«Қыз Жібек» жырындағы қателік

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
Орал қаласы

Әйгілі Мұхтар Әуезовтің өзі: «Әңгімесі көп заманнан бері ел аузында сақталып, жыр болып айтылып келген және қазақтың романтикалық ғашықтық жырлары ішіндегі бір көркемі, көлемдісі» деп сипаттаған «Қыз Жібек» жырының қазіргі нұсқасында өрескел қателік орын алып, бір әулеттің сүйегіне таңба болып жүргенін білеміз бе?

Оқиға қай заманда болған?

Зерттеушілердің барлығы да бір-ауыздан «Қыз Жібек» жырының шы-найы болған оқиғадан туғанын айта-ды. Мұхтар Әуезов 1948 жылы жа-зылған зерттеуінде: «Жібек әңгімесі шын оқиғадан туған, бірақ дәл қай кезде туып жасалғанын кесіп айту қиын. Мөлшермен айтқанда, «Қыз Жібек» әңгімесі XVII ғасырда туғанға ұқсайды» деген жорамал келтірген.
– «Қыз Жiбек» дастаны оқиғасы батыс жоңғарларын Моншақты Аюке (1670-1724 жылдар) билеп тұрғанда болған. Яғни бұл кезде Аюке билiгi iргелес жатқан қазақтарға да жүрдi. Аюке қазақтарға үнемi шапқыншы-лық жасап тұрды. Дәл осы кезде Сарыарқа даласының бiр шетiнде, батыстағы жайлауына барған Базарбайлар мен оңтүстiктен барған Сырлыбайлардың ауылы бiр-бiрiн қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрi бойынша ерулiкке шақырып жатқан тұсында Төлеген мен Қыз Жiбектiң арасындағы ғашықтық оқиғалар басталды. Бұл ХVII ғасыр-дың соңы немесе ХVIII ғасырдың басы» – дейді тарих ғылымдары-
ның докторы, профессор Сәбит Жолдасов.

Жыр оқиғасы қай жерде өтті?

