Тектілік тағылымы

Нұртас САФУЛЛИН,

Орал қаласы

Әкем аңшы адам еді. Үш-төрт жасар күнімде үй алдындағы көмір қораның ішінде қызылынан көрі ақшыл түсі басымдау, ірілігі ерекше бір түлкі жатты. «Енді оны не істейді?» деп сұраймын үлкендерден. «Емші Зәру апаға береді, емге қолданады» дейді.
Бірінші сыныпқа барғанымда анам үстіме жаңа көйлек кигізіп жатып: «Зәру апа берді, киіп жүрсең жақсы боларсың, ауырмассың» деп ырымдағаны да есімде.

Өсе келе ауылдасымыз Зәру апай-дың Қаратөбе халқына кең танымал Едіге ишанның Раушан есімді қызынан туған жиені екенін білдік. Ол кісіге ем-шілік, сынықшылық қасиет анасының жағынан келген екен. Біздің жанұядан әрқайсымыз қандай да бір дене мүше-мізді оқыс ауыртып, Зәру апаның алды-на барғанымызда сол бір жанның кие-лі алақанының шипасы бойымызға та-лай мәрте дарыды. Ал оның жұбайы Оспан ағай Алаша руының ішінде әрі-сін айтқанда, Шотқара Шүрет батыр-дың, берісін айтқанда, арқалы ізші Құл-мұқан деген кісінің ұрпағы екен. Біздің үй мен Оспан ағайдың жанұясы туыс-қан адамдардай араласып, ерекше сыйласып тұрдық. Әкем ол кісілерді қо-наққа шақыра қалса, әңгіме тыңдасын деп бізді де дастарханға бірге отырғы-зушы еді.
Мен мектеп бітіріп, жоғары оқу ор-нына түскен жылы әкем дүние салды. Бір жылдан кейін уақыттың ағымымен Оспан ағайдың жанұясы Орал қаласын-дағы Деркөл кентіне көшіп келді. Ол кі-сілердің шаңырағына амандаса барған сайын жаныма сезілетін жылылықтан «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қазақтың қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Зәру апаның көр-ген тәрбиесі, жанұясы, әсіресе, анасы Раушан Едігеқызы туралы әңгімелері-нің бірқатарын қаз-қалпында қағаз бе-тіне түсірген едім. Ол төмендегіше өрілді.

«Әуелі айтсаң, Алланы айт»

«Әкем Құдабай Аққолқа ауыл сове-тінде болыс болған. Кейін ол жер Қара-төбе совхозы атанған. Әкем болыстық-тан қалғасын Тұзтөбеге қарай көшіп ке-теді. Ол жақта дүниеге Ағытай есімді ағам көрініп, тоғыз жасында қайтыс болыпты. Ағам ауырып, жаны қысыл-ған сәтте мамам мойнына бұршақ са-лып, құблыға қарап: «Баламның жаны қалып, адам болып кеткей» деп жалба-рынған екен. Сол кезде ағам басын көпшіктен жұлып алып:
– Әуелі айтсаң, Алланы айт,
Ақ қалам жайған молданы айт.
Бәрін айт та, бірін айт,
Кітап пенен Құранды айт.
Елге барып өлмеген,
Елді барып көрмеген,
Біздей сорлы мұңдыны айт, - деп тақылдап сала беріпті.
Осы сәтте мамам «А, Құдай! Құлы-нымның жанын қинама, ақ сүтімді кеш-тім» деп мойнындағы тас бұршақты қиып келіп жібергенде ағамның жаны жай тауып, жүре беріпті. Сонда қабір-шілер «Бұл бала Құдекеңнің маңда-йына қайдан сыйсын, қабірді бір қаз-ғанда екі қаздық. Маңдайға сыятын да бала емес қой, айтып жатқан сөзі анау» депті. Сөйтсе, тоғыз жасар бала ұзын болып, қабірге сыймай, қайта қазған екен. Содан кейін ата-анам Құдайдан «Бір соқыр қыз болса да бергейсің» деп мені тілеп алған екен. Ұлға да, қыз-ға да зәру болғандықтан, есімімді Зәру қойыпты.
Әке хаты

