«Ақілмені» ала алмай қалғаныма өкінемін...»

Өтеген ЖҰМАШЕВ,
күйші, домбырашы

Өтеген Жұмашев – Батыс Қазақстан облысындағы көзі тірі күйшілердің көшбасшысы. Ол – бұрынғы өткен күйшілердің шығармаларына тән табиғи сарындарды бұзбай жеткізуші бірден-бір домбырашы. Қазақ музыкасының «Алтын қорына» Махамбет, Құрманғазы, Нақыш, Мүсірәлі, Соқыр Есжан, Қожақтың күйлерін берген, өзі де көнекөз күйшілерді көре қалған асылдың сынығы. 

«Dana.kaz» журналы ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Алтын жү-рек домбыра» атты күй кешіне арнайы даярланған бейнебаянда қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиев ол туралы былай деген еді:
«Өтеген Жұмашев – көненің көзін-дей, бабалардың сөзіндей сирек кез-десетін жан. Ол бала кезінде үйренген күйлерді шып-шырғасын шығармай, аман-есен бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Халыққа таныс күйлерді айтпағанның өзінде Сейтектің «Ортпа», «Бес қыздың бел шешпесі», «Торы ат» күйлері, сон-дай-ақ Баламайсаңның «Дүние ғапыл», Мәменнің «Назым» тағы сол сияқты күйлерге біз, бүгінгі ұрпақ өкілдері осы Өтекеңнің арқасында қол жеткізіп, керемет, тамаша күйдің сарынына қазір рахаттанып отырмыз. Шет жаға-сын өзіміз көріп қалған, Нарын құмын-да өмір сүрген Қожақ Тайториев деген ақсақалдың «Ақсақ кер ат» деген күйін де тек қана осы біздің Өтекең жеткізіп отыр. Сондықтан да Өтекеңнің өнеріне тоймаймыз. Өтекең ұзақ жасасын. Өте-кеңе өнер жолында әрқашанда сүйсі-не қарап отыратын халқы аман болсын. Әрқашан Өтекеңнің он саусағынан өнер тама берсін. Деніне саулық берсін деп тілейміз!».
Жуырда Орал қаласында тұратын кейіпкерімізбен өскен ортасы, балалық шағы, өнердегі ұстазы, өмірлік ұстаны-мы, жеке шығармашылығы, басқа да бірнеше сұрақ төңірегінде кеңірек сұх-баттасудың сәті түсті. Қарт күйшінің та-ғылымға толы әңгімесін «DANAkaz» журналының оқырман назарына ұсынайық.
– Құжат бойынша туған жылым 1932 жылғы 10 қаңтар, дұрысы 1930 жыл-дың 12 желтоқсаны. Туған жерім – Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Теректі ауыл советі.
Шыққан тегім – Қыдырғожаның Сұлтансиығынан тараған он екі ата Байұлы. Байұлының Алаша руы, одан Барамық, одан Тоқбас. Тоқбастың Есіргепсарысынан тарағанбыз. Бұдан ке-йін менің әкем Жұмаш – сегізінші буын.
Анамның есімі – Жаңғақ. Руы – Бұғанай Байбақты, Елеусіз дегеннің қызы.

