Сисем атадағы жазу

Сұлтан ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Бейнеу, Маңғыстау облысы

«Ла илаһа ил Алла Мухаммад расул Алла. Бе Исм Хожамназар ибн Иаңай. Ики ұста бу диуарны йаптық. Біріміз молла Ишмұхамед, біріміз молла Құдайберген.»
Бұл жазу Маңғыстау өңіріндегі Сисем атада – Қожаназар күмбез тамының кірер ауызы тесігінен жоғары жерге қойылған, бас жағы дөңгеленіп келген қалақ тастағы жазу. Негізі, Сисем атада қабырғалары өңделмеген қара, қалақ тастардан қаланған тағы бір там бар екен. Оның да кіреберіс тесігінен жоғары жалпақ қалақ тас қойылып, жазу жазылған. Бірақ, тасының көлемі, пішімі Қожаназар моласындағы тасқа сәйкес келгенімен, оның жоғары қараған жағы үшбұрыш, сосын кіреберіс тесік садақ иіміндей шеңбер таспен жабылған.

2008 жылы қыста Сисемді араладық. Сықырлаған сары аяз мұртымыз бен қасымызға мұз болып жабысып, қатып қала берген фотоаппарат тетіктерін қолғапсыз саусақтарымызбен басуға әрең мүмкіндік берді. Соңынан ауылда компьютерге түскен суреттерді асықпай қарап, мұқият тексеріп оқығанда шыққан сөздер жоғарыдағылар. «Бе исми» сөзін бұрын кітаптардағы Шақпақ ата үңгір мешітінің ішінде түсірілген суреттерден көріп, зерттеушілердің ұйғарымына қосылып, «Бәшім» деп оқып «Е… бұл сөз сол кездегі түркпен аралас қоғам ішінен сопылық ұйым мүшелерінің өзіндік аты болар» деп ұйғарып едім. (Мендикулов М.М. «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» Алма-ата. Өнер 1987) Осы кітаптың 22 бетіндегі суретте «Бәшім Бердімұхаммед ұста Тархан», «Бәшім Мұхаммед Бахи Хафиз» деген сөздер анық оқылады. Бірақ, бір кездескенде, Иранда, Күмбет Қабус қаласындағы сүннит мұсылмандарының жоғарғы мектебін ахундық атақпен аяқтаған хажы Али ахун Икирам молда ұлы баламыздан, Мединеде араб тілінің граматикасынан сабақ берген Әбжет інімізден сұрағанымда «Ол сөз Бе Исми, яғни есімі деп оқылады» дегендері бар. Сонда, құлпытастардағы немесе үңгір мешіттердегі көзге «Бәшім» болып түсетін осы сөз қазіргі анкеталардағы «аты, есімі» сөздерінің баламасы екен.

Мұрат Ақмырзаев ініміздің «Адай уезінің жазба мұралары» атты кітабының 81 бетінде «Екі ат ұстап дұғаларын шықтық» деп аударылған. Ал дұрысы -«Екі ұста бу диуарны йаптық». Кейінгі аты аталған молдалар және мен осы жазуды жазушылар деп түсінген Есмұханбет пен Құдайбергеннің Бесқалада, я Хиуа шаһарында, я Көне Үргеніште оқып, Жаңай ауылында бала оқытып, молдашылық құрушылар, сауатты көрінуге талпынып Орта Азия халықтарының тілінде «Осы қабырғаны тұрғыздық», «Осы тамды жаптық» дегендері. «Диуар» сөзі қазақша «қабырға», үйдің, тамның, бөлменің жары, орысша «стена». Ал, Мұрат ініміз мүмкін асыққан болар, мүмкін Адай шалдарының моласынан өзбек сөздерін көргісі келмеген болар, не де болса «екі ат ұстап, дұғаларын шықтық» деп, «рәуаятқа» сыйғызыпты.

Сәбит Әбішұлының «Шоңай Құлыш би» (Тарихи танымдық баян, Нұрлы әлем баспасы, 2006 жыл) атты кітабының 363 бетінде бұл жазу туралы Ізбасар Шыртанұлының мынадай сөздері берілген – «1814 жылдардан бастап аракідік руын, атымен қоса әкесінің атын, жасаған ұстаның атын жазу қалыптаса бастапты. Мысалы, Маңғыстауға алғашқы келушілердің бірі Қожаназар Жаңайұлының Сисемдегі қаратамына (мавзолейіне) «Бисмиллахи рахмани рахим, Қожаназар бай, Жаңай ұрығы, мінажат етті – молда Есберді! - деп жазылған…» Ал, бұл енді – «еркін аударма», яғни, менің ойымша Ізекеңнің қасына еріп жүрген арапша әріп танитын бір кісінің жобалап айтқан сөздерін өзінше жеткізгені. Арасына Есбердіні қосқаны – Жаңай Қожаназарға Ескелді Саназар бай құдасының, ұзатылып бара жатқан қызына дүние-мүлік, малмен бірге қосып берген Есберді есімді жігітті еске түсіреді. Есберді туралы ақтаулық соғыс және еңбек ардагері, ескі тарихымыздан дерек жинаушы Қылыш Өтетілеуов ағамыз өз естелік жазбаларында шалдардан естіген сөздерін келтіреді.

