Тәубе...

– Сары қыз, шайдың орнын жинай салшы. Ал мен аздап демалып алайын, - деп баяғы әдетіне басқан Ұлболсын кереуетіне қисая кетті.

Орнынан еріне тұрған сары қыз:
– Жаным-ау, мен сенің бұныңа көнермін, ал ертең егер енең қасқырдың нағыз өзі болса ше? – өз сөзінен өзі қорыққандай әдемі көздері моншақтай дөп-дөңгелек боп кетті.

Пысық қыз мәселенің шешімін тапқандай кереуетінен атып тұрып:
– Сіз ол жағынан алаңдамаңыз. Ол қасқыр болса, мен түлкімін. Қасқырдың азуы мықты ма, түлкінің қулығы ма? - деп құрбыларына түлкідей қулана қарады.
Бұларды сырттай бақылап отырған Хадиша қолына кесені алып:
– Ұлеке, осы сенің қалжыңың бітпегіш екен, мен дастарқанды жиыстырайын, ал екеуің болашақ енелерің туралы қиялдай тұрыңдар.
– Иә, Хадиша қыз, менің қалжыңым түлкінің қулығындай бітпейді, - деп өз әдетімен қарқылдай күлді. Бұған қыздар да дуылдасты.

Артынан Ұлболсын ауыр күрсініп:
– Сіздер мені, бәлкім, түсінбессіздер, қыздар. Өйткені сендер нәзіксіңдер. Ал мен үнемі «ыр-р-р» деп тұратын сотқармын. Орнымен, әрине (қыз-дарға көзін қысып маңғазданады). Көкем қайтқаннан кейін, қыз болып наздануды да ұмыттық қой. Бір күнде мына нәзік қыз (өзін нұсқады) отбасының тірегі боп шықты.
– Ағаларың ше? - деді сары қыз бір үміт күткендей.
– Әнші ағаларымды айтасың ба?
– Қалайша? Ағаларың әнші ме еді, пәлі, үндемей жүріп сен де...
– Әрине, әзірше оларды көгілдір экраннан көре алмассыздар, - деді көзінің жасын сүртіп жатып.
– Неге? - сары қыз мұңдана, таңдана құрбыларына қарады.
– Бейнебаяндары жоқ.

Кейін анықталғандай, сөз етіп отырғаны – ащы судан ұрттап ап, әндетіп жүретін ағалары екен. Қыздар шек-сілелері қатып күлген.
Бәрі Хадишаның дәл бүгіндей есінде. Айға да қол созған асау жастық шақ... Лаулап жатқан жалын дерсіз... Біреуді жылытады, біреуді жалынымен шарпиды, біреуді аяусыз күйдіреді.

Аппақ қар үстімен аяңдай басып келе жатқан – Хадиша. Иә, аққұба, бойы ортадан сәл жоғары, шашын буа түйген сұлу Хадиша. Арулардың ішін күйдіріп, жігіттердің жүрегіне шоқ түсіретіндей келбетін айтсаңызшы. Үстіне киген ақ күртесі ақ ұлпаға оранған табиғат анамен ерекше үндесіп тұрғандай... Сұлу әлдекімнен жылулық іздгендей жас балаша маңайына жаутаңдай қарайды. Алайда әркім әлденеге асыққандай зулап барады. Анда-санда серілер көзінің қырын салып жылмыңдап өте берді. Ешкімнен сая таппаған сұлу көзін жерден алар емес. Жерде ақ ұлпа қар. Қаншалықты пәк, қаншалықты әсем. Осы пәктікке дақ түсіргісі келмегендей сұлу аяғын аса сақтықпен басты. Хадиша қорғаштап келе жатқан ақ ұлпаны дүңкиген еркек аяғымен таптай салды. Еркекке ашулы көзбен бір қарады. Еркек бұны байқамастан өте берді. Хадиша айыптыны жазалағысы келгендей ызалы жанармен еркектің артынан алыстағанша қарап тұрды. Айыбын сезген еркек жоқ. Мүмкін, ол жақсы адам шығар. Алайда, ол Хадишаға соншалықты жиіркенішті, соншалықты сұрықсыз боп көрінді.
Ол кезде де қыс болатын. Ерболмен танысқан кез. Қыстың қаһарын бой-жеткен сезбеді. Бәлкім, сезбеуі заң-дылық шығар. Пенде шіркін болмы-сынан мәңгілік сүйеніш болатын адал жарды аңсайды ғой. Егер кезіге қалса, қалтқысыз сенеді, жан сырын ақтарады, бар болмысымен беріледі. Осындай сенім, тәтті қиял Хадишаны да бәр сәтке тас соқыр қылды.