Жырды тұңғыш рет
Е.А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880). ХIX ға-сырдың екінші жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен «Қыз Жібек» жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. Сондай-ақ Жүсіпбек Шайқыисламұлы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 жылдары қазақ тілінде жариялаған. «Қыз Жібектің» Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 жылдары басылып шығып, 1958 жылы «Қазақ эпосы», «Казахский эпос» жинақтарында, 1963 жылы «Қыз Жібек» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды, 1988 жылы орыс тілінде жеке кітап болып шықты. Қазір ҚР Орталық кітапханасының қолжазба қорында жырдың бірнеше нұсқалары сақтаулы.
«Қыз Жібек» жырының 1894 жылы Қазан қаласында жарияланған нұсқасы былай басталады:
«Әлқисса, төменгі Мекке жолында жеті тылсым дариялар бар еді, осы дариялардың һәммасы Қара теңізге құяды екен. Осы теңіз жағасында Жүз жағалбайлы деген ел бар екен. Сол елде Базарбай деген бір бай бар екен. Базарбайдың байлығын ешкім есеп етіп болмас екен, үш қатыннан тоғыз ұлы бар екен. Сол елге бір қалың дерт – оба келіп, сонда Базарбайдың тоғыз ұлының бәрі өліпті, содан кейін және алты қатын алыпты, еш перзенті болмады. Базарбай сексенге келгенде оның кіші қатыны қырық төртке келгенде бір ұл тауыпты, басқа қатындарда еш бала жоқ, оның атын Төлеген қойды, осы Төлеген періште сипатты, хор құлықты боп туды, оның артынан тоғызыншы жылда бір ұл туды, оның атын Сансызбай қойды...»
Мұхтар Әуезов жырдағы «Қара теңізді» қазіргі Каспий (Атырау) болуы керек дейді. Ал осы жыр туралы тереңірек зерттеп, әсіресе, Бекежан тұлғасы жөнінде біраз ізденген Сәбит Жолдасов Төлеген Жайық өзені бойында туды дегенмен, ол Жайық қазіргі Батыс Қазақстан өңірі емес, одан әлдеқайда жоғары тұсы деген пікірде. «Орал қаласынан алты жүз шақырымдай өрге қарай жағаласақ, Жайық өзенi Орскiге барған соң солтүстiкке қарай бұрылады. Төлегеннiң әкесi Базарбай ауылы жазда осы маңды жайласа, қысқа қарай кейде Түркiстан мен Сауранға жақын келiп қыстап қалған болуы да мүмкiн».
Автордың айтуынша, Сырлыбай-дың қонысы оңтүстiкте, Сырдың орта ағысында болған. «Төлегеннiң шық-қан тегi Жағалбайлы болса, Қыз Жiбек те Кiшi жүзден, Шектi руынан. Жағалбайлылар Жайық өзенiнiң бойын жайласа, Жiбек шыққан Шектi-лер Сырдарияның орта ағысының аяғында, бiрде оң жағалауына, ендi бiрде сол жағалауына өтiп, бiрде Бұхара хандығының, бiрде Хиуа хан-дығының шапқыншылықтарына ұшырап отырған Iңкәрдария, Қуандария, Жаңадария өңiрiнде көшiп жүрген».
С.Жолдасовтың бұл ойына дәйек қылатын тағы бір мысалы – Төлеген өлген соң Сансызбайдың Қыз Жібекті Қорен қалмақтан құтқаратын жыр сюжеті. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Қорен қалмақтың моласы Созақ маңында екен. «Оңтүстiк Қазақстан облысының Бәйдiбек ауданынан Созаққа қарай үлкен жолдың асуындағы «Үсiктас» маңындағы бастау «Қорен бастауы» делiнiп, жолдың екiншi бетiндегi үйiлген тас мола Сансызбайдың жебесiнен өлген «Қореннiң моласы» деп аталынады» дейді автор «Төлегенді өлтірген Бекежан емес немесе Кескентерек туралы не білеміз?» атты мақаласында (http://massaget.kz/bilim/tarih/kuger-kzimen/4564).
Дегенмен, жырға көз салсаңыз, Төлеген Қыз Жібекті іздеп басқа өңірге емес, Ақ Жайыққа келетіні көрінеді: «...Өзгесін елге қайтарып, Қаршығамен ілесіп, Ақ Жайыққа жөнеді...»
Төлегеннің Жібекпен кездесіп, үш ай қалыңдық ойнайтын жері де осы Ақ Жайық. Жібектің жайсыз түс көріп: «...Мен бүгін бір түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Төлеген мінген көк жорға ат, Ер тоқымсыз бос көрдім. Ел жайлаған Ақ Жайық, Жағалай біткен бидайық. Алдында жанған шырағым, Біреу үрлеп өшіріп, Көзімнен болды сол ғайып» дейтіні ше? Бұған қоса, Төлегеннің ажал құшатын Қособасы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының аумағында жатыр. Ауылдың көнекөз қариялары әуелден-ақ осы өңірді «Төлеген батыр мерт болған Қособаның көлі, Қособаның жоны» деп атайтынын осы жердің тумасы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла айтады.
Сонымен, «Қыз Жібек» жырының оқиғасы нақты қай жерде өткені тура-лы әлі бір тұжырым жоқ. Бұған жыр-дың бастапқы қалпынан өзгертіліп, кейбір кейіпкерлері ауыстырылғаны да әсер етсе керек...