«Анамның жоқтауымен домбыраға әуестігім артты»
Әкем Жұмаш, анам Жаңғақтан бес ұл, төрт қыз – тоғыз ағайынды едік. Бір ағам Ұлы Отан соғысынан кері оралма-ды. Қалған үш ағам, төрт апа-қарында-сым бәрі де бақилық болды. Өзім әке-ден тоғыз жасымда қалдым. Анамнан да жас қалдым. Ордада мектепте 2-класс оқып жүрген кезімде соғыс бас-талды. Ағам соғысқа әскерге алынды. Анам ауру, тұрмыс жағдайымыз, күн көріс нашарлады. Қасымызда жақын-жуық ешкім жоқ. Содан нағашы апам-ның жолдасы Бақтығұл жездей келіп, ауылға көшіріп алып кетті. Әкемнің ту-малары бәрі де соғысқа кетті. Біреуге біреу көмектесетін жағдай жоқ. Жоқшы-лық әбден күйзелтті. Сөйтіп жүргенде анам да қайтыс болды. Жетімдіктің ащы зарын енді таттым.
Менің бес-алты жастағы кезімде есте қалғаны: әке-шешем, тума-туыс – бәрі бар, шаруа, тұрмыс, бас аман, мал түгел болды. Әкем – колхоздың ең мақ-таулы жұмысшысы, үлкен ағамыз – кол-хозда счетоводь. Ол кезде бухгалтерді осылай атайтын. Одан кейінгі ағай – бригаданың есепшісі, әкемнің інісі – өндіріс бригадирі. Осылай, төрт құбы-ламыз тең болыпты. Тіл-көз бе қайдам, Алланың әмірімен бір жылы бас-аяғы жиырма төрт күннің ішінде үлкен ағам қайтыс болып, үйіміз өртеніп кетті. Бой жетіп отырған апамыз бар еді, о да қай-тыс болды. Міне, жоқты бар жасау, көпті жоқ жасау Алланың қолында деген осы. Шаңырақтан бақ тайды.
Анама қайғы батты. Күңіреніп жоқтау айтып, жылап-сықтап отырады. Қайтыс болған үлкен ағам домбыра тартатұғын. Соның домбырасын дың-ғырлатып анамның қасында отырдым. Сөйтіп жүріп анамның айтып отыратын әнінің кейбір жерлерін үзік-үзік келті-ретін сияқтымын. Сөйте-сөйте домбы-раға әуестігім, ынтам арта бастады.

«Алғашқы ұстазым – Қожахмет»
Бір жылы он бес шақты отбасы Түлкібай шағылы деген жерге көшіп келіп, бәрі де бір-бір жертөле қазып, жер қыстауда қыстап шықтық. Осы ауылдан бөлек 2-3 шақырым болар, бір төбенің астында Күншығар деген шаруалы кісі болды. Одан әрі шамалы жерде Күншығардың Әру деген қарын-дасын алған күйеуі – Қожахмет деген тұрды. Қожахмет – домбырашы, күйші әрі әнші, өнерлі кісі еді. Осылармен ша-қырысып, араласып тұратұғынбыз. Енді менің есілдертім Қожахметтің үйіне бару болды. Соның домбыра тартқа-нына есім кетеді, үйренгім келеді. Олар да баласы жоқ болғасын ба, мені жақсы көреді. Анда-санда қонаққа шақырған-да ілесіп барамын. Өздігімнен бара-йын десем, жолда Күншығардың үйі-нің сыртында байлаулы, жаранып, ақ көбік атып тұрған, кісіге қарайтын нән бурасы бар және қабаған көк төбеті та-ғы бар. Қалай да бару керек. Бір күні төбе-төбенің астымен, шағырдың ара-сымен еңбектеп жеттім-ау. Сөйте-сөй-те осылай бару-келуді жиілеттім. Қожахмет – аңшы. Тазы ұстайды, мыл-тық атады. Бірде оның үйіне суықтан тоңып жеттім. Пеш түбіне жақындай бергенімде, қарақаншық тазы астын-дағы төсенішті сүйрете тұрып, ойбай салып қаңсылап, екі бүктетіліп өзіме қарап арсылдап қоя бергені. Зәрем ұшты. Үйдегі апай: «Ой, құрғыр анау ілініп қалыпты ғой» деп айырып алды. Бақсам, ертеде жүйрік тазы ұстаған аңшылар иті қаншық болса, қарықпа-сын деп артын сымдап қояды екен. Сөйтіп жүріп қыс бойы Соқыр Есжанды шәлтіріш үйрендім.
Менің алғашқы ұстазым – марқұм Қожахмет еді. Ол әскерге кадр қызме-тіне алынып, фин соғысына, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан оралмады.

