«Әрайна...»

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Мұрат ақынның Қазтуғанды әңгімелеген жырында жұртқа Қазтуған айтты деген жыр былай басталады:
Әрайна, билер, әрайна,
Әрайна десем болмай ма?
Әрайнасыз һәр қайда
Ердің ісі оңғай ма?
Әрайна болған Қазтуған
Қайғыланып сонда толмай ма?
Бұл туралы Мұрат Мөңкеұлының кітабында төмен-дегіше түсінік беріледі, Мұса ұлы Мамайдың Арайна атты жолдасы жауда жарақаттанып, өлерінде: «Кейінгі жырлардың бәрі «Арайна» деп басталса екен» деп өсиет қылыпты дейді. Сонан бері жырды «Әрайна» деп бастау мирас болыпты-мыс.
Мұса би атақты Едіге батырдың шөбересі – ноғай-лының биі.
Махамбеттің де осы аттас өлеңі бар, әр жылдары шыққан басылымдарында берілген түсінік бір-бірінен тым ұзап кетпейді. Әрайна – ел аузындағы аңызда ерте кезде жаугершілік заманда жорықта өлген батыр.
Махамбет шығармаларының төрт томдық академия-лық жинағының алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А.Егеубаев: «Батырдың есімі деуге келе қоймайды. Қазтуғанның лақабы ма, әлде батыр адамды мәртебелейтін мадақ сөзі ме деп түсінуге болатын секілді», - деген тұжы-рым жасайды.
«Қазақ әдеби тілінің сөздігі» сабыр, ұстам, тоқтам деген тың түсінік береді.
Ұлы Мұқтар Әуезов бір мақаласында: «Арман жырының басы Әрайнамен басталғандай дәл екі ғасыр бойында халық қамын айтқан жырдың бәрінің құлақ күйі — өнерсіздік, қараңғылық зары еді», - деп жазыпты.
«Орал өңірі» газетінің былтырғы 14 наурыздағы санында Ғ.Хасанов жорықта өлген батырдың есімі туралы аңызды Қажым Жұмалиевтің аузымен келтіре отырып, Әрайна «шарайна» сияқты сауыттың үстіне киілетін, не ілінетін, оқ өтпес үшін қорғану заты болса керек деген өз пікірін алға тосады.
Ақбай Баржыұлы деген осы қолыңыздағы «Дана» журналының алғашқы саны жарық көргенде жолдаған үшбу тілегін «Әрайна» деп бастап: «Елдік пен ерлікті дәріптейтін журналымыз елі мен ұрпағының болашағына бейжай қарамайтын барша оқырманның сүйікті басылымы болғай!» - деген ақжолтай тілекпен аяқтайды.
Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың:
Маған қымбат
Махамбет «Әрайнасы»,
Маған қымбат Пушкиннің «Аринасы».
Мақтымқұлы мақамы маған қымбат,
Маған қымбат Қасымның «Дариғасы», - деген поэтикалық, музыкалық жаңа ұғымына құлақ түрсек, Әрайна әндетіп те кетеді.
Ең бастысы, ежелгі батырлар заманының сілеміндей болған Әрайна жаңа мазмұнға ие болып, әлі күнге қолданыстан қалмай келеді.

Қаралым саны 3147

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463