Үш қиян

...Адыра қалғыр, бұ қоныс
Қайырсыз екен азалдан.
Қайырсыз неге десеңіз,
Орақ, Мамай, Телағыс
Асан қайғы, Қазтуған
Қалған екен солардан.

...Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,
Адыра қалғыр, үш қиян
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Көпір салып өткен жер,
Асан қайғы, Қазтуған
Орақ, Мамай, Телағыс
Шораның шұбап кеткен жер.
Қабыршақты, Қарасу
Қанатымды залым қияр деп
Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып кешкен жер.
...Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып
Адыра қалғыр Аштархан
Әз Жәнібек хан салдырып,
Акылын кәуірге алдырып
Айласы құрып кеткен жер.
...Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Жайық пенен Еділден,
Сағыз бенен Жеміңнен,
Тастан көпір салдырып,
Тайсойған мелен Қарабау –
Мекен еткен жерлерің.
Шалқып жатқан көлдерің –
Дендерден бергі бауырдан
Қазтуған шұбап өткеп жер.
...Ақтөбе мен Қорғанша –
Асан қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
...Қарақұнан, Қалдыбай,
Жаңғызағаш, Жақсыбай,
Күлектің ұлы қарт Қожақ,
Естерек ұлы Тарғынның
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
...Қалдығайты, Бұлдырты,
Жер реңкін қарасаң,
Көдесінің түбі сайын бір жылқы,
Қарақыпшақ Қобыланды
Тұлпар мініп желген жер.
...Өлеңтінің аяғы,
Шідертінің қоспасы,
Аңқатының басы – Тасоба
Он сегіз жыл атысып
Орманбет бидің өлген жер,
Он сан ноғай бүлген жүр...

Мұрат МӨҢКЕҰЛЫ 

Қаралым саны 7938

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463