“Ойыма жүрек бағына ма екен?”

Әсет ҚҰБАЕВ,
БҚГА студенті

Ұшқынды көрем көзіңнен шырақ,
Бара алмай жүрмін өзіңе бірақ.
Сүймеген жан жоқ десе мен сенбей,
Жан болмас шіркін сезімнен жырақ.

Жүректің күші сезім дегенің
Жігерім талды төзімге менің.
Ұнатқан сені бір жан бар еді,
Жаныма батты сезінбегенің.

Сезімнен тұнған ішімде жара,
Теңеп те келем мүсінге дара,
Өңімде жүрем ішімнен тынып,
Бақытты болам түсімде ғана.

Бір емес талай құлатқан еді,
Естіліп тұрған құлаққа демі.
Жүрегім жылап жатқан кезімде,
Өтірік аяп жұбатпа мені.

Үйрендім қайдан сүйіп қалуды,
Жүрегің мүлдем түйіп жабулы.
Сезімін іште бұғып қалатын,
Көрмеген сендей тұйық аруды.

Тең келмес саған қылықты елік,
Шайқаған сезім үмітті желіп,
Жүрегім сүйген сол бір аруды,
Тырысып жүрмін ұмытқым келіп.

Сүйгенін жігіт сағынады екен,
Жан емес едім, жаныңа бөтен.
Ұмытам деймін, бірақ та, әттең,
Ойыма жүрек бағына ма екен ?..

Қаралым саны 968

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463