«Болашақ күйеуіммен Бейжіңде таныстым...»

Айбарша МҰҚАСОВА,

Бейжің мұнай университетінің магистранты

ХХІ ғасыр - бой емес, ой жарыстыратын заман. Бүгінгі таңда жастардың әлемдік деңгейдегі білім алуы үшін елімізде түрлі бағдарлама қолға алынып, іске асуда. Назарларыңызға бала күнгі арманы орындалып, шетел асып білім алған тасқалалық Айбарша Мұқасовамен болған сұхбатты ұсынамыз.

 

- Айбарша, өзіңіз тәрбие алған отбасыңыз туралы айтсаңыз.

- Мен қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Әкем Ерлан Сембиев пен анам Жанат Сисенбаева – шаруа адамдары, соңымнан ерген екі сіңілім бар. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданындағы Қ.Сәтбаев мектебін «Алтын белгімен» бітірдім. Сол кезде де, жалпы әр уақытта да маған бірінші қолдау көрсететін отбасым болды. Бала күнімнен аудармашы болсам, өзге елдің тілін түсінсем деген арман жетегінде болдым. Әке-шешем талабыма қарсы болмады. Арманымның орындалуына мүмкіндік жасады, ол кісілерге айтар алғысым шексіз.

- «Алтын белгіні» ақтаған Айбаршаға студенттік өмірді алғаш көрсеткен қай оқу орны?

- Иә, студенттік өмір қызығы мен шыжығы қатар жүретін шақ. Мектеп табалдырығын аттаған соң маған елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ есігін ашты. Онда бізге ағылшын және қытай тілдерін оқытты. Мамандығымыз бойынша мұғалім және аудармашы болып қызмет атқара аламыз. Әрине, бұндай мүмкіндікке қолым жеткені мектепті үздік бітіргенімнің арқасы. «Алтын белгі» арманыма бір қадам жақындатты десем қателеспеймін.

- Университет сізге тегін оқудан басқа тағы қандай мүмкіндік жасады?

- Біз 3 курсқа келгенде университетіміз Түркия мемлекетімен келісімшартқа қол қойды. Соның нәтижесінде бір топ студент Измир қаласындағы «Измир» университетіне барып 6 ай оқыдық. «Студент алмасу» бағдарламасы бойынша жол ақы мен оқу шығынын университет өзі төледі. Біздің міндетіміз тек қана оқу болды. Сол кезде алғаш рет шетел асып оқудың ерекшелігін көрдік. Өзге елдің мәдениетімен таныстық, тәжірибе алмастық. Бұл студенттердің кәсіби тұрғыдан өсуіне көп жәрдемін тигізді.

- Бұдан өзге сіздің Қытай мемлекетінде білім алғаныңызды білеміз. Шет елде білім алғанның қандай өзгешелігі бар?

- ЖОО-нын «үздік» деген бағамен аяқтаған соң білімімді жетілдіргім келді. Сол кезде Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурсқа қатысып, Қытай мемлекетінің «CNPC» мұнай компаниясының оқу грантына ие болдым. Осылайша Қытайдағы «Пекин мұнай университеті» студенті атандым. Бүгінде «Ресей газ саласының дамуын талдау» тақырыбында диссертация жазудамын. Алла жазса, биыл жазда магистр атағын аламын.

- Ал еліміздегі ұстаздар мен шетелдік мұғалімдердің айырмашылығы бар ма?

- «Жанашырлық – қазаққа ғана тән мінез» деген сөз бар. Жат жерде жүргенде соған көзім жетті. Мысалы Астанада оқығанда да мектеп кезіндегі ұстаздарымыздай шын жанашыр жандарды көретінбіз, қамқорлығын сезінетінбіз. Тіпті кейбір мұғалім досыңдай болып кетеді, оларға сырыңды айтасың, қиналғанда ақыл сұрайсың. Бір мезет үйдегі ата-анаңды есіне салады олар. Ал шетелде олай емес. Ол жақта әркім өз қамын ойлайды, саған керек болса оқисың, оқымайсың ба, өзің білесің. Ешкім саған келіп ақыл айтпайды, өз бетіңмен өмір сүресің. Ең басты айырмашылық деп осыны айтар едім.

- Айбарша, жат жерде жүргенде елге, жанұяңызға деген сағынышыңызды қалай бастыңыз? Қазіргі технология дамыған заманда веб-сайт арқылы бір-біріңді көруге болады, алайда ол вертуалды ғана.

- Әрине ата-анаңды, бауырларыңды құшақтағанға, олардың жылуын сезінгенге  ештеңе жетпейді. Алайда осы әлеуметтік желілердің өзі далада жүрген жанға біршама көмек. Себебі экран арқылы болса да бір-біріңді көріп, аман-есен екеніне көзін жетіп отыру көңілге демеу болады. Шетелде біз өте бауырмал болып жүреміз. Бөлмемізге елдің жалауын іліп қойдық. Сол жалау кішкене бөлмені туған үйіміз етіп көрсететін. Отандық әндерді күнделікті тындап тұрамыз. Тіпті кей кездері ұлттық тағамдарымызды сағынатынбыз. Қазақтың асы мен бауырсағына, құрты мен қаймағына не жетсін? Демалыста үйге келсек, ет пен майды таситынбыз ол жаққа, алайда оның барлығы алғашқы уақытқа ғана жететін.

- Шет елге оқуға барып, сол жақта қызметке қалып қоятындар кездеседі. Ондай жандарға қандай баға бересіз?

- Көптеген шет елде өмір сүру деңгейі өте жоғары, жұмыс табу да оңай. Экономикасы да дамыған, қызметтің жалақысы бізден 3-4 есе көп. Негізі қайда, қалай өмір сүрем десе де әркімнің өз еркі, оларға баға беруге болмайды. Алайда азаматтық борышты да естен шығармаған жөн. Жастардың шекара асуына бірден-бір мүмкіндік жасап тұрған мемлекетіміз. Сондықтан елден көрген жақсылықты еселеп өзіне қайтару керек деп ойлаймын.

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Өткен жылы тұрмысқа шығып, келін атандым. Жолдасым Адал екеуміз Пекин қаласында таныстық. Ол да сол жақта оқып, елге оралды. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрамыз. Алға қойған мақсатымыз да, жоспарларымыз да көп. Шет тілдер мектебін ашсам деген де арманым бар. Бәріне уақыт ие ғой, бұйырса көрерміз. Қазір диссертациямды аяқтап, Қытайға жол тартамын.

- Жастарға айтарыңыз бар ма?

- Абай атамыз «өмірге әркімнің-ақ бар таласы» деген екен. Кез-келген адам өзіне ұнайтындай өмір сүруге құқылы. Сондықтан биіктерді армандаңыз, айқын мақсатқа қарай қадам басыңыз дегім келеді. Бәсекеге қабілетті, жаңашылдыққа құштар болу керек, бұл – заман талабы. Ел үшін, халық игілігі үшін қызмет атқару баршамыздың міндетіміз. Осыны естен шығармайық.

- Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңіз сәтті, отбасыңыз аман болсын.

Сұхбаттасқан Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы,

Батыс Қазақстан

Қаралым саны 928

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463