Отызыншы жылдары Оралда ұлтшыл «Сұрпақбайлар» ұйымы болды ма?

«DANA.каz» журналының сүйінші (желтоқсан, 2012 жыл, №1) санында жалпақталдық жастардың кеңестік тотаритарлық билікке қарсы құрылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы және оның мүшелері туралы тың деректер жарық көрді.

Менің назарымды осы журналдың ортаңғы бетіндегі «Көне сурет» айдарымен берілген Орал педагогикалық институтының оқытушылары мен студенттерінің 1934 жылғы 6 наурыз күні түскен суреті аударып отыр. Бұл сурет жоғары-дағы оқиғаға тікелей қатысы болмаса да, тарихтың тылсым беттерін ашуға септігі тиер бағалы фотодерек екенін атап көрсеткім келеді. Осы фотосуреттің ең жоғарғы бағанасын-да Хамзин деген студенттің фотосуреті тұр. Оған журналда: «12. Хамзин – (тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, Хамзин деген оқытушы Орал пединститутында қызмет істеп, 1971-1976 жылдар аралы-ғында психологиядан сабақ берген. Сол кезде ол кісінің жасы 60-қа таяп қалған» деп анықтама беріліпті.

Көзіме бірден оттай басылды. Таныс бейне. Иә, бұл сол жетпісінші жылдардың орта шенінде бізге де психологиядан сабақ берген Науша Хамзин деген оқытушы. Етжеңді, сабыр-лы, ақсары, әзілқой, мінезге бай, кеңпейілді адам еді. Сол кезде зейнет жасына келіп қалған ұстаз студенттерге айрық-ша мейірімді болатын. Ешкімге дауыс көтермейтін. Лекция-сын байыппен оқитын. Жастар оның кеңпейілділігін пайда-ланып, кейде сабақ үстінде ауа жайлылыңқырап кететіні де бар. Ондайда ұстаз ашуланып, тәртіпке шақырудың орнына, әлгі дүрмекке өзі де қосылып, әлденені әзілге шаптырып, жастардың назарын өзіне аудартып, аудиторияны көңілден-діріп қоятыны да бар еді. Міне, психолог! Өзінің де, басқа-ның да жүйкесіне жүк түсірмей, сабаққа кедергі келтіретін жағдайдың түйінін ешбір қиындықсыз тарқатып жібереді. Ол кісінің емтихан, зачеттары да жаймашуақ, жеңіл өтеді. Ешкімді құлатпайды, кейбір оқытушылардай артынан шә-кірттерін қуалатып қоймайды.

Ол жылдары психология пәнінің қазақша оқулығы тапшы, бірлі-жарым оқулықтың өзі қазақшаға қате аударылғандық-тан ба, терминдері ауыр, сөйлемдері мен мағыналары ұғымға күрделі болып келетін. Сондықтан қазақ тіліндегі бірден-бір жатық қайнар көз – ұстаздың дәрісі еді. Сол себепті де болар, оның орнын институтта ешкім алмастыра да алмайтын. Өзі би, өзі қожа, жайсаң бір жан еді.

Сол бір жұмбақ ұстаз туралы ол кезде басқа дерегіміз болған жоқ. Бертін келе журналист, жазушы қатарына қосылып, ақтаңдақ жылдар бетін ақтара бастағанда ұстаздың сонау отызыншы жылдардағы ұлттық қозғалысқа қатысы болғандығы туралы тиіп-қашты ауызекі әңгімеден ести бас-тадым. Оның сол жылдары мемлекеттік қауіпсіздік коми-тетінің кәріне ұшыраған «Сұрпақбайлар» қозғалысына қа-тысып, қуғындалғаны туралы әңгіменің ұшығын институт-тың байырғы оқытушылары оқырмандармен кездесулерде айтып қалып жүрді.

Тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Жақсығалиев біз кө-теріп жүрген «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы-ның жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы санында жарық көрген «Он тоғызында оққа байланған» атты мақаласында: «ҰҚК Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатынан біздің назарымызды аударған қызықты тарихи дерек табыл-ды. 1942 жылғы 2 наурыздағы тергеу кезінде С.Шорабаев: «Орал мұғалімдік институтының студенті болып жүріп, инс-титут ішінде студенттерден құралған «Сұрпақбайлар» атты антикеңестік топтың бар екенін естігем. Бұл туралы маған Ғалиасқар Қосанов (С.Шорабаевпен пединститут жатақха-насының №61 бөлмесінде бірге тұрған 4 курс студенті – ав-тор) айтты. Осы әңгіме Советская-125 көшесіндегі мемлекет-тік пединститут жатақханасының №61 бөлмесінде болды. Менен басқа бізбен тұратын студент Мағын Демжанов та сол кезде бөлмеде отырған еді. Бұл әңгіме неден пайда болғаны есімде жоқ» – деп жауап берген (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұ-рағаты (бұдан кейін ҰҚК БҚОБМ) №П 3545, іс №3789, т.1, 143-парақ). Ал тергеушінің антикеңестік «Сұрпақбайлар» то-бының құрамын және басшысы кім екенін білуге қызығу-шылық таныттыңыз ба? – деген сұрағына Сайдолла: «Жоқ», - деп қысқа қайырған. (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 144-парақ). Бұл тарихи деректен біздің байқағанымыз – сол кез-де Орал педагогикалық институтында «Сұрпақбайлар» атты ұйымның болғандығы.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін тағы бір фактіге жүгінейік. 1942 жылғы 3 маусымда Әнесов пен Шорабаевты тергеуші-лер жүзбе-жүз жауаптағанда, Ғұбаш былай деген: «Шорабаев өзі 1936-37 жылдары Алматыда байланысшылар курсында болғанда курсанттардың бірінен (Мұхамбетжанов) Орал пединститутында контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның барын естіген, бірақ НКВД органдары оны өз уақытында жойған болатын.» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 622-624 парақ). Әнесовтің берген жауабын Шорабаев толығы-мен қуаттаған. Жоғарыда келтірілген мұрағат құжаттарынан шығатын қорытынды біреу: ҚХҚО-на дейін де Оралда сту-денттердің антикеңестік ұйымы өмір сүрген. Бәлкім, Ғұбайдолла 1942 жылы 30 қаңтарда НКВД жендеттері жа-уаптағанда басқа да алаш азаматтарына зиянын тигізбес үшін осыдан алты жыл бұрын көз жұмған туысқаны Сатымовқа барлық кінәні ысырып, оларды тасалады ма екен?!. Ол жағы бізге беймәлім» деп жазғаны көзі қарақты оқырмандардың есінде болар.
Кейінгі кезде Жаңақала ауданындағы және Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқырмандармен кездесулер-де аға ұрпақ өкілдерінің ауыздарынан «ұрпақбайшылар», «сұрпақбайшылар» туралы әңгімелердің ұшығын құлағым шалды. Індете сұрастырғаныммен мәселені анық ажыратып айтқан ешкім болмады.

