«Біз бір жылдай Өлеңтіде тұрдық»

Шерхан ТАЛАП,
Алматы қаласы

Жұбан Молдағалиев – өршіл де асқақ Махамбет рухымен үндестік тапқан, ұлтымыздың ұятына, күллі алаш жұртының ар-намысына айналған азамат ақын. Сұрапыл соғыстың қан майданында жүріп жазған алғашқы өлеңдерінен бастап, өмірінің соңғы тұсындағы жазған жырларына дейін ақын жүрегі елінің, жерінің тынысымен бірге соқты.

“Жеңіс жырларымен” жарқ еткен жас ақын “Мен – қазақпын!” деп қасқая қарсы сөйлер хас ақынға айналды. Тоталитарлық қоғамның жиынтық бейнесін жасаған “Хатшыға хат” өлеңінен-ақ ақынның өзіндік өрлігін, биік парасатын пайымдауымызға болады. “Асан боп туып қазақтар, Өледі Асан Қайғы боп” деп халқымыздың сан ғасырлық трагедиясын екі-ақ жолға сыйғыза жырлады. Қадірше айтсақ: “өзі де Асан боп туып, Асан Қайғы боп өліп кеткендердің бірі” еді...
Осы орайда ардақты ағамыздың аяулы жары София Мәлікқызы Молдағалиевамен кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Жақсының жары еді деп іздеп бар-ғанымызға София апамыз дән риза боп қалды. Сұрақтарымыздың біреуін де сырт қалдырмай, ақтарыла жауап берді. Сөйлеген сайын әжімді жүзінде арай ойнап, ойлы көздерінде өткен күнге деген сағыныш сәулесі жылт еткендей. Қарапайым. Сексеннің сеңгіріне шықса да, шырайын бермеген. Қалада өсіп-өнген орыс тілді адам болса да, ана тілінде жақсы сөйлейді. Айтпақшы, “осы журналистер бар сөзімізді бұрмалап, өзгертіп жазады” деген сұхбат алдындағы өкпесінен кейін, әңгімемізді сол күйінде беруді жөн көрдік.
– София апай, күллі қазақ қадір тұтар Жұбан ағамыздың жарысыз. 40 жыл отасқан аяулы жарыңыз жайлы әңгімелессек деп едік. Біз өлеңдері арқылы білетін Жұбан ақын өмірде қандай адам еді? Алғаш қалай танысқан едіңіздер?
– 1947 жылы Жұбан анасын ауру-ханаға қаратпақ боп Алматыға алып келіпті. Емдетіпті. Ол кезде Жұбақаң қазіргі Панфиловшылар паркіндегі офицерлер үйінің коменданты болып жұмыс жасайды. Содан үйленетін жас та келіп қалған, “келін әпер” дейді ғой мамамыз. Менен де басқа қыздар бар, Жұбан бір қызды әкеліп көрсет-кен екен, мамам ұнатпапты. “Жоқ, бұл қызды алмайсың” депті. Сосын Жұбандар бір бөлмесінде тұратын Айша апайдың көршісі, мамамның, менің нағашы шешемнің жақын та-нысы Гүлсім апайға: “Танитын жақсы қыздарың бар ма, маған алып кел, көрейін” дейді. Ол кезде Гүлсім апай біздің үйге келіп жүретін. Мен 1947 жылы физкультурашылардың шеруі-не қатысқам. Сонда түскен бір суре-тім үстел үстінде тұратын. Соны Гүлсім апай алып кетіп, Жұбанның анасына көрсетіпті. Ол кісі «осы қыз-ды алып кел, көрейік» депті. Енді мені қалай апаруды ойлайды ғой. Ал мен ол кезде Жұбандар тұратын жақ-та, фабрикада жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, Гүлсім апай әлденені сылтау-ратып, мені бір үйге алып келді. Үйге бір бөлмеге кірсек, кереуетте Жұбан, анасы жерде, көрпе үстінде отыр екен. Кірген бойда Гүлсім апай қайта сыртқа шықты да кетті. Мен не істе-рімді білмей, табалдырық жақтағы бір орындыққа отыра кеттім. Қайда келгенімді де білмеймін, қып-қызыл болып ұялып кеттім. Сәлден соң Гүлсім апай сырттан самаурын көте-ріп кірді. Жұбан: “Сіз мына кісіні кір-гіздіңіз де, өзіңіз кетіп қалдыңыз. Бұл кісі ұялып отыр білем” деп айтты. Гүлсім апай бізді солай таныстырды. Жұбан келіп қолын берді:
– Жұбан!
– София!
Сосын жерде отырған Жұбанның анасына қолымды беріп амандас-тым. Содан не керек, шәй да ішкен жоқпыз, шығып кеттік. Кейінірек ма-мам: “осы қызды алсаң да аласың, алмасаң да аласың. Басқаның маған керегі жоқ” депті.
Жұбанның Сағынғали Сейітов де-ген досы бар екен. Соғыста бірге бол-ған, біздің ауыл жақтың жігіті өзі. Сол жолдасын ертіп, маған келе бастады. Олар келеді. Мен шығам. Киноға ба-райық, анау-мынау деген жоқ. Көше-ні айналып жүреміз де қоямыз. Жұбан ауыз ашпайды. Сағынғали ғана сөй-лейді: “Ой, Жұбан деген осындай, әс-керден келген, келешегі бар. Жалғыз мамасы. Басқа ешкімі жоқ”. Мен ол кезде 18 жастамын. Ақын-жазушылар дегенді көрмегем, білмеймін. Газет-терде шығатын “Достық әзіл” деген бар ғой, соны көрген мен: “жазушы-лар деген осындай қарыны қампи-ған, мұрыны үлкен болады екен-ау» деп ойлайтынмын. Әй, балалық-ай.
