«Есенгелдіден бір тайы кем...»

Батыс Қазақстан өңірінде «Есенгелдіден бір тайы кем» деген бір мәтел бар. Бай, қағанағы қарық, сағанағы сарық, «төбесі көкке бір елі жетпей қалған» деген мағына айтылады. Шын мәнінде, Есенгелді – тарихта болған адам, XVIII ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген. Заманында өте танымал, 12 мың жылқы айдаған өте ауқатты бай болған делінеді. 

Есенгелді байдың, оның ұрпақ-тарының танымалдығы сондай, Владимир Дальдың «Бикей и Мауляна» повесіне, М.Есләмғалиевтің «Зерлі тон» шығармасына өзек болған. Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы», Әбіш Кекілбайдың «Шандоз» кітаптарында Есенкелді туралы, ұрпақтары жайлы айтылады.
– Орынбор мемлекеттік мұраға-тында, Астрахан, Алматы архивте-рінде Есенгелді Жанмұрзин туралы дерек өте көп. Есенгелді – өз зама-нында өте ықпалды, беделді тұлға болған. Мәселен, 1823 жылы Орынбор Шекаралық Комиссиясы жанынан орыс-қазақ қатынастарын шешу үшін Ерекше комиссия құрыл-ғанда, жалпы Кіші жүз атынан – Шерғазы хан, Жетірудан – сұлтан Медетқали Тұрдалыұлы, Әлімұлынан – Темір Ералыұлы, ал Байұлынан – старшын Есенгелді Жанмырзаұлы комиссия мүшесі болған, – дейді ғалым, тарих ғылымдарының кан-дидаты Жәнібек Исмұрзин.

Ел ішінде Есенгелдінің қисапсыз байлығы туралы аңызға бергісіз әңгі-ме көп. Солардың бірінде екі адам-ның «Есенгелдінің жылқысы көп пе, әлде Соналының сонасы көп пе?» деп дауласқаны айтылады. Даудың соңы – «Соналыға Есенгелдінің жыл-қысын әкеліп жапқанда, бір тайға сона жетпей қалуымен» аяқталады.
Жұрт арасында айтылатын «Есенгелдінің келініне қайыр сұрат-қан Құдайдан қорықпаса болмас» деген сөз де байлықтың баянсызын, мыңғырған мал – бір жұттық екенін көрсететін мысалға айналған.

Жергілікті басылым беттерінен «Есенгелді байдың зираты Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында» деген дерек көрген едік. Бірақ Сырым ауданы аумағында да «Есенгелдінің моласы» аталатын оба барлығын естідік. «Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, жақында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылдық округі аумағында жатқан осы жерге арнайы бардық.

Бізге жол көрсеткен Аралтөбе ауылының тұрғындары Жолдығали Өтеуұлы мен Баянғали Шыңғалиұлы ауылдан 2-3 шақырым жердегі үлкен обаға бастап келді. Кезінде шошақ мола болғандай, бүгінде құлап, биік төмпешікке айналған обаның үстінде ортасынан екіге бөлінген құлпытас жатыр. Төрт қырына түгел жазу жа-зылған ескерткіш белгінің құбыла бе-тіндегі жазу: «Әл-мархум әл-мәтбур әл-мабрур. Тана руы асан тайпасы Жанмырза ұлы Есенгелді тархан опат тоқсан үш жасында рамазан айының бірінші күні 1834 жылда. Бұл тасты қойды ұлы Жанкүшік мырза» дегенді көрсетті.
– Есенгелді байдың өз аманаты бойынша оны жылқысының жайылысына қойыпты. Осы маң «Есенгелді сайы», «Есенгелді тоғайы» аталады. Есенгелдінің құлпытасы 1950 жылдарға дейін тік тұрды. Ел-жұрт аруақты сыйлап, бет сипамай өтпейтін. Тың игеру жылдары біздің ауылға балалар үйінде тәрбиеленген бір топ жас жігітті алып келді ғой. Солардың бірі – Николай Грузных деген орыс 1957 жылы күзде сабантойдан шығып, мас күйінде әлгі құлпытасты шынжыртабан трактормен әдейі түйіп өтіпті. Құлпытас түбінен үзіліп, әрі ортасынан тағы бір сынып түскен. Картері жарылып, майы ағып кеткен трактор да сол жерде тоқтапты. Әлгі оңбаған Николайдың өзі кешікпей «Правда» совхозына ауысқан, сол жақта бастан ауырып кетіпті, – дейді 81 жастағы ауыл тұрғыны Жақып Шалабаев ақсақал.

Иә, Аралтөбе жұрты ел мен жер тарихын ұмытпаған екен. Шідерті өзенінің иініндегі үлкен аңғар – кезінде Есенгелді байдың сансыз жылқысы үйездеп тұратын жер көрінеді. Өлкенің өткен тарихын білетін адамға бұл өңірдің әр төбесі, әр сайы тарихқа толы. Болашақта «DANA.kaz» журна-лында Есенгелді Жанмырзаұлының өмірі мен қызметі жөнінде ғалым Жәнібек Исмұрзиннің зерттеуі жарияланатын болады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал-Аралтөбе-Орал
Суреттер автордікі

Қаралым саны 1210

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463