Ербол сырт қарағанда мінсіз көрінетін. Бір үйдің жалғызы. Қаланың асау серкесі. Білдей екі қағазы бар. Соңғы үлгідегі көлік. Кей сылқымдар қол жетпестерін біліп, «осындай жігітің болса арман не?» десті. Әрине, Хадиша бұның біріне де назар аудармаған. Ол Ерболға көзсіз ғашық еді. «Әркім сүйгенінің құлы» дегенді ұстап ап, сүйгенінің құлына айналды. Ерболды пір тұтты, табынды. Хадиша осылай бақыт құшағында қалықтап жүрді. Бұл екеуіне алынбас қамал жоқтай көрінді. Ербол да бақытты. Кезекті бір балықты қармағына түсіргеніне... «Бұл Хадиша жай балық емес, алтын балық қой, - деп қояды ішінен». Батыл Ұлболсын неге қорған болмады дейтін шығарсыздар. Ұлболсын ақыл айтпады емес, айтты. Бірде Хадиша Ұлболсынға:
– Ұлболсын, сен Ерболға тиісе бермесеңші. Еркек бас, әйел мойын екендігін білесің ғой. Мен Ерболдың сөзін екі етпеуім керек, - деп наз айтқанда
– Қалқам, Ерболдікі бас емес, тас қой, - деп қалжыңдағаны бар. Бұл қалжыңның астарын Хадиша түсінбеді. Әлде ғашық жанның опасыздығына көз жұма қарады ма?

Бойжеткен тіпті сабаққа бармайтын-ды шығарды. Анасының, құрбылары-ның тілін алмады. Бүкіл әлемнің бұлардың махаббаттарына неге тілеулес болмайтындықтарын ұға алмады. Өзін махаббат үшін күрескен кейіпкердей сезінді. Тіпті қарсы топқа құлақ аспағанда бойын қуаныш сезімі кернейтіндей. Ең алғаш шараптың да дәмін таттырған - осы Ербол. Бұрын Хадиша шарап ащы болса да, адамдар неге осы ащыға соншалықты құмар деп ойлаушы еді. Ал қазіргі сәтте шарап Хадишаның көңіліне жағып бара ма, қалай? Бойжеткеннің достары да көбейді. Әрине, олар Ербол арқылы біліскен, танысқандар. Себепсіз ұйымдас-тырылатын сауық-сайран, дарақы күлкілер, қағысқан рөмкелер – бәрі Хадишаға қызық көрінді. Бірте-бірте дұрыс көрінді.

Хадишаның көзі қашан ашылып еді? А, иә, Ербол бұған өзінің жымысқы, басында көздеген әрекетін асырмақ-шы болған түні. Жарынан опасыздық күтпеген бойжеткен сүйіктісінің бұл қылығын түсіне алмады.

Тағдыр бойжеткен қызға аяушылық жасады. Хадиша арыстанның азуынан қашып құтылды. Үйге дейін жүгіріп келгені есінде. Жолда бетін ақ ұлпа қармен жуып алды. Пәк ақ ұлпа махаббатқа масайраған ғашық жанды айықтырғандай болды. Әрине Хадиша, Ербол ұшыратқан мастықтан бірден айықпады. Жаралы жүректің жарасы бірден жазылмады. Ой түкпірінде сан мыңдаған сауал жатты. Өзін-өзі кінәлау, өзінен жиіркену ... Бәрін уақыт атты емші емдеді. Ербол да барын салды. У шашқан тілін пайдаланып, сұлуды біраз қинаған. Сұлу «маған қайта адам болмақ қиын шығар. Бәлкім, көндігу керек» деген ой арпалысы үстінде. Алайда Хадишаға періштесі «кірлеген жүректі тазартудың жолы бар. Ол – тәубе» дегендей болды да тұрды. Ол періштесіне құлақ асты.

Өткен өмірдің парағын тізбектеп келе жатқан сұлудың көзінен жас парлай жөнелді. Бұл қуаныштың жасы еді. Періштесіне құлақ асқанына риза болғандай «Тәубе, тәубе» деп күбірлей берді.

Қазір Хадиша Махамбет есімді жігітпен сөз байласып жүр. Махамбет десе, Махамбет. Соншалықты жігерлі, соншалықты саналы азамат. Бірде Хадиша одан:
– Ғашық жан неге сертке берік болмайды?, - деп сұраған.
Сонда Махамбет аса салмақтылық-пен:
– Мүмкін ол ғашықтық емес, құмарлық шығар. Құмарлық деген шарап сияқты дәмін бір татсаң, тата бергің келеді. Абайдың өзі айтпай ма, Хадишажан:
Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Махамбетті есіне түсіргені сол еді, жүзі нұрланып шыға келді. Өз-өзінен ұялғандай төмен қарап, еріксіз жымия береді. «Есуас адамша жымиғаным несі?» дегендей бойын тез жинап, алға қарай батыл адымдады. Алдынан «Тойота» темір тұлпары зулап өте шықты. «Мен сұлумын» деген сылқым қыздай көздің жауын алып жалт-жұлт етеді. Көліктің алдында екі жігіт, артында жас жігіт пен бойжеткен. Сірә, басты кейіпкер осы екеуі болса керек. Әлгі сері бой-жеткенге аш қасқырдай құмарлана қарайды. Қыз мұны сезді ме, сезбеді ме, қайдам? Әйтеуір, басын төмен шұлғып отыр. Хадиша ішінен «періш-теңді тыңда, періштеңді тыңда» деп қайталаумен болды. Одан басқа амалы да жоқ еді...

Қаралым саны 1281

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463