Көне Оралдағы әдеби бірлестік

Төмендегі суретті редакциямыз-ға ұсынған – белгілі өлкетанушы Амантай Боранқұл ағамыз. Сыртындағы жазбаға қарағанда сурет 1934 жылы 1 шілде күні түсірілген болса керек. Бір үстелді айнала орналасқан он адам «Орал облысының ақын-жазушылары, сыншылары, оқытушылары және белсенділері» деп жазылған. Ішінде Абдолла Жұмағалиев, Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков сынды ақындар және Ораз Исаев бар екені айтылады.

– Бұл суретті маған 1997 жылы Сырым ауданының Аралтөбе ауылынан Нұрсұлу Махметқызы деген адам хатпен жіберді, – дейді Амантай ағамыз. – Ол кісі саяси қуғын-сүргінге ұшырап жоқ болған Добашев Балтабай Нарымбайұлы деген ағайынын іздейді екен. «Менің әкем Махмет Нарымбай деген ағасының Балтабай (Балтабек болуы да мүмкін) атты баласын жиі айтып отырушы еді. Балтабай өте білімді, 1930 жылдардың басында Орал педагогикалық институтында оқыған, ақын-жазушылармен жолдас болған адам екен. «Сұрыпталған ұйым» деген спектакль қойғаны үшін айыпталып, сотталған. «Сот алты күн бойы Шаған сотында болды, алты күнде де Балтабай өзін-өзі ақтап шықты, соған қарамастан оны бір күнде алып кетті. Ол бала жоқ енді, оны «барсакелмеске» жіберді ғой» деп әкем жылап отыратын. Балтабай ағайдан қалған жалғыз естелік – осы сурет. Осы кісі немесе жанындағы жолдастары туралы бір дерек табылса, бізге хабарласса екен» депті өз хатында Нұрсұлу Махметқызы.

Көне суретті көрген кей кісілер сол жақтан санағанда үшінші отырған – Қажым Жұмалиев деген болжам айтуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов «Сол жақ шетте тұрған – анық Абдолла Жұмағалиев» деген пікірде.

Сексен жыл сарғайтқан суретті оқырман қауымға ұсына отырып, фотода белгіленген тұлғаларды анықтауға көмегі тиетін қандай да бір дерек күтеміз. Сондай-ақ тарихшылар «Сұрыпталған ұйым» туралы не біледі? «DANA.kaz» журналының өткен жылғы желтоқсан айындағы санында «Орал мұғалімдік институтының ішінде студенттерден құралған «Сұрпақбайлар» атты антикеңестік топ болғандығы» туралы айтылған болатын. Сол ұйымның ұшығы енді шыққандай ма? Бұл сурет қай жерде түсірілген? Сурет сыртындағы ғимаратты таныған кім бар? Оқырмандарымыздан хат-хабар күтеміз.

Қаралым саны 1062

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463