Тайторының Қожағы
Ордадан ауылға келіп, 3-класты жалғастырып, 7 жылдық мектепті бітір-дім. Одан әрі оқуды жалғастыруға 10 жылдық мектеп жоқ. Ондай мектеп Орда жерінде тек Азғырда ғана болды. Ауылдағы оқушылар жоғары оқу орын-дарына түспек түгілі, бітіргені 7 жыл-дық, бітірмегені 4-5 кластық оқумен қалды. Мені мектепті жақсы бітірген, армия отбасы, жетім деп есіркеп, колхоз астыма көлік ретінде бір тайын беріп, қойма меңгеруші, есепшілік жұ-мысқа орналастырды. Сөйтіп жүргенде колхозға мал доғдыры болып бір үлкен, сақарған адам келді. Өзі сегіз қырлы, бір сырлы кісі екен. Мықты күйші, әнші, өз жанынан күй де, ән де шығарады. Атақты сынықшы, қожа (бала пішетін), емші (бала қияды). Аңшы, мылтық ата-ды. Ретті жерінде арағын да ішіп, карта-сын ойнап жүретін ортаның адамы Қожақ Тайториев деген кісі екен. Мені-мен жұмыстас болды. Мен мектепте оқып жүргенде үйірмелерге қатысып, «Кеңес», «Айжанқыз», «Бес қыздың бел шешпесі», «Арынғазы», «Қос алқа», басқа да осындай жеңіл күйлерді шала-шарпы үйренген едім. Соларды тартып жүрген кезім. Бұл кісі үлкен, ұлы күйші-лердің – Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі шәкірттерінің алдын көрген күйші екен.
Тайторының Қожағы 1886-1965 жылдар аралығында өмір сүрген, 80-ге толған шағында дүниеден озған. Руы – Есен беріш. Бұл кісінің ұстазы Нақыш деген күйші Нарын құмында болған. Нақыш Құрманғазы дүниеден озғанда 19 жаста, Дәулеткерейдің бар кезінде 8 жасар, Дина, Сейтек, Мәмен, Ерғали-лармен жасы шамалас өмір сүрген. Соңғы аталған күйшілер өмір сүрген кезеңде 35-50 жас шамасында болған. Қожақ көптеген күйді кейінгі ұрпаққа қалдырды. Бір кезде күйшілер Дәулеткерейдің бірқатар күйін тарату-дан қорықты. Дәулеткерей ақсүйек, төре тұқымы, Бөкейхановтардың тегі болғандықтан оны насихаттаған күй-шілер сотталды, атылды, қатты қысым-шылыққа ұшырады. Молдаға, бақсыға, сынықшыға, басқа да түрлі халық емші-леріне қатаң саясат жүрді. Осындай қыс-патаяққа Қожақ та ұшырады. Қожақты «сынық саласың, бала пішесің, бала қиясың, емшілікпен айналысасың» деп партбюрода мәселесін қарап, партия-дан шығарып, партиялық билетін ала-ды. Содан бірнеше жыл өткен соң ау-дандық партия комитетінің екінші хат-шысы аттан құлап, аяғы сынып, қос ат-пен «Қожақты алып кел» деп кісі жібе-ріпті. Бір шақырғанына бармайды. Екін-ші рет тағы кісі жібереді. Содан барып-ты. Қараса, жілігі күлдірлеп қирап қал-ған. Сол жерде өткендегі кегі бар, «Бала, баяғы менің партбилетімді алғаның есіңде бар ма?», - деп ауыртқан аяқты былай да былай қозғайды. Сонда хат-шы «Алла-ай, Қожақа, білемін, білемін ғой» дей беріпті. «Ұмытпаған екенсің, Қожақа енді керек болды ма?» деп, күл-талқан болып қирап қалған сүйектің бә-рін орнына келтіріп салып кеткен екен. Беріректе аяғын сылтып басатын бір кол-хоздың председателіне сырттай жол үсті кездескенімізде: «Бұл баяғы Қожекең-нің партбилетін алған Жұмағалиев Иманғали ғой» - деді танитын кісі.
Қожақ жиын тойда, құдалықта көп болатын еді. Сол жерде өлең айтшы деп қолқалағанда, өзінің шығарған әні бар, соған салып былай бастап кететін:
Ұстаймын домбыраның мойын жерін,
Ұстатқан мойын жерін сары желім.
Кешегі жиырма бестің кездерінде,
Талайдың ұстап едік қыпша белін, - деп жанынан шығарып қоя беретін еді.
Соғыс кезінде Қожекең Ордадағы соттың, прокурордың коннигі (атшысы) болыпты. Бірде халық соты Қалдыбаев Ибрайымның үйіне келіпті. Күн суық, аяз. Түс мезгілі. Келген үйдің кісілерін көршісі, сот орындаушы татар қонаққа шақырып жатыр екен. Бесікте таңулы кішкентай сәбиі бар екен, тоңып келген Қожекең бесіктің қасына қисая кетіпті. Соттың әйелі Нәзира Қожекеңе рулас болса керек. «Аға, бізді көрші қонаққа шақырып, соған барайық деп жатыр едік. Мына баланы жыласа жұбатар-сың» деп қасына домбыраны сүйеп кете барады. Тамақтың да тапшы кезі. Өзі сары аязда тоңып келген адам бойы жылынғасын көзі ұйқыға ілініп кетіпті. Бала шыр етіп оянып кетеді. Үй орта-сын пешпен бөлген. Екі бөлме – екі үй пештің екі жағында. Үсті ашық, төбеге дейін бітелмеген. Сары бауырсақтың исі мұрынды жарып барады. Ана жақ-та үй иесінің әңгімесіне риза болған қо-нақтар әңгімені гуілдетіп жатыр. Арасы-нан Нәзираның дауысы «Атасы, бала-ны шайқашы, жұбансын» дейді. Сол жерде «Бір өлең шыдай алмай бастап кеттім, Басыма қу домбыра жастап кет-тің. Қайтейін мінезіңді, қарындасым, Төбеттей төрге байлап тастап кеттің», - дегенде «Атасы, баланы алып, мына жаққа келе ғой» депті. Бірақ олай де-генге бара қоятын Қожекең бе?!. Бала әнге, домбыраның дыбысына жұба-нып, қайта ұйықтап кетіпті. Енді өлеңді тағы жалғастыру керек. Баланы шым-шып оятады. «Шыр етіп жылағанда, ойыма тағы үш-төрт шумақ өлең келіп қалды. Енді татардың қытығына тиуім керек болды деп, тағы бастап кеттім» деуші еді.
«Қонаққа төрт-ақ кісі шақырасың,
Жетпей ме бес кісіге берген асың.
Татарым, қазағымдай
бола алмайсың,
Қашаннан белгілі еді-ау
шақша басың...
Кейінгі шумақтар «Шылдырлап жіпке тізген қаңылтырдай» деп келетін. Есте қалмады, ұмыттым.
Бір жылдары ел арасында карта-ның «Бура» деген ұтыс ойыны тарады. Соларды келеке қылып, әзілдеп, бы-лай деп әнге қосып отыратын-ды:
«Бура» бар біздің елде мәнет деген,
Бура ойнап біздің балдар
әдеттенген.
Қосылса төртеу-бесеу отыра қалып,
Ұтам деп бірін-бірі әлектенген.
Арақ ішілген жердегі тәртіпсіздікке айтатыны: «Отырыста жеңіл мінезділер біріне-бірі сөз бермей, «Мен айтайын, сен тұра тұрға» келсе, ол жерде енді берекет болмайды. Тұр да, жүре бер» дейтін еді.
Қожақ марқұмның күйді орында-уы жүрек қылын шертетіндей өте саз-ды шығатын. Домбыраның шегін бо-саңдау етіп, жәй бабына келтіріп, күй-ші Науша Бөкейхановтың мәнерінде тартатын еді.
Мен Қожақтан Махамбеттің «Өкініш» күйін, Мүсірәлінің күйі «Мүсірәлі», Нақыштың «Айжан апай», «Ақжелең», халық күйі «Наридірген» күйлерін алдым.
Қожақ қартайған шағында «Ақсақ кер ат» атты өзі шығарған күйін тартты. Сонымен қатар жарыққа шыққаны бар, шықпағаны бар Дәулеткерейдің көпте-ген күйін тартатын. Бірақ кейбір күйле-рінің атын айтпайды. Сұрасаң, «Төре күйлері» дейтін де қоятын.
2001 жылы Кәрима Сахарбаева-ның іздеуімен Дәулеткерейдің 1930-1934 жылдардан кейін таралмай қал-ған 11 күйін таспаға жазып шығарды. Осының ішінде Қожақтың атын атамай тартатын 7 күйі табылды. Олар: «Қосағалы», «Желашар», «Ысқырма», «Қоңыр», «Ақбала қыз», «Жұмабике», «Ат қалған». Қожақ марқұм осы күйлер-дің бәрін «Төре күйлері» деген жалпы атаумен тартатын. Әйткенмен, бұл күй-лерді осы кезге дейін өзге бірде-бір домбырашының орындауынан ести алмай келемін.
«Қайын атам Сейтекке қосшы болыпты»
Сейтек – Дина, Мәмендермен қа-тарлас, бірін-бірі білетін күйшілер. Сейтекті ұры-қары, «конокрад» деп қара күйе жағып, көп қудалаған. Менің қайын атам Шайқы бір кездері Сейтек-ке қосшылықта қасында жүріпті. Шайқы көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі еді. Сейтек туралы айтылса, көпшігін құйрығына қойып, шоңқиып отыра қа-лып, Сейтек туралы әңгімеге араласа кететін еді. Сол кісінің айтуы:
«Ситекең өте қарулы, жүректі, жер-шіл еді. Ол ел арасындағы ұсақ-түйек-пен араласпайтын. Еділ бойынан Астраханға қарай орыс байларынан жылқы айдап келетінбіз. Оны ауылда-ғы жарлы-жақыбайға, күнкөрісі нашар-ларға таратып беретін едік. Жолға шы-ғарда алдын ала болжау жасайтын. Карта ашады (ол «Сейтектің бір тарта-ры» деп аталған) немесе ағашты үш қырлап жонып, әр қырынан керте қа-йырып екеуін тастап үшіншісін қиюды ұшына дейін жалғастырып бал ашады. Өзінің ойлағаны болса, «Кеттік!» дей-ді. Түн жүруге бастаушысы бар сияқты. Бағытты байқау үшін бір нәрсе, тұсау не тұсамыс тастап кетеді де, түн қараң-ғысында кері қайтқанда маған «Бала, түсіп қарашы» дейді. Қалдырған затты әрі кетсе, үй орнындай жерді айнал-ғанда тауып аламын. «Бағыт дұрыс, кет-тік» дейді. Осындай көріпкелдік арқасы бар еді жарықтықтың» дейтін еді ме-нің қайын атам Шайқы.
Сейтектің өзіндік мектебі бар. Күйлерінің атына заты, шығу тарихы сай. Мысалы, «Заман-ай» халықтың аңсаған арманын бейнелесе, «Торы ат» борандатқан, бірде желіп, бірде жүгірген қоянның жонындай жұмыр-ланып қуып жетуге немесе зымырап қашып құтылуға, көзден ғайып болып жоқ болып кетуге, артынша сабасына түсіп, жәй ғана сыдырта аяңдап, сипай қамшылаған қамшының лебімен жан-ға жайлы жүрісін көз алдыңа елестете-ді.
Сейтектің «Ортпасының» төрт нұс-қасы бар. Домбырашы Жайсаңбайдан алған 1-нұсқасы менің фондыға берге-нім (Ө.Ж.). «Ортпа» - Сейтектің Иркутск түрмесінен қашып шығып, жолшыбай бір бурят байының жылқысын бағып қыстап шығып, еңбегіне берген аты-мен елге қайтқандағы атының жүрісі-не риза болып шығарған күйі. Мазмұ-нынан алысты жиырып, бауырына тар-та аршындап, өзіне, үстіндегі адамына да жайлы әрі төзімді, ұтымды жүріс-пен ұзақ жолды еңсеріп келе жатқан аттың шабысын байқайсың.
Бұл күй бірінші және екінші сағаға барып қайтумен аяқталады.
2-нұсқа. Биболат Аюповтың нұсқа-сында бастан-аяқ сырылдатып соңғы сағаға екі рет барып қайтады.
3-нұсқа. Еселдің нұсқасы тез де, астыңғы шектегі дыбысты үстіңгі шек-пен қайталап және кейбір жерлерін асыра мәнерлеу қайталана береді.
4-нұсқа. Аманғалидің нұсқасы ұзақ тартылады.

