Естеміс қорымы

«DANAkaz» журналы алғашқы санынан-ақ «Құлпытас сырын ашайық!» атты айдар ашып, араб жазулы көне құлпытастардың мәтінімен таныстыруды бастаған еді. Осы бастаманы бірден қолдап, халқымыздың баға жетпес асыл ескерткіштерін зерттеу қажеттігін түсінген оқырманымыздың бірі – Мұратбек қажы Жахатов.

Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының имамы болып қызмет ететін Мұратбек Каспийұлы – шариғат жолына ғана емес, қазақтың ауыз әдебиетіне де, көне шежіре деректеріне де жетік азамат. Бүгін оқырман назарына ұсынып отырған еңбек автордың бір айға созылған зерттеуі екен. Естеміс қорымындағы көне құлпытастарды оқу үшін ол осы көне қауымға 4 мәрте барыпты. Талай шежірені ақтарған, ақсақалдармен сөйлескен. Бір қызығы, құлпытасы арқылы аты-жөні анықталып отырған бұл тұлғалар да тегін адам емес. Алаша руының ұраны болған Байбарақ батыр Құдайқұлұлының туған ағасы Жомарттан өрбіген, Жомарттың Қарабатыр атанған ұлынан тарайтын Құл, Темір, Естемістің ұрпақтары. Қарабатырдың бір ұлы – әйгілі Сыпыра тархан. «Атақты Сырым Датұлы заманындағы белгілі тарихи тұлғалар қатарында Сыпыра тарханның өзіндік орны бар. Оның ХVІІІ ғасырдың ІІ жартысындағы қоғамдық-саяси белсенділігін дәлелдейтін құжаттар Орынбор, Санкт-Петербор, Мәскеу мұрағаттарында жеткілікті» деп жазады тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар ағамыз. Тарихшылар осы мақалада аты-жөні аталған тұлғаларға қатысты архив деректерін де табуы мүмкін. Сондықтан іске сәт дейміз.

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылының құбыла бағытында 4-5 шақырым жерде «Естеміс қорымы» атты көне зират бар. Осы жерге бізді бастап барып, зерттеу жұмысымызды ұйымдастырушы – осы қорымда жатқан аталардың тікелей ұрпағы, өзінің бесінші атасы Бегімге дейінгі бөкейлік алашаны бес саусақтай тарата білетін Өтешқалиев Тыныштық аға еді.
Көне қорым терең ормен қоршалған, көлемі жағынан шығыстан батысқа қарай 110х130 метрлік тік бұрышты құрайды. Қорымның солтүстік-шығысына қарай жаңа қабірлер тұрғызылған. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-батысында көненің көзіндей сақталған он екі құлпытасты көріп, түгелдей оқып шықтым. Екі құлпытастың ғана жазуы анық, қалғаны көмескі, оқуға қиындық туғызды. Енді бірер жыл кешіксек, бұл ескерткіштерден мәңгіге айырылады екенбіз. Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді деген осы. Бұл аталардың аты тарихқа қалуға нәсіп болды. Араб, парсы, шағатай, татар, қазақ жазуларымен жазылған, оның үстіне мүжіліп, ойылып, тіпті екіге бөлініп қалған тастарды оқу өте қиын болды. Бірақ Алланың жәрдемімен барлығы да оқылды.
Ор қоршауға жақын орналасқан Софыторғай Темірұлының эпиграфикалық құлпытас қимасы жоғарғы жағы да төменгі жағы да жартылай дөңгелек етіп жасалған (22х34 см биіктігі 1,15 метр). Үш жағына картушалар (шеңберлер) салынып, эпиграфикалық жазумен өрнектеліп, картушалардың айналасы контурлы жолақтармен безендірілген.
Қоршау қорғандарының қасына орнатылған жұмыр (циклопты) және шаршы жобада жасалған Исламғали Жаһанша (Жаманбай деп аталған) ұлы мен Жақия Жақсылықұлының ескерткіштері құлпытас жасау өнерінің дамыған заманын айшықтап тұрғандай. Қабанбай мен Бескенің жұбайлары және Жалмұқанның құлпытасы композициялық шешімі жағынан бірдей. Тек биіктігінде ғана айырмашылық бар. Батыс жағындағы негізгі тексті сопақ екі жақты картушаларға жазған. Тегістіктің қалған бөлігі мен екі жаны көркем өсімдік тектес өрнектермен толтырылған. Эпиграфика үш жағына жазылған. Екі жанындағы жазулардың өрнектелгені сонша, жазу емес, ою-өрнек екен деп ойлап қалуыңыз мүмкін.
Қорымның шығыс жағында тұрған құлаған қабырдың үлкен төбешігі бар №6 Жақия Жақсылықұлының бейіті – бұл қауымның ішіндегі ерекше көзге түсетін қабір. Биіктігі орташа, аса үлкен бағанасы бар. Ол тегіс бедерлі оймамен сәнделгені соншалық, аса нәзік болып көрінеді. Бетінің шығыс қапталынан басқа қырларында араб жазулары бар, батыс беті 14 тік бұрышты картушамен толтырылған. Оларды «өрілген талшық» түрінде жапырақ пішінді өрнектермен безендірілген кең контурлар көмкереді. Жанама қырлары да осындай ұстаным бойынша орналасқан. Тек қана ондағы жазулар картушаларда емес, еркін тігінен орналасқан. Пішіні дөңгелектенген насиханың тым астарлылығы сонша, жазу өте қиын оқылады. Өрнектелген өрімдермен көзге көрінбейді деуге болады. Көшпенділердің ою-өрнектері мен араб эпиграфикасы аса көркем біртұтас дүниеге айналып кеткен.
Осы зираттағы №1 Исламғали Жаһаншаұлы-ның құлпытасы Батыс Қазақстан облысының осы-нау бөлігінде тым сирек келетін құлпытастардың көлемді түрі болып табылады. Жазуы бар тас бейіт-тің оңтүстік бөлігіндегі үлкен қоршаудың қасында орнатылған. Тік бұрышты жобадағы (22х28 см), биіктігі орташа (140см) ол Маңғыстау құлпытас-тарына тән барлық белгілерді жинақтаған: көп қа-батты композицияны, төбесі дөңгелене біткен, бейнелі бұрыштағы бағаналарында екі таңбалы бедері бар және тағы басқалар.
Барлық тегіс бедерлі оймалаумен орын-далған араб тілді эпиграфика құлпытастың батыс бетіндегі бағанасымен жоғарғы жағында шоғыр-ланған. Қалған қырлары өсімдік пішінді өрнек-термен қапталған. Кімде-кім осы жазбаны қолына ұстап, Естеміс зиратына барса, өз атасын осы нө-мірмен таба алады.