Жігерленде әкемнің Сыпайы есімді жалғыз апасы сынықшы болды. Аруа-ғының иесі – жылан. Хабары бар адам-дар сынық сипайтын адам табылмаған-да Сыпайы апаның мәйітіне түнеп, ау-руынан жазылып кетеді екен. Әкем де қасиетсіз емес, болыс болған кісі. Зама-нында мамамның қалыңмалына бес жиырма беріпті. Әкемді «көке» дейтін-мін. Бірде көкем ауырып, Оралдың ау-руханасына түседі. Қаратөбеде Ісләм-ғали деген дәрігер болды. Ол кісі кө-кемнің құрдасы болатын. Ісләмғали аға мамама келіп: «Оралға жүргелі жатыр-мын, Құдабайға не айтасың?» дейді. Мамам сәлемдеме салып жібереді. Кө-кем ауруханаға түскен соң, үйде мамам да сырқаттанып жазылған екен. Ісләм-ғали аға үй-ішінің амандығын жеткізіп, сәлемдемені табыстағанда көкем та-бан астында былай деп хат жазып жі-беріпті:
– Қарағым, айналайын, Зәруім-ай,
Зәруді туып берген аруым-ай.
Зәружан бір жаста «Көке» деп
тілі шығып,
Сүйетін, тұмауыма дәруім-ай.
Раушан, Құдай қосқан қосағым-ай,
Тіліңді алмады ма, Досағың-ай.
Бұрын-соң мен барда
ауырған жоқ едің,
Ауырды деп,
мына Ісләмғалидан естіп,
Жалғыздық еске түсіп, босадым-ай.
Зәружанның он бес теңге ақша ілгек,
Тамағында жарқылдайды-ау,
Көкесі сүйерінде жақындайды-ау.
Нағашың сенің киелі,
Киелінің жиені,
Әр адам да сенен жақсы болады
деп дәмелі,
Көкең саған дұрыстықты
мақұлдайды-ау,
Жақсы болғайсың
Бұл жерде «Досақ» деген – ру аты. Біздің руымыз – Ақсары Ысықтың ішін-де Досақ. Досақ батырдың зираты Жігерлен жақта.

«Жақсы бала – ит, жаман бала – бит»

Бір күні Оспан ағаң үйде жоқ, қасы-мызда балалар бар, үпір-шүпір болып шай ішіп отыр едік. Мамам: «Мен са-ған бір зат айтайын. Соны шеше алсаң, басыңда бірдеңе бар, шеше алмасаң, «дундуксың» деді. «Айта ғой» деп едім, «Жақсы бала – ит, жаман бала – бит», ол не деген сөз?» деді. Кішкене-ден соң: «Бірталай уақыт өтті ғой, ше-ше алмасаң, айт» деді асықтырып. «Ма-ма, «Жаман бала – бит» деген – ұл бол-сын, қыз болсын битке теңеп отырсыз ғой, ол өз тәніңнен шығып алып, өзіңді жейді екен. Ал ұл мен қыздың ең жақ-сысының қадірі ата-анаға жақсы иттей ғана болғаны. Ит үйіңді қориды ғой» деп едім, мамам шайтабағын қоя са-лып, орнынан ұшып тұра келіп: «Оу, құ-лыным, басыңда бар екен ғой бірдеңе, сендей қыз берген Құдайға мың шү-кір!» деп маңдайымнан сүйді. Оған мен мәз болдым.

Ишарат

Мамам бір демалыс күні үлкен та-баны отқа қойып, қорғасын құйды. Со-сын мені шақырып алып, «Мынаның шешуін тап» деді. Бір жағында үбірлеп балалар тұр, енді бір жағында мәйіт. Суыған қорғасынды өзінің ескілеу ора-малына орап, «Жоғалтып алма, бір жерге алып қой» деді. «Кешікпей сен-дермен қоштасамын» дегені екен ғой.
Үлкен ұлым Қанатты он үшке тол-тыратын тұста Оспан Оралға кеткелі жатыр еді, мамам «Әке-шешенің боры-шы – баланың мүшел жасын беру және сүндетке отырғызу. Ал ерінің борышы – әйел адамның бір тамаққа зейіні ауса, сол тамағын тауып беру. Қанатты бауы-рыма бастым, ол менің балам. Сонда да үй иесі ер азамат бар ғой, Оспаннан рұқсат сұрайын, Қанатжанды он үшке толтырайын деп едім» деді. Оспанға айтып еді, «Әже, менен несін сұрай-сың, Құдайға шүкір, қора толған қойла-рың бар. Бетіңе қарағанын жық та, мү-шелді бере бер. Үйде қажетті дүниелер бар шығар, болмаса, ертең қалаға бар-ған көліктен беріп жіберемін» - деді. Сөйтіп, Оспан кеткесін мамам маған: «Қағаз бен қалам алып, қасыма отыр» - деді. «Мен асығыспын, өлең бе әлде кітап жаздырғалы жатырсың ба?» - деп әзілдедім». «Асықпа, отыр, жаз» - деді.