«Бес қыз»
Сейтек Зәбираны алып қашып, қал-мақ қыры жағында бір жыл жасыры-нып жүреді. Осы сапарының бірінде қалмақ ауылының бір үйіне түссе, бес қыз кесте төгіп отыр екен. Сейтекті осы түскен үйі қонақ етеді. Кейін Сейтектен қонақ кәде сұрап, күй тарт деген екен. Сонда осы күйді тартқанда бес қыз дөң-геленіп билей жөнеліпті. Күйдің атын «Бес қыз» деп атаған. Бұдан басқа «Бес қыздың бел шешпесі» деген күй Сейтек-тікі деп аталып жүрді. Оған да бір топ қыз би ансамблінде билеп жүрді. Орда-да Ғилаж, Биляж деген ағайынды дом-бырашылар болды. Сол Ғилаждың ай-туынша, Шәңгерейдің Жақия деген домбырашысы болған. «Бұл күй Сейтек-тікі емес, Жақиянікі» деді ол. Сейтек қа-шып жүріп, Торғын өзенінің бойында Шәңгерейдің ауылында екі жылдай жасырынып жүрген екен.
Күй зерттеушісі Т. Мерғалиевтің Сейтек күйші туралы «Жаңа дәуір жыр-шысы» атты еңбегінде Сейтектің 20 күйі нотасымен шыққан. Осының ішінде ме-нің «Алтын қорға» берген «Бес қыз» күйі енген. Сейтек мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Сейтектің «Түңілдім», «Жоқтау», «Мең-зең», «Сары дала», «Жігер» атты күйлерін білетін, орын-дайтын адамды кездестірмедім. Нота-сы да жоқ. «Ел іші – өнер кеніші» де-мекші, көнекөз адамдар бақилық бол-ғанмен солардың ұрпақтарынан біреу-лер болар. Астрахан облысы аймағы-нан, Ақтоба, Қарабайлы деген жерлер-ден іздестірген жөн.
Сейтек туралы марқұм Ғұмар Зариповтың жазған мақаласы бойын-ша Сейтектің репертуарында өзінің шы-ғарған күйінен басқа 100-ден астам күй болған. Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәкар, Мәмен, Салауат, Әлікей, Баламайсан, Байжұма, Түркеш, Мүсірәлі, Соқыр Есжан күйлерін тарт-қан. Сондай-ақ халық күйлері аталған «Ақсақ құлан», «Нарату», «Бозінген», «Наридірген», «Аққу», «Жаймақоңыр» күйлері Сейтектің репертуарынан орын алған деп жазады. Сонымен қатар бас-қа ұлттардың «Стенька Разин», «Мчится тройка почтовая», «Варяга», «Светит месяц» атты шығармаларын, Иран және Түрік марштарын орындапты.

