Ғасырларға сөнбейтін жалынды сөз

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал қаласы

...Тоқсаныншы жылдардың басында, журналистика факультетінің қабырғасында жүргенде ұстазымыз Қырықбай Алдаберген «Сен «оралдықпын» дейсің, 1911 жылы Орал қаласында «Қазақстан» атты газет шыққанын, оның редакторы Елеусін Бұйрин деген қазақ болғанын білесің бе?» деп сұрайтын.

Шынында да, ол кезде «Қазақстан» газеті туралы білетініміз мардымсыз еді. Қазақ баспасөзінің дамуына шолу жасалатын еңбектерде азғана тоқталып кететіні болмаса, бұл басылым жөнінде толыққанды зерттеу болмаған. Кезінде Мұстафа Ысмағұлов деген ағамыздың «Қазақстан» газетін, оның шығарушыларының бірі Ғұмар Қарашты халыққа кең насихаттамақ болған әрекеті зая кетіпті. Ғалым ағамыз кеңестік идеологияның кедергісінен өту үшін «Қазақстанды» таза большевиктік басылым етіп көрсетіп, әсіресе газеттің 1912 жылғы 24 сәуірде шыққан нөмірінде басылған «Ленада болған оқиға» атты мақаласын қайта-қайта алға тартқан екен. Тіпті Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің Астрахан мен Бакуге сапарын сол жақтағы астыртын большевиктер ұйымымен келісу үшін барғандай жорамал жасаған. Мұның бәрі «Қазақстан» газеті туралы қандай да бір ақпаратты халыққа әйтеуір бір жеткізу мақсатынан туса керек. Бірақ цензураның қырағы көзі «Қазақстанның» ең әуелі ұлттық-ағартушылық бағытта шыққанын, қазақ ұлтын отарлық езгіден құтқарып, өнері мен білімі асқан жұртты қуып жету болғанын анық аңғарыпты. Заманынан озып туған мұндай прогрессивтік басылым туралы, шығарушы азаматтардың өз халқын надандық ұйқысынан оятпақ болған жанайқайы жөнінде кеңестің «кемелденген коммунизміне» бет алған жалпақ жұрт білмегені дұрыс десе керек. Ал Мұстафа Ысмағұловтың жиған-терген материалдары, сол заманның тірі куәгерлерінен алған естеліктері бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарих-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұр...

Әрине, соңғы жылдары Ғұмар Қараш, Шәңгерей туралы толымды зерттеулерін жариялаған ғалым-журналист Мақсат Тәжімұрат «Қазақстан» газеті туралы да мәліметтерді барынша жинақтап, сол күндердің суретін анықтауға тырысып жүр. Бірақ Мақсат ағамыз қазіргі Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында, Салтыков-Щедрин атындағы кітапхана қорында сақтаулы жатқан «Қазақстан» газетінің тігіндісіне жете алмағанын айтады. Зерттеуші барған кезде, ондағылар әлде өтірік, әлде шын: «сирек қордағы газет тігінділері тасқын су қаупіне байланысты басқа жерге көшірілген, сондықтан әзірге танысу мүмкін емес» деген жауап қайтарған...

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін біріктірген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин өңірдегі қазақ баспасөзінің қарлығаштары жөнінде іздене бастағанда, «Қазақстан» газетінің тігіндісін, көшірмесін Орал тұрмақ, Алматы мен Астанадан табу да оңай болмағанын айтады. Бір қарасаңыз, ақылға сыймастай-ақ жағдай: қазіргі Қазақстан мемлекетінің жерінде («Түркістан уәлаяты» - Тәшкенде, «Дала уәлаяты» - Омбыда, «Серке» - Петерборда, «Қазақ» - Орынборда, «Айқап» - Троицкіде шықты ғой) жарық көрген тұңғыш қазақ басылымының, «Қазақстан» атауын ең алғаш ресми қолданып, айналымға түсірген газеттің насихаты жер жарып-ақ тұрса керек-ті. Алайда осы газеттің түпнұсқасы демей-ақ қояйық, көшірмесінің өзін елімізден табу мүмкін емес екен. Алматыдағы Кітап палатасынан газеттің төрт нөмірінің фотокөшірмесі ғана табыл-ған. Сапасы нашар сол көшірменің өзін қанағат тұтып, қуанып, әдемі әдіптеп, «Жайық Пресс» ЖШС-ның конференция залының қабырғасына құрметпен ілгеніміз күні кеше ғана сияқты еді.