Мұндай әңгімелердің ұшығын Орал педагогика институты-ның ертеректегі түлегі жаңақалалық Т.Сәрсенғалиевтің, осы институттың байырғы түлектерінің бірі, сексеннің сеңгірін-дегі ардагер-ұстаз М.Жолдықайыровалардың әр жолғы кездесулерде шет жағалап айтқандарынан аңғардым. Бірақ олар да ашып айтпай, көмескілеу сыр аңғартты. Сондай әңгімелерден түйгенім:
Отызыншы жылдары Орал педагогика институтында фамилиясы Сұрпақбаев деген жігіт Алаш идеясын таратқа-ны үшін ұсталып, жазаланады. Тіпті студенттер арасында «сұрпақбаевшылар» деген тұтас бір ағым немесе ұйым да болғандай. Кейін Сұрпақбаевпен пікірлес болған, үстем тап әулеттерінен шыққан бірнеше студент қуғындалып, оқудан шығарылады. Солардың бірі – тамаша математик Науша Хамзин деген азамат екен.

Наушаның азаматтығы мен білімдарлығын институт қа-бырғасында жүргеннен білетін, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті маманы, осы институт түлегі Ғабдрахим Әбуханов сол отызыншы жылдардың бедерінде Жымпиты ауданына оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып барғанда маманды-ғы бойынша қызмет берілмей шеттетіліп жүрген Наушаны тауып алып, мектепке мұғалімдікке орналастыруға тәуекел етеді. Олардың институт қабырғасында жүргенде таныс-тығы болды ма, жоқ па ол жағы бізге белгісіз.
Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Ғабдірахим Әбуханов өз пәнінің білгірі, өте білімдар, аса парасатты адам еді. Ол қолдаған талантты жас ұстаз Н.Хамзин тез арада қызметінің нәтижесін көрсетіп, білімінің озықтығын байқатады. Кейін облыстық білім бөліміне жоғарылайды. Бірақ қырағы НКВД Наушаны әріге ұзатпай, тағы да қағып түсіреді. Бұл кезде абырой бол-ғанда ұстаздар қауымдастығына әбден танылып қалған, білімі жөнінен ешбір кінаратсыз, мінезі жайсаң оқытушы мүлде жұмыссыз қалмайды. Мектептер оның жай мұғалім болып келуіне қуана құшақ жаяды.

Ғ.Әбухановтың текті әулеттен екенін институт қабырға-сында жүргенде құлағымыз шалған. Бай ұрпағы болғаны үшін кеңес үкіметінің тоқпағына ұшырап, қуғын да көргенін де естігенбіз. Оның Наушадай азаматқа бүйрегінің бұруын-да қандай сыр жатқаны бізге белгісіз. Білімін, әлде ұлтжан-дылығын бағалаған шығар. Рух, көзқарас бірлігі болуы да әбден ықтимал. Қайткен күнде де отызыншы жылдардағы балғын жас, жетпісінші жылдардағы жайсаң ұстаздардың ұлттық рухын әлдебір көзге көрінбейтін жұмбақ сыр жалғап тұрғандай болады да тұрады. Бірақ бұл азаматтардың қай-қайсысының да «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», немесе «сұрпақбайлар» ұйымына қатысы еш жерде айтылмайды. Әңгіме біз зерделеген жасырын жастар ұйымының басқа аc-тыртын ұйымдармен байланысы болды ма деген сауал төңі-регінен шығып кетіп жатыр. Ізденсе, зерттей түссе, ақтаңдақ жылдардың астарынан ұлттық мүдде үшін талай інжу-мар-жан ақтаруға болатындай. Жоғарыда аталған сирек кезде-сетін фотодеректегі әрбір тұлғаның тағдырының өзі кілтін тапса, талай сырға қанықтырар еді-ау деген ой келеді.

Аманкелді ШАХИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қаралым саны 1084

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463