Бір тілек

Сырттан ұлыған желдің дауысы естіліп жатыр. Әлі келер қиқымды оңды-солды ұшырып әлек. Көшеде жан жоқ. Адамдарды да үйлеріне қуып тыққандай. 

Eш ермегі қалмаған есер жел пеш мұржасынан ішке еніп, ата-ана-сы үйге кілттеп кеткен бала-шағаны шуылымен шошытуда. Одан жалықса ауылдағы тозығы жеткен ескі үйлер-дің есік-терезесін ұрғылап, шатыры-ның шетін көтеріп, қожайындардың мазасын алады. Үйін жөндеуге дәрмені жоқ баяғы Жанас атайдың тозығы жеткен тамының балшығын ұшырып, баласының жоқтығын бетіне басып жүр.
Терезеден сыртқа телміре қарап отырғаныма қанша уақыт болғанын білмеймін. Күндегі әдетім осы. Сабақтан келіп, тамағымды іше сала бойым жетпеген терезеге ескі ағаш орындықты сүйеп, сыртқа қараймын. Ағаштарды, құламай тұрған үйлерді санаймын. Көзіме көрінгеннің бәріЕш н санай беремін, сосын бәрін бір-біріне қосып, көбейтіп әлек боламын.

Бұл үйде анам екеуміз тұрамыз. Анам тігінші. Күні бойы жұмыста. Түсте сабақтан шығар уақытта мектепке соғып мені ала кетеді, тамағымды беріп, қайта аттанады. Ол есіктен шыға сала мен күндегі орны-ма жайғасамын. Есікті ешқашан құ-лыптап көрген емес. Құлып бізде жоқ та секілді. Есікті сыртынан ілмесе де мен бала болып сыртта ойнаған емеспін. Ойнайтын құрбыларым да болған емес. Ешкіммен достасуға тырыспаймын. Тырысып көргем, түк шықпады. Сол достыққа өзім де көп сене бермеймін. Көрші Назгүл апаның қызы Айдана жақындап кетсең: «Қыздар, дабай, біздің үйді жинап жарысайық. Әрқайсысымыз бір бөлмеден аламыз. Кім қиқымдарды қалдырмай жинаса, сонымен дос боламын» - дейді. Өз басының ғана пайдасын ойлайтын адамдарға жыным ұстайды. Үйде жалғыз, біртоға боп өскендіктен бе, біреуге тез бауыр басып, үйренісіп кету мен үшін өте қиын. Жанымда күні бойы бірге жүрсе де өтірік күледі, өтірік сөйлейді. Анам тіккен әдемі көйлектерім үшін ғана дос бола салады. Білем, тек қана сол үшін.

Жанар бізбен көрші тұрады. Анасы – мұғалім. Бізге орыс тілінен сабақ береді. Әкесі өте шебер адам. Ауылдың бар техникасын жөндейді. Ол кісіге ешкім еңбегі үшін ақы төле-ген емес. Оралған газетті қолтығына қыстыра салады. Сол күні көрші үйде ұрыс-керіс, айқай-шу, қырғын төбелес. Ащы айқай, жылаған дауыс. Бұндайда бәрінің құлағы керең. Айсұлу апайға ешкім араша түспейді. Қайта осы «соғыс» немен тынар екен деп бақылайтын сыпсың сөз, сықсың көз көбейеді. Ертеңгі күні Жанар да, Айсұлу апай да сабаққа келмейді. Біреуінің қорқып жылағаннан көзі іскен, екіншісінің жеген таяқтан көзі көгерген. Сол күні түні бойы Жанарды аяп шығамын да, келесі күні оған қызығамын. Себебі оның әкесі бар. Мейлі қандай болсын, бірақ әкесі ғой. Сонысымен іштей мақтанып, мұрнын шүйіретінін білемін. Сол үшін де онымен дос болғым келмейді. Бірге ойнай қалсақ, әкесінің сабағына көмектескені, не сынған сағатын оң-дап бергенін, анасының қысқы етігін тігіп бергенін де естігім келмейді.