Есберді – Саназардың қолында жүрген малбегі жігіт екен. Сол кездегі байлардағы үрдіс бойынша ұзатылған қызына қосылып берілген. Соңынан, Қожаназар бай оны үйлендіріп, өзінің бір баласы қылады. Қазір Жаңай ішінде Есберді дейтін ауыл-тақтасы бар.
Осы Есбердіге байланысты Адай арасына тараған, және соңғы кезде естелік-шежіре жазушылардың жазбаларына түсіп жүрген бір әңгіме бар. Ол – Адай ішіндегі соғыс-қақтығыстардағы қолға түскен құлдарды ақталау мәселесі. Ауыл ішінің қызмет-жұмыстарында жүрген құлдар, қызметшілер қыз-келіншектермен ойнап қоймасын деген сылтаумен оларды еркінен тыс әтектік күйге түсіретін қағида ертедегі қазақ, оның ішінде Адай елінде болса болған болар. Бірақ, біз білетін соңғы тарихымызда осы қағида замана талабына сай адамгершілік аясында, тұтқындарға мейірім-шапағат күйіне түсіп, қолданыстан қалғаны туралы мысалдар айтылып жүр. Соның бір көрінісі Саназардың қызметіндегі Есбердіге байланысты айтылады. Бір байдан бір байға ырғалып-жырғалып барған дүние-мүлікпен бірге қарайған малды бағып, түгендеп жүретін қайратты жігіт Есберді көзге де көркем, алымды да салымды болыпты. Ауылына келген қызметшінің алғырлығынан қауіптенген Қожаназар бай бұрынғының салтымен оны ақталауға бел буып, өзіне білдірмей оңаша үйге қамап, үш-төрт күн аш ұстайды. Бір-екі күннен кейін бұл бір сұмдықтың дайындығы екенін түсінген Есберді қайғы-уайымға салынып, іштей күйзеліске түседі. Күндіз-түні жалынғаны әулиелер болып, тағдырдың осы бір тәлкегінен аман алып қалуды сұрайды. Саназардың байлығы қарапайым еңбекпен емес, Қыдыр көргендіктен келгені белгілі жәйт қой, өзінің тәуір көретін қызметшісінің күйзеліп, қиыншылық жағдайда жүргені, қасиет иесі Саназарға түсінде аян ретінде келеді. Және бұндай жағдайдың кезек күттірмес шаруалығын түсінген Саназар суыт жүріп құдасының ауылына барады. Шай үстінде асықпай әңгімелесіп отырған құдасынан Есбердінің қайда екенін сұрайды. Оның ауылда екенін біліп, оны көргісі келетінін, сөйлескісі келетінін құдасына жеткізеді. Терезесі тең, өзінен жасы үлкен сыйлы құдасының айтқанына амалсыз көнген Қожаназар Есбердіні үлкен ас, құдаға қонағасы үстіне алдыртуға мәжбүр болады. Есбердінің басындағы қауіп-қатерден іштей болса да хабарлы Саназар Есбердінің аман-есендігіне көзі жеткесін, құдасына: «Есберді менің қызметімдегі жігіт болғанымен, мен оны өз баламдай көріп кетіп едім. Асығыстау ұзатылған қызымның малына бас-көз болсын деп қосып жібергендіктен, бір мақсатым – оны үйлендіру – орындалмай қалып отыр. Ал, құда, Алла алдында, Есберді алдында мойыныма алған сол мақсатымды орындайын. Ел ішінен өзіне лайықты қыз айттырып, қалың малын беріп, Есберді баламды аяқтандырайын! - дейді. Сөздің төркініне түсініп, ойға алған шаруасының шет жағасы Саназарға белгілі болғанын білген Қожаназар: «Ай, құда, бір қыздың қалыңмалына жететін мал менен де табылар, саған бала болған жігіт маған да бала болуға жарар. Сенің көңіліңдегі шаруаны мен бітірсем, құдалығымыздың сәні болмай ма?» - дейді. Сонымен, құдасына берген уәдесіне сай, Қожаназар көп кешіктірмей, көпшілікке жариялап, Есбердіні бір баласы қылған екен.

Тамның ертедегі суреттеріне қарағанда, күмбезінің бір жағы, қабырғаларының жоғарғы бұрыштары құлап, ескіргесін жақын арада қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгені көрінеді. Алдына қойылған ақтас орындықта қара гранитке «Адай Жаңайұлы Қожаназар. (1704-1789) және балалары Сәркен, Таған» деген жазулар бар.

Қаралым саны 2648

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463