Сиқырлы айнаның сыры

Айна – бәрімізге бала кезден таныс бұйым. Бұл – адамзат баласы ойлап тапқан ең алғашқы ғажайыптың бірі. Айнаның басты қасиеті – қоршаған әлем мен өзіміз көре алмайтын бет-жүзімізді бізге көрсете алатындығында. Мұның өзі, ғажайып сиқыр емес пе? Африка, Австралия аборигендері айнаның кішкене жарықшасы үшін отарлаушыларға қолындағы бар байлығын бергені тарихтан мәлім. Сонда қоладан жасалған алғашқы айналар сыры неде, оны ұғыну үшін біз археология ғылымына үңілуіміз керек. 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология» залына кірген адам облыс аймағындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған қола айналарға назар аударады. Бұл қола айналар 1978 жылы Фурманов (қазіргі Қазталов) ауданынында А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институт (қазіргі Махамбет атындағы БҚМУ) студенттерінің тарих кафедрасының доценті Ғаяз Кушаевтың басшылығымен жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған. Дөңгелек пішінді қола айналардың тұтқасында аңдық стилде сурет бейнеленген екен.
Ал 2002 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықовтың басшылығымен Шыңғырлау ауданына зерттеу жұмыстары нәтижесінде де бірнеше қола айна табылды. Шыңғырлау ауданындағы Лебедевка ІІ қорымының №6 обасынан табылған қола айна аймақтағы өркениеттің тарихын бірнеше ғасырға тереңдете түседі.
Бұл қола айнаның тұтқасы жұқа дискіге үш қола шегемен бекітілген. Тұтқа түбінде қабан мен ит, ал тұтқаның дискіге жабысқан жерінде иттің басы бейнеленген. Б.д.д. ІІ ғасырда Еуразия далаларының үстімен Батыс пен Шығысты, Жерорта теңізі мен Қытайды байланыстырған «Ұлы Жібек жол» басталды. Геродоттың жазуына қарағанда, Ұлы Жібек жолы атанған дала жолы Қара теңіз өңірімен жүріп Дон жағалауына, сосын Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтар жерінен Ертіс бойына, одан әрі Алтайдағы аргиппейлер еліне жеткен. Одан әрі Моңғолия мен Қытайға қарай кететін болған. Осы жолдың бір бөлігі Қазақстан жерімен өтті. Демек, сауда жолы дамыған жерде өркениеттің болатыны белгілі. Міне, табылған қола айналар осы өркениеттің дәлелі.
Сақ дәуірінде аң стилі жақсы дамыған. Сақтар аң стилін Алдыңғы Азия мен Иранға жорық жасаған кезінде қабыл-даған. Бұл өнер б.д.д. 7-6 ғасырда қалыптасқан. Аң стилі: архаикалық кезең, классикалық кезең және құлдырау кезеңі болып үшке бөлінеді. Музей қорындағы қола айна аң стилінің классикалық кезеңіне жатады. Себебі айнадағы жануарлар бейнесі өзара үйлесімділігін сақтап, қозғалыста, реалистік түрде бейнеленуі осы классикалық кезеңге сәйкес келеді.
Сақтар қола айнадағы қабанды «күн күркіреу құдайы» деп сенді. Ал, итті де бейнелеуіне себеп бар. Ит бағзы заман аңшыларына мезолит дәуірінде (б.д.д. 13-7 мыңжылдықтар) серік болған. Қола айна болса мезолиттің соңына тұспа-тұс келеді. Ит жалпы алғанда матриархат (аналық билік) кезеңінің культі. Біздің дәуірімізге дейінгі IV-VI ғасырларда ғұндар келгенге дейін ит бүкіл сақ, массагет тайпаларының, Орта Азия халықтарының зороастризмге дейінгі культі болды. Мұндай айналарды да Орал қаласындағы музей экспозициясынан кездестіруге болады. Атап айтар болсақ, музейдің «Алтын Орда» залында қытай айналары көрініске қойылып отыр.