Жыр сюжеті

Жырдың халық арасына тараған бірнеше нұсқасы бар. Бірақ барлығы-на ортақ бір сюжеттің бары анық. Жырдың қысқаша әңгімесі мынадай:
Ерте заманда Жағалбайлы деген елдің Базарбай деген байы болады. Оның Төлеген, Сансызбай атты екі ұлы болады. Базарбай асқан байлы-ғымен танымал болса да, екі ұлына қыз айттырмайды, есейгенде қалың-дықты өздері табады деп ойлайды. Төлеген ер жетіп, жігіт болған соң маңайдағы елден өзіне лайық қыз іздеуді бастайды.
Ешқандай сұлу ұнамай жүрген кезде бір алыс елде Қыз Жібек деген сұлу бар екенін естиді. Қыздың сал-танаты мен келбетінің асқан сұлу екендігін және ол да өзіне лайық жі-гіт таппай жүргендігін естіп, жүз жыл-қы айдап, қыздың елін іздеп кетеді. Арада көп уақыт өтеді, сұлу қызы бар деген елдерге сый-сияпат жасап, даңқын шығарып жүреді.
Аяғында Қыз Жібектің ағасы, ақылшысы болып жүрген Қаршыға деген адамға кез болады. Қаршыға Төлегенді көшінің соңынан ертіп, қарындасын көрсетпекші болады. Көш бойынан талай сұлуды көреді. Жібек қыздардың ішінде болмайды, ол көштің алдында, ақ күйменің ішінде, ешкімге көрінбей жеке кетіп барады екен. Қуып жеткен Төлегенге Жібек жүзін көрсетеді де, Төлеген күйеу, Жібек қалыңдық болып, біраз уақыт бірге болады.
Үш айдан кейін Төлегеннің есіне елі түсіп, барып қайтпақ болады. Елі-не оралған баласын Базарбай қайта кері жібергісі келмейді. Баласына «бармайсың!» деп жарлық етіп, ел-жұртына да тыйым салады. Төлеген жалғыз інісі Сансызбайға қайын жұртының жөн-жолын айтып: «Мен кешіксем, іздеп тап!» деп, жалғыз кетеді.
Жібектің еліне жақын қалған жер-де жігіттің алдын тосып, өлтірмекші болған топ кездеседі. Топ бастығы — Бекежан батыр. Ол Төлегенді атып жығады.
Бекежан Төлегеннің Көк Жорға-сын мініп, Қыз Жібектің аулына келе-ді. Жібек сұмдықтың болғанын біле-ді. Қыздың ағалары Бекежанды өлті-реді.
Қыз Жібек жары өлген соң Сансызбайдың келуін күтіп, соған жар болуды армандайды. Елге ша-буыл жасаған қалмақ ханы Қореннен қашып құтылып, Жағалбайлыға қарай жүріп кетеді. Жырдың негізгі қысқа-ша мазмұны осындай. Жырдың ха-лыққа танымал нұсқасы көп.

Жүсіпбек жөндеді ме?

«Қыз Жібек» жырының орындаушылары көп болғанымен, ерекше көркемі, ең бір толығы – Жүсіпбек қожа Шайқыисламұлының (1861-1941) нұсқасы болып есептеле-ді.
Жырдың ертеректегі нұсқаларын-да Жүсіпбек ақынның кіріспе сөзі бе-рілетін:
Басында менен жайылды,
Қисса болып бұл Жібек.
Баспасына қарасам,
Бәрі шала сөзінің
Еңіреп, жылап жүр жүдеп.
Басында менен шыққанда,
Тыңдаған адам жылаған,
Сүйейін мұны бір демеп.
Қисығын қайта түзейін,
Аруақтарың бар болса,
Сіздер де мені жүр жебеп…
...Осыған қарағанда «Қыз Жібек» жырының әлсіздеу нұсқасын Жүсіпбек Шайқыисламұлы өңдеп-жөндеп, көркейткен тәрізді қабыл-данады. Алайда тарих ғылымдары-ның докторы С.Жолдасов Жүсіпбек нұсқасында жыр өрескел өзгертіліп, тарихи нұсқаға қиянат жасалған деп санайды.
«Қыз Жiбек» лиро-эпостық жырының халық арасында алғашқы кезде ауызша тараған нұсқасында Бекежан жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ретiнде сипатталған екен. Онда Бекежан қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күресiп, өзiнiң елiн қорғап жүрген қаһарман ретiнде аталады» дейді тарихшы.
Сонда Төлегенді өлтірген нағыз қарақшы кім? Ол неге Бекежанмен алмастырылған?
– Жырдың халық арасында тараған ауызша нұсқасында Кескентерек деген кейiпкер бастан-аяқ оқиға iшiнде жүрдi. Бiрақ ол ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында, жырдың баспадан шығар кезiнде қолдан өзгертiлiп кеттi. Оны өзгерткен – қазақ халық ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинаған Жүсiпбек қожа Шайқыисламұлы. Бұл әдейі жасалған қастандық. Өйткені Кескентерек қарақшының тегі қожа болатын. Кiтапты шығарушылар Кескентеректiң орнына қазақтан шыққан белгiлi Бекежан батырды қоя салды, - дейді С.Жолдасов.
Оның үстіне, Қыз Жібекпен бес атадан қосылатын ағайын болып келетін Бекежан батырдың оған ғашық болуы, Төлегенді сол үшін өлтіруі тіпті ақылға сыйымсыз іс деп санайды автор. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңiрi» газетiнде жарияланған «Бекежанға бiржақты көзқарас қиянат емес пе?» атты (авторы Бауыржан Ғұбайдуллин) мақалада да жан-жақты баяндалған.
Бекежан батыр кім?