– Өзіңіз қалада, орысша тәрбие-лендіңіз ғой?
– Иә, мен қалада туып-өстім. Менің нағашы атам – Сейітқали Меңдешов.
1937 жылға дейін сол кісілердің қолында тәрбиелендім. Мәскеуде болдым. Ол кезде нағашы атам Кремльде жұмыс жасайтын. 1937 жы-лы атамды ұстап алып кеткесін мен өз әке-шешемнің үйіне бардым. Әкем құрылыс банкінің басшысы болып істейтін. Ал мамам жұмыс істемеген, тұрмысқа шыққаннан үй шаруасында болған. Бес баламыз – үш қыз, екі ұл. Мен ең үлкенімін. 1937 жылы нағашы атамды алып кеткесін нағашы шешем-ді, өз анамның ағасының отбасын, бәрін үйден шығарып, Тастақ жаққа апарып тастады. Ал мен сол кісілер-дің үйіне барам деп жылайтын көрі-нем. Енді, кішкентайымнан сонда өс-тім ғой. Әкем болса жібермейді, өзі – партияның адамы. “Халық жауымен” байланысу қауіпті.
1938 жылы “Халық жауының әйе-лі” деген айыппен нағашы шешемді алып кетті. Ол кісі үй шаруасындағы әйел болса да, ұсталып кетті. Қараған-дының “Қарлаг” деген жерінде бес жыл отырып қайтты. 1943 жылы біз-дің үйге келді. Анам бар, әкем жоқ ол кезде. “Үштіктің үкімі” деген болады екен ғой. Әкем 1942 жылы Қостанай-да іссапарда жүрген кезде бірдеңе айтып қойған ғой. Солай ұсталып, сол жақта дүние салыпты. Сөйтіп, біз бес бала, анам, нағашы шешем, бәріміз бір үйде тұрдық. Мен №15 мектепте оқыдым. Әңгіменің бәрі таныстықтан шығып жатыр ғой. Содан не керек, біздің осы үй жаққа жаңа айтқаным-дай Сағынғали мен Жұбан келіп тұр-ды. Сағынғали құлағыма құя түседі: “Жұбанның келешегі бар, анасын бақсаң болды, басқаның керегі жоқ.”
Мен “келешек” деген не сөз еке-нін де түсінбеймін. Былай қазақша түсінгеніммен, жауап та бере алмай-мын. Әдеби сөзбен сөйлеген кезде көп сөзін түсіне алмайтынмын сол кезде. Содан: “Жарайды, үлкен кісіні бағуға өзімде де үлкен кісі бар. Қо-лымнан келетін шығар. Үлкен кісінің айтқанын істеп, бар жағдайын жаса-сам болды емес пе» деп ойладым. Сол кезде біздің үйде бір-екі студент бала тұратын. Қалижан Бекқожиннің туыстары-ау деймін. Соның ішінде біреуі – совхоз директорының баласы. Бай, жағдайы жақсы енді. Сол бала менің нағашы шешеме айтатын көрі-неді: “Мен Софияны алғым келеді, сіз маған қызыңызды беріңіз” деп. Наға-шы шешем: “Ол қыз көнбесе, мен не істеймін, өзі біледі” дейді. Ал ол ба-ла: “Сіз қалай да көндіріңіз” деп, ауы-лына, әкесін алып келуге кетіп қалып-ты. Сол арада мен Жұбанмен таны-сып жатырмын. “Ана байдың баласы-на барғанша мына жігітке барайын” деп ойладым. Жалғыз шешесін бағу қолымнан келетін шығар. Содан ке-лістім. 1947 жылы күзде таныстық, қарашаның екісінде мен 18-ге тол-дым, 22-сінде Жұбан мені алып кетті.
Тура сол кезде елде реформа бо-лып, әлгі ақша ауысып жатырғандық-тан, Алматыдан шыға алмадық. Жұбан ол кезде қазіргі Панфиловшылар пар-кіндегі офицерлер үйінің комендан-ты болып жұмыс жасайды дегенмін. Әскерден босату үшін Ташкенттен ар-найы осында ауыстырған екен. Жаңа жылдың басында қызметін тапсыр-ды, әйтеуір ақшасын ауыстырып, ауылға кеттік. Өлеңтіге. Сол жерден екі бөлмелі мектептің бір бөлмесін бізге босатып берді.
– Содан той болды ма?
