Ассалаумағалайкум, ағайын!

Аздаған үзілістен кейін қолыңызға тиіп отырған журналымыз-дың бүгінгі санына да Сіздер үшін ең қызықты, ең пайдалы деген мақалаларды жинастырып жариялап отырмыз. Редакция алқасының ең басты талабы да осы – ел мен жердің қадір-қасиетін көрсетіп, төл тарихымыздың тереңіне бойлататын дүниелерді оқырман назарына ұсыну болатын.

Осы нөмірде күллі қазаққа өлеңі жатталған ақын Қадырдың Оралда өткен еске алу тойынан естеліктерге көбірек орын бердік. Өйткені ердің тойы – елдің тойы. Қазақ бар жерде Қадырдың өлеңі бар. Оралдың қақ төрі мен туған жері Жымпитыда ескерткіш болып тұра келген ақынның асыл бейнесін оқырмандарымызға көзайым еттік.

ХІХ ғасырда қазақ тақырыбына қалам тербеп, Исатай-Махамбет көтерілісі мен күйші Құрманғазы туралы жүрекжарды жазба қал-дырған орыс (казак) тарихшысы Никита Савичев туралы мақаласын ұсынған ғалым ағамыз, журнал алқасының мүшесі Әбілсейіт Қапизұлы қызмет бабымен Атырау қаласына қоныс аударды. Біз әркез журналымыздың жанашыры болған тұрақты авторымызға жаңа орын да жемісті еңбек тілейміз!

Осы күндері Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институ-тының Әшірбек Мүмінов бастаған бір топ ғалым Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатымен Ақ Жайық өңірінде жүр. Құлпытастар құпиясын ашу біздің «DANAkaz» журналының алғашқы санынан бастап көтерген мәселе болатын. Сон-дықтан бұл экспедицияның да жұмысы біздің алдағы сандарымызда егжей-тегжейлі жазылары анық.

Жоспар көп, арман асқақ, қадірлі оқырман, Сіз бен біз бірге болсақ, алар асуымыз әлі алда. Жақсылықпен жүздескенше!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1063

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463