Жан азығы

Қазақта «бұл дүниеде бақытты болғың келсе – саудамен айналыс, о дүниеде бақытты болғың келсе – дінмен айналыс, екі дүниеде бірдей бақытты болғың келсе – білім, ғылыммен айналыс» дейді. Менің осыған қосарым – біздің қазақ екі дүниеде қатар бақытты болғысы келсе, білім, ғылыммен қатар ұлттық тәрбиемен айналысуы қажет. Ұлттық тәрбие біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз, мемлекеттілігіміздің белгісі деп те атауға болады. Шынайы ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ әдебиет, тарих, тіл, дінді терең білу арқылы иманды әрі еліміздің нағыз жанашыры, қорғаншысы болары анық.

Бүгінде біздің нағыз әлсіз тұсымыз – әр отбасының бала-шағасына жүйелі ұлттық тәрбие беруден аса осалдық танытып тұрғаны. Бұған себеп – Ресейдің патша үкіметінің отарлау саясатын Кеңес үкіметі аса ыждағаттықпен жалғастыруы қазақты ұлттық санасынан айыру үшін ғасырлардан қалыптасқан жүйелі ұлттық тәрбиемізді жоюда аяусыз көптеген жұмыстар жүргізуі. Бұның әсері тек қарапайым адамдарға емес, тіпті Кеңес үкіметінің тұсында барша елі-мізге танылып, бүгінде ұлы тұлғаларға теңеп жүрген асылдарымызға да әсер етті. Мысалы, біздің ақын, жазушыларымыздың өздері мықты болғанымен, олардың ұрпақтарының кейбірі тіпті өз әкелерінің еңбектерін оқы-мауы. Бұл не деген түсініксіз жағдай?! Оқымауға себеп – әкесінің еңбектері қазақша жазылған. Ықыласы болса, қазақшаны аудартып алдыруға да болады ғой, бірақ олар оны да қажетсінбейді. Сонда ел болып ардақтайтын тұлғалардың ұрпағы неге осылай болған? Бұл да қасірет емес пе? Бұл тәрбиенің жемісі емес пе?..

Қазір елімізде жастарымызға білім-ғылыммен айналысуға есік ашық, тіпті шет елдерде де оқуға мүмкіншіліктері бар. Бірақ осы жастарымызды ұлттық тәрбиемен қоса тәрбиелемесек, кей жағдайда аса білімді деп жүргендеріміздің өздері елдің мүддесіне қызмет етпеуі ықтимал.
Мәңгілік ел боламыз десек ұлттық тәрбиемізді мемлекет идеологиясының негізгі діңгегі ретінде қарағанымыз жөн. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп атам қазақ текке айтпаған, сондықтан бала тәрбиесіне әрқайсымыз аса жауапкершілікпен қарайық!

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1035

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463