– Той ма білмеймін, абысындар бар, ағайын-туыс, көрші-көлем, та-ныс-тамырлар, бәрі үйге келе баста-ды. Мен басыма орамал тағып, келін боп шыға келдім. Келген адамдар-дың бәріне тұрып сәлем берем. Атын ұмытып тұрмын, бір тентектеу абысы-ным айтты: “Әй, жетер енді. Жұбан-ның әйеліне кім көрінгенге сәлем бергізе беріп. Болды!” - деді. Содан тек сәлем бер дегендеріне тұрып сә-лем салатын болдым. Тағы таң қалға-ным ауылдағы қазан болды. Бір қа-занға су қайнату керек, сүт, бауырсақ пісіру, ас салу керек. «Мәссаған! Бұ-ның бәрін бір қазанмен қалай істей-ді?!» деп ойлаймын. Оқсата алмасам, ұят. Ол кезде қи да тапшы сияқты. Қи-ды тек самаурынға салып үнемдей-міз. Қазанға су ысыту үшін қоға жаға-мыз. Қоғаны білесің, қағаз сияқты лап етіп жанады да кетеді. Сиырдың жатқан орнынан тезегіне шөп аралас-тырып соғатынмын. Даладан да тере-міз. Соның бәрі алғаш келгенде таң-сық болды. Жұбандардың қолында Ерсайын деген туысқан баласы тұра-тын. Баланың жасы да келді, бір жа-ғынан, маған көмектессін деп сол Ерсайынға да келін алып берді. Ол қыз келмей тұрып қатты қиналдым. Сиыр сауған кезде үсті-басымды был-ғаймын да жүремін. Мамам «сиыр аяғын шелекке салып алмасын» деп қатаң ескерткен болатын. Бір күні са-уып отырған кезімде әлгі сиыр аяғын шелекке батырып алғаны. Енді не іс-тейміз? Мен ол жағын түсінбеймін ғой, Ерсайын айтты: “Мамаға айтпа-йық. Қазір сеператормен тарта сала-мыз. Түк болмайды” деді. Содан шәй әзірлеп, мамам кесесін аузына апа-рып, бір ұрттады да: “Не, сиыр ше-лекке аяғын салып алған ба?!” демесі бар ма. Ерсайын екеуміз “жоқ, салған жоқ” деп қоямыз. Мамам: “неге өті-рік айтасыңдар, аяғын салып алған ғой” деп ұрсып тастады. Содан енді оған сақ болатын болдық...
– Иә, Зеріп анамыз жөнінде ай-тыңызшы...
– Ауылдардан, ауданнан уәкіл ке-летін болса, біздің үйге түсетін. Мен бармай тұрған кезде мамам селсовет болған екен, өзі – партияның адамы. Байлардың дүниесін бөлген кезде кәмпескеге қатынасқан. Сонда 20 қой, үлкен бір самаурын тиген екен. Сол самаурын міндетті түрде ызылдап тұру керек. Мамам сондай адам. Көп кісі таниды, сыйлайды дегендей. Біз-дің үй таза болды, оның үстіне Жұбан да келіп жатыр. Әйтеуір, қонақты көп күтетінбіз.
Мамам тары қуырып береді, мен түйемін. Тары түйгенде келсап мін-детті түрде маңдайыма екі-үш мәрте тарс ете түседі. Көп нәрсенің тапшы кезі ғой. Етті құр өзін асамыз, ұнмен таба нан салып, шоққа көмеміз. Ұнды жасау үшін бір аяқ бидайды диірмен-ге тартамын. Оны қай кезде істейсің? Таңнан кешке дейін бүкіл шаруаны істейсің. Мамамның дәретін алғызып, төсегін салып, киімін ауыстырып жат-қызғасың, сосын диірменге отырасың. Күні бойы сілелеп, ұйқың келеді. Қал-ғып бара жатсам, мамам: “Әй!” де-генде селк ете түсіп, ұйқым шайдай ашылып кетеді. Сол кезде 18 жастағы баламын ғой. Жоқшылықты көргенім-мен, мынадай қиыншылықты көрме-гем. Сол ұннан тек қонаққа ғана таба нан жасайтынбыз. Мама ұрсады: “Не-мене, келін деген қазан жаласа да тояды” деп. Мен ойлаймын: “как это так, кісі қазан жалағанда тоя ма?” деп. Жұбан тарыны қаймақ пен айран қо-сып жегенді тәуір көреді екен. Бала кезінен солай шығар енді. Мамам та-рыны маған бермей, баласына бере-ді. Ал Жұбан маған беруге мамасы-нан жасқанады. Кейде менің қарным ашатын. Сонда еш нәрсе айта алмай-сың, шыдайсың. Қазанға ет саларда мамам маған салдыратын. Мен қала-да өскем, барлық қылшық-қыбырын тазалап, жуып салатынмын. Ол жақта су қиын. Ащы су, тұщы су бөлек құдық-тан өнеді. Тұщы суды қатты қадірлей-тін. Оны басқа біреудің құдығынан таситынбыз. Иінағашпен екі шелекті иыққа салып алып келу өте қиын. Жа-зық даланың желі алдыңнан есіп, ше-лектің жарты суын төгіп тастайтын. Соны төкпей-шашпай әкелу қажет. Шашым да ұзын болды. Басымды жуу үшін екі шелек су алып келемін. Мамам ұрсады: “Немене, екі шелек суды бір басқа жұмсап? Біз бір құман суды басымыздан “бессімлә” деп құйынып аламыз” дегенде мен қатты таң қаламын. Қанша қиындық болса да, мамның айтқанын екі етпедім. Біз жаз, күз бойы тұрдық. Келесі жазғы-тұры Жұбан Алматыға жұмысқа тұру-ға кетті. Мен ауылда қалдым. Кейін келіп, алып кетті ғой.
Ақұштап (Бақтыгереева – Ш.Т.) ай-тады ғой: “Біздің енелеріміз келінде-рін қатты ұстайды. Бірақ Софьяны одан да қатты ұстаған” деп. Іштей жақсы көріп тұр, бірақ соны білдірт-пейді ғой. Тәрбиелегені шығар соның бәрі. Ал қазіргі қыздар соған көне ме, айтшы? Өзімнің үш келінім бар, бірақ ондай еш нәрсе жасағам жоқ. Бала-лардың өздері таңдады, әпердік. Ке-рісінше, оларға көмектесіп жүрдік. Әлі күнге ақылымды айтып, жәрдем-десіп тұрам.