Бекежан Айбекұлы – өмiрде болған адам. Ол 1667 жылы бүгiнгi Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар тауының бөктерiнде дүниеге келген. Шектi руынан шыққан. Әкесi Айбек кезiнде үздiксiз шапқыншылық жасап, тыныштық бермеген сыртқы жауға қайрат көрсеткен өз заманындағы белгiлi жанның бiрi екен.
Кей жазбагерлердiң көрсетуiне қарағанда, Бекежан – Қыз Жiбекке бесiншi атадан барып қосылатын, қыз алыспайтын туысы. Кескентерек Қыз Жiбектi Төлегеннен қызғанған, бiрақ зорлықпен алуға қызға туыс болып келетiн Бекежан батырдан батпаған. Алайда бiрде Бекежан Зұлфия атты сұлуды алу үшiн түркiмендер ауылына кеткенде оның жоғын пайдаланып, Төлегеннiң келетiнiн бiлiп, алдынан шығып, Қособада атып өлтiрген.
Бекежанның алғашқы әйелi – башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиқадан Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есiмдi бiр қыз туған. Балаларының үшеуi де кезiнде танымал батыр болған. Тайлақ 1729 жылы «Аңырақай шайқасында» Кiшi жүздiң жасағын басқарса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы болған екен. Кiшi жүздiң құрамына кiретiн Шектi руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр туралы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында да мәлiметтер бар. Онда Тайлақтың әрi батыр, әрi қолбасшы болғандығы айтылады. Жамбыл Жабаев та «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен бiрге қалмаққа қарсы шайқасқанын жырлайды.
Шектiден шыққан Бекежан батыр жоңғарлармен болған бір шайқаста қатты жарақат алады. Осыдан кейін соғыс-жорыққа белсенді қатыспаған секілді. Бірақ балаларын шетінен ержүрек, батыр етіп тәрбиелеген. Ендеше, осындай батырдың жазықсыздан жазықсыз «кiсi өлтiрушi» атануы – тарихқа, әруаққа қиянат. Бұл жөнінде Сегiз серiнiң жазбаларында айтылған, Шымкент пединститутындағы әдебиетшi ғалым Өмiртай Танабаев та осы тақырыпта біраз ізденген екен. Осы мәселені көтерген тарихшы С.Жолдасов, журналист Б.Ғұбайдуллиндердің де пікірі орынды.
Сегіз сері нұсқасы

Белгілі жазушы Мұқадес Есләмғалиұлы да «Қыз Жібек» жырының тарихи шындыққа ең жақын нұсқасын Сегіз сері жырлаған деген пікірді айтқан екен.
«...Сегіз сері 1834 жылы шекті руының қабақ тармағынан тараған Арыстан Тіленұлының үйіне келіп түседі. Арыстан оны құшақ жая қарсы алып, бірнеше күн жібермей қонақ етеді. Бұлармен бірге жағалбайлы Жанқасқа жырау болады. Бұл екеуі әуелі «Айман-Шолпан» жырының оқиғасын баян қылады. Осыдан кейін «Қыз Жібек» жырының бұрынғы қысқа нұсқасына қоса, оқиғаны толық әңгімелеп береді. Жез көмей ақын сол жиында кеңінен «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды».
(http://www.massagan.com/forum.php?mod=viewtopic&topicid=1680).