Ғилаж күйші
Мен Ғилажбен сексенге келген шағында кездестім. Есел екеуміз Ғилаж-ды бұрын сырттай естуіміз бар да, көр-ген жоқ едік. Сәлемдесе бардық. Бару мақсатымыз сәлемдесу, әңгімесін тың-дау, күй тартқызу еді. Күнінде болған кісі екен. Талай ұлы күйшілердің алдын көрген, жиын тойдың ортасында жүрген. Сейтекті, талай төре тартыс күй-шілерді көрген екен. Бізге Құрманғазы-ның «Ақілме», Жақияның «Белшешпе», Жантөренің «Шалқымасын» тартып бе-ріп былай деді: «Шырақтарым, қазіргі кезде қолымнан қуат кеткен, көңіл күйімнің нашарлаған, қартайған, менің өлген шағымда кездесіп отырсыңдар».
Бұл Ғилақаңмен алғашқы да, соңғы кездесуіміз еді. Төрт-бес сағат әңгіме дүкен құрып отырғанда «Ақілмені» не-ге қайталап тартқызбағанымызға, «Ақ-ілмеден» ештеңе алмай қалғаныма әлі іштей өкінемін. Т.Мерғалиев марқұм-ның тапқан Құрманғазы күйі «Ілме» де-ген бар. Бірақ Ғилаждың «Ақілме» деп орындағаны мүлдем өзгеше еді.