– Сосын Жұбан аға Алматыға кет-ті дедіңіз. Сіздерді көшіріп алды ма?
– Иә, бізді өзі келіп алып кетті. Қа-телеспесем, “Лениншіл жасқа” жұмыс-қа тұрды. Тұратын үй жоқ. Бұрынғы тұрған үйлерінде, базар жағынан, ан-нан-мыннан үй жалдап тұрдық. Тұр-маған жеріміз жоқ, біраз көшіп-қо-нып жүрдік. Алғашқы баламыз 1949 жылы шілде айында көрінді. Содан 1951 жылы қызымыз,1953 жылы Қуандық ұлымыз дүниеге келді. Содан кейін ғана Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысынан пәтер ал-дық. Көршіміз Сәбит Мұқанов болды.
– Жазушылардың ішінде кімдер-мен аралас-құралас болдыңыздар?
– Сәбит Мұқановпен сол жерде көрші тұрдық. 1954-те кірдік, мамам 1968 жылы дүние салды. Сол үйден шығарып салдық. Сосын біз мына Калининнің төменгі жағынан төрт бөлмелі пәтер алдық. Тағы да Сәбит Мұқановпен көрші болдық. Мәлік Ғабдуллин, профессор Сызғанов, біраз министрлер көрші тұрды. Сәбит Мұқановтың үй-ішімен бұрыннан ара-ласамыз ғой. Мамам дүние салатын-да Сәбит айтты: “Жеңгейдің қолынан талай ас ішіп едік, енді келіннің қолы-на қарадық” деп. Тамақ пісіруді бәрін білемін ғой. Онан кейін ол кісілерді талай қонақ қылдық. Бар қал-қаді-рімнің жеткенінше атқардым деп ой-лаймын. Сол кезде бәрі жиналып алып “преферанс” ойнайтын. Төрт-бес адам әйелімен келеді. Сәбит Мұқанов кар-та ойнамайды. Ғабиден Мұстафин- Зейнел апай, Ғабит Мүсірепов ол кез-де Рая Мұхамеджановамен тұрды, Әлжаппар Әбішев, Серік Қирабаев әйелдерімен келетін. Сенбі күні таң-ертең келсе, жексенбі күні түске қарай кететін.
Әрине, оларды картаға салынып кетті деп айтуға болмас. Карта – ермек қой, жай сылтау ғана. Жұбан өз қата-рынан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденовтермен жақсы аралас-ты. Ол кезде қызық. Бәрі топталып жү-реді. Кім қаламақы алады, сол адам бәрін бір жерге апарады. Сол тобы-мен тағы бір үйде жалғастырып, та-мақ ішіп, әңгімелесіп мәре-сәре бо-лып қайтады. Қазіргі жазушылар со-лай істей ме екен? Қазіргі жазушылар-дан мен көп ешкімді танымаймын. Біз танитындардың көбі кетті ғой. Қалға-ны үлкейді. Сәбит Мұқановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Сырбай Мәуленовтың, Қалижан Бекқожиннің, Сағынғалидың балалары көрген жерде амандасып тұрады. Біздің балалармен де арала-сады, сәлемі түзу.
– Жұбан ағамыздың тонның ішкі бауындай етене араласып, сырлас-қан адамы болды ма?
– Бөлек, жақынырақ деген ешкім жоқ сияқты. Бәрімен бірдей аралас-ты. Сағынғали Сейітовпен жақсы дос болды. Бірақ екеуінің мінезі үйлесе бермейтін. Ол жыбырлақ, көп сөйлей-тін болса, Жұбан керісінше. Сағынғали-ды жақсы сыйлайды, бірақ сырлас болды деп айта алмаймын. Бұрын Жазушылар Одағында поэзия, проза секциялары болатын. Сонда менің есімде, Жұбақаң екінші секретарь бо-лып тұрған кезінде мына Әбдіжамал-ды көп айтатын. “Қан мен тер” кіта-бын қанша жыл түзетті екен. Әйтеуір, талқылайды, сосын ана жерін, мына жерін қаратады. Келесі жолы тағы да сол. Шыққасын тобымен бір жаққа барады...
– Алты алаштың атынан сөйлер ақынның тұрмыс-тіршілігінің, үй-іші берекесінің бұзылмауы – алған жа-рына сын. Ақын ағамыздың отбасы-ның тірлігінен гөрі өлеңнің жайын көп ойлап кетер сәттері болған шы-ғар. Осындай кезде сіз қалай қара-дыңыз? Жазушыға жар болудың қиындығы қандай?
– Жұбан әкеден алты айлығында қалған екен. Өздері төрт бала болған. Отызыншы жылдары ашаршылықтан халық Ресейге қарай көшті ғой. Әкесі сол кезде тырысқақ ауруынан қайтыс болыпты. Үлкен ағасы да осы аурудан бақилық болған. Мамам айтады мұны. Олар сол жақтан қайта елге келеді. Сонда бір қызы киіз үйдің ішінде етегіне от тиіп өртеніп, далаға қаш-қан. Тұла бойы бәрі күйіп қайтыс бо-лыпты. Жұбан сол кезде алты айлық екен. Мамам ылғи маған: “алты ай-лығында қалған баланы бағып-қағып өзім өсірдім” деп айтып отыратын. Туған баламның бәрі сол кісінікі. “Үй-ден туып әкелген балаң жоқ, менікі” деп бауырына басып алады. Оны “не-мерем” деп айтпайды, “балам” дей-ді. Балалар менің атымды атайтын. Сонда мен “мама” демегеніне онша ренжи қоймаймын. Бір үйде екі мама болмайды ғой енді. Мамам қайтқа-сын барып балаларым мені “апака” дейтін болды. Сол “апакамен” әлі күнге келе жатырмын. Жұбан да, өз мамам да солай атайтын. Құдалары-ма дейін қазір солай атап кетті.