Енді Сегіз серінің жыр жолдарына көз жіберейік:
«Бас болған елдің бұзық наданына,
Мәз болған айласы мен амалына.
Қожадан ел тонаушы сотқар шыққан,
Бекежан Айбекұлы заманында.
Есімі тонаушының – Кескентерек,
Тыңдамай ата-анасын жүрген бөлек.
Ұрлыққа бала кезден болған әуес,
Қан төккіш, мейірімсіз, қара жүрек...»
Бұдан әрі жырда Кескентерек Тасымқожаұлының Хиуадан қашып келген қарақшы екендігі ұзақ баяндалады. Ол әуелі өзінің туған нағашысы, жағалбайлы руының елге аса сыйлы мырзасы Әбусағитты қалай өлтіргенін, оның тоқалын алып қашып кетіп, қалың құм ішінде қаңғыртып тастап кеткендігін толық мәлімдейді. Сосын: «Менің айтқан кісіме шықпадың, өзіңнің қалаған жігітің қарабалаға тұрмысқа шығам дейсің» - деп туған қарындасы Қаламқастың екі емшегін шауып өлтіргенін, ақыры еш жерге батпай, Ойыл бойына келіп, өзінің жетпіс екі сыбайласымен бас паналап жүрген нағыз қанішер екендігін оқимыз. Бұдан әрі оның Жібекке ғашық қырық батырдың бірі болғандығы, бірақ Төлеген тұрғанда өзінің оған қолы жетпесін білген соң аңдысын аңдай жүріп, қапысын тауып, Қосаба көлінің жағасында атып өлтіргенін көреміз.
Ал жырдың бұл нұсқасында Бекежан туралы:
«Естек пен Әлімұлы қатар қонған,
Мекендеп Орал тауы мекен болған.
Бекежан Айбекұлы ордабасы,
Қол жиналып мұсылманға
бопты қорған».
«Бекежан Айбекұлы деп атанған,
Қалмаққа Еділ бойы ойран салған.
Қасына мың жарымдай сарбаз ертіп,
Кәпірдің мықты елінен барымта алған.
Құс салып тазы ерткен аңға құмар,
Көрген жау айбатына емес шыдар.
Кіші жүз Әлімұлы алты шекті,
Елінде бес жүз алпыс мырзасы бар.
Басшысы жиырма алтыға жасы келген,
Тартатын жылқы, түйе Түрікпеннен.
Зайыбы Салиха атты Естек қызы,
Мезгілсіз ажал жетіп, былтыр өлген.
Жетім қалған үш ұл, бір қыз баласын,
Немере ағасына мүлде берген» – деп айтылады...
Сегіз серіге телінетін бұл нұсқа:
«Жағалбайлы Жанқасқа,
шекті Арыстан,
Қайтпайтын қайсар ерлер жолбарыстан.
Осындай абзал жандар өтінген соң,
Шығардым «Қыз Жібекті» етіп дас-тан» - деген сөздермен аяқталады.
Тайлақтардың тарихы

Бекежаннан туған Байрақ, Қайрақ, Тайлақ батырлар жайында ел аузында да, жазба жырларда да біршама дерек бар.
1729-1730 жылдары жоңғармен өткен қанды шайқастарға куә болған өзі батыр, өзі ақын Қожаберген Толыбайұлы әйгілі «Елім-ай» жырын-да соғысқа кімдердің қатысқанын, олардың қандай ерлік көрсеткенін толғай келіп:
«Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Сұлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырақ атты жараланды,
Екеуі де Кіші жүзден шекті екен,
Қалмаққа әуел бастан кекті екен.
Ағасы Тайлақ мерген Қайрақ, Байрақ,
Оларда жүрек жұтқан бетті екен.
Баласы Бекежанның мерген Тайлақ,
Садақпен жүз қалмақты атты байлап.
Ағасы Қайрақ оның әскер жинап,
Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап», - деп жырлаған.
Мұқадес Есләмғалиұлы қазақ та-рихында Тайлақ есімді бірнеше ба-тыр болғандығын айтады:
Біріншісі – Бекежанұлы Тайлақ. Екіншісі – көрнекті жазушы Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында сөз болатын керейт Тайлақ. Тағы бірі – қоңырат Тайлақ Мәмекеұлы. Бұрын Сырдария-ға келіп құятын бір өзен «Тайлақ өлген» деп аталыпты.
Ал ақтөбелік Баянғали Құлтаев «Тайлақ батыр» мақаласында («Ақтөбе» газеті, 19 қараша, 2009 жыл) жоңғарға қарсы күрескен батыр Тайлақты «Мамырұлы» деп атап, «Тайлақ бабамыз Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарас-ты Жамбыл ауылының жанында ескі қорымда бір төбешік болып жатыр» деп жазады.
Қазақстан ұлттық энциклопедия-сының 8-томында «18-ғасырда өмір сүрген батыр, қолбасшы Тайлақ Мәтіұлы» туралы деректер беріледі. Ол да Бұланты-Білеуті шайқасында, Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын басқарған.
Міне, осыған қарағанда, Аңырақай шайқасында Кіші жүздің қолын басқарды делінетін Тайлақ батырдың нақты кім екендігі жөнінде зерттеушілер әлі бір тұжырымға келмегені байқалады.