Мен әкемді ешқашан көрген емеспін. Мен дүниеге келген соң олар ажырасып кеткенін, әлдеқашан түйе бағуға кеткенін әжем айтқан. Үйде әкем туралы әңгіме қозғалмай-ды. Сондықтан оны бірте-бірте бәрі ұмытып кеткен секілді. Тек менен басқасы. Мен оны әрдайым күтетін-мін. Қиялыммен әп-әдемі суретін са-лып та алғанмын. Дөңгелек, күлім-дейтін жүзі, толқынданған шашы, бе-тінде мен секілді секпілі де бар. Анам мені кішкентай деп ойласа керек, ол туралы ештеңе айтпайтын. Мен сұра-маған соң ба екен, әлде? Мен сұра-сам, анамның кірпіктері жиі жұмы-лып қиналары, жасымен жүзін ғана емес, жастықты да дымқылдауы әбден мүмкін. Не тігін машинасының дауысымен естімегендей болып, тұншыға жылайтынын да білемін. Тықы-тықы-тықы... Көз жасы тігін машинасын бойлай маған тігіп отырған әдемі көйлектеріме тамып жатқанын талай көргем. Үстіме киген әдемі көйлектерімде анамның қанша жасырын жасы бар екені қайдам, әйтеуір көп екені анық.

Ертең менің туған күнім. Мен оны ешқашан атап көрген емеспін. Сыныптағы қыздар бүлініп, алқа-мон-шақ тағынып, ерекше сыланып, қала берді үй төріне үлкен дастархан жайып жасайтыны бар. Әркім тұрып тілек айтады. Құлаққа жағымды, жоқ жаттанды деген дұрыс шығар. Сый-лықтарын сыйлайды. Жай күндері бет жыртысып, шашымызды тартып, кітабымызды жыртып жүретін бала-лар құдды театр әртістеріндей. Бәрі сыздия қалады. Көрші ауылдан кел-ген қонақ болса, неткен тәрбиелі ба-лалар деп таңдайын тақылдатып ке-туі мүмкін. Күлкілі емес пе?! Жасан-дылыққа жыным ұстайды. Сондықтан осындай театрланған көрініске бару-ға белсенділік танытпаймын. Қырық сылтау айтып, бармай қаламын. Артынан өздері де үйренді, шақырмайтын болды.