Жұбан мамасын құрметтеді. Мен де барымша дегенінің бәрін істедім. Балаларын өте қатты жақсы көрді. Құшақтайды, сүйеді. Ал маған рұқсат жоқ. Сөйтіп, балалар өсті... Ол заман-да балаларды орысша мектепке бер-месең, иститутқа түсе алмайды. Одан комсомолға, партияға өте алмай қалады.
– Жұбан Молдағалиевтің ұрпағы орысша тәрбиеленген, көбіне орыс-ша сөйлейді деген сыңайдағы әңгі-ме рас екен ғой сонда...
– Мамам барда балалар қазақша сөйлейтін еді ғой. Мамам қайтыс болғанда олар орыс мектебінде оқып жатты. Сабағына орысша көмектесу керек. Саясаттың қыспағы. Заман сондай болды ғой. Амал жоқ...
– Ұл-қыздарыңыз әкелерінің шығармашылығымен жете таныс қой?
– Әрине, жақсы біледі бәрі. Неге білмесін?! Бірақ қазақша кітаптарын оқымайды, орысша аударылғанда-рын оқиды. Әкелерін өте жақсы қа-дірлейді. Бірақ олар ешуақытта “біз осындай кісінің баласымыз” деп кеуде керген емес. Жұбанның өзі де: “Міне, оқисың ба, өз күшіңмен, өз біліміңмен түс!” деп айтатын. “Мен ешқашан біреудің алдына барып, баламды оқуға түсір деп айтпаймын” дейтін. Сол сөзіне тұрды да. Балалар да ұятқа қалдырмай, жақсы оқыды. Екі бала архитектура, қызым Гүлмира ағылшын тілі, төртінші баламыз энер-гетика саласының маманы болды. Жұбан бірақ елден келген балаларға көп көмектесті. Өз балаларына істе-меген жақсылықты істеді.
– Кімдерге?
– Тайпақтық Уәли Қуатов, інісі Сағидолла біздің үйге келіп тұратын. Бақтығұл Ойшыбаев, Базарғали Қуатов та үйде жүретін. Бақтығұл жиі келеді, ол біздің қызымыз Гүлмираға көз салады екен. Оны біз сезбейміз, кейін Гүлмира айтады. Қазір аттары есіме түспей тұр, тағы да біраз қыз-жігіт келіп тұратын. Студенттер ашқұр-сақ жүреді ғой. Кірін жуып, суға түсіп, тамақ ішіп кетеді. Мен өзім елден келген адамдардың біреуіне де қабақ шытқаным жоқ. Бәріне қолымнан кел-генше қызмет қылдым. Бүгінге дейін аман-есен отырғаным солардың ал-ғысы шығар.
– Ұл-қыздарыңыздың, немере-леріңіздің ата жолын қуғаны, шы-ғармашылыққа жақыны бар ма?
– Ондай ешкім жоқ. Архитектура да өнер ғой. Ал шығармашылыққа жақыны жоқ. Гүлмира қызым бірде-ңе жазған екен, сонда Жұбан айтты: “Өлең жазу деген оңай емес. Өте қиын. Қазір онымен айналыспа. Кейін өзі келсе, көрерсің” деді.
– Әуелгі әңгімеміз үзіліп қалмасын. Бір сұхбатыңызда бір топ ақын-жазу-шылардың жарын “Біз Мәриям апайдың гвардиясы едік” депсіз. Осы жөнінде тарқатып айтып бер-сеңіз.
– Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың жөні бөлек қой. Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Жұбақаң бәрі дү-ниеден озды. Сағи Жиенбаевтың, Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Ғафу Қайырбековтың, Қалижан Бекқожин-нің, бәрінің әйелдері, Тәкен Әлімқұлов-тың қарындасы – алты-жеті әйел Мәриям апайдың қасында жүретін-біз. Қонақтықтарда Мәриям апай әң-гіме айтып, ортасында жақсы отыра-тын. Соңғы үш жылда Сырбайдың, Қабдыкәрімнің әйелдері қайтыс бол-ды. Қазір солардан қалғаны – мен, Зайда, Қалижан мен Сағидың, сосын Жұмекеннің зайыбы – Нәсіп. Сырла-сып, мұңдаспасақ та, сәлеміміз түзу, көңіліміз жақын. Қонақтықта, ас пен тойда қатар отырамыз.
– Желтоқсан оқиғасы кезінде аға-мыздың Колбин алдында сөз сөйлеп, “Мен – қазақпын!” деп қасқая қар-сы тұрғанын білеміз. Бар халықтың ар-намысын арқалар сол кездерді бір еске түсіріп өтіңізші...