Шідертідегі қай Тайлақ?

Мұқадес ағамыз тағы бір Тайлақ батыр жөнінде қызық дерек келтірген:
«...Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы бұрынғы Шідерті ұжымшарының бір бөлімшесі Тайлақ ауылы деп аталады. Бұрындары көнекөз қариялардың бірі: «Жоқ, бұл біздің байбақтының батыры» деп таласып отырушы еді. Олар одан әрі шежіре өрімін анық жүйелеп те бере алмайтын.
1994 жылы осы Тайлақ ауылының адамдары тағы бір әңгіменің куәсі болыпты. Олар ауыл шетіндегі төрт обаның басында жүрген бөгде біреу-лерді көреді. Барып тіл қатысса: «Біз Ираннан келген қазақтармыз. Сонда жиырмасыншы жылдары ауыппыз. Мына төрт оба – біздің аталарымыз-дың қабірі. Ескерткіші жоқ үлкен оба – Бекежан атамыздікі. Оның аяқ жа-ғындағы үш оба – оның балалары Байрақ, Қайрақ, Тайлақтың қабірле-рі» депті. Соңғы үш обадағы құлпы-тастар сақталса да, оны тап басып, оқып берерлік кісі жоқтықтан үлкен-дігі екі қабатты үйдің мөлшеріндей төрт оба осы күнге дейін жұмбақ боп қалып отыр. Өкініштісі – төрт обаны о жақ, бұ жағынан фотоға түсірген мей-мандар бұл ауылда танысы болма-ғандықтан, көп аялдамапты. Құран оқысымен Орал қаласына жүріп кетіпті...»
Мұқадес ағамыздың жоғарыдағы жазбасын оқыған соң Шідертідегі «Тайлақ қорымына» баруға аңсары-мыз ауған. Соның сәті биылғы шілде-нің 25-і күні түсті.
Аудандық «Сырым елі» газетінің бас редакторы Махмет Қажиахметов пен Жамбыл ауылының ақсақалы Ибрагим Жұмабековтің бастауымен ауыл іргесіндегі көне қорымға кел-генде көзімізге 4-5 биік төмпешік бірден шалынды. Сірә, кезінде биік кесене, еңселі шошақ мола болса керек. Қазір құлап, оба болып қалған. Осы төмпелердің батыс бетінен жер-де құлап жатқан екі құлпытас, тігінен тұрған үш құлпытас көрінді.
Ауыл жақ шетте орналасқан құл-пытас қисайып қалғанымен, жазуы анық екен. Араб әрпімен жазылған мәтінде «Байбақты руы Күшпен тай-пасы Мәмбетай бөлімі Тайлақ баласы Окуз (?!) опат болды 48 жасында 185... жылда. Бұл тасты қойды бала-сы Күсеп мырза» делінген.
Түсінікті болды. Бұл Кіші жүздің Байұлы тобына кіретін Сұлтансиық-тың байбақты руына тиесілі қорым екен. Осы қауымдағы келесі бір құлпытаста оң қолдың алақаны мен бес қару – қайқы қылыш, шашақты найза, садақ, айбалта және білтелі мылтық бейнеленіпті. Құлпытаста «Тайлақ ұғлы Толыбай батыр» есімі жазылған.
Осы қорымда түп жағынан сы-нып, жерде құлап жатқан тағы бір құлпытас бар. Жазуы мүжіліп өше бастаған ескерткішті ежіктей келе, Тайлақ батырдың өзіне қойылған белгі екенін анықтадық. «...ұғлы Тайлақ батыр офат ... жасында 1808 жылда. Бұ тасты қойды немересі Татанбай мырза» делінген екен.

Сонымен, халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері ішіндегі ең көркемдерінің бірі саналатын «Қыз Жібек» жыры туралы шағын әңгімеміз осымен тәмам. Алайда жауабы табылмаған сауал бұрынғыдан да көбейгенін байқаймыз. «DANA.kaz» журналы табанымыздың астындағы туған жеріміздің тарихына қатысты деректерді болашақта да оқырман талқысына салып отыратын болады. Журналдан көз жазбаңыз, ағайын!

Қаралым саны 6625

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463