Ритон – күміс түтікше

Жәдігердің атауы – ритон (күміс түтікше). Ритон – су ішуге арналған ыдыс. Мүйіз пішіндес жасалған оның төменгі жағында аңның немесе адамның бейнесі салынған. Бұл ыдыс құрбан шалған кездегі діни жоралғы-ларды орындауға, сондай-ақ шарап ішуге арналған. Мұндай ыдыс – ритонның металдан, саз балшықтан, сүйектен, мүйізден нақышталып, өрнектеліп жасалған түрлері болғаны тарихтан белгілі.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Археология залында көрермен назарына aұсынылған ритон күмістен жасалып, алтын жалатылған. Бұл күміс түтік Орал қаласынан 45 км қашықтықта орналасқан Долинное ауылының маңынан 1967 жылы кездейсоқ табылған.

Күміс түтікше айрықша пішінмен көз тартады. Ол біздің заманымызға дейінгі V ғасырдағы Ахеменидтік Ираннан әкелінген болуы керек. Тұрқы қысқа мүйіз пішіндес, аузы жалпақша түтіктің малдың кеудесіне ұқсаған төменгі ұшы сүйірлене біт-кен. Малдың кеуде тұсына бұқаның басы тәрізді құйма орнатылған. Дененің төменгі бөлігі ғана сақталған, ал басы орналасқан үстіңгі жағын түтіктің аузымен бірге жоғалып қал-ған тәрізді. Мүйіздің сақталған бөлігі бірнеше жерден қатты бүлінгендік-тен, бейнеленген сюжетті бағамдап, қарап, анықтау қиынға түсті. Түтіктің жоғары жағына жолақ өрнек жүргі-зілген, оның тегіс жерлеріндегі кейбір сурет сол қалпында сақталыпты.

Бедерлі өрнектерден бүркіт-арыстан бейнелі жыртқыш аяқтарының төменгі жағы анық көрінеді. Шамасы, тұтастай аяғына емес, оның бір бөлігіне ғана алтын жалатылған болуы керек. Сәл оңға қарай, жолақшаның жіңішке тегіс бөлігінде тағы бір көрініс – тұяқтарын бүгіп тұрған теке сұлбасы көзге шалынады. Аталмыш көрініс иран-ахеменидтік әшекей-бұйымдармен қатар, сақ-скифтердің аңдабы мәнеріне тән. Сірә, текенің аяғының ұшы әлдебір жыртқыштың аузына ілінген тәрізді, оның басы түтіктің жолақ өрнекпен жалғасқан жазық тұсынан ішнара көрініп қалады.
Түтікте бейнеленген суреттің жалпы композициясы, сондай-ақ жеке бөліктерінің орындалу мәнері оны ахеменид заманындағы Иран бұйымдарының қатарына жатқызуға толық негіз болады.

Іңкәр ОРАЗОВА,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейі, экспозиция бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері

Қаралым саны 1602

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463