Ғұмардың терең сырлары

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор, Орал қаласы

Мен Ғұмар Қарашты оқырманға, со-ның ішінде жастарға қалай таныстыр-сам екен деп ойландым. Көрнекті ақындығына ешкім таласа қоймас деп ойлаймын. Оның өлеңдерін, толғаула-рын оқи отырып, көркемдігі, мағына-сы, формасы, сөз саптауы жағынан Ғұмар Қараш Ыбырай, Абай, Шәкәрім-дердің қатарында тұратын ақын ғой де-ген ойға келесің. Мәселе біреуді көтер-мелеп, біреуді төмендетуде емес. Абайдың қазақтың бас ақыны екенді-гіне ешкім шүбә келтірмес. Менің ай-тайын дегенім – Абай жалғыз емес, Абайдан тәлім алып, жолын қуған, бар өнерін халқына қызмет етуге арнаған басқа ақындарымыз да бар. Солардың бірі – Ғұмар Қараш.

Кез келген өлеңін мысал етіп алуға болады.
Сөйлейін бала жайын артығырақ,
Тыңдаушым, жалықпасаң салшы құлақ!
Қадірсіз біздің елде бір бала жоқ,
Шетінен «айналайын», бәрі «шырақ».
Әр жерде шөпілдесіп сүйер бала,
Жас келін бәрімізден басымырақ.
Білмеймін жас басынан неге мұнша,
Балаға басқалардан асығырақ.
Ұятты онсыз келін болса-дағы
Келгенде осы араға ашығырақ.
Қай кісі жек көреді балашығын
Жүре тұр, жас жандарым, қашығырақ.
Ер жетер, бала тентек болар, кетер,
Со күнде «қарақ», «шырақ»
қалар жырақ.
«Тәңірден бала сұрадым, әке берді»
Дегенді талай шалды біздің құлақ.
Баланы баста үйрету – жақсы үйрету,
Әркімнің өз басына міндет, шырақ.
Өзіңе міндет істі ада қылмай,
Тәңірді жазғыруың жолсызырақ.
Лек-легімен ағылып-төгіліп жатқан жыр жолдары. Бала тәрбиесі туралы кім айтпады дейсіз. Бірақ бұл ақыны-мыздың сөздері өзгешелеу, өтімдірек, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп тұрға-ны. Баланы жақсы көріп, мәпелеп, тү-зететін, қақпайлайтын сәтін өткізіп алып, өкінгендер аз ба? Жаман ғадет жұғысқақ болып келеді. «Жақсы көр-сең балаңды, аяушылық жасама» де-ген сөз содан шыққан.
Ғ. Қарашта жай ақылгөйсу, жалаң ди-дактика атымен жоқ. Ол не айтса да, өмірмен байланыстырып, әр түрлі мы-салдар арқылы санаңа жеткізіп айтады.
Ғ. Қараштың «Ұят» деген өлеңін бүгін де жиі-жиі айтып жүрсек, артық болмас еді. Айналада ұятсыздық белең алып барады. Ұятсыздық – мәдениетсіздіктің тұрпайы түрі. Шәкәрім «Үш анық» де-ген философиялық туындысында ұятты ұжданды біліммен, дінмен қатар қоя-ды. Адамның адамшылығын ар-ұяты-мен өлшеуге болады дейді.
Тұрады ұят тұрған жерде иман
Әдебі пайғамбардың бұған илан.
Әртүрлі бұзықтықтан адамзатты
Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тыйған.
Ұятсыз маған десе патша болсын,
Адамдық еш заты жоқ бойға жиған.
..........................................................
Дүниеде не жаман зат түгелімен
Келеді бәрі бірдей ұятсыздан.
Әртүрлі бұзықтықтың бар кесірі
Ұятсыз кесіріне жетпейді сан.
«Түзелдім» десе жауыз нансаңыз нан,
Нанбаңыз ұятсызға берсе де жан.
Құдайым өзі сақтап тап болмағай
Отына ұятсыздың еш мұсылман.
Дүниеден ұятсыздық көтерілсе,
Тазарар еді сонда бүтін жиһан.
Бұл арада ақын ұятсыздық жойылар болса, адам әлемі тазарар еді дегенді білдіріп тұр.
Ар-ұятқа баланы сәби кезінен үйре-тіп, тәрбиелеу керек. Ұяттың жайын жастайынан білмеген бала есейгесін неше түрлі бұзықтыққа ойланбай-ақ бара салады. Ұят болмаса, иман бол-маса, бәрі де болуы мүмкін.
Ұят сияқты жігер де адамға тәрбие-мен, түсінікпен қонатын қасиет. Жігерлікке де адамды жастайынан тәр-биелеу керек. Ерік-жігер туралы, жігер-дің тіршіліктегі рөлі туралы философия-да тұңғыш рет Шопенгауэр жазған бо-латын. “Адам бәріне де жігер арқылы жетеді” дейді неміс философы. Адам қаншама ақылды, білімді, дарынды болса да, егер онда ерік-жігер болмаса, түк те бітіре алмайды. Ерік-жігер – лайықты өмір сүрудің кепілі.
Жігер туралы Ғ. Қараш та жеткізе жа-зып кеткен.

