Ойлы оқырман, армысың!

Міне, күз де жетіп, қыркүйек басталды. Жазғы демалыс кезінде қоғамда тыныштық орнап, мамыражай қалыпқа түссе, қыркүйекпен бірге қарбалас қозғалыс қайта басталатындай. Мектептерде қоңырау соғылып, университеттердің оқу залдары да студентке толады. Жаз бойы ұйықтамаса да мызғып алғандай болған саясаттың да көрігі қызып, қым-қуыт тірліктің қазаны қайнайды. Осылай уақыт дөңгелегі айнала бермек.

«Ертеңгі күннен жақын жоқ, кешегі күннен алыс жоқ» дейді халық даналығы. Әр күніміз тарихқа айналып бара жатқанда талай ғасырдың астында қалған өткен тарихты қазбалап зерттеп, деректерді тауып, жарыққа шығарып жатқан тарихшы ғалымдарымыздың еңбегі ерек қой. «DANA.kaz» тарихи-танымдық журналы шыға бастағаннан-ақ бізді қуана қолдап, барымен бөлісіп жатқан тарихшыларымызға, өлкетанушыларға, қарапайым оқырман қауымға мың алғыс!

Әдетте қыркүйек айынан бұқаралық ақпарат құралдары жаңа маусымын бастайды. Телеарналар жаңа бағдарламаларын ұсынса, газет-журналдар тың айдарлар ашып, оқырман көңілінен шығуға тырысады. Жаңа маусымда «DANA.kaz» журналының да өз оқырмандарына ұсынар жаңалығы жетерлік. Алдағы сандарымызда тарихи тақырыптардан бөлек, бүгінгі күннің де тыныс-тіршілігін көрсетер дүниелер, жастар көңілінен шығар жарияланымдар жиі жарық көрмек. Оқырман қауымның, яғни өздеріңіздің талап-тілектеріңіз бен пікір-ұсыныстарыңызға да құлағымыз түрік. Әдеттегідей хат-хабарларыңызды, қоңырау-ларыңызды асыға күтеміз.
Жаңа маусымда бірге болайық, ағайын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 978

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463