– Он үш жас мүшеліне толды Қанат,
Бақытты өмір сүргей сау-саламат.
Он үшке толғанына той жасаймын,
Қызықты қуанышқа бой жасаймын, - деп төкті ғой.

«Соңына кім деп жазайын?» деп едім, «Зәру» деп айтайын деп пе едің? «Мамасы Раушан» деп жаз» - деді.
Содан жұмысқа кетіп бара жатып: «Мына өлең керім, бірақ «Қызықты қуанышқа бой жасаймын» дегені несі екен, осы мамам неге сонша қиналып жүр екен?» деп ойландым. Тіке сұрауға қорқамын ба екен, әйтеуір, бата алмай-мын. Сөйтіп, мамам 1970 жылдың мау-сым – пішен айының жиырмасы күні Қанатты он үшке толтырды, өзі 1971 жылы ақпанның үшінде қайтып, бесі күні жерге түсті.
Өсиет

Мамам дүние саларда ұзақ ауырып жатпады. Төрт күн өтіп, бесінші күні мені қасына шақырып алды. «Зәружан, мен кетейін деп жатырмын, сен қала-сың. Есіңді білгелі өлім көрмеген едің. Әкең сегіз жасыңда қайтыс болды. Қы-зымсың әрі ұлымсың, қала берді ша-лымсың. Бір өзің үш орында болдың. Сенен көп үміт етем. Үмітімді ақтап та келе жатырсың. Балаларды жақсылап бақ. Төркінің жоқ, дымың жоқ. Маған көрсеткен жақсылықтарыңды ұл-қыз-дарың саған да көрсетсін, осы ұл-қыз-дардан ашсын бағыңды. Жан алқымға келгенде сені тапсырып, аманаттап ке-тетін ешкім болмай, бір Құдайға, наға-шы атаңның аруағына, сосын мына ба-лаларға тапсырып жатырмын» деп ба-лаларды қасына жиып, «Қолдарыңды жайыңдар, жалғызымды тапсырайын» деп батасын берді. Сонда Қанат алты, Әсия төрт, Бақытым екі оқиды, қалғаны мектепке әлі барған жоқ. Олар түсін-бей: «Мамам қайда кетейін деп жа-тыр?» деп сұрайды. «Алланың амана-тын иншалла тапсырармын. Ешкімді қорқытпаспын, үркітпеспін» деп мы-надай өсиет айтты: «Зәружан, ақ ма-маң, иншалла, түнек болады. Мамаң-ның басына қобдиша қой». Сөйтіп жай-намазын бүктеп, ішіне таспихын салып, қолыма ұстатты. Сол таспих бүгінде Ал-матыдағы Әсия апаңның қолында. Ма-мам көзі тірісінде бес уақыт намазын, отыз күн оразасын бірде-бір қалдыр-ған жоқ еді.
Ақпанның үші күні түс қайта үйге кассир Мұқан ағай келді. «Апамның хәл-жағдайын білейін, сосын Қаратө-беге жол шығып тұр, барсам ба, барма-сам ба, соны сұрағалы келдім» деді. Мамам: «Мұқан, Қаратөбеге кетпе, кетсең, тез кел» деді. Мұқан ағай Қара-төбеге бармай қалды. Жолдасым Оспан екеуі кіріп-шығып, ақырын сыбырла-сып сөйлесіп жүрген, бір мезгілде екеуі де жоқ болып кетті. «Оспан қайда кет-ті?» деді мамам. «Білмеймін» деп едім, «Жүгір, олар дүкеннің қасында тұр. Бі-реуден атшана сұрап алып, Сегізсайға жүргелі жатыр, жіберме. Мен Қанатым ер жетсе, үйлендіріп, бөлек шығарып, соның қолында Әсия мен Бақытты қа-сыма алып, бірге тұрмақ едім. Оған Құдай жеткізбейді. Сандықтың ішіндегі Қанатыма деп жинағаным өзіме жете-ді. Ештеңе іздемесін» - деді. Үстіме қа-лың киімімді іле сала, Оспанды іздеп жүгіріп келемін. Айтқандай, дүкеннің алдында атшана тұр. Оспан