Бесік жыр

Балмағамбет Балқыбайұлы (1891-1967) Ұлытау өңірінде туып-өскен ойшыл, дін ғұламасы, халық арасында «Сармолда» деген атпен танымал. Академик Қаныш Сәтбаев ол кісіні өзіне ұстаз тұтқан екен.

Тербеткенде бесікті,
Ананың мынау алғысы.
Келеді кімнің кем болып,
Қатарынан қалғысы.

Менің жаным, ер болар,
Жаудан қайтпас өр болар.
Күншіл менен міншілдің
Кеудесі тұнған шер болар.

Еңбек етсең ел үшін,
Жаудың жайы көр болар.
Білек ұстап бірлескен,
Досыңның орны төр болар.

Менің жаным ержетер,
Ержетсе деме, кер кетер.
Ғазаттық істеп халқы үшін,
Елірген жауды еңіретер.
Бұзауынан айырған
Секілді сиыр, мөңіретер.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Ғазиздерді тебірентер.
Тікесінен тік тұрып,
Жаудан елін күзетер.
Бастырмай қия, қисықты
Тезге салып түзетер.
Бауырына басшы боп,
Артында қалар із етер.
Мен ғаріпке қызмет қып,
Еңбегімді бір өтер.
Қыран болғай қырағы,
Қияда болғай тұрағы.
Тақымыңа басқаның,
Жылқының болғай пырағы.
Қараңғыда жол тапқан,
Халқының болғай шырағы.
Ел босатсаң, ержетіп,
Ананың сол ғой сұрағы.

Ғалым болсаң оқыған,
Тақуа болсаң тоқыған.
Талмайтын тарлан сен болсаң,
Текірек қағып, шоқытқан.
Қарауыл қарап, халқы үшін,
Түспейтін болсаң шоқыдан.
Жолын қуған тарихат,
Тағылым алсаң сопыдан.

Мырзалықтың жолында
Атымтайдай кем болма.
Ысырап қылып малыңды,
Залымдарға жем болма.

Мұның бәрі тілегім,
Көтерген көкке білегім.
Алмай түспе аңыңды,
Тастан ұшқан түлегім.

Бағыңды ашса жаратқан,
Айтқанымдай боларсың.
Ақ сұңқардай таранып,
Тұғырға алтын қонарсың.
Қанат-құйрық тарарсың,
Ұрым менен Қырымға,
Көз жіберіп қарарсың.
Қиядан көзің шалғанға,
Қисаймай тура барарсың.
Оқ өтпейтін, орансаң,
Оқалы жібек киерсің.
Қамал бұзған жау болса,
Қайтпай бетің тиерсің.

Өзің үшін туғанмен,
Халқың үшін күйерсің.
Аждаһадай жаланып,
Жау десе, білек түрерсің.
Қалың жауды қақ жарып,
Ғазаттық қылып жүрерсің.
Халқың үшін қайрат қып,
Табаныңды тірерсің.

Залым болма, ғалым бол,
Ғаламға айдай мәлім бол.
Бақыл болма, мырза бол,
Хақ ісіне риза бол.

Күн көрсең де қой бағып,
Ата-анаңа жүр жағып.
Ықтият бол аузыңа,
Көп сөйлеме ылағып.

Жақсы болсаң мен пақыр,
Қызығыңа тояйын.
Құрсан болып, қуанып
Ақсарбас қойды сояйын.
Қаншама көрген мехнат,
Көңілден бәрін жояйын.
Бесікте жатқан құлыным,
Ұйықтасаң енді қояйын.

Қаралым саны 1494

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463