№1 құлпытастың көлемі: биіктігі - 140, ені - 28, қалыңдығы - 22 см (140х28х22);
Мәтін:
1. Рухыне фатихе.
2. Жәллә жәләлүһу
3. Алаче руғы.Сары тайфасы
4. Исламғали Жәһанше ұғлы
5. офат 1915 илде 29 йәшнде
6. (алашаның таңбасы)

Құлпытастың оңтүстік жағында: Жамағаты (әйелі) Хадиша Мырзағалиқызы офат 1915 санада йәшнде 28.
Солтүстігінде: «Ташын йәздырды әкәсы Жәһәншенің һәмме туыслары» деп жазылған.
Түсінігі: Рухына фатиха. (Алла) Ұлылықтың Ұлысы. (Алланы ұлықтау сөзі – М.Ж.) Алаша руы Сары тайпасы Исламғали Жаһаншаұлы (Жаманбай атанған) офат 1915 жылда 29 жасында. Әйелі Хадиша Мырзағалиқызы 1915 жылы 28 жасында қайтыс болды. Ескерткіш белгіні әкесі Жаһаншаның барлық туыстары қойды.
Демек, бұл тас Исламғали мен әйелі Хадишаға қойылған екен.

№2 құлпытас. Өлшемі: 65х16х22
1. Һәзәл қабр (Бұл қабірде) Ақмәмбет Балте
2. ұғлы дар бақие
3. көчеді 58 йә-
4. шінде әл-Хакимуллаһ
5. 1898 санада бұны қойды
6. ұғлы Әбдрахман
Түсінігі: Бұл қабірде Ақмәмбет Балтаұлы фәни яғни уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді 58 жасында 1898 жылда. Бұны қойды ұлы Әбдрахман. Оңтүстік және солтүстік қапталында: «Әл-қабру бәбу кулли нәс дәхаләһу» – яғни «Қабір барлық адамның кіретін есігі» деген жазу жазылған.
Айта кетер бір жайт: шежіреге көз салсақ, Темірұлы Торғай (1799-1872) мен Әбдрахман (Пішенбай атанып кеткен) ұлы Бақтыгерей (1896-1986) аталардың арасында өткен 97 жыл ішінде Торғай-Балта-Ақмәмбет-Әбдрахман-Бақтыгерей атты бес ұрпақ алмасқан екен. Ал Совет үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде Бақтыгерей (1896-1986) – Исатай (1936 ж.т.) – Әсет (1977) болып, 81 жыл ішінде үш ұрпақ қана өсіпті. Қазақтың ұлт ретінде жойылмай қалуына себеп – он үште отау иесі болғандығы екендігін бұл есеп көрсетіп тұрғандай.

№3 құлпытас: 128х16х26см
1. Алаче руғылық
2. Сары та-
3. йфесі
4. Мұхаммедғали
5. бин Биіскен бин
6. Әууәлбәк
7. офат 19 йәшінде
8. 1914 санаде.
Оң жақ қапталына: Құранның Бақара сүресі-нің 156 аяты: «Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә иләйhи раажиғууун». Ма-ғынасы: «Мұсылмандар айтады, Біз Алла үшін жаратылдық және Аллаға кері қайтарыламыз» деген аят жазылған. Сол жақ қапталында: йаздырды жамағаты Ғалие бинт (әкесінің аты дұрыс көрін-бейді әйелі Ғалия Жұбанышқызы дегенге келіңкірейді).
Түсінігі: Алаша руы Сары тайпасы Мұхаммед-қали Биіскенұлы Әуелбек немересі 1914 жылы 19 жасында қайтыс болды. Тасты жаздырған әйелі Ғалия (Ғалияның әкесінің аты көрінбейді, Жұбаныш сияқты – М.Ж.)

Қаралым саны 2204

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463