Жігіттер, жалқау болма, жігерлі бол,
Жігітке еткен жігер ашықты жол.
Табарсың қылсаң талап жігер тұтып,
Жауады талаптыға әр уақыт нұр.
Таңдап ал! Бір өнерді өзің біліп,
Айрылма дайым соның артында бол!
Кешірме ғұмырыңды бос жүріске,
Тыңдар деп, жігіт, саған айтқаным сол.
Қолданып бір өнерді берік тұтсаң,
Тарылмас күндіз риздық жетісер мол.
Бұ дүние жігер, талап дүниесі,
Жалқаулық құрбыларым еместі қол.
Жасында жалқау болып босқа қалған,
Сазайын кәрілікте тартады ол.
...............................................................
Өнер деген – киелі нәрсе. Кез келген-нің бойына біте бермейді. Басыңа өнер қонса, оны бапта, жетілдір, шыңына жеткіз. Абайдың «Өнерпаз болсаң, ар-қалан» дейтіні сол.
Философияда «рефлексия» деген ұғым бар: адамның өзін өзі танып, бол-мысына, іс-қимылына, өткен өміріне ойлы көзбен қарап, өзіне өзі есеп бере-тін шағын бейнелейді. Адам дүниеге тектен-тек келмейді. Әркімнің өзіне тән, өзіне лайық атқаратын қызметі (миссиясы) болады. Біреу мұны біледі, біреу білмейді, қалай болса солай өмір сүре береді. Адам күніне бір, аптасына бір өзіне өзі есеп беріп, «қалай өмір сү-ріп жүрмін?» деп өзінен өзі сұрауы ке-рек. Естіліктің көрінісі осы.

Ғұмар Қараштың бір өлеңі «Есеп бер» деп аталады.
Өксиді көңіл шіркін ауық-ауық,
Кешегі өткен күнді құрып сауық.
.....................................................
Қадірі озған күннің енді өтеді,
Кеткен соң мәңгілікке бастан ауып.
Қан тамып қылышыңнан тұрған шақта
Бір нәрсе бітірдің бе жолын тауып?

Болған іс жасырғанмен жабылмайды,
Жасыру есеп болып табылмайды.
Есебін еткеніңнің дұрыс берсең,
Орынсыз ешкім саған қағылмайды.

Бұлаңдап болар күнің бос өткізсең,
Жақсы атақ есейген соң тағылмайды.
Жас күнде не де болса талпынып қал,
Шамшырақ бұдан былай
жағылмайды.