Қазақта «Іздеген табады» деген тәмсіл бар. Жантас Сафуллин бауы-рымыз Санкт-Петербург пен Мәскеу шаһарларымен хабарласып жүріп, «Қазақстан» газетінің түрлі мұрағатта сақталған 16 нөмірінің көшірмесіне қол жеткізді. Бұл, біздің ойымызша, ұлттық баспасөз тарихында сүйінші сұрауға лайық жаңалық болса керек. Оның үстіне газет материалдарын араб әрпінен – көне төте жазудан қазіргі әліпбиімізге аударып, түпнұс-қасымен қатар жариялау, осы «Қазақстан» газетіне қатысты бұрын-соңғы жазылған деректерді қосып, жинақ етіп шығару – ұлт баспасөзін зерттеушілерге, ғалымдарға таптыр-мас қолғабыс, үлкен көмек екені сөз-сіз. Осы бір үлкен іске сәл де болса қатысымның болғаны, «Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалар-дың араб графикасынан қазіргі кириллицаға көшіру міндеті тигені үшін өзімді бақытты сезінемін.

Бірден айта кетейік, бұрын-соңды ондай дағды-тәжірибеміз болмаған-дықтан, бұл жұмыс оңайға түскен жоқ. Алаш арыстарының осыдан жүз жыл бұрын айтылған асыл сөздері алдында мойнымыздағы зор жауап-кершілік салмағын анық сезінсек те, қате-кемшілік кетуі әбден мүмкін екенін ескеріп, оқырмандардан алдын ала кешірім сұраймыз. Әсіресе шағатай, татар сөздері көп араласқан мәтіндерді түсіну қиынға соқты. Шамамыздың келгенінше газеттің өз стилистикасын, грамматикасын сол күйінде беруге тырыстық. Көзі қарақ-ты адамдар осы жинақта беріліп отырған түпнұсқа-көшірмеге қарап, кеткен олқылықтың орнын толтыра-ды, қатені түзейді деп үміттенеміз.

«Қазақстан» газетінің қазіргі қолда бар тігіндісін бастан-аяқ оқып шыққан оқырман ретіндегі алғашқы пікіріміз қандай? Біріншіден, аз уақыт ішінде, іркіліп-іркіліп шықса да «Қазақстан» газеті мерзімді басылым ретінде барынша қалыптасқан, қазіргі «бұқаралық ақпарат құралы» анықтамасының барлық сипаты көрінетін толыққанды газет болғаны байқалады. Екіншіден, газеттің редакциясы мен баспаханасы туралы осы кезге дейін айтылып жүрген пікірлерді де бір ізге түсіруге бола-тындай. Өйткені газеттің алғашқы екі (16.03.1911, 27.05.1911) саны Апресянц пен Окур (Астрахань) баспасынан, одан кейінгі бес саны (1911 жылғы 15 қараша мен 1912 жылғы 19 қаңтар аралығы) А.Н.Щелкованың жеке баспаханасы-нан, ал 1912 жылдың 4 ақпанынан бастап «Қазақстанның» өз баспахана-сынан басылғандығы туралы газеттің әр санында анық жазылған.

Газеттің әр бетіндегі мақалалары-нан Ғұмар Қараштың озық ойлы кемеңгерлігі, шебер қисынды шешен-дігі, Елеусін Бұйриннің жанкештілігі, қарапайымдылығы, адалдығы, Бақытжан Қаратаевтың көсемдігі, газет жұмысының пәрменділігін арттырып, Ресей Думасымен, үкімет-тік орындармен тығыз қарым-қаты-наста болуы, қазақ мүддесінің үкімет-тік дәрежеде шешілуі үшін жасаған нақты қадамдары анық байқалады.

