«Шынжыр балақ, шұбар төс»

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Бірден айту керек, бұл тұрақты сөз тіркесі қазақ пат-шалық Ресейдің қол астына өткеннен кейін пайда болған. Дәлі, Ілияс Жансүгіровтың «Кәнпеске» деген өлеңінде айтылады:

Қабыр қазды, ақтарды,
Алтынды тең, түйіншек,
Алтын, асыл, күміс көп,
Алды тауып тыққанды,
Шынжырлы шен, шұбар тон.
Әрі қарай оқиық:
Қолында медаль айқайлап,
Өкіл сөзді ағытты:
– Ей, еңбекші ел, еңбекші ел,
Осыны не демекші ең,
Танырмысың бұл жезді?
Боларсың мұны танитын!
Ескіден белгі ежелгі,
Жауланғанға жеріңді,
Талағанға еліңді
Патша мақтап таққан жез,
Медаль болса – бұл мерез,
Мерез болса – ішмерез.

Енді айтпай түсінікті болған шығар, мойынға ілетін шынжыр балақты медаль, құндыз, жанат терісінің теңбіл шұбары төстігіңе дейін келетін, иығыңа құрметтеп ұлық ілген ішік тон.

Ресми элиталық ортада жиі кездесетін «этикет», «протокол» ұғымдары қазаққа таңсық болмағанын 2010 жылы жарық көрген Ш.Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағының 5-ші томынан оқып білуге болады. 1782 жылы атасы Уәлиді Орта жүздің ханы етіп бекіту және оны ант беруге әкелу салтанатының рәсімі, бүгінгіше айтқанда «инаугурациясының» мән-жайы, яғни «сценарийі» тәптіштеліп түгел жазылған. Жаңағыдай мойынға медаль тағып, иыққа бұлғын терісін ілу – ұлықтау шартының бұлжымас қағидасы. «Шынжыр балақ, шұбар төске» Заңмен қорғалатын едәуір жеңілдік берілген. Солай болғандықтан, «әу» баста мақтаныш ретінде қолданылған, «жеті атасынан хан» деген сөз, сол дәуірдегі мадақ айтыстарда жиі ұшырасып отырады.

Кеңес дәуірінен кейін, әлбетте, «елге тізесін батырған, қалың бұқараны қанаушы бай-манап, шонжар тұқымы» деген сияқты жағымсыз мағынаға ие болады. Қазіргі сөздіктердің барлығында дәл осылай беріледі. Оған алмағайып тарихи кезеңдегі әдебиет тілі де аз қызмет жасаған жоқ. Бұл күнде тілдік қорымызда бар, бірақ, мағынасын әбден мүк басқан, мүлдем қолданылмайды десе болады.

Тіпті «шұбар төсін» оп-оңай жыланға балап, алғашқы буынындағы «шынжыр балақты» бүгінгінің «рокері» сияқ-ты шалбардың балағы деп түсініп жүргендер болуы да ықтимал.

Қаралым саны 2174

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463