Қазаннан шыққан кітап қазақ ауылында

Ел ішінде ата-бабасынан қалған кітап, көне жазба, тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отырғандар көп. Әулеттің ең құнды мұрасы саналып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп отыратын мұндай жәдігерлерді көпшілікке таныстыру мақсатында «DANA.kaz» журналы жаңа айдар ашып отыр. Айдардың алғашқы қонағы – ақын Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.

– Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында «Табынбай» деген өзім өскен кішкентай ғана ауыл бар. Кешегі советтік дәуірде «Калинин» аталып, тәуелсіздік келгесін тарихи атауын қайтарып алды. Сол ауыл – менің туған жерім. Менің тәй басып, алғаш қызғалдақ терген, әкемнің делбесіне жармасып, ат шанаға отырған жерім. Мен бәлкім ақындық сезімді сол жерден, сол топырақты сүюден тапқан шығармын. Сол жерде менің жеті атам жатыр. Сол жерде әкемнің құрдастары жатыр. Сол жердегі көне қорымда өзім көрген екі қария жатыр. Оның бірі – Мұқаш Насырұлы, екіншісі – Ерғали Мұхамбетұлы. Осы екі атамыз бүкіл ауылдың тұтқасы еді. Мұқаш атам 1880 жылы туса, Ерғали атам одан жеті жас кіші еді. Ерғали атамыз арқалы емші болды, бүкіл аймақты емдеді. Осы кісінің пайдаланған бірер кітабын кемпірі Нағима әжеміз маған табыс еткен еді. Бұл кітаптар бүгінде біздің үйдің қасиетті бұйымына айналды, – дейді Ақұштап апамыз көне кітаптарды бізге көрсетіп.

Бірінші кітап – «Ғибадаи Исламия» деп аталған. Ибтидия мектептерінде екінші сынып шәкірттеріне арналған бір тоқсандық оқулық болса керек. Кітап 1901 жылы (хижраша 1319 жылы) Қазан шаһарында Каримовтар мәтбуғатында (баспасында) басылған. Татар тілінде.
Екінші кітап – «Иман мағынасы уа һәм фәзилатлары уа сауаблары баянынде-дүр» деп аталады. «Бұл китаб Қазан университетінің табиғ ханасында (студент үйінде – Қ.Қ.) басма олынмыш-дүр. Қазанда әл-хадж әл-харамин («қажы» деген мағынада – Қ.Қ.) Шамсиддин Хусаинов урселернің харажаты айлан 1898-інчі йылда» деген ескертуі бар.

Қазақ ауылындағы қарапайым дін адамының қолында болған бұл кітаптар ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында болған діни білімнің, оқыту жүйесінің дәрежесін көрсетеді.

Қаралым саны 877

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463