Өнер жолындағы еңбектер
1958 жылдан 1970 жылдарға де-йінгі аралықта көркем өнерге ерекше көңіл бөлінген кезең болды. Сол жыл-дары шаруашылықта әркім өзінің атқа-ратын жұмысына қарамастан аудан-дық оркестрдің тұрақты мүшесі болды. Соның бірі – мен. Марқұм Биболат Аюповтың (Қалидің шәкірттерінің бірі) басқаруындағы оркестрде болдым. Оркестр репертуарында әннен басқа қырыққа тарта күй, қазақ совет компо-зиторларының шығармаларынан ой-надық. Бұдан үлкен бағыт бағдар ал-дым. Құштарлығым, ізденісім дамыды. Оркестрдің белді, алдыңғы қатардағы домбырашысы атандым. Сөйтіп, енді мені де іздейтіндер шықты.
1965 жылы Алматыдан М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институ-тынан Тмат Мерғалиев, Қазақ ССР ғы-лым академиясы философия және пра-во институтының қызметкері Мұстафа Ысмағұловтар келіп, менен Махамбет-тің «Өкініш», Сейтектің«Бес қыз» күй-лерін және «Өтеғалидің әнін» жазып алып кетті. 1965 жылғы 31 қазанда «Лениншіл жас» газетінде «Махамбет-композитор» деген үлкен мақала шық-ты. Махамбеттің үш күйі – «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Өкініш» туралы қалың ел осылай білді.
1966 жылы 15 желтоқсанда об-лыстық көркемөнер байқауында «Өкініш» күйін орындағаным үшін екінші дәрежелі дипломмен марапат-талдым.
1977 жылы Қазақ ССР Ғылым ака-демиясынан экспедициямен филоло-гия ғылымының кандидаты (қазір док-тор) Мұрат Мұхтарұлы Әуезов және Болат Ишанбайұлы Қарақұлов (Өнер-тану-зерттеу ғылымының кандидаты, кейін доктор атағы берілген) келді. Осылар менен халық күйі «Наридір-геннің» бірінші нұсқасын, Нақыштың «Айжан апай», «Ақжелең», Мүсірәлі-нің «Мүсірәлі», Қожақтың «Ақсақ кер ат» күйлерін жазып алып кетті. Осы са-парынан жинаған еңбегі туралы Болат Қарақұловтың «Асыл мұра» кітабында ноталары жарыққа шықты.