– Ол бір қиын кездер еді ғой. Қы-зымыз сол алаң жақта тұратын. Жас-тар қақтығыс кезінде сол үйлерге қа-шып тығылыпты. Жұбан өзі ол жаққа барған жоқ. Біздің екі бала сол алаң-да кезекшілікте жүрді. Оларды жұмыс-тарынан ұжым мүшелерімен бірге ке-зекшілікке жіберіпті. Бiрi түнгi 12-ден таңғы 6-ға дейiн, бiрi таңғы 6-дан түн-гi 12-ге дейiн жүрді. Сонда Жұбан қат-ты уайымдады. Балаларына: “қолда-рыңдағы дубинканы ешуақытта қол-данушы болмаңдар” деп қатаң ес-кертті. Ол кез – көтеріліс басылған кез. Қайтадан бір жағдай болып қалма-сын деп сақтықты күшейткен шара-лары ғой. Жұбан өзі барып көрмесе де, барлық жағдайдан хабардар бол-ды. Қадағалап, естіп-біліп отырды. Сөз сөйлерінен бір күн бұрын, кешке таман Одақтың сол кездегі басшысы Олжас Сүлейменов қоңырау шалды. “Жазушылар Одағына Колбин келеді, соған сіз сөз сөйлеңіз” депті. Жұбақаң: “Өздерің неге сөйлемейсіңдер?” - де-ді. Олжас: “Жоқ, сіз сөйлесеңізші” депті. Білмеймін, тағы не айтқанын. Содан кешкі астан кейін Жұбақаң бөлмесіне кіріп алып жаза бастады. Балалар ұйқыға жатты, мен шайын, суын беріп, жанында жүрмін. Жазып болғасын қағаздарын жинады да, ма-ған оқып берді. Мен: “қаттырақ кет-кен сияқтысың, ертең бір бәле болып жүрмесін” дедім. “Маған не болар дейсің” деді. Сөйтіп, сөйлеп шығыпты ғой. Ол туралы кейін бәрі айтты, жаз-ды. Тіпті, қол да соға алмадық дейді.
– Иә, Ақұштап апайдың “Ерлікті көзбен көрген күн” өлеңінде Жұбан ағаның сөйлеген сәтін бейнелі түрде баяндап келіп, залда отырғандар-дың “қол соғудан сескеніп, жер теп-кенін” оқып едік...
– Солай болды ғой. Жаңағы оқиға-дан кейін “қазақтың балаларын жо-ғарғы оқу орнына процентпен алу ке-рек” деген заң шықты. Жұбақаң осы жөнінде Колбиннің арнайы қабыл-дауында болып қайтты. “Қалайша сіз осындай заң шығарып отырсыз? Ауылдан келген қазақтың балалары Балтық жағалауына, Украинаға, Мәскеу немесе басқа шет елдерге барып бiлiм ала алмайды. Мүмкіндігі жоқ. Керісінше, Қазақстандағы жоға-ры оқу орындарындағы қазақ бөлiм-дерiн көптеп ашып, ауылдың балала-рына жоғары бiлiм алуына жағдай жасалынуы тиiс” депті.
Кейінірек Колбин Жазушылар Одағына тағы да келіпті. “Процент дегенді алып тастаймыз, қамауда отырғандарды босатамыз, ақтаймыз, өйтеміз-бүйтеміз" деп айтуға келген ғой. Сөйлеп болған соң залда отыр-ған Жұбақаңа қарап: “Қалай, мен дұрыс айттым ба? Енді көңілің толды ма?” деген екен.
Жұбан сырттағы мәселелерін үйге алып келмейтін. Кейде жұмысынан қабағы түйіліп келіп, сөйлемей жүре-ді ғой. Сондайда мен: “Жұбақа, Жазу-шылар Одағындағы болған нәрселер-ді үйге алып келме. Отбасына келге-сін мен, балалар бар. Сыртқы түсініс-пеушілік отбасымызға әсер етпей-ақ қойсын” деп айтып қойғам. Әрине, кейінгі жылдары ауырды, жиналыс-тардан қабағы түсіп шығып жүрді. Ондайда түсіністік танытуға тырыс-тым. Тамағын әзірлеп, төсегін салып, мазасын алмай дегендей.
– Осы оқиғадан кейін Жұбан ағамыздың жағдайы нашарлап кетіпті деген әңгімелерді естиміз.
– Одан бұрын да ауырып жүрді. Желтоқсан оқиғасынан кейін күрт нашарлап кетті деуге де болмайды. Бірақ оның да кесірі тиген шығар деп ойлаймын. Жүрекке салмақ түседі ғой. Өзі қылтың-сылтыңды білмейтін, тік мінез адам. Анау мынадай деді, бүйтті-сөйтті деген өсек-аяңды жек көретін. Ондайда Жұбақаң: “Дәлелің бар ма? Дәлел болса, сөзім жоқ. Егер жоқ болса, маған түк те қажеті жоқ” дейтін. Бетің бар, жүзің бар демей тіке айта салады. Біреу: “Жұбан Молдағалиев барлық пәтерді тек оралдықтарға берді” депті. Тексеріп қараса, олай емес. Сыртынан тас ата-тындар көп қой. Жұбақаң өзі айтпай-ды, маған Сейітжан Омаров деген кісі айтады. Бір жиналыста айтыпты: “Ас-паннан Құдай түсіп, Жазушылар Ода-ғына секретарь болса, ол да сендерге жақпас. Мен өзім барымша жұмыс жасап жатырмын. Риза болмасаңдар, өз шаруаларың” депті.
– Қадыр Мырза Әлі ақын “Иірім” атты естеліктер кітабында: “Өлгеніне емес, өліміне сенбеймін. Оның ау-руы аяқ асты өле салатын ауру бол-майтын...” деп жазды. Бұл сөздер қаншалықты рас?