Өксір ме көңіл байғұс өткен күнді,
Келмеске қайта айналып кеткен күнді.
Ойламай алды-артыңды көзің жұмып,
Ойыңа келген істі еткен күнді.
Еш пайда сағынудан табылмайды,
Болары болып өтіп біткен күнді.
Көз жібер, қайғысын же, қара болжап,
Ілгері келеді деп күткен күнді.
Жұмыс ет жұртың үшін, бос өткізбе
Сағаты соғып келіп жеткен күнді.
Білгенге есеп етіп уақыт алтын
Алтын мен айыра көр мыстың парқын.
Жұмсасаң мыс орнына алтыныңды,
Сөзім жоқ саған айтар енді, жарқын.
Ақынның әр нәрсенің байыбын та-нып, түсіне білгеніне таң қаласың. Адамның ойшылдығын, тереңдігін өз басым түсінігінен байқауға тырысамын. Қазақ ақындарының, би-шешендері-нің, Шоқанның, Абайдың, Ғұмар Қараштың ойшыл ретіндегі ерекшелігі осы нәзік, терең түсінігінде. Адам ба-ласы екі нәрсенің қадірін білмей өтеді екен: уақыттың және денсаулықтың. Қашанда өткізіп алып, өкініп жатады. «Алтын уақыт» деп Ғұмар ақын текке айтып тұрған жоқ.
Қазақ ойшылдарының, ағартушыла-рымыздың – Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың, Ғұмар Қараштың жиі-жиі оралып, сөз қылатыны – елді жайлап алған надандық. Бұл – кешірімді кем-шілік емес. Сократтың пікірінше, «Ең пайдалы нәрсе – білім, ең зиянды нәр-се – надандық». Адамның надан болу-ға хақы жоқ. Надандықтың салдары – немқұрайлылық. Бұлардың салдары-нан дүниеде талай сұмдық болып жатады.
Қазақ ойшылдары надандық деп са-уатсыздықты сөз қылмайды, түсініктің, естіліктің кемдігін, жақсы мен жаман-ды, шындық пен жалғанды айыра ал-майтын парықсыздықты айтады. Мұн-дай надандық Құдай беріп тұрған біз-дің заманымызда да жиі кездеседі.
Ғұмар Қараш «Надандық» деген өле-ңінде бұл пәленің мән-жайын терең ашып көрсетеді.
Надандық келген жерден білінеді,
Сөз айтсаң, жауап таппай мүдіреді.
Күнәлі еместігін мойына алып,
Бәлеге өз сөзінен ілінеді.
Ғақыл сөз үгіт етіп айта қалсаң,
Қорағаш алып қарсы жүгіреді.
«Жүр бері, адам етем - десең – сені»
Аяғын еш баспайды кідіреді.
«Барма олай, алдыңда тұр пәле»
дейсің,
Ұмтылып соған барып сүрінеді.
Жақсы іске сүле болып жүрсе-дағы,
Келгенде жамандыққа тіріледі.
Сүйкімсіз надан адам қайда барса,
Хош алмай әрбір жерден сүрінеді.
Жалпылдап еш қалмайды
жаман жерден,
Ішкі ішіп, болса жиын бүлінеді.
Келтіріп әр нәрсені орынына
Бір қылған ішкі ішпегі міні ме еді.
«Бұның не, лайық емес, таста» десең,
Себептеп өтірікті сіміреді.
Міне, ақынның кез келген өлеңін мысал етіп, Ғұмар Қараш туындыла-рындағы даналықты, түсінікті, әдеби көркемдікті көз алдымызға келтірген-дей болдық.
Менің ойымша, Ғұмар Қараш – қазақ мәдениетінде тасада қалып, лайықты бағасын ала алмаған ойшылдардың бірі. Оның халқымызға, әсіресе, жас-тарға бергенінен берері әлі де көп. Тек оған қайта оралуымыз керек. Оның өшпес мұрасын ғылыми, әдеби, фило-софиялық талқыға салып, әрбір өлеңін, әңгімелерін, өзі жазғандай, «пәлсапа-лық ой-толғамдарын» саралап, ой елегінен өткізуіміз керек. Сонда біз әлі де маңызын жоймаған, қазір де бас-шылыққа алуға болатын ақыл-кеңес-терге тап боламыз. Қазақ деген қандай халық болған? Қалай өмір сүрген? Хан-дары, билері, қыз-жігіттері қандай еді? Кейін бодандыққа тап болып, қандай күйге түсті? Қазір біз егемен ел болып, өсіп-өніп, өрлеп келе жатқанда бұрын-ғы болмысымызды да еске түсіріп, ба-йыптасақ жөн болады. Сол үшін де біз Ғұмар Қарашқа қайтадан жүгінеміз.
Бар еді қазағымда оңған заман,
Басына бақыт құсы қонған заман.
Мал бағып, шаруа істеп, босқа жүрмей,
Төрт түлік бірдей бітіп толған заман.
Үлкеннің кішілері сөзін тыңдап,
Бойсұнып төзім тұта тұрған заман.
Көңілі жай, дәулеті сай ол заманда
Толықсып қазақ қазақ болған заман.
Хан ғадыл, билер тура, байлар момын,
Уызында жарып бала тойған заман.