«Шаттық» күйі қалай шықты?
Бұл ойда жоқ жерден, кенеттен, тосыннан пайда болды. Мен қанша күй тартсам да, күй шығару ойда бол-ған жоқ. Немерем Гүлсая ауыл мекте-бінен 9-класты бітірген соң 2002-2003 жылдары 10-11 класты БҚМУ жанын-дағы педлицейде оқыды. 2003 жылы 10-класты оқып жүргенде облыстық пәндік олимпиадаға қатысты. Олим-пиадада барлық сұраққа жауап беріп, сынақтан өтіп тұрғанда, білімге қатысы жоқ көлденең сұрақ қойып, комиссия әдейі құлатқан. Келесі жылы мектебі олимпиадаға тағы әзірлеп, қатыстыр-ды. Осы жолы облыстық олимпиада-дан бірінші орын алды. Сол күні ауыл-дағы маған телефонмен хабарлады. Мен үйде домбыра тартып отыр едім. Телефон арқылы: «Ата, мен олимпиа-дадан 1-орын алдым» деген немерем-нің қуанышты үнін естідім. Сол бойда қуаныш үстінде осы күйім төгіліп келе қалды. Бір тартып шығып, екінші рет тартып магнитофонға жазып алдым. Күйдің мазмұны бастамада шалқып басталып, жәй ғана ойланып толғану, өткен жылғы әттеген-ай, одан кейін қуаныш, шаттық көңілді жүрдек күй болып көңілдің назы, қуаныш-шатты-ғымен аяқталады. Бұл күйді өзім сах-нада, телестудияда орындап жүрмін. Тыңдаушылар жылы қабылдап жүр. Бірақ өзімнен басқа ешкім орындап жүрген жоқ. Күй көлемдірек, сондық-тан ба екен?!