Ас үйдегі дыбыстан анамның не дайындап жатқанын білуге болады. Себебі, бәрі әдеттегідей. Көкөніс салаты, өрік қосылған пирог, қолдан пісірілген вафли, қаймақ жағылған құймақ, кәмпит, печенье, ауылдың жалғыз дүкенінен сатып алынған торт. Келетін қонақтар да белгілі. Қырдағы нағашым мен жеңгем, көрші Айсұлу апай, мамамның досы Ләйла апай. Менің әкеммен басқа асыға күтер жанның бірі – нағашым. Жеңгем екеуі қырда жекенің малын бағады. Ауылға көп қатынай бермей-ді, яғни сағындырып жүреді. Шөбі шүйгін, суы тұщы Шідерті өзені жаға-сында екі бөлмелі барақ үйде жазғы демалысымда талай болғанмын. Дүкеннен қажетті заттарын алуға келгенде анама қолқа салып, мені өздерімен ала кетеді. Жалғыз қыз болғандықтан, анам мені ұзатып ешқайда жібермейтін. Тек нағашыма келгенде дәрменсіз. Әлде балалары болмаған соң аяй ма екен, мені сан мәрте тапсырып әрең жібереді. «Жылан шағып алмасын, маса талап тастамасын, түнде ашық қалмасын, өзенге құлап кетпесін» деген сөздер-ді нағашым мен жеңгем жаттап та ал-ған шығар. Анам ғана емес нағашым-ның балаларының жоқтығы менің де жаныма батады. Мейірімі мол, бала-жан, ақкөңіл адамдардың баласының болмауы сәби санама сыймайды. Келерімді естіген жеңгем әзірлікке кіріседі. Жеп көрмеген неше түрлі тәтті тағамды пісіріп, құрақ ұшып жүреді. Үй мен түздің шаруасы біте ме, нағашымның қолы босамай жат-са атты ерттеп, егіндіктен мал қайы-рып, сояр қойды алдына өңгеріп, өзенге ау салып, көрші малшыларды қонаққа шақырып... үлгеріп жатады. Күн ұясына қонар сәтте буы бұрқыра-ған сары самаурын жанында бір от-басындай болып отырамыз. Мен тек осында ғана бар мұңымды, сағыны-шымды ұмытып, шынайы күле ала-мын, еркін сөйлеп, еркелей де ала-мын. Өзімді анам мен әкемнің жа-нында отырғандай сезінетінім рас. Осы сәт ұзаааақ-қааа созылса екен деп тілейтін едім сонда. Бір кезде нағашым қолына қоңыр домбырасын алып, қоңыр әуенмен бар даланы тербетеді. «Ай, ахау сабаз, Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ау.» Айнала тыныштыққа оранады. Бақылдауық бақаның да, жөнсіз үрген иттің де дауысы естілмейді. Тек жеңгемнің ауыр демі, нағашымның дірілдеген дауысы ғана естіліп жатады. Үлкен адамның жанарына жасырынған жасты байқау мен үшін қиын емес. Анамның мұңлы жүзін, жасқа шылан-ған көзін, маңдайына тереңдей түс-кен әжімдерін оқып үйренгенмін. Мүмкін солар мені ерте есейткен де шығар. Дәл сол кезде орнымнан ұшып тұрып нағашымды құшақтап, бала қолдарыммен жасын сүртіп, жұ-батқым-ақ келеді. Әттең, жасықпын. Бойыма батылдық жетіспейді. Жал-ғыз болып өссем де, ерке, шолжаң болмадым. Айтар сөзім мен қылы-ғым анамды уайымға салмасыншы, мұңаймасыншы деген тосқауылдар бойымдағы батырлық пен батылдық-ты жонып, жаншып тастағандай. Осы кезде жыл сайын қазақ тілінен жаза беретін «Кім болғым келеді?» шығар-масы есіме түседі. Сол кезде кім боламын деп жазғаным есімде жоқ, бала қиялы ұшқыр ғой, жыл сайын емес, күн сайын әрнені аңсап, арман-дайсың. Соған сәйкес мамандығың да өзгеріп жатады. Ал сол шығарма-ны биыл жаздырса, ойланбастан сиқыршы болғым келеді дер едім. Нағашыма тоқпақтай ұл сыйлар едім, ал өзіме... Осы кезде тынысым тары-лып, өңешіме тас тығылғандай күй кешемін. Сағынышымның өзіммен бірге есейіп, бойжетіп келе жатқаны-на зығырданым қайнайды. Менің де алаңсыз ойнағым, риясыз күлгім, жасқанбай, ешкімнен тығылмай жылағым келеді. Кеудесінде тіршілік белгісі бар жан алыс ауылда кішкене қызының қалғанын ұмытуы мүмкін емес қой...

Туған күнімде жанымдағылар: «Тілегіңді ішіңнен айтып, шамдарды үрле» деп жатады. Тек бұл күні ғана емес жаңа жылда да, қадыр түнінде де, әр түн сайын айтар әжем үйрет-кен дұғада да бір тілек, бір сағыныш, бір арман ғана орын алған. Ол – әкемді көру. Анам да бақытқа әбден лайық жан. Бар өмірін ауыр күрсініп, қайғыра өткізгенін, қиналған сәттерін тігін машинасының дауысымен жасырғанын қаламаймын.
Бұл әлемде бар болсаң, өтіне-мін, әке, оралшы...

Қаралым саны 1468

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463