дүкенге кі-ріп кеткен, Мұқан ағай шанада отыр. Дүниенің жоқ кезі, дүкенге қызыл ала жапырақты екі тай мақпал келген, Оспан соның бір тайын ақшасын төлеп алып қойып жатыр екен. «Бір керек заттарды алып келу үшін Сегізсайға ба-рып келеміз» дейді және. Кейін білдім, шүлемге тарататын бет орамалдар әкелмекші екен. Мен мамамның ай-туымен оларды Сегізсайға жібермедім. Үйге келгесін мамам: «Зәружан, көк сандықты аш та, үш метрдей бедерсіз ақ мата әкел» деді. Сандықты ашсам, жібек, атлас секілді өңкей қымбат ма-таларға лық толып тұр. Ішінен өзі айт-қандай бір жайын матаны тауып алып келдім. Оны үшке бөлгізді. Бір бөлігін менің басыма салды, екіншісін өзінің басына салып, үшіншісін «көз көретін жерге қой, соңыра алас-қапас болады, таба алмай қаларсың» деді. Кейін ой-ласам, қайтқан кісінің бетіне ақ мата жабады екен ғой, соны әзірлеп қойып жатқаны екен. Өзім мамамның қызы-мын әрі ұлымын, тұрмысқа шыққаным-мен ақ орамал тартпай жүр едім, соны өз қолынан салғаны екен. Сосын маған айтпай, Әсияға: «Әсияжан, мен үйде болмаймын. Мынау жинаған ақшаны Зәружан екеуің бір қиналғанда жұм-сарсыңдар. Бірақ әзірге Зәруге берме, оның қолына тисе, шашып жібереді» - деп газетке оралған ақша ұстатыпты.
«Зәружан, Оспан екеуің мені ишан әкемнің басына, болмаса Қаратөбеге қартымның қасына апарып қойыңдар, силикаттан мәйіт көтеріңдер десем де мүмкіндіктерің жетеді. Бірақ мен сен-дерді қинамаймын. Маған Құранша жасаңдар. Үйтастан ғана үйімді көте-ріңдер. Оны да кіндіктен жоғарылат-паңдар, құлақ шығармаңдар. Бұл – бір, екінші – суретімді қоймаңдар. Енді қал-ғанын өзің білесің ғой, көке. Қызым да, ұлым да, қартым да өзіңсің. Молда рұқсат етсе, жерге тапсырарда бірге ба-рып, қолыңнан топырақ сал. Рұқсат ет-песе, бармай-ақ қой» - деді. Молдадан сұрап едім, «Бар, бірақ жылама» деді. Барып, топырақ салдым.

Түс
Мамам ауырып жатып қалғасын, бір күннен кейін түс көрдім. Бөлмесіне электр шамның үлкен түрін салдырып қоятын. «Тіріде жарық көріп жатайын, өлген соң бәрібір қара жерге кіресің» деп күндіз де, түнде де әлгі жарықты сөндірмейтін. Түсімде сол шам ортаға түсті де, теріп алуға да келмей, быт-шыт болды. Таңертең жұмысқа шығарда: «Мама, лампочка ортаға түсіп, сынып қалса не болады? Жинап алуға да кел-ген жоқ» - деп едім, «Қай жақтың жары-ғы? Жасырмай айтшы маған» деді. Мен: «Білмеймін, әйтеуір, бір жақтікі» деп жұмысқа кеттім. Барып, мамамның аурулығына байланысты демалыс сұ-рап өтініш жаздым. Үйге келіп, мама жақты ақтап едім, «Ой, рақат-ай, құлы-ным, Зәружан, мамам ақ балшықтың иісін иіскесін деп жатсың-ау, шіркін, ақ балшықтың иісі қандай!» деп тұшыр-қанып жатты. Сонда маған түсімде «Шешеңнің жарығы бітеді» деп аян бе-ріп тұр екен ғой. Мен болсам, «Тұмауы асқынып, қызу көтеріліп сандырақтап жатыр-ау» деп ойлап жүрмін.

