Қыпшақ жауынгерінің қару жарағы (ХІ-ХІІІғғ.)

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Алтын орда» залының нақ төрінде ежелгі қыпшақ жауынгерінің қару-жарағы қойылған витрина тұр. Қасында семсері жатқан осы мүрдеге қараған сайын ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің «Суырылмай қалған семсер туралы» деген өлеңі еріксіз ойға оралады.

Табытта оның иесі
Оралда, музей үйінде
Қалпында қаңқа жүйесі
Қаусаған сүлдер күйінде.
Басында болат дулыға,
Үстінде сауыт баттасқан
Жанында сан жыл булыға,
Семсері жатыр тат басқан.
Көмілген солай сол адам
Мен өскен жаугер өңірде... деп ақын қыпшақ жауынгеріне жыр жолдарын арнапты.

Осындай өлең жолдары арналған қыпшақ жауынгерінің мүрдесін 1969 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы Батыс Қазақстан облысының аумағындағы Сантас жонындағы обаларға жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде тапқан. Шалқар көлінің маңындағы Сантас жонынан табылған ежелгі қыпшақ жауынгерінің мүрдесі диаметрі 5 м, биіктігі 0,2 м боларлықтай № 12 Шалқар – III қорғанынан табылған.

Міне, осы 180 см тереңдікте ағаштан жасалған төсеніштің үстінде, басын оңтүстік-оңтүстік батысқа беріп жатқан жауынгердің сүлдесі табылған. Ол бүкіл қару-жарағымен бірге көмілген. Жауынгердің бет жүзі металдан жасалған, дөңгелек пішінді көзге көруге арналған тесігі бар бетпердемен жабылған. Бетперде өте жұқа, жұмсақ, ақшыл металдан (шамасы сапасы төмен күміс) жасалған. Жауынгер үстіне сауыт кигізілген. Сауыт бір-біріне жалғасқан металл пластиналар арқылы құрастырылған. Сауыттың иық жағы жалпақ пластиналардан жасалған, ол иыққа погон секілді орнатылған. Сауыттың бел пластиналары кеуде жағындағы және төменгі жағындағы пластиналарға қарағанда үлкендеу. Сауыттың жасалған материалы бетперденің материалымен бірдей. Темірден және сүйектен жасалған жебелер ұштарымен бас жағына қаратып қойған. Қасында үлкен дөңгелек бет жағын жұқа күміспен қаптаған қаңылтыр умбон-белгісі жатыр. (d-9,5см). Жауынгердің сол жағында ұзындығы 120 см, тұтқасы 15 см болатын, түзу айқасты семсер жатыр. Оң жақ бөлігінде сүйек жапсырмалары бар үлкен садақ қойылған. Садақтың ұзындығы шамамен 1,25м болған. Зерттеу барысында жерлеу дәстүрінің ерекшеліктеріне қарап бұл мәйіт оғыз-қыпшақ жауынгері болуы мүмкін деген тұжырым жасалды.

Гүлмира ҚАУЛАНОВА,
БҚО тарихи-өлкетану музейі
қор бөлімінің меңгерушісі

Қаралым саны 2966

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463