Бейілді жомарт байлар, ашық жүзбен
Ту бие қонағына сойған заман...
«Заман жайынан» деген өлеңінде Ғұмар Қараш өткен заманды тағы да көз алдымызға келтіреді:
Атаңа сенің қазақ-ай,
Бар еді-ау болған күндерің,
Көп еді дәурен сүргенің.
Кеңшілікті, тарлықты
Дәулет пенен бейнетті
Талай бастан кешіріп
Өз көзіңмен көргенің.
Еділ, Жайық суынан
Жем, Сағыздың бойынан
Қысырақтап жаз жайлап,
Көше, қона жүргенің.
Алатаудан өткенше
Ыссы көлге жеткенше
Кіндік кесіп, кір жуып,
Мекен еткен жерлерің.
....................................
Сол дәулетті шағыңда
Қиянға талай сермедің.
Күндердің күні болғанда
Мұндай да болам дер ме едің?
Көптеген ойшылдар сияқты Ғұмар Қараш та өз заманына, ХХ ғасырдың басындағы халқының тұрмысына көңі-лі толмайды. Бодан болудың кесірі қа-зақтың өзін өзі билей алмауында ғана емес, жігері жасып, қалай болса солай өмір сүруінде, ар-намысын, абыройын ойлап, қам жемеуінде.
... Бұл халықтың бүгінде
Алтынды тақты ханы жоқ,
Хансыз елдің сәні жоқ,
Қазысы жоқ, биі жоқ
Бисіз елдің күйі жоқ.
Батыры жоқ, байы жоқ,
Дәулетсіз жұрттың жайы жоқ.
...............................................
Жігер, қайрат тағы жоқ,
Жігерсіздің бағы жоқ.
Адалдық, ақтық бұ да жоқ,
Санасыздар көңілі шат
Бұл күйінде өзі тоқ.
Бәрін айт та, бірін айт,
Өнер менен білім жоқ,
Білімсіз, қазақ, күнің жоқ.
Күн көретін түрің жоқ.
Кейбіреулер ойлауы мүмкін: бұл сөздердің бүгінгі күнге қатысы бар ма, ханның, бидің, батырдың, байдың за-маны өтті ғой деп. Әсте де олай емес. Шартты мағынасында халқымыз Абылайдай көреген ханға, әз Төледей тура биге, Атымтайдай жомарт байға, елін, жерін қорғай білетін Сырымдай батырларға бүгін де мұқтаж. Құдайға шүкір, Елбасымыз ел үмітін бүгінде ақтап келеді.
Ғұмар Қараш 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерісіне, сол кезде құ-рылған «Алаш» партиясына үмітпен қа-райды. Төңкерістер қазақ халқын ұйқы-дан оятар, көзін ашар деп ойлайды. «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», «Алаш азаматтарына» деген өлеңдері осы сарында жазылған. Үзінділер кел-тірейін.
...............................................................
Алдын-артын мейлінше байқап алып,
Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып.
Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,
Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?
Жас буынға жаңа таза білім беріп,
Надандықты терең қазып жерге көміп,
Қазақ-тағы өз күнін өзі көріп,
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?
...........................................................
Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,
Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,
Дос-дұшпаны кім екенін білгендігін,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
...............................................................
Өз жеріне шыққан кенді өзі алғанын,
Әдемілеп айқыш-ұйқыш жол салғанын,
Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,
Бақ дәулеті туып, өсіп балқығанын,
Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Қазан төңкерісінен кейін жазылған «Алашқа» деген өлеңінде Ғұмар Қараш алаш жұртын бірлікке, ынтымаққа, өнер-білімді меңгеріп, алға ұмтылуға шақырады.
Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!
Қарманып ілгері аяқ басар күнің!
Шығарып бір жеңнен қол,
бір жерден сөз,
Адымдап асқар белден асар күнің.
...........................................................
Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?
Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?
Заманның ыңғайынша ғамал қылып,
Зырлаған желмаяға мінеміз бе?
Өнерлі, білімдінің қылған ісі
Майданда мұны байқап көреміз бе?