– Оған да нақты дәлел керек. Жұбан ауырды. Бауырынан артық ет (кистичка) тауыпты. Жұбақаңды ака-демик Мұхтар Әлиев қарап жүрді. Сол кісі «анализ алайық» деп шақыр-ған. Анализ алған кезде әлдебір қате болып, іштен қан кеткен дейді. Қай-дан білейін енді? Ешкімге жала жаба алмайсың ғой. Жұбағаң сол іштен қан кетуден көз жұмды. Қан тоқтамаған. Ауруханаға өз аяғымен барды, сүйегі шықты...
– Ағаның рухани тұрғыда қандай да бір соққы алып, қатты қиналған кездері болып па еді?
– “Хатшыға хат” өлеңі шыққан кез-де идеология секретары Имашов (сө-зіміз ауыр болмасын, ол кісі де қай-тыс болып кетті ғой) өлеңді көбейтіп шығарып, министрлерге таратып бер-ген көрінеді. Бұған да нақты факт жоқ. Сыртынан айтылған, естігеніміз ғой. “Социалистік Қазақстан” газетіне бір топтамасы шыққан кезде есімде, Жұбақаң анда-мында барып көп шап-қылап кетті... Кітабын да шығара ал-май жүрген. Содан Қонаевқа барып-ты. Қонаев: “Ақын деген жаза береді. Одан ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ” деп тоқтау салыпты. Сосын бәрі тынышталды ғой.
– Ол кісі қай кезде жазатын, жазу үстеліне қай уақытта отыратын?
– Соңғы жылдары шығармашылық демалысқа шыққан кезде үйде бол-ды. Таңертең 7-де тұрады, бір стақан айранын ішеді де, республика сара-йының сырт жағына кетеді. Сол жақ-та жаяу қыдыруға арналған жол бар, жазушылардың көбі сол жақта жүре-ді. Екі сағаттай жүріп, 9-дарға қарай үйге келеді. Таңертеңгі асын ішіп, үс-теліне отырады. Сосын түскі асқа де-йін жұмыс жасайды. Болғасын, тама-ғын ішіп демалады. Теледидар қарай-ды. Спортты жақсы көретін. Өзі ойна-маса да, жақсы жанкүйер еді. Хоккей, футбол, шахматты ұнататын. Теледи-дардан шыдай алмай, радиоқабыл-дағыштан тыңдайды. Балалардың бәрі де спортқа қызығып өсті.
– Ел білмейтін басқа қандай қырлары бар еді?
– Спортты ұнатты, жаяу жүргенді жақсы көрді. Ал жұмыс кездерінде бір айға, кейде екі айға демалыс алып, Балтық жағалауына, Юрмалаға бара-ды. Юрмалада «Шығармашылық үйі» бар. Теңіздің жағасында қыдырып, шығармашылықпен айналысып қай-тады. Мәскеудің Малиевка деген же-рінде Жазушылар Одағының «Шығар-машылық үйі» бар. Ақпан айында ба-рамыз, керемет жер. Сықырлаған са-ры аязда ауа да тамаша. Жұбағаң әр-лі-бері жаяу жүріп, қыдырады. Сосын жұмысқа отыратын. Ол жерге әр рес-публиканың жазушылары жиналатын. Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Евтушенко, башқұрттың, татардың жазушылары, аудармашы еврейлер (фамилияларын ұмытып тұрмын), бәрі келеді. Талай біздің үйден дәм татқан ақын-жазушылар сол жерде мені “София ханым” деп құрметтеп жатады. Жұбан Мемлекет-тік сыйлық комиссиясының қатарын-да болды ғой. Мәскеуге барған кезде кино, спектакль, концерттік бағдарла-маларды бірге тамашалайтынбыз. Мүсілім Магомаевтің концертіне бар-дық. Мәскеудің қонақ үйіне тоқтай-мыз, мейрамханасынан тамақ ішеміз. Өңкей мықтылар сол жерде жүреді. Бірақ мен ол кісілерді елеп, бағала-майтынмын. Жазушы ма, әртіс пе, сә-лемдесеміз, кетеміз, болды. “Неге сонда күнделік жазбағанмын” деп ой-лаймын қазір. Осы күні бәрін ұмытып та қалдық қой. Бір таң қалатыным, сол жазушылар әр жылда басқа әйелмен келетін. Сосын Жұбанға: “жазғытұры келгенде бір әйел, күзде келгенде бір әйел, бұлары не?” десем, “сенің оларда не шаруаң бар?!” деп тыйып тастайтын.
– “Ел мақтаған жігітті қыз жақта-ған” деген. Жұбан ағамызға да көп қыздар ғашық болған шығар...
– Жұбанды рентгенолог врач әйел қарайтын. Бір күні барсам, маған ай-тады: “София Маликовна, я вот влюб-лена в вашего мужа. Но он на меня ноль внимания” дейді. Мен: “Изви-ните, я ничего здесь не могу сделать” дедім. Енді мен не істейін? Жұбақаң көркем, әдемі еді ғой.
– Жұбан Молдағалиевтің архиві жайлы айтыңызшы. Бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған дүниелері бар ма? Көзі тірісінде кітапханасына қанша кітап жиып еді?
– Жұбақаң күнделік жазбады. На-ғыз партияның адамы болды ғой. Кі-тап қоры мол. Жазушылар бір-біріне сыйлап жатады. Кітапханасы үлкен еді. Жоқшылық кезі болса да Жұбан-ның 80 жылдығын өткіземіз деп, біз қазіргі тұрып жатырған үйімізді Америка елшілігіне тапсырдық. Бір жылдық ақшасына басқа жерден үш бөлмелі үй сатып алдық. 80 жылды-ғында Алматыдан жиналысын жасау-ға Жазушылар Одағының қаражаты жетпеді ғой.
– Ақынның жары еді деп Жазу-шылар Одағынан көңіл бөлініп тұра-ды ма? Жиын-кештерге шақырып дегендей...
– Бәрі жақсы, Нұрланға ризамын. Көрген жерде “апалап” амандасып тұрады. Сәлемі түзу. Басқа хатшылар бұрын өйтпейтін. Жазушылар Одағы-на басшы болу – оңай нәрсе емес. Қа-зір оларға үкімет ақша бөлмейді. Өз күшімен отыр. Кезінде Жұбақаңдар істеп жүргенде үкімет бар жағдайын қамтамасыз ететін. Нұрланды қанша даттап, газеттерге жазып жатса да, мен үшін сол кісіден артығы жоқ сияқты. “Қазақ әдебиеті” мен “Жас алашты” Одақ тегін жазып береді. Сол газеттерден әдеби процесті ба-қылап, үйде қарап отырамын.
– Ағамыздың шығармашылығы-ның насихатталуы жөнінде не айта-сыз?
– Көңілім толыңқырамайды. Әйелдер асханада отырып алып айта-мыз ғой: “Мұқағалидан басқа ақын жоқ па?” деп. Қит етсе, «Мұқағали» дейтін болыпты. Мұқағалиды жас кезінен жақсы танимыз. Бұрын біздің үйге де жиі келетін. Жұбаннан қарыз-ға талай ақша да алған. Көбіне ішіп жүретін. Сол ішіп жүрген кезінде көп адамға сүйкімсіз көрініп, өлеңдерін бағалата алмаған ғой. Әйтпесе, кере-мет ақын. Қазір балалары, келіндері шығармашылығын жақсы насихаттап жүр. Оны қызғанып отырған жоқпыз. Қай ақын болса да, өлеңдері елге же-тіп, ізделіп жатса, жақсы ғой.
– Насихаттау жағын өздеріңіз неге қолға алмайсыздар?
– Жұбан жалғыз өсті деп жоғары-да айттым. “Менің артымнан жүретін кісі болмайды” деп айтатын. Біз бала-ларды қалай тәрбиеледік? “Ойбай, ұят болады” деп көп нәрседен шек-теп тастадық. Жазушылар, қонақ кел-генде тамағын беріп, бір бөлмеге қа-мап қоятынбыз. Шығушы болмаңдар деп ұрсамыз. Соның бәрі дұрыс емес екен. Дастарқанға бірге отырғызып, айтары көп ағалардың әңгімесін тың-дату керек екен. Біздің балалар орыс-ша сөйлейді ғой, өздері де қызықпа-ды. Қазірдің өзінде “біз осындай кісі-лерді қабылдап едік, танимыз” де-мейді. Бәрін таниды, біледі. Бірақ ба-ғалай алмайды. Ұлым “Мен – қазақ-пын!” поэмасын қазақ, орыс тілдерін-де кітап етіп шығарды. Жиын-кеште-рінде қонағасын беру де өз мойны-мызда ғой.
Тұманбай Молдағалиев дүние сал-ғанда марқұм Еркеғали Рахмадиев-пен жолығып қалдым. “Жұбанның “Мен – қазақпын!” поэмасын рэп қы-лып айтып жүр, сіз ризасыз ба?” деп сұрады. Өз көңілі толмай тұр. Ән шықты, халыққа тарап та кетті. “Сен баяғыда Жұбанның өлеңдеріне ән жазам деп едің ғой. Жазбайсың ба енді?” - деймін мен. Сол ән жастар-дың көңілінен шығып жатса, айтыла берсін. Мүмкін басқа кісі шығып, бас-қа ән жазар. Жұбан ән мәтіндеріне сөз жазуға көп қызықпады ғой. Мына Шөмішбай Сариевтер қазір жақсы жазып жүр. Кезінде ол да жүретін шашы бұйра-бұйра “Пушкинмін” деп. Қазір кітап таралымы да аз. С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтер насихат-талып жатыр ма қазір? Жоқ. Тек туған күндерінде ғана бір еске аламыз. Жұбанның да шығармашылығы кең тарайтын өз уақыты бір келер деп ойлаймын.
– Кіші ұлыңыздың қолында тұрып жатырсыз ба?
– Иә, кенже баламның қолында-мын. Келінім Айгүл Мұстафаева Құрманғазы атындағы консервато-рияда домбырадан, қобыздан сабақ береді. Балам энергетик болғанымен, басқа салада қызмет атқарады. Құдайға шүкір, 8 немере, 6 шөбере-міз бар.
Өзім аяғым ісіп, қан қысымым көтеріліп, аздап ауырып та қаламын. Былтыр тамыз айында ауырыңқырап қалып, емделдім. Осы күніме шүкір-шілік айтам. Ұл-қыздарым, немереле-рім, келіндерім, бәрі құрметтейді. Алдымда “апакалап” жүгіріп жүреді.
– Әңгімеңізге рақмет, София апай! Ауырмаңыз! Жұбандай ағамыздың өнегелі өмірін бізге жеткізіп, аман-сау жүре беріңіз!

Қаралым саны 1813

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463