Жаңбырлы түн

Жаңбырлы түн

Қараша ауыл бой тасалап дүрсілден,
Маусым. Жауын. Кеуделерге мұң сіңген.
Айсыз аспан алабұртқан арудай,
Көкірегі жасқа толып күрсінген.

Хақ тағалам пендесіне дархан-ақ
Өткен күндер өкінішін арқалап.
Сәлден кейін басылар деп ақ жауын,
Тұра кеттік қолшатырды қалқалап.

Тыныштыққа тұрған кезде түн ұйып,
Жабырқаған жүрегімде жыр иіп.
Саған ұзақ қарай бердім сұқтана,
Ал сен болсаң сыр бермейсің жымиып.

Бара жатыр баяу ғана түн сырғып,
Мына сезім жібере ме мұңшыл ғып?
Жарамызға тұз сепкендей түн келіп,
Арамызда мұңаяды үнсіздік.

Саған арнар жыр – лебізім, сый – әнім,
Қара жаңбыр қайғысындай қиялым.
Сыймасам да сендік сәби жүрекке,
Мына түннің құшағына сыямын.

Маған қарап танытпадың онша түр,
Алдымызда біздің қандай жол жатыр?
Екеумізді жаурамаса екен деп,
Жауын суын сіміреді қолшатыр.

P.S. Тыя алмады аспан неге жасты бір,
Көздер ғана бір-біріне шашты нұр.
...Жүректерін алмасыншы жауратып,
Қолшатырдың астындағы қос ғұмыр.

Қаралым саны 1264

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463