Өмірдің қызығы мен өкініші
Өмірде қызықты да, өкінішті де сәттер баршылық қой. Еңбек жолымда өмірімнің ең қызықты жылдары Орал облысының Жәнібек ауданында өтті. Жәнібек ауданы Калинин және XXVI партсъезі совхоздарында есеп жұмы-сында ұзақ жыл қызмет жасадым. Қо-сымша партия ұйым секретары болып, жұмысшылардың еңбекке қатысы, олардың әлеуметтік жағдайын жақсар-туға үнемі баса назар аударып отыр-дым. Халық арасында құрметті азамат қатарында аталдым. Осымен қатар өнерімді тастағаным жоқ. Өнерде от-басы жағдайыма байланысты оқып, білім ала алмадым, өнер жолын қуа алмадым.

Өмірлік ұстанымым
Өмірде, еңбекте өнегелі болу, қай жағынан болса да жақсы жағынан кө-ріну, адал еңбек ету, білгенімді үйрету, ел алдында сыйлы болу.
«Ауылда тұрдым, еленбей қалдым демеймін» демекші, 1958 жылдан 2008 жылға дейін өмірімнің еңбекпен өріл-ген ең қызықты жылдары. Жәнібек ау-данының Тегісшіл (бұрынғы Калинин совхозы), Борсы (КПСС XXII съезі атын-дағы совхозы) кеңшарында ұзақ жыл жұмыс істедім. Еңбек жолында да, өнер жолында да елге, халыққа сыйлы бол-дым. Соның айғағы, осы күні Борсы кең-шарында осы елдің, жердің құрметті азаматтары Ғұмар Қараштың, Мұстахим Ықсановтың, Рахметолла Егізбаевтың, Шалгез Мұхамбетқалиевтің көшелер-де құрметпен ілінген портреттері қата-рында менің де суретім тұр. Мұны ел-дің құрметі деп сезінемін.

Қағазға түсірген Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ
Суреттер Рафхат ХАЛЕЛОВ пен
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫНІКІ

Қаралым саны 1911

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463