Тақымың қалай, жігіттер?!

Атам қазақ жасы ұлғайған кезде тек ақыл-есін ғана емес, «қойнындағы қалашын» да сақтап қала алғаны туралы дерек аз емес. Сонау жаугершілік заманда қазақтың саны жоғалмауы – «балақтан бала саулатарлық» қасиет біздің халқымызда ортадан жоғары болғаны туралы тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Бұның сырын тағы да салт-дәстүрден іздейміз. Біраз адам қазір бұрынғылардың белдік қуатын етпен, қымызбен байланыстырады. Мен бұны түбегейлі жоққа шығармағанымен, бұл мәселеде шешуші роль – ет пен қымыз емес, осы қасиетті ас сусынның көзі – жылқы екені туралы пікір білдіргім келеді.

Жылқыға күнделікті міну, басқа табиғи жағдайларда дамыту мүмкін емес дерлік, аса маңызды бұлшық еттер-сіңірлер тобы – тақымды дамытады. Ал аттан аунап түсіп қалмайын деген талпыныстан тастай болып дамыған тақым, өз кезегінде, қарауындағы бүкіл маңызды органдар: қуық, бүйрек, тік ішек және біздің әңгімеге етене жақын еркектік без – простатаны формасын жоймай, қуысынан ауытқытпай белсенді, тонусы жоғары қалыпта ұзақ ұстауға зор себебін тигізеді.

Жаңа ғана айтып кеткендей, күнделікті тірлікте, не отырып тұру, ұзақ жүру сияқты кәдуілгі қарекет-қимылдар арқылы тақымға күш түсіру, яғни дамыту мүмкін емес. Әрине, «Лег Мэджик» сияқты тақымды дамытатын арнайы тренажерлер бар, алайда табиғилығы мен ләззаты жағынан жылқыдан артық тренажерді ешкім ойлап тапқан жоқ, сірә, таба алмас та! Жылқының жалына қол тигізгеннен басталатын ауызбен айтып жеткізе алмайтын күй, желігеннен басталатын желік қанша жеткіншекті есірткіден, суицидтен, неше түрлі жыныстық азғындаулардан сақтап қалар еді деп ойлап қоямын. Жер бетінің еркек кіндіктісінің жарымға жуығын жерге қаратып жүрген простатиттің себебі ретінде ғалымдар салқын тию, жамбас қуысында қан айналымның баяулауы (застой), стресті атап жүр. Ал қолданылатын ем-домның алдыңғы қатарында массаж бен физио-емшаралар тұр.

Сөйтіп, біздің жылқы өзінің табиғи қызуы мен үйкелісінің әсерінен емшараның екеуін де біріктіріп, кірген суықты қайтарып, қан айналымды жақсартып, простатиттің алдын алып, бастала бастағанының бетін қайтара алады. Ал стреске келсек, бұл тұрғыдағы атыңнан айналайын жылқы түлігінің әлеуетін (Қамбар атаның жатқан жері жарық болсын!), менің орныма, емі жоқ деген аутизм, ДЦП, даун дерттеріне шалдыққандар жүгінетін иппотерапия ілімі айтып берсін!

Реті келгесін айтып қалайын, қазақтың қазіргі қалталы азаматтары осы бақуатты күйіне ең әуелі өзінің еті тірілігінің арқасында жетті дегеннің өзінде, олар қоғам алдында қарыздар. Олар жылқыға қатысты салт-дәстүрді жаңғырту, бір сөзбен айтқанда, жылқы культін қалыптасты-ру арқылы қоғам алдындағы әлеу-меттік қарызынан біраз құтылар еді деп ойлаймын. Мен «жылқы культі» деген ұғымға қымыз ішу, соғымға жылқы сою, жалпы өзге етке қараған-да жылқы етін барынша жиірек тұты-ну, көкпар, аударыспақ, ат жарыс, тағы басқа жылқыжанды іс-тірлікті жақсы мағынасында сәнге айналды-руды кіргізіп тұрмын.

Мен неге бұл жерде сөзімді қалталы азаматтарға арнап отырмын? Бірін-шіден, бұндай тірлік сәнге айналу үшін онымен міндетті түрде беделді адамдар айналысуы керек. Ал қазіргі заманның геройлары (ешқандай мысқылсыз) кімдер? Әрине – байлар. «Тегін адам таз болмайды» дегендей, бай болу үшін де тәуекел, еңбек, бір сөзбен айтқанда, мінез керек. Және бұл мінез жұртқа оғаш «қазақбай-ский» тірлікті бастаған кезде өте-мөте керек болады. Екіншіден, жылқы культін жаңғырту әжептәуір ақшаны талап етеді. Үшіншіден, матери құндылықтарға қол жеткізген байлар ғана саулығымен шындап айналыса алады. Осылайша байлар бастап, қоғамның қалған бөлігі қостаса, жылқының арқасында деніміз сауығып, рухымыз құлпырып, бір өрлеп қалар едік!

Бұл жерде кейбір замандастар «өй, бұның бәріне уақыт қайда?» деп уәж айтуы мүмкін. Иә, уақыт деген – аса қат категория. Алайда сауна-сыра-ханаларда сағаттап отыруға, картаға күн-түндеп мөлиюге, байкерленуге, компьютер ойнауға, сериал қарауға жететін уақытты жылқыға келгенде жер жұтып кете ме? Жылқыға қатысты салт-дәстүрді жаңғырту – маған, сізге, елге керек іс! Ойланыңыз.

Сізге және ата-бабалар салтына
деген құрметпен
Нұрлан ҚУАНЫШҰЛЫ,
дәрігер-гигиенист

Қаралым саны 2179

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463