«Иа, Сәт!»

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Батыс Қазақстан өңірінің қазақтары арасында әлдебір іске кірісер алдында «Иа, Сәт!» деп алақанын ысқылап алатын бір дәстүр бар. Бүгінде бастапқы мағынасы ұмытылып, көпшілік ішінде одағайға айналып кеткен бұл сөздің түп-төркіні ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты Сәт палуан Қалдыбайұлының есімімен тығыз байланысты.
«Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясының (Алматы, «Арыс» баспасы, 2010 жыл) деректеріне қарағанда, Сәт Қалдыбайұлы байбақты руынан шыққан Даттың немересі екен. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Ақкөл ауылынан (бұрынғы Жетікөл кеңшарының №1 фермасы) оңтүстікке қарай 12 км жерде «Сәт бейіті» атты көне қорымда жерленген. Басында бір жағы құлай бастаған үлкен кесене – шошақ мола бар.
Жалпы, қысылтаяң кезде, маңызды іс басталарда Жаратушыдан, әулие-әнбиелерден, аруақты тұлғалардан жәрдем сұрау – халқымыздың дәстүрінде ежелден бар үрдіс. «Иа, Алла!», «Иа, Пірім!», «Иа, Бибі Фатима!», «Иа, Бекет!», «Иа, Мәтенқожа!» секілді «Иа, Сәт!» те осындай тылсым сенімдік сыйынуға жатады.

Қаралым саны 991

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463