«Қазақстан» газеті патшалы Ресейдің қазақтарды отырықшы ету саясатын қолдады» деген бір пікір бар екенін білеміз. Рас, «Қазақстан» газетін шығарушылар көшпелі тұрмысты тастап, отырықшы болуға, ауыл-қала салуға, серіктестік құруға шақырған. Бірақ оның себебі «Оразақай» деп қол қойған Ғұмар Қараштың «Тіршілік таласы» мақала-сынан анық көрінеді: «...Кең сахарада жайын өскен біздің қазақ баласының басына да тіршілік таласының зама-ны келіп жетті. Қазақ ішінен от арба-лар салынып, жолдар ашылған соң күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергісі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады... Егер ұйқымыздан бас көтермей бұрынғыша жата берсек – шексіз тез заманда дүния жүзінен көшпекпіз. ...Қалғымыз келсе, адам баласын басқа жан иесінен, бір адам-ды бір адамнан артық еткен ғылым-өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс. Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, «тәуекел ердің жолдасы» деп, ғылым-өнер жолына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниядан бізге де үлесімізді алу керек». Дәл осы аңдатпа-насихат газеттің 1912 жылғы 31 мамырдағы санындағы «Әркім өз жүрісінен құл болады» деген мақалада тіпті қатты айтылады: «...Құл болып, малша сатылып жүргендер ...тап осы күнде де бар. Тек бұрынғыдай бірінің бірі шоқпармен ...басына салып қалмай-ды. Бұ күнде бірін бірі мақтаменен бауыздайды. Қайтіп жанының шығып кеткенін білмей қалады. Мұның мағынасы сол, бұ күнде адам баласы бірінен бірі көріне тартып алмайды. ...Өнер менен ғылым жұмсап, барлы-ғын ...жаулап алады. ...Өнерсіз надан адам, надан халық құл болады». Мақалада қазақ ішіне келген Иван-ның аңқау қазақты қалай алдап, қақпанына түсіретіні, қарызға батыратыны, ең соңында жерін алып, қазақты құлша жұмсайтыны анық айтылған. Автор (Ғабдолла Көпжасаров): «Жаным, мынау қатар отырған халыққа қарасаңызшы! Осылар ұйықтап жатса, біз де ұйықтай берелік. ...Жоқ, енді олар қару-жарағын түзеп жатса, яғни ғылым-өнер үйреніп жатса, біз ұйықтап жатуға келісі келер ме?!. Олар ертеңгі күн бар қаруын бізге жұмсайды ғой! Құр қол оларға біз не бітіреміз? ...Осы біздің сорымыз, ертең барып солардың аузына түсеміз. Біз малды машақатданып, сол өнерлі халықтар үшін жинап отырмыз...» деп зар илейді. Тағы бір мақалада «үкімет біздің жерімізді алмай қоймайды, сондықтан жақсы жерлерге тезірек орналасып алу керек» деген идея айтады. Әрине, біз арада жүз жыл өткенде сол арыста-рымыздың кеңесі өте көрегендік, дұ-рыс нұсқау болғанын байқаймыз.
Зерттеушілер арасында «Қазақстан» газеті қаржы тапшылы-ғынан тоқтап, шықпай қалды» деген пікір қалыптасқан. Алайда тігіндіні ақтарып, саралап отырып, газет жұмысының іркілуіне сыртқы күштер-дің әсері басым болған-ау деген ой келе береді. Себебі, редакция Орал қаласына көшіп келген алғашқы кезеңде шығарушылардың қаржы тапшылығын көргені газет мақалала-рынан анық байқалғанымен, бірте-бірте бәрі жүйеге түскені көрінеді. Тіпті аптасына бір шыға бастаған. №11 санда (24 сәуір, 1912 жыл) Жетісу облысынан Мамановтар мен Тұрысбековтерден қаржылай көмек келгені айтылса, №12 санда (31 ма-мыр, 1912 жыл) редакция «Мұхтарам оқушыларымызға» деп хабарланды-ру беріп, алдағы нөмірлерге жазылу-ды ескертеді. Осы нөмірде жария-ланған «Маман» атты өлеңнің жалға-сы келесі санда басылады делінген. Яғни, шығарушылардың қарызға батып, газет шығаруды кілт тоқтату ниеті болмағандай. Алайда біздің қолымызға тиген газеттің келесі саны 1913 жылғы 27 қаңтарда шығыпты. Бұл екі аралықта не болды, газет шықпай қалды ма, әлде цензурадан өтпей тәркіленді ме, айып тартты ма, мұны болашақта зерттеушілер анықтар деген үміттеміз.

«Қазақстан» газетін шола қара-ғанда, редакцияның дүние жүзінде болып жатқан оқиғалармен оқырма-нын дер кезінде таныстырып отырғаны, соның ішінде түбі бір Түрік мем-лекетінің төңірегіндегі соғыстарға жіті назар аударғаны, Түркияға бүйрегі бұрғаны анық байқалады. Сонымен бірге редакцияның ұлты бөлек орыс-тармен, казактармен, татарлармен жақсы қарым-қатынаста болғаны, өзге ұлт ішінен де ниеттес-пікірлес адамдарды өзіне тартқаны көрінеді. Бұлардың бәрі болашақта жеке-жеке зерттеулерге өзек болады деп ойлаймыз.

Газеттің біздің қолымыздағы соңғы нөмірінде (16 ақпан, 1913 жыл) Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты газет шыққандығы, оның бас жазушысы – «Қырық мысалды» жазған атақты ақынымыз Ахмет Байтұрсынов, қаржылай қолдаушысы Мұстафа Оразаев деген азаматтар екендігі қазақ, орыс тілдерінде хабарланған. Орыс тілінде «От редакции» деп берілген құттықтау-тілекте «біздің әлі жас оқырман қауым қуанар да басылар, бірақ біз еңбегімізді бұлдап, халыққа ренжи алмаймыз, өйткені біздің бүйткен бұл ісіміз – ел алдында мойнымыздағы борышымызды өтеу, бұл – санаулыларға ғана бұйырар бақыт» деп ескертіп, ақ жол тілейді. Осының өзі алғашқы ұлт газетін шы-ғарушылардың соңынан ерген әріп-тестеріне, дәлірек айтсақ «Қазақстан-ның» інісі – «Қазақ» газетіне баспасөз арқылы ұлтқа қызмет ету эстафета-сын сеніп тапсырғандай әсер қалды-рады...

Қаралым саны 1594

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463