Сөзі мірдің оғындай

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

«Мір» түбіріне кейде «дей» жұрнағы қосылып, сөзі мірдей тұлғасында да қолданыла береді.
1977 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің фразеология-лық сөздігінде»: «Сөзі (тілі) мірдің оғындай, тауып сөйлеу, тіке айту мағынасында» айтылып, «Өзінің сөйлеген сөзі мір-дің оғындай» деген мысал келтіріледі. 1985 жылғы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» де тап осыны айна-қатесіз қайта-лайды. «Мір» дегенге «мірдің оғындай», жанға қатты бата-тын, өңменінен өтетін, зәрлі сөз деп түсінік беріп кетеді.

2009 жылы басылып шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» иран тілінен енген деген ескертпеден басқа бұған еш жаңалық қоспайды. Тіпті, мысалды да мұрты кертілмеген күйінде берген.
Н.Оңдасынов құрастырған «Парсыша-қазақша түсін-дірме сөздікте»: «мір, бұл арабтың «әмир» (әкім, бастық, басшы, басқарушы, бұйырушы, әмір етуші) сөзінің (сол мағынада) қысқарған түрі» деп дәл көрсеткенімен, мірдің оғындай дегенмен байланыстырамын деп жаңсақ, өте алшақ кетеді. Біздің діттеген мақсатымыздан қашық жатқандықтан бұған тоқталмаймыз.

Мерген сөзі ойға еріксіз орала береді. Серікбол Қондыбайдың пікірінше, мергендер – қазақтың сақталған фольклорлық қоры арқылы анықталып отырған ең ежелгі мифологиялық қабатының кейіпкерлері болып табылады. «Мерген» сөзінің шығу төркінін Едіге Тұрсынов мынадай версияда ұсынады: «Түркі тіліндегі «мерген» сөзі көздеген нүкте, нысан, нысана деген мағынаға ие болған – мер/–мөр түбірінен шыққан. Алтай түркілерінің тіліндегі «мерчи», «мерой» (цель, мишень) сөздері де, алтайлық-тардың «Алтын – Мизе» эпосындағы «бистин мөрис болор туру» (наша цель – это, видимо) деген сөздер де осыған айғақ».

Нысана – мер, оны көздеп ататын құрал «мір» болып, оны пайдаланатын адам мергенге айналуы да ықтимал. Қазіргі снайпер сияқты мергеп, көздеп атуға сол кездегі ыңғайлы құрал арнайы таяқ пен садақ деп ойлаймыз. Осы сөздердің сілемдері түркі халықтарында күні бүгінге дейін сақталған көрінеді. Ғаламтордағы Уикипедия – Қазақша ашық энциклопедиясының көмегіне жүгінсек, хакас тілінде «миргеле» «лақтыру» дегенді білдірсе, туваларда «мирге» әлі күнге дейін таяқ мағынасында қолданылады екен.
Тува тілінде таяқты «мерһе» десе, алтай тілінде «мер-геде» – лақтыру. Эвендерде «миир» – садақ оғы дегенді мезгесе, ал нанайлар садақты «морали» деп атайтын көрі-неді. Осыларға қарағанда, ерте заманда қазақтар да көз-деп ататын қаруды «мір» деп атаса керек. Садақ, не мыл-тық даму сатысымен кейін пайда болған.

Бір қызығы, тілімізде тұрақты сөз тіркесі болып сақ-талған мір басқа нәрсеге үстеме мағына беруге, анықтауыш болуға жарамайды.

Қаралым саны 1988

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463