Қытай айналары да қоладан жасалған, бірақ пішімі жағынан кішкене, дөңгелек, шеңбер тәрізді болып келеді. Бір жағы тегіс, екінші жағы дөңестеу келген айналардың дөңес жағына гүл, адам, аң бейнелері бедерленген. Әдетте бұл айналарды зерттеушілер «сиқырлы айна» немесе «Қытайдың мөлдір айнасы» деп атайды.
Сиқырлы айна жайлы әңгімелер Қытай елінен тараған болуы керек. Біздің заманымыздан 2000 жыл бұрын қытай шеберлері қоладан «сиқырлы айна» жасаумен аты шыққан. «Сиқырлы айна» – адамдар ойлап тапқан құнды заттың бірі. Ғалымдар болжамы бойынша айналар V ғасырда пайда болған. Мұндай ғажап айналар Қытай жерінен көптеп табылған. Ескі жәдігердің ерекшелігіне орай «сиқырлы айна» немесе «Қытайдың мөлдір айнасы» деп аталып кеткен.
Біздің заманымызға дейінгі 500 жылдарда қоладан құйылған бұл айна өзінің сапасымен әрі шебер жасалуымен ерекшеленген. Оның тіпті күнмен шығалысқанда пайда болатын шұғыласы да ерекше. Айнаның сыртына салынған сурет күннің жарығынан түскен сәулеге де беріледі. Осыған байланысты мына бір оқиғаны айтуға болады:
Қытайдың бір императорының әйелі саябақта қола айнасына қарап отырып, айнаны жанына қояды. Бір кезде күн сәулесі айна бетіне шағылысып, зәулім патша сарайының қабырғасында айдаһардың суреті пайда болған! Бұл айнаның артқы бөлігінде бейнеленген кішкене ғана сурет болатын. Осылайша қытайлықтар сиқырлы айнаның ғажайыбына алғаш рет таңғалған. Мұндай айналардың кең қолданысқа енген кезеңі – 1300-1600 жылдар аралығы.
Қазіргі таңда әлемнің ірі мұражайларында тұрған «сиқырлы айнаның» көбі – осы кезең жәдігерлері. Бірақ әйнектен емес, қоладан құйылған сиқырлы айнаның сырын әлі ешкім аша алмай келеді.
ХІ ғасырда атақты қытай ғалымы Шен Куа бұл айнаның сырын ашуға кіріседі. Ол адам бейнесін айнытпай көрсететін айнаның беткі бөлігі жіңішкелеу болғандықтан, құйылған соң тез суыйтынын, ал бедерленген сыртқы бөлігі қалың болғандықтан, кейінірек салқындайтынын байқаған. Сөйтіп, айнадан тарар сәулелі суретті ыстық пен суық әсерінен пайда болады деп топшылайды. Бірақ ғалымның болжамы дәл шықпады. Шеберлер ғалым айтқан тәсілді қолданғанымен, бұл әдіс жемісін бере қоймады.
1844 жылы Франция Ғылым Академиясының жиналы-сында сиқырлы айна жайлы әңгіме қозғалады. Француз зерттеушілері де жәдігердің қалай дайындалғанын таба алмай, дал болады.
1877 жылы жазушы Карус Стерн сонау ІІ-ІІІ ғасырда өмір сүрген Рим жазушысы Геллиустің жазбаларынан «сиқырлы айнаға» қатысты мәлімет табады. Онда жазушы: «Айналар-дың бірінің сәулесі сыртқы суретін көрсетсе, бірінде мұндай жоқ» деген бірауыз сөз қалдырған екен. Соған қарағанда, бұл айна сол кездің өзінде біраз елдің таңданысын тудырған. ХХ ғасырдың басында Батыс пен Шығыс ғалымдары түрлі тұжы-рым ұсынған. Шағын айнаға түскен бедерді шеберлер барын-ша нақтырақ әрі күш сала отырып, батырып істегендіктен, әлгі бедер білінбей айнаның бетіне де түседі деп жорамалдаған. Бірақ қанша айтқанымен, дәл сол тәсілмен дайындалған бірде-бір айна жоқ. Яғни олар айтқан әдіспен мұндай айна жасау мүмкін болмағаны анық. Өкінішке қарай, бұл сиқырлы айнаның әдісін әлі де ешкім таппай отыр.

Эльмира ТҮКЕНОВА,
БҚО тарихи-өлкетану музейі экспозиция
бөлімінің маманы, Орал қаласы

Қаралым саны 2869

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463