Қоштасу

Мамам қайтатын уақытын сағатына дейін айтып жатты. Күн бұрқасындау еді. Оспан сырттан мал жайғап келіп, мені сенеге шақырып алды да, есікті жауып қойып: «Әжемнің сиыры туды» деді. Үлкен ақ шап сиыр еді. Мен: «Ма-мамның ақ адал, байырғы малы ғой, сүтін ішсе ішер, ішпесе ауызына жақ-сам да...» деген оймен сиырды саууға шыққалы жатыр едім, мамам шақырып алды. «Зәружан, немене Ақшап туды дей ме?» деді. Соны қайдан біліп жа-тыр екен?.. Мен бұзауды әлі көргенім жоқ еді. Мамам: «Бұзаудың түр-түсін айтып берейін бе? Күрең қасқа, ақ иық, еркек бұзау болар» деді. Ей, Алла, бар-сам, дәл сондай бұзау екен! Тәлтірек-теп келіп енесінің бауырына жабыса-ды. Бірақ сиыр бұзауының бауырында тұрғанына қарамастан, бір емес, үш рет мөңіреді. Соны көңіліме алдым да, Оспанға «Қарабай ұқсап айналаңды тықырлай бермей, ананы ұршы, неге мөңірейді?» - дедім. Ол: «Әй, Зәру, мал болса да бірдеңе сезіп тұр ғой» - деді. Көзімнің жасын сығып алып, үйге кел-дім.
«Жылама, көкем, босама, жылаған-ның көкесі түнгі сағат он екіде» - деді мамам. Түнгі сағат он екіде «Лә иләй илолла, Мұхаммед расулолла, Бисмил-ләй рахман рахим, Ағузу биллә минәш шәйтан ражим. Зәружан, біттім...» деп ақтық сөзін айтты. Сол сәтте түзеліп жатты да, қоштасып жүре берді...

Сағыныш

Оспан ағаң екеуміз үлкейдік. Қан-ша дегенмен, жас ұлғайғанда ел-жұр-тыңды тастап, қалаға қарай көшіп келу ілкіде оңай болған жоқ. Қаратөбеде өзіммен бірге оқыған Жаңыл, Кенже-тай, Мәреш деген үш қыз бар еді. Олар да үлкейді ғой. Өткенді еске алып, ту-ған жерді сағынғанда Жаңылға жазға-ным:
Бұл хатты сізге арнап жаздым,
Жаңыл,
Қаламмен көп сәлемді жаздым,
Жаңыл.
Ардақты анаңызға сәлем бердім,
Алланың салғанына көне бердім.
Кемдігүн жазылғаны осы шығар,
Бұйырғанын Уральск дәмін тердім.
Ел, халық, сұрағанға сәлем дерсің,
Достарың Уральскіде аман дерсің.
Көз көріп, қол алысып, көріскенше,
Денсаулық Жаппар Ием өзі берсін!
Денсаулық, баршамыз да есен-аман,
Қолға алып, баршаңызға сәлем жазған.
Ардақты ойнап өскен достарына,
Сәлемді Зәру берді алыс жолдан.
Бірталай ел Қаратөбеден Уральскіде,
Аманбыз, әзірге көп келекеден.
Құрбыммен өзім қатар ойнап-күліп,
Жүремін азды-көпті берекемен.

Жиі-жиі хат жазсам -
Сағынғанның белгісі.
Аз да болса шер ашсақ -
Көтеру көңіл желісі.
Жаңыл менен Мәреш-ау,
Аларсың менің хатымды.
Кенжетайға сәлем деп,
Көрсетерсің фотомды...»

 

 

 

Бұл Зәру апа айтқан әңгіме-лердің бар болғаны бір үзігі, бір арнасы ғана. Оның анам айтатын еді деген өлең жолдарынан Раушан әжей Әбубәкір Кердерінің көптеген өлең-қиссаларын жатқа айтқаны да аңғарылады.
Бүгінде Оспан аға мен Зәру
апа – Қанат, Әсия, Бақыт, Берік, Қайырболат, Света, Ботагөз есімді ұл-қыздарынан немере-жиен, шө-бере сүйіп, шаңырақ шаттығына бөленіп отырған қадірлі ата мен ардақты ана. Шаңырақтың шатты-ғы шалқи бергей!

Қаралым саны 1387

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463