаса да, ниеті түзу, пікірі бір санаулы топтың жанкештілігімен осы кезге дейін «DANA.kaz» журналының 10 саны шығыпты. Қал-қадерімізше бар болып, елге пайдасы тиген, батыр болып, дұшпанға найзасы тиген ата-бабаның ерлік ісін елге көрсеттік. Заманның алай-дүлей аласапыранында елі үшін арпалысқан Алаш арыстарының аманатын жеткіздік. 300 жыл патшалық Ресейдің, 70 жыл КСРО-ның табанында тапталып, құлдық психология әбден сіңген санамызды сілкілеп, бір кездері Бар болғанымызды, Нар болғанымызды айттық. Өйткені біз өткенімізбен мақтана алмасақ, кейінгі ұрпақ бізбен мақтана ала ма?

Міне, тарих дөңгелегі шыр айналып, 2013 жылдың соңғы айы да өтіп барады. Қазақ үшін қасиеті де, қасыреті де мол желтоқсан айының мінберінде тұрып, алдағы Жаңа жылда да бір болуға Тәңір нәсіп етсін дейміз. Журналды шығарушылар үшін қолыңыздағы әр санды дайындау оңай еместігі рас. Бірақ ХХ ғасырдың басында «Қазақстан» газетін шығарған Ғұмар Қараш аталарымыздың сөзін қайталаймыз:

«Шығарушылар нендейін мұқтаждықты да, нендейін машақатты да көрді. Алайда соның бәріне риза болып, артынан қалмай келе жатыр. Ілгеріде де қалуға ниеті жоқ. Сенгені – Құдайдан соң оқушы азаматтар. Азамат аман болса, бәрі де болар деген көңілдері бар. Газет-журналдың өмірі оқушыларменен болатыны өзіңізге мәлім. Көп айтатын ешнәрсе жоқ, бәрін де өзіңіз білесіз. Біздікі – күш келгенше артынан қалмай, осының соңына түсе беру!»

Жаңа жылда жүздескенше!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 873

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463