Ғұмар Қараш өлеңдері елін, халқын сүйген, бар өмірін, өнерін, білімін хал-қына қызмет етуге арнаған тұлғаның, зиялының, ойшылдың көзқарасын айқын танытады.
Ғұмар Қарашта поэтикалық туынды-лармен бірге әңгіме, қара сөздер де бар. Бұларды мен Абайдың «Қара сөз-деріне» ұқсатамын.
Дүние де, өмір де, адам да өне бойы өзгеріп отырады. Соған орай адамның ойы да, көзқарасы да өзгереді. «Бұл нәрселер – деп атап көрсетеді Ғұмар Қараш, - болмысқа лайық түсініктер». «Дұрысты бұрыстан айыру, сол туралы түсініктерді ажырата білу – адамзат ойының негізгі міндеті, - деп жазады Ғұмар Қараш алғы сөзінде. – Мен осы-лар туралы ойларымды бір жүйемен пайымдауды парыз санадым... Мо-раль, әлеуметтік мәселелер жөніндегі өзімнің пәлсапалық ой-пікірлерімді баяндап отырмын».
Ғұмар Қараштың пайымдауларының философияға, атап айтқанда, даналық-қа, түсінікке, яғни философияның негіз-гі анықтамаларына тікелей қатысы бар. Өзі де оларды «пәлсапалық ой-толғам-дар» деп орынды атаған. Мұнда сөз болатын мәселелер: өмір, тағдыр, өмірдегі талас тартыс, жақсылық жа-мандық, шындық жалған, әр алуан құндылықтар, ар-ұят, оқу, білім, өнер, ғылым, дін, сенім, үміт т.б. туралы бо-лып келеді.
Ғұмар Қараштың өлеңдері мен тол-ғауларында да адамның өміріне, басқа адамдармен қарым-қатынасына, дү-ниедегі орнына байланысты тақырып-тар сөз болады. Атап айтқанда: «Ғаділ-дік», «Жомарттық», «Батырлық», «Жі-гер», «Надандық», «Ұят», «Тәкаббар-лық», «Өмір», «Көңіл», «Көңілге», «Кө-ңілдің жауабы», «Талап», «Махаббат ту-ралы», «Тағдыр туралы», «Тіршілік мұ-раты» т. т. Мен бұл арада ақынның өлең-деріндегі тақырыптарды атап отырмын.
Мұндай тақырыптарды ХХ ғасырдағы батыс философиясы және қазіргі қазақ философиясы экзистенциалдар, ал осы мәселелерге баса көңіл бөлетін фило-софияны экзистенциалдық философия деп атайды.
Мен өз еңбектерімде қазақ филосо-фиясының бір анықтамасы ретінде оның осы экзистенциалдық сипатын көрсетіп жүрмін.
ХХ ғасырдағы Батыс философиясын-да «экзистенциализм» деген беделді бағыт бар. Кейбір философтар осы кез-ге дейін экзистенциалдық мәселелер тек Батыс философиясында (Шопен-гауэрде, Кьеркегорда, Хайдеггерде, Сартрда, Камюде) сөз болады деп есептеп келеді.
Әрине, олай емес. Экзистенциалдық толғаныстарды біз би-шешендер сөзі-нен, Асан Қайғы мен Бұқар жыраудан, Махамбет пен зар заман ақындары-нан, Абай мен Шәкәрімнен, Мағжан мен Ғұмар Қараштан таба аламыз.
Философияға «экзистенция» деген ұғымды енгізген – Серен Кьеркегор. Ма-ғынасы – тіршілік, өмір. Қазақ ойшыл-дары экзистенция деген ұғымды, әри-не, қолданбайды. Бірақ өмірге, тірші-лікке байланысты жәйттардың бәрін қарастырады.
Батыста да, қазақ ойлауында да тір-шілік дегенде күнделікті күйбің-шүй-біңді, қарапайым күнкөрісті сөз қыл-майды. Оның айналасында ешқандай экзистенциалдық проблема жоқ. Тірші-лік – экзистенция деп Батыста да, бізде де қиын-қыстау, қысылтаяң шақты, күйзелісті, түңілуді, «болу ма, болмау ма» деп тығырыққа тірелуді айтады. Кьеркегордың негізгі шығармасы «Еntweder-Oder» немесе «Или-или» деп аталады. Батыста мұндай жеме-жемге тап болып, шешуші талғам жа-сайтын сәтті «шекаралық жағдай» деп атайды. Мұндай қысылтаяң шақта, тал-ғам жасауға тура келгенде кімнің кім екені анық білінеді.
Экзистенциалдық философияда сөз болатын мәселелер төңірегінде, айта-лық: адамның көңіл күйі, өкініші, үрейі, қорқынышы, жалғыздыққа тап болып, күйзеліске ұшырауы туралы Ғұмар Қараш өлеңмен де, сөзбен де айтып кеткен.
Үрей дегенде әңгіме нақты біреуден, не бір нәрседен қорқу туралы болып жатқан жоқ. Адам әр нәрсені ойлап ма-засызданады, уайым жейді, түңіледі.
Ғұмар Қараш неден қорқады екен?
.............................................................
Асығыс істей салған істен қорқам,
Қандары тасқан қара күштен қорқам.
Дос болып бірге жүріп, қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам.
Көруге бек әдемі болсадағы
Құбылма тез оңатын түстен қорқам.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,
Жауынсыз құр желдеткен
шаңнан қорқам.
«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.
Істері адамдыққа жанаспаған
Жануар – екі аяқты аңнан қорқам.

«Көңіл» деген өлеңін келтірейін.
Бір күнде судай шалқып тасқан көңіл,
Талабы Қап тауынан асқан көңіл.
Құс жетпес қанат қағып ұшқан жіті
Жерлерге жетіп аяқ басқан көңіл.
Іс түссе елге қиын, екіталай
Қиюын тауып, жігін ашқан көңіл.
Болғанда осы мезгіл қажып, талып
Кір шалып, айнасын тат басқан көңіл.
Тарығып басқа түскен жеңіл іске
Алақтап, аз нәрседен сасқан көңіл.

Көңіл деген – адамға күш беретін, медет болатын тылсым дүние. Жерге аяққолы тисе, күш алып жүре беретін Антейге ұқсап, адам да қысылғанда кө-ңілге арқа сүйеп, тік тұрып кетеді. Кө-ңіл құсымен адам шартарапты кезеді. «Көңіл жетсе, бәрі жетеді» деген дұрыс.
«Көңілге», «Көңілдің жауабы» деген өлеңдерінде Ғұмар Қараш көңілмен сырласады, көңілдің асып-тасқан, азып-тозған күйін жырға қосады: Неге көңіл бір күйде тұрмайды? Неге ол түр-лене береді, нені көксейді? Ақынның көңілмен сырласқаны өзімен өзі сыр-ласқаны, өз өмірінен мағлұмат бергені.

Көңілдің жауабы:
Ең үлкен тұңғыш ағам ақыл еді.
Біреуі талап дейтін мақұл еді.
Ақыл, талап – екеуі арасында
Бір тумам қайрат деген батыр еді.
Ең соңғы кенже тумам маған тете,
Тұрақсыз бақыт дейтін пақыр еді.
Бесеуміз ата-анадан туып едік,
Бірлікке белді бекем буып едік.
Ер жеттік, есейген соң жетеміз деп.
Қашқынды – нәпсі деген қуып едік.
Ақыл, талап, қайрат, бақыт, нәпсі – мұның бәрі де - өмірде кездесетін, адамды алға да, артқа да жетелейтін, қатар жүре бермейтін құндылықтар. Қай-қайсысы да адамға жат емес. Қай-қайсысының да шегі бар.
Философияда шама, шек, таразы де-ген ұғымдар кездеседі. Тең ортаны та-бу үшін бәрін ақыл таразысына салып өлшеуге тура келеді.
Ғұмар Қараштың «Әділ шеккі» деген өлеңі де философиядан сыр шертеді.
Таразы ешбір қатер сақтамайды,
Қараны бір уақыт та ақтамайды.
Салмағың қанша тартса, соны айтады,
Бірді олай, бірді бұлай жақтамайды.
Бәріңді болғанынша көрсетіп тұр,
Хан, төре, би екен деп мақтамайды.
.................................................
Өлеңмен елдің түрі көрінеді,
Өлшеніп таразыға ілінеді.
Дәрігердің шеккісіндей өте сезгіш,
Кей сөзден нәзік мағына білінеді.
Өз мінін өзі бірақ өлшер жерде,
Әркім де біразырақ кідіреді.
Кісінің жайын көргіш болғанменен,
Келгенде өз басына мүдіреді.
Шұбырып жұрт өлшеніп шығып жатыр
Тартқанын неше мысқал кім біледі?
Поэзияны, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш сияқты сұңғыла ақындардың өлеңдерін талдап, тарқатып жату қиын да, кейде артығырақ сияқты көрінеді. Әркімнің өз Абайы, өз Мағжаны болға-ны, оларды өзінше қабылдап, өзінше түсінгені абзал. Мен де өз ойымды біл-діріп жатырмын. Қабылдап, қабылда-мау – әркімнің өз еркі.
Ғұмар Қараш өзінің философиялық ойларын «Өмір пәлсапасы» деп атаған еді. Біздің экзистенциалдық филосо-фия деп отырғанымыз да осы анықта-маға сай келеді. Сондықтан Ғұмар Қараштың философиясын да экзистен-циальдық философия деп атауға болады.
Сөзімнің соңында түйінді ретінде Ғұмар Қараштың «Өмір пәлсапасы» деп аталатын тамаша өлеңін келтірейін.
Мысалы, мынау жалған –
бір жел қайық,
Қылт етіп қия бассаң, кетер тайып.
Таяныш тұрағы жоқ болғаннан соң,
Бұлайша мысал етсек болар лайық.
Таянып тұрақсызға көңіл қойып,
Жүрмеңіз мәңгілікті жұртқа сайып.
Тіршілік бес күн небар тиген еншің,
Пайдалан мейліңше қанат жайып.
Аз еншің, өкінішті жолға шашпа,
Келуі қайта айналып алмағайып.
Қалмайды ізі-жолың бұ жиһанда,
Кеткен күн тағдыр суы жуып-шайып.
Нені іздеп келіп едің, қайда кеттің,
Бұл жұмбақ шешуі жоқ таңғажайып.
Анық сол: атқан таңдай әзі ғұмыр
Уақыты бітсе кетер әлі-ақ байып.
Философиялық ойды қара сөзбен жеткізу – қиынның қиыны. Ал оны көр-кем, терең, поэзия тілінде жеткізу – тек Асан Қайғы, Ақтамберді, Бұқар жырау, Майлықожа, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш сияқты данышпан ақындардың ғана қолынан келетін қарекет.
Мысалдап, тұспалдап сөйлеу, бей-нелі образдар жасау – философиядағы байырғы дәстүр. Бір шумақ өлеңімен Ғұмар Қараш өз ойларының даналы-ғын да, түсінігін де, тәлім-тағылымын да паш етіп тұр.
Ғұмар Қараш – ұстаздың, зиялының, ойшылдың миссиясын жете түсінген ақын. Заманның, елдің жайын айта ке-ліп, жастарға аманатын жеткізе оты-рып, өзінің алдында тұрған парызы туралы былай дейді:
....................................
Айтып-айтып кетейін,
Тыңдамаса не етейін?!
Тыңдаусыз қалған сөздері
Дүниеде жалғыз мен емес,
Міндетімді өтейін.
Тағы бір жерде:
Қазағым, саған сөзім бұл
Мейлің тыңда, мейлің қой.
Жаны ашып, жанып айтушы
Ол да бір оңай табылмас, - дейді.
Ақынның мына сөздеріне де бүгінгі жастарымыз ден қойса, абырой болар еді.
Әй, қазақ, оқы, таста ғапілдігін,
Бұл сөздер айтқан саған жақындығым.
Жақындық жолыменен айттым үгіт,
Айтпадым ішке сыймай ақындығым.
Жан ашып айтқан сөзді жақсы тыңда,
Жақынның білу тиіс жақындығын.
Бұл заман білік, өнер заманы-ды
Бұрынғы іске аспайды батырлығың.
Өнер тұт, босқа жүрме жалқауланып,
Тілін ал, берсе тәлім ақылдының.
Адамға бұдан артық не айтуға бола-ды?! Бұрын да, қазір де сөз тыңдап, сөзді ұғатын адамдар жетіспей жатады. Абай «сөз таныр кісі болса» деп арман-дап еді. Қазір жұрт айта жағын айтып қалатын Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш сияқты зиялылар болса екен деп ар-мандайтын болды.
Ғұмар Қараш туралы, ойшылдың әр-кімге де әр кезде де рухани азық болар өлеңдері мен қара сөздері туралы елі-міздің түкпір-түкпірінде, мектепте, оқу орындарында, баспасөз бетінде айты-луы керек, тиянақты талданып, зертте-луі керек. Ғұмар Қараш та басқа да қа-зақ даналары сияқты бәріміздің өмір-лік серігіміз, ақылшымыз болуға әбден лайық.